Теңізден тін тартқан тарих

697

0

Арал қаласы іргесінің қалануына теңіз жағасында порттың салынуы мен теміржол қатынасының пайда болуы негізі болды. Бұған дейін теңіз орнында қоныстардың болғаны, онда мыңдаған жылдар бойы адамдардың өмір сүргені белгілі. Бұлай деуімізге себеп, 2001 жылы теңіз табанынан Х-ХІ ғасырлардағы Кердері кесенесінің табылуы.

ІХ-ХІІ ғасырларда араб саяхатшылары картаға түсіріп Әмудария, Сырдария, Жем, Ембі өзендерін сөз еткен болса, алғашқы тұрақтар жөніндегі алғашқы жазба деректер Х ғасырға барып саяды. Араб саяхатшысы Ибн Руста (910 жылдар шамасында) «Бұл теңіз балыққа өте бай, оның жағалауында қамыс пен балшықтан салынған балықшылар қыстағы жиі кездеседі. Қамыс балық аулау құралы ретінде де пайдаланылады», – деп жазған.

Саяхатшы балықшылардың қамыстан қаза басуға, басқа да құралдар жасауға өте шебер екенін ерекше суреттеген.

ХVІІ ғасырдан бізге бірінші болып «Үлкен сызба» кітабы (1627 жылдар шамасы) деген атпен жеткен алғашқы орыс географиялық картасында Арал теңізі «Көк теңіз» деп аталған. Алайда оны сызушыларға бірде-бір арал белгілі болмаған. 1905 жылы Санкт-Петербург қаласынан шыққан «Энциклопедиялық сөздік» кітабының 1-ші қосымша кітабында «Арал теңізі» тақырыбында Арал теңізінің зерттелуі туралы мәліметтер берілген, бірақта ондағы қоныстар туралы көрсетілмеген.

Теңізді картаға түсіргендердің бірі Арал Колумбысы А.Бутаков болды. Ол 1848-1849 жылдары топографиялық экспедициясымен теңізді түгел шарлап, оның нақты кординаттарын анықтаған. Аралдың сