Қазақстандағы көне музейлердің бірі – Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейі. Бұл мәдени мекеме 1883 жылы саяси жер аударылған орыс демократтары Е.П. Михаэлис, М.И. Долгополов, П. Д. Лобановский және қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бастамасымен құрылған. Сонымен қатар, музейдің ірге тасын қалауға А.А. Леонтьев, А.А. Блэк, Н.Я. Коншин В.Н. Филипов, М.И.Суворцев сияқты жер аударылған азаматтар үлестерін қосқан. Музейдің және қоғамдық кітапхананың құрылуына қолдау көрсеткен сол кезеңдегі Статистика комитетінің төрағасы, губернатор А. П. Проценко болды.
Әр уақытта музейдің қалыптасып, дамуына ұлы ақын Абай, оның шәкірті, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердиев, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтер қолдау көрсеткен. Музей құрылғалы 8 рет қоныс аударған екен. 1978 жылдан бүгінге дейін музей 1895 жылдары салынған генерал – губернатор үйінің ғимаратында орналасқан. Революция және азаматтық қозғалыс кезінде бұл ғимарат «Бостандық үйі» деп аталған. Осы ғимаратта 1917 жылы Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейханов қала тұрғындарымен кездескен. Сол жылы қазақтардың бірінші облыстық съезі осында өтіп, съезде Қазақ автономиясын құру туралы шешім қабылданған екен.
Музей қоры саяси жер аударылғандар мен жергілікті зиялылардың жеке коллекцияларымен толтырылғаны музей тарихынан белгілі. ХХ ғасырдың басында, яғни, Орыс географиялық қоғамы Батыс – Сібір бөлімі Семей бөлімшесі құрылған кезеңде музей қорында 2489 жәдігер болды. Оның көбі (427 дана) тарихтың ерте және орта дәуіріне жататын жәдігерлер. Олар бүгін де музейдің алтын қоры болып есептеледі. Бұған қоса, қорында 34 мың сирек кездесетін басылымы бар ғылыми кітапхана –семейліктіктердің мақтанышы. Мұнда сирек кездесетін сөздіктер, анықтамалар, ғылыми жұмыстар Орта Азия, Қытай, Ресей ғалымдарының еңбектері, Семей статистика комитетінің есептері, атлас және географиялық карталар бар. Орыс география қоғамы Батыс – Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің ғылыми жазбалары сақталған. Нақтырақ айтар болсақ, ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын баспа өнімдері осы кітапханадан табылады.
Қазіргі күні музей қорында 108 мыңнан артық жәдігер сақтаулы. Жаңартылған экспозициялар музейдің 6 залында: атап айтқанда, «Палеонтология және геология», «Туған өлкенің табиғаты», «Археология және этнография», «Қала және өлкенің тарихы», «Алаш қозғалысы және Алаш қаласы туралы», «Семей ядролық полигоны», «Семей тәуелсіздік жылдарында» атты бөлімдерде орналасқан.
semeymusey.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<