Жаңақорған ауданында қазақ халқының хас батыры атанған Алпамыстың асыл жары – Гүлбаршынның мәңгілік мекеніне айналған «Баршынкент» көне қалашығы орын тепкен.
Бұл қала жөнінде алғаш рет 1242 жылы итальян саяхатшысы Плано Карпини жазып қалдырған деседі. 2018 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, шаһар жобамен XIII ғасырдың ортасымен тұспа-тұс келеді. Сол уақыттағы жазба деректерде «Барчин» деген атпен кездескен. Көненің көзіндей болған мекен 50 гектардай жерді алып жатыр. Қала үйлерінің биіктігі 1-1,5 метрді шамалайды. Алайда өткен ғасырдың 50-жылдарында қыштан жасалған ғимараттың басым бөлігі бұзылыпты.
Алпамыс батыр жайында айтылатын аңыздарда оның жұбайы Гүлбаршын жайында егжей-тегжейлі баян етіледі. Алайда Гүлбаршынның қай жерде дүние салғандығы жөнінде түрлі жорамалдар бар. Жаңақорған ауданы аумағындағы Төменарық елді мекеніне жақын орналасқан Көккесене сол Гүлбаршын сұлудың мәңгілік мекені деген дерек айтылып жүр. Көптеген деректерде оның әкесі – Қармыс бай қазіргі Жаңақорған ауданындағы Өзгент ауылы маңындағы елді мекенмен аттас көне шаһарда билік құрғаны айтылады.
Профессор Әуелбек Қоңыратбаев ел аузындағы аңызға сүйеніп, бұл қала Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынды қалдырып кеткен шаһар екендігін еске салған. Өйткені, кей деректерде қала Баршын (Барчин), Баршынкент, Қызқала деп те аталады.
Баршынкент қаласының тағы бір қызық тарихы – Гүлбаршын сұлуға арнап салынғандығы. Ал, тағы бір нұсқада «оғыз ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу Сырдарияның төменгі бөлігінде орналасқан қаланы өз есімімен атайды» делінген. Осыдан соң «Қызқала» атауы шыққан деседі. Аңыз бойынша, Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көккесене де Баршын сұлудың құрметіне салынған. Бұл әйел адамның атымен аталған, түркі тектес халықтар мекендеген бірден-бір қала болған.
Қышқала жайлы XV ғасырдан кейін кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты сияқты. Әйтсе де, үлкен ауқымды жерді алып жатқан көне шаһар бізге қазақтың қилы тарихының бір тармағындай сезіледі. Монғол шапқыншылығы кезеңінде қала ең ірі сауда-саттық орталығы болған.
Қышқаладағы архитектураға көз салсақ күллі әлем біздегі сәулет өнерін көшіріп алғандай көрінеді. Руби есімді ғалым: «Гректер, римдіктер кесектен күмбез салуды Сыр бойынан үйренген», депті өз еңбегінде. Барлық өркениеттің ошағы бізде жатыр. Қышқала секілді қалалар біздің халықта сол кездің өзінде қалалық өркениеттің дамуы өте мықты болғанын дәлелдейді.
Жанболат ӨМІРЗАҚ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<