Тарихи мұраны ұлықтаған жоба

1007

0

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша  облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ақмешіт» филиалы қызметкерлері «Qyzylorda» телеарнасымен бірлесе «Құнды жәдігер» телевизиялық жобасын қолға алды. Жобаға елімізге белгілі ғалымдар, жергілікті өлкетанушылар қатысуда. Бұл жоба жыл басында ұсынылып, облыстық музейдің директоры Сапар Әлиасқарұлы және «Qyzyl­orda» телеарнасының басшысы Жағыппар Қарабаланың жан-жақты қолдауымен телевизия арқылы республикаға таратылуда. Жобаның мақсаты – Сыр еліндегі әулие-әмбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу және насихаттау.

Алғашқы экспедиция­лар­дың бірі ХІХ ғасырда Алаш жұр­тының рухани көсеміне ай­налған Марал ишан Құрман­ұлы­ның ұрпақтарында сақтал­ған жәдігерлерді зерттеуден бас­­талды. Марал ишанның ұр­пақтарында сақталған мөрдегі арабша жазу түркітанушы ға­лым Серікбай Қосановтың қа­тысуымен тәржімаланып, «Қалмұхаммед ибн Марал ишан, хиджраның 1247 жылы» деп жазылғаны анықталды. Ұр­пақтарының айтуынша, ша­мамен 1830-1835 жылдары жа­салған мөр осыған дейін Марал ишандыкі саналып келген. Аса қызығушылық танытқан зерт­теушілер де болмаған. 1815-1870 жылдары өмір сүрген Қалқай ишан Бұқара мен Бағдат қалаларының медреселерінде ілім алып елге келгеннен кейін мешіт-медресе ұстап, жастарды руханиятқа сусындатып қана қоймай, елді еңбекке баулы­ған екен. Шығыстың қисса-дас­тандарын жатқа білген, тіпті жырларды жазып жинақтаған. Ишан туралы халық ауызында көптеген аңыз-әфсаналар сақ­талған.

Сонымен бірге Қалқай ишан­ның (Қалмұхаммед) не­ме­ресі Әмит ишанның (Аб­дул­хамид) біраз дүниелері сақ­талған екен. Оның ішінде бас киімі, қанжарының күмістелген былғары қыны, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған кітаптарды ерекше атауға бо­лады. Қазіргі уақытта бір кі­таптың жалпы мазмұны ауда­рылып, мұсылман ді­нінің көрнекті өкілі, тарихшы Мұ­хаммед Мұрад Рәмзидің (1855-1934 жж.), Ресей им­пе­риясының құрамындағы түр­кі­лердің тарихына арналған «Талфик ал-ахбар ва талких ал-асар фи вакаи» атты екі томдық тарихи еңбегі екені анықталды. Араб тіліндегі екітомдық төрт тарау арқылы тарихи оқиға­ларды хронологиялық тәртіпте сипаттайды.

Тарихи мұраны  ұлықтаған жоба

Кіріспеде түркілердің шығу тарихы мен даму тарихын және олардың көршілермен қарым-қатынасы баяндалады. Бірінші бөлімінде Еділ Бұлғариясының тарихы және оның моңғолдар жаулап алғанға дейінгі халқы сипатталған. Екінші бөлімінде моңғол шапқыншылығы, алып мемлекет Алтын Орда­ның құ­рылуы және олардың исламды қабылдауы туралы қамтылады.    Үшінші бөлімінде Иван Гроз­ныйдың Қазанды жаулап алуы­на дейін және оның кезін­де болған оқиғаларды сипат­тай­ды. Төртінші бөлімде жау­лап алынған сәттен бастап қа­зіргі уақытқа дейінгі Қазан және оның тұрғында­рымен байла­нысты оқиғалар айтылады. Со­нымен қатар, Мұрад Рәмзи жұ­мысының соңғы бөлімінде өз заманының жүзге жуық қо­ғамдық, саяси, діни, мәдени қайраткерлері туралы қысқаша биобиблиографиялық ақпарат береді.

Автор шығармамен 1880 жылдардан бастап Мединада болған кезінде айналыса бас­тайды. Бірнеше рет Ресей им­периясына қарасты Бұқара өл­кесіне келеді. Араб, парсы және түркі тілдеріндегі дерек­көздерін, оның ішінде қолжаз­баларды өз жұмысы­на пай­даланады. Осы ар­қылы шы­ғарма бірқатар  артық­шы­лық­тарға ие. 

Кітап 1908 жылы Орынбор­да «Каримов, Хусаинов және К» баспаханасында жарық кө­реді. Көп ұзамай билік «Автордың христиандар әлеміне және жалпы орыстың бәріне арам пиғыл мен жеккөрушілік қатынасы» деп тәр­кі­ленеді. Алайда ке­дергіге қара­мастан, кітап шығыс елдеріне тез тарайды. Қазіргі таңда си­рек кез­десетін кітаптар тізіміне енген.

