Тектінің тоны тозбайды, аты өлмейді

14

0

Ежелден ерлік пен елдіктің, береке мен бірліктің, өнер мен мәдениеттің киелі мекені болған Сыр топырағында биік тұғырлы тұлғалардың есімі, ерлігі тарихта таңбаланған.

«Өмір-өзен ағып жатыр, тынбай, тоқтаусыз. Өмір – Алланың адамзатқа бұл ғаламда бір-ақ рет берілетін қымбат сыйы, жарық сәулесі әрі сынағы. Сондықтан әрбір адам бұл өмірде төзімділік, табандылық танытып, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстай білу керек» дейтін көнекөз қариялар. Адам баласы өмірдегі кездесетін қиыншылықтарды, кедергілерді ақыл-оймен, сабырмен жеңіп, өмірдің әрбір сәтін мәнді де сәнді өткізіп, жарық сәуледей жарқын ете білуі керек.

Бүгінгі мақаламызға Сыр топырағынан нәр алып, са­на­лы ғұмырында туған жері мен халқына адал қызмет істе­ген тұлғаның бірі, беделі биік, мәрттігі өзіне жарасқан, Сыр елі құқық қорғау қызметінде ерекше орны бар полиция пол­ковнигі Толысбек Мырзабеков ағамыз арқау болып отыр.

Иә, қимас әке, адал жар, ардақты аға, біреуге қадірлі іні, біреуге сенімді дос, ұлағатты ұстаз бола білген асыл азамат арамызда болғанда биыл 74 жасқа толатын еді. Уақыт жүй­рік. Төкеңнің де қайтыс бол­ғанына осы жылдың 16 жел­тоқсанында 25 жыл толады екен.

Ол сонау 90-жылдары, ел егемендігіне енді қол жет­кіз­­ген тұста, уақытылы жал­ақы бер­мейтін, кейде жалақы ор­нына азық-түлік тарататын күрделі кезеңде қалалық, аудандық, облыстық милиция-полицияда аға басшы құрам лауазымын атқарды. Оның өмір­баянына қысқаша тоқталып өтсек.

Т.Мырзабеков 1951 жылы Тереңөзек ауданында елге беделді Мырзабек әкеміз бен Жамал анамыздың отбасында дүниеге келген. 1973 жылы ми­лиция қызметіне кіріскен. 1987 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жо­ғарғы мектебін аяқтаған. Об­лыстық ішкі істер басқар­масының аға тергеушісі, Қы­зылорда қалалық ішкі істер бөлімі бастығының бірін­ші орынбасары, Қа­залы аудан­дық ішкі істер бөлімі­нің бас­­тығы, облыстық басқар­ма­ның ішкі қауіпсіздік бөлімі­нің бас­тығы, басқарма басты­ғы­ның орынбасары лауа­зым­да­рын абыроймен атқарды. Қыз­мет барысында министр­лік­тің, об­лыстық ішкі істер бас­қар­масы, облыстық, қала­лық, ау­дандық партия коми­тет­тері­нің ақ­ша­лай, заттай сый­лық­тарымен, ме­даль­дар­мен ма­рапаттал­ды. «Кеңес мили­циясының үздігі» атанды.

«Ағадан – ақыл, атадан – нақыл» дейді дана қазақ. Т.Мырзабековтің жеке ісіне үңілсек, курс бастығы, под­пол­­ковник Б.Қоңқаев қол қой­­­ған аттестация парағында кур­санттар арасында абы­рой­лы екені, мектептің комсо­мол бюросының, халық бақы­лау тобының мүшесі, оқу взводы­ның командирі болып тағайын­далғаны көрсетілген. Сондай-ақ басқарма бастығының бі­­рінші орынбасары, полков­ник А.Сағымбаевтың, басқар­ма бас­тығы, генерал Е.Демесін­ов­тің өте жақсы мінездемелері берілген.

Адам баласының адам ба­ласынан айырмашылығы – оның бойындағы ақылы, білімі, мі­незі, салқынқандылығы, жо­­март­тығы және т.б. жақсы қа­­сиеттері. Осы қасиет­тер Тө­­кеңнің бойынан табыл­ды. Туы­мы, түрі, жүріс-тұ­рысы, сөзі, мінезі бөлек, ерекше болды. Ол өзінің са­уатты­­лы­ғымен, шын­шыл, тазалы­­ғымен, тек­тілігімен, ешкім­­нің алдында тай­сал­май­тын­дығымен, ту­ра­­­шылды­ғымен, еңбек­шілді­гімен ба­уыр­ма­шыл­дығымен әріп­тес­те­рінің есінде қалды. Баста түсі суық, қатал бо­лып көрін­генмен, сөйлесе баста­саң жүрегі жұмсақ, жаны жай­дары адам. Қызметте өзіне де, қара­мағындағы қызмет­кер­лер­ге де қатал болды, бірақ қа­ты­гез болған жоқ, әділ бол­ды, әділетсіз болған жоқ. Нар тұлғалы, ер мінезді, адам­гер­шілігі мықты азаматта­ры­мыздың бірі еді. Өмірлік тә­жірибесі мол ағадан ақыл-ке­ңес алған, қарамағында қызмет еткен әріптестері, тәрбиелеген шәкірттерінің барлығы қазір зейнетке шығып та үлгірді.

1987-1988 жылдары басқар­маның қалалық өрттен қорғау бөлімінің анықтаушысы болып қызмет етіп жүрдім. Қасақана жасалған өрт құжатын тер­геу бөлімшесіне тапсыру, қыл­мыстық істердің тергеу барысы туралы ақпарттарды алу үшін қалалық милицияға жиі келем.

Ол кісі Қазалы милиция бастығы болған кезде Қазалы­ға жиі барамын. Бөлімдегі таза­лық, жаңа құрылыс, өз­геріс­терді байқаймын. Қыз­мет­­кер­лердің тәртібі түзе­ліп, бөлімде қатаң тәртіп орна­ғаны көрініп тұрады. Бір­неше рет іссапар кезінде қыз­мет­тік бөлмесіне кіргенде мені құрметті қона­ғындай жақсы қарсы алып, қайда орна­лас­­қаным, жұмыс барысы, қан­дай ескертулер бар екені ту­­ра­лы сұрап, жазып алып, кі­нә­­лілер мен орындау­шы­ларды шақырып, қысқа уақыт­та кем­шіліктерді жойып, анық­тамаға олардың жойылғаны тура­лы өзгерістер енгізілді.

Тегіне тартып туған ұл Тө­кеңнің аға басшы құрамы лауазымдарында, әсі­ресе бас­қарма бастығының тер­геу қыз­меті жөніндегі орын­басары лауазымында қызмет атқарған уақыты өте ауыр кез еді. Бас­қарма бастығының орын­ба­са­ры Б.Көпенованың Парла­мент депутаты болып сайла­нуы­на байланысты ол лауа­зым­ға Т.Мыр­забеков та­ғайын­дал­ды. Оның облыс тергеу са­ла­сына жетекші бол­ған кезі қыл­мыстық құқық сала­сын­да, жалпы еліміздегі заң са­ла­­сындағы күрделі ке­зең болатын. Бұл Кеңес үкіметі тарқап, егемен елімізде қыл­мыстар мен құқық­бұзу­шы­лық­тар қатары көбейіп, оларды қылмыстық, әкімшілік жауапқа тартатын Кеңес кодекстері, заңдарының күші жойылып, еліміз жаңа кодекстер, заң­дар қабылдамаған қиын жыл­дар еді. Қылмыстық іс жүр­гізу кодексінің әр ба­бын қол­дану практикасын ал­дын ала министрлікпен, про­ку­ра­тура, сотпен ақылдасу, ке­лісу керек. Қылмыстық заң­на­маны, заңдарды оқып білу бір де, оларды практикада қолдану мүлдем басқа. Ол теорияны жақсы білетін сауатты жас ма­мандарды тәжірбиелі тергеу­шілерге қосып, ұстаздың шә­­кірт­ті үйретуіне жағдай жа­са­­ды. Өтірікке жаны қас болды.

Әлі жетіле қоймаған заң­нама бойынша қылмыстық іс­терде орын алатын көптеген қа­рама-қайшылықтарда проку­ратура, сот тергеу мүддесін қорғау оңай емес екені тү­сінікті. Осы кезде Төкең қыл­мыстық заңнаманы заңды, дұрыс қолдануда қажырлы ең­бегімен көзге түсті. «Аға болсаң ақыл айт, ақыл айтсаң мақұл айт» демекші, оны қыз­мет барысында басқарма бастығы, бұрынғы прокуратура тергеушісі, Арал ауданының прокуроры, полковник Тас­те­мір Сауранбайұлы Рақымов қолдады. Құқық қор­ғау, сот органдарында үлкен абы­ройға ие Т.Рақымов бас­қар­ма, тергеушілер ұстаны­мын, пікірін қолдай білді. Тө­кең саналы өмірін Сыр бо­йында қылмыс пен құқықбұ­зушы­лық­­тарға қарсы күресуге, аза­­маттардың өмірі мен ден­сау­лығын, құқықтары мен бос­­тандықтарын, мемлекет мүд­­делерін құқыққа қарсы қол­­сұғушылықтан қорғауға, қоғам­дық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арнады. Елдің өркендеуіне ай­рықша үлес қосты. Төкең тергеуші болған заманда қа­зіргідей компьютер түгілі жазу машинкасының өзі тапшы, екі-үш тергеушіге бір ма­шин­ка болатын. Т.Рақымов бас­ты­­ғымыз айтқандай, «тер­­геуші жұмысы инемен құдық қазған­дай» еді. Қыз­метте талап­шыл, турашыл, табанды болған Тө­кең жұмыста шаршап-шал­ды­ғуды білмейтін. Оның артынан жаман әңгіме ерген жоқ. Өзіне тапсы­рылған міндетіне зор жауапкер­шілікпен қарады. Ісі көптеген қыз­меткерге үлгі бол­ды.

Төкеңнің өзінен кейін інісі, елгі белгілі азамат Аюпхан Мырзабекұлы Сырдария ау­да­ны «Сельхозэнерго» ме­­ке­месінің басшысы болып жүр­генде ағасының көмек көрсеткені туралы еске алады. Республикада сол кезде жа­рия­ланған «Тұрғын үй-91» нау­қаны барысында аудан бас­­шылығы әрбір мекеме жұ­мыс­шыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуді бақылауға алған, бірақ қаржы жоқ. Бірде Қазалыдан Қызылордаға кел­ген ағасының алдына тұрғын үй салудағы қиыншылықтарды жайып салады. Ол «Сельстрой» тресінің сол кез­дегі бас­ты­ғы, досы Ф.Фаткуль­динов­ке телефон соғып, мәселені тез шешіп береді. Қаржы ау­дан­­дық ауыл шаруа­шы­лығы бас­­қар­масы орта­лық­тан­­ды­рыл­ған қоры есебінен бө­лі­ніп, тұрғын үйді «Межкол­хоз­­строй» құрылыс мекемесі салады. Сөйтіп, Төкеңнің арқа­сында екі жылда сапалы үш үй құрылысы аяқталып, меке­менің көпбалалы және жас отбасылары пәтерге ие болды.

Төкеңнің қарамағында тер­­геу қызметінің бастығы бол­ған Ғ.Отарбаев ағамыз­дың са­­уаттылығын, ұйымдас­тыру­шылық қабілетін еске алып, ризашылықпен әңгімелеп оты­рады.

Отыз жылдан аса де­пар­­та­менттің меди­цина қызметінің бастығы ла­уа­зы­мын атқарып келген С.Иб­раев Қазалыда іссапарда бол­ға­нында Төкеңнің ішкі істер бөлімінің екінші ғимаратын сала бастағанын, тазалыққа, санитарлық жағдай­ға қатты көңіл бөлгенін, жалпы бөлімде үлкен өзгерістер бай­қағанын айтады.

Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Журналис­тер одағының мүшесі Б.Жақ­сы­бай Т.Мырзабеков туралы: «Кеуделі, ірі денелі, батыр тұл­­ғалы, ақсары келген отыз жеті жастағы милиция капи­таны Т.Мыр­забеков келген күн­нен бастап-ақ өзінің тәжі­рибелі басшы екендігін көр­сетті. Оны жеке құрамға та­­ныстыруға алып келген бас­қар­ма бастығының кадр жө­нін­дегі орынбасары, полков­ник С.П.Констманов озат, тәжірбиелі тергеуші бол­­ған­ын, қалалық милиция бастығының орын­басары ла­уа­зымында талапшыл­ды­ғы­­мен, сауат­тылығымен көз­ге түс­кенін айтты. Ол бірін­ші күннен бастап жеке құрам арасын­дағы әскери-қыз­­меттік тәртіпті, та­залықты қолға алды. Әсіресе қызметте спирт­тік ішімдік іш­кен қызмет­кер­лерге қатаң шара көріп, бір­нешеуін жұ­мыс­тан шығарды. Қыз­мет­кер­лер тәртіп бұзбайтын бол­­ды. Аула, ғимарат ішінің таза­лы­ғына, қызметкерлердің фор­ма­лық киім кию, қызметтік көліктерді пайдалану, таза ұс­тау, жол жүру ережелерін қа­таң сақтау мәселелеріне ерек­ше көңіл бөлді. Жұмысқа уақы­тылы келіп-кетуін, тапсырма, нұсқауларды уақытында, са­палы орындауын, тіпті қандай мерзімді баспасөзді, қандай кітап оқитынын, бос уақытта немен айналысатынын, отбасы мүшелерінің жағдайын өз ба­қылауына алып, ретке келтірді. Қарамағындағы басшылардың сауатты жұмыс жасауын дұ­рыс жолға қойды. Бөлімдегі «Ерлік даңқы» бөлмесі (шағын музей) жаңартылды. Аулаға, көше бетке көшет егуді, кө­гал­дандыру жұмысын жақ­сар­туды қолға алды. Сыр­дария өзенінің бойынан қызмет­кер­лерге жер алып, жеке құрам отбасыларын бақша өнім­де­рімен қамтамасыз етті. Қыз­меткерлер мен зейнеткерлерге жер учаскесін қора-қопсы­ла­рымен алып, олардың мал ұс­тауына жағдай жасады. Қала сыртындағы балық түрі өте көп көлді сумен толтырып, келісімшартпен милиционер А.Арыстанбаевты жауапты етіп, бөлімге бекітіп берді. Ол көлдің екі жағына вагон үй­лер қойып, қызметкерлердің демалыс орнына айналдырды. Мереке сайын қызметкерлер отбасына балық таратылды. Ол көл әлі күнге дейін «Милиция көлі» деп аталады.

Сырттан келген қонақ­тар­ды көлге апарып се­руендетіп, ба­лық сорпасын ішкізу, мере­­ке­лерде бөлімде мал сойы­лып, зейнет­кер­лер, партия, ке­ңес орган­дары қыз­мет­кер­лерін, БАҚ өкіл­дерін қонақ етіп, дүниеден өткен әріп­тестерге Құран ба­ғыш­та­лып, ақсақал­дардан бата алу үрдіске айналды. Қа­тар­дағы қызмет­керлерді оқу орын­дарына жіберіп, кейін олардың офицер атағын алуын қолдады. Бос уақытта отбасымен ки­нотеатрларға баруын ұйым­дастырып, қадағалады. Бала­ла­ры­ның мектептегі сабақ үл­гірімін, тәртібін жасөспі­рім­дер инс­пек­торлары арқылы өзі жеке тексеріп отырды. Дене­шы­нық­тыру мен спортпен айна­ласуына жағдай жасады, са­бақ­тарға өзі жеке қатысатын. Т.Мырзабековке де­йін Қазалы көшелерінде жас­тардың топ­тасып төбелесуі көп орын ала­тын. Бұзақылығымен белгілі болған тоғыз топ Тө­кеңнің жеке араласуымен ыды­раты­лып, мүлде жойыл­ды. Қыл­мыстың ашылу көрсет­кіштері жоғарылады.

Осылайша, Толысбек Мыр­забеков Қазалыға капитан бо­лып барып, подполковник ше­нінде облыстық басқармаға жо­ғарылатылды. Қызметі ауы­сатын кезде қазалылық арда­герлерді, жеке құрамды үйіне шақырып баталарын алды. Кейде жеке құрам алдында сөз сөйлегенде «Қазалыда жұмыс істеу бір үлкен университетті бітіргеннен де артық екен, ме­нің соған көзім жетті» дейтін.

Шынында да ол ерекше, өтірікке, әділетсіздікке жаны қас кісі еді.

«Асыл туған адамның

алтын жетпес нарқы бар.

Жақсы менен жаманның

аспан мен жердей парқы бар.

Асыл туған жақсының

ақыл-ойы кең болар.

Атадан жаман туғанның ақыл-ойы кем болар» дейді Ма­рабай ақын. Осы бір ұла­ғатты сөздің мәні Толысбек ағаның болмысына сәйкес келеді.

Төкең отбасында бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Екеуі де жоғары білімді, үйлі-ба­ранды. Ұлы Талғат әке жолын жалғап, Қарағанды жоғары мектебін аяқтады, полиция зейнеткері. Жеңгеміз Сәнімкүл не­мерелерін тәрбиелеуде.

«Әдемі – қарттық бір ба­қыт» дейді халық сөзі. Ағамыз осы әдемі қартаю бақытын аяғына шейін көре алмады. Жасамаған жасын ұрпақтарына берсін, ар­ты жақсылыққа жалғассын демекшімін.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

заңгер-журналист, Ақпарат саласының үздігі,

ҚР ІІМ мен ТЖМ-нің Құрметті ардагері,

запастағы полиция полковнигі