Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөз сөйлеп, қасиетті топырақтың терең сырына назар аударды. «…Ұлытау ауданы орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр» деген еді ол. Осы орайда, Президент ұлы ханның үлкен ұлы – Жошы мазары қазақ жерінде тұрғанын өз еліміздегі де, шетелдегі де жұртшылықтың көбі біле бермейтінін жеткізді. Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға құрмет көрсетіліп, бүкіл ґлем назарын осындай тарихи тұлғаға аудару жґне оның кесенесін мґдени туризм нысанына айналдыру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, Президент 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) империясының 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы да мәлімдеген болатын.
Ал, енді Атын Орда аталатын бұл тарихтың қазақпен байланысы қандай? Осы сұраққа жауап іздейік.
Қазіргі күнтізбе есептеуімен осыдан 750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-бектері жиналып, ұлы құрылтай өткізген. Тарихқа ол «Талас құрылтайы» деген атпен белгілі. Оған Үгедейдің немересі Қайду, Жошы ұрпақтары Беркечар мен Мөңке Темір, Шағатай ұлысынан Барақ қатысады. Құрылтайда үш ұлыстың шекарасы айқындалады. Шыңғыс хан құрған ұлы империя ыдырап, оның орнына дербес үш мемлекет – Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтереді.
Құрылтайдан кейін Жошы ұлысының әміршісі Мөңке Темір өзін хан деп тап, өз атынан теңге бастырады. Осылайша Талас құрылтайы Алтын Орданың ресми түрде бөлек мемлекет болып қалыптасуына негіз қалайды.
Шыңғыс хан қайтыс болар алдында өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берген. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиеді. Бату Алтын Орданы билесе, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарады. 1235 жылы Бату қолбасшы Сүбедей баһадүрдің көмегімен батысқа қарай жаңа жорық бастап, алдымен башқұрттарды, бір жылдан кейін Еділ Бұлғариясын жаулап алады. 1237 жылы Украинаның оңтүстік даласын бағындырып, ондағы құмандарды батысқа қарай ығыстырады. Содан кейін Руське басып кіреді.
Сөйтіп, үш жыл бойы орыс князьдықтарын жаулаумен болады. Бату құмандардың батысқа қашып, Мажарстан королінің жерін паналап отырғанын желеу етіп, Шайбан, Орда-Ежен, Байдар және Мөңке сияқты Шыңғыс әулеті және өз бауырларымен бірге батысқа жорық жасайды. Өздеріне қарсы тұрған неміс-поляк рыцарьларынан жиналған әскерді талқандайды. Бірақ Үгедей ханның қайтыс болғанын естіп, енді ғана қоршап-қамай бастаған Венаны тастап, елге қайтып кетеді. Моңғол әскерінің батыс бағытындағы жорығы осымен тоқтайды. Бату 1242 жылы Мажарстан арқылы қайтып, жолшыбай Пешт қаласын, Болгарияны бағындырады.
Алтын Орда астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болған. Түрік деректерінде Бату ханның әскерлері «қыпшақтар» деп аталды. Себебі ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркітілдес қыпшақтар болатын. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі – қыпшақ тілі деп белгіленген. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте «Қыпшақ ұлысы» деп те аталады. Оның орналасқан аумағы қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказ жеріне дейін созылып жатқан.
Алтын Орда өзінің шарықтау дәуірінде Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлай енген. Оңтүстігінде Орданың жері Қара теңізбен, Кавказ тауларымен және моңғол Хулагу мемлекетінің қол астындағы Персиямен шектескен. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтеріледі. Мәселен, Өзбек ханның кезінде мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланады. Алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылған. ХІV ғасырдың екінші жартысы Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі.
Тоқтамыс ханның Алтын Ордадағы билігін соғыстағы жеңістермен бекіте түспек болып, 1382 жылы Мәскеуді өртеген оқиғасы да тарихта қалды. Ақсақ Темірдің басқыншылық жоспарларына солтүстік-батыста орналасқан Алтын Орда кедергі жасаған. Сондықтан Темір оларға қарсы өз жорықтарын бастайды. Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болады. Тарихтағы Сыпыра жыраудың жарқырай көрінетін тұстары да осы кезең. Жасында Тоқым хан аталған Тоқтамысқа қарата айтылған:
«…Он екі тұтам оқ атқан,
Одан соңғы ер Шыңғыс.
Оны көрген кәріңмін.
Мұнарасы қырық құлаш,
Өзден сұлтан Жәнібек,
Оны көрген кәріңмін.
Ұлы бабам Домбауыл,
Соны көрген кәріңмін.
Жүз сексенге келгенде,
Сонша хандар өткенде.
Жас та болсаң,
Тоқым хан,
Сені көрген кәріңмін, – дейтін толғау көбімізге таныс.
Әмір Темір Алтын Ордаға жойқын соққы жасап, астанасын қиратып, Қырым сауда қалаларын тонап, ең шебер қолөнершілерін өз астанасы Самарқандқа айдап әкетеді. 1440 жылдары Ордада тағы бір азамат соғысы тұтанады.Осыдан кейін ол бірнеше хандыққа бөлшектеніп кетеді. Олар – Қасым хандығы, Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы болатын.
Ресейлік антрополог Л.Яблонский отыз жыл бойы Алтын Орда көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырлық бұл жасампаз жұрттың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған. Сондай-ақ, палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан қазақтар ғана жақын деген шешім шығарыпты.
Біз, әрине, теңіздей тарихтың тамшыдай бір дерегін ғана тізіп отырмыз. Негізі тарихта Ақ Орда Алтын Орда атаулы қатар жүреді. Ақ Орданың астанасы Сығанақ еді, оның билігіне 1379 жылы Тоқтамыс ие болады. Келер жылы ол Сарайды, Қажы-Тарханды, яғни, Астраханды, Қырымды және Алтын Орданы алады. Бұл жөнінде жоғарыда айтып өттік.
Айналып келгенде, сөздің анығы 1227-1502 жылдар аралығында, үш жүз жылға жуық салтанат құрған сәулетті қағанат Алтын Орда тарих көшінде Қазақ хандығының билігіне ұласа отырып, табиғи-тарихи тұрғыда мұрагерлік құқығын иемденген.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<