Әмит ишан туралы да ел ау­зында қызықты деректер сақ­талған. Әкесі Әбдірахман мақсұм Меккеге қажылыққа сапарында Осман сұлтаны ІІ Абдулхамидпен танысып, зор сыйластықта бола­ды. Сұл­тан­ның өтінішімен 1906 жылы дүниеге келген ұлына азан шақырып Абдулхамид есімін береді. Кейін жергілікті халық Әмит деп атап кетеді.

Жоба барысында Сыр елін­дегі әйгілі Құлболды ишан Сұлтанұлының (1780-1860 жж.) әулетінде сақталған жәді­герлер де зерттеліп, арнайы телехабар дайындалып, халық назарына ұсынылды. Құл­бол­ды ишан жас­тайынан зе­ректігімен көзге түсіп, кейін Бұқара қаласындағы Көгілташ медресесінде Айқожа ишан, Марал ишан, Бекет аталармен қатар білім алады. Елге келген­нен медресе ашып, діни-ағар­тушылықпен айналысады. Алаш жұрты таныған Құлболды ишан өмірінің соңына дейін хал­қына қалтқысыз қызмет етеді. 

Ишанның Медине қала­сында жасыл матадан тігіліп, алтын жіппен зерленген ша­паны, немересі Әбдіхалық мақ­сұмның жеке мөрі, 1906 жылы Медине қаласында арнайы жа­салған Құлболды ишан ше­жіресі құнды жәдігерлер еке­ні сөзсіз. Шежіре төрт бө­лімнен тұрады. Бірінші бөлі­мінде Әлемді жаратушы Ал­лаға мадақ, екінші бөлімінде Мұ­хаммед (с.ғ.с) пайғамбарға салауат, үшінші бөлімінде Әзірет Әлидің ұлы Мұхаммед-Хана­фиядан бас­тап Әбдіхалық мақсұмға дейін 43 аталықты қамтитын шежіре, төртінші бөлімінде шежіренің жасал­ған жылы (Медине қаласы, хижраның 1324 жылы, Зуль­хиджа айы) жазылған.

Құлболды ишан ұрпақта­рында сақталған мөрдегі араб жазуын түркітанушы Се­рікбай Қосанов «Ғабд-ул-халқ ибн Фазыл, хиджраның 1324 жылы» деп жазылғанын анық­тады, Әбді­халық мақсұмға тиесілі екені белгілі болды. Ұрпақтарының ай­туынша, Әб­ді­халық мақсұм Мекке қа­ла­сына қажылыққа екі рет ба­рып, соңғы сапарында Қара те­ңізде кеме үстінде дүниеден өтеді. Мақсұмның денесін суға тастағанымен, қалмай жүзіп оты­рады. Мұндай ғажайып кө­рініске кемедегілер таңғалып тегін адам емес екеніне көзі жетеді. Жағаға келісімен се­ріктері мақсұмды мұсылман рәсімімен жерлейді. 

Құлболды ишанның келіні Тоғжан Самұратқызының қант шаққышы туралы қызық­ты де­ректер сақталған. Ұрпақта­рының айтуынша, Құлболды ишанның кенже баласы Пазыл ишан атақты Шоң бидің тікелей ұрпағы Самұрат бидің шақыртуымен Арқада бір­шама уақыт болып, емшілікпен ай­налысады. 1877 жылы Са­мұ­рат бидің кенже қызы Тоғ­жанмен некелесіп, Сыр еліне әкеледі. Қазақ тарихында Шоң би Едігеұлы (1754-1836 жж.) Шыңғыс ұрпақ­та­­рының билігін шек­теп, 1816 жылы «Төртуыл» одағын жаңғыртып, одаққа кірген рулар­дың «Төбе биі» ата­нып, 1833-1836 жыл­­дары Баян­ау­ыл сыртқы окру­гі­нің аға сұлтаны бол­ғаны белгілі. Тоғжан анамыздың жасауымен келген сырты кү­міспен күптелген қантшаққыш осы Шоң әулетінің Сыр елінде сақталған құнды дүниесі десек, қателеспейміз.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында тарихи мұра­мызды түгендеу бағытындағы жүзеге асырылып жатқан «Құн­ды жәдігер» жобасы ал­да­ғы уақытта ұмытыла баста­ған қаншама тари­хи тұл­ғала­р туралы құнды мә­лімет­терді жинақтап, зерт­теп, олардан қалған киелі дү­ниелерді халық назарына ұсы­нып, құнды жәдігерлер музей қорын толықтырады деген сенімдеміз.                    

Асхат САЙЛАУ,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғалым-хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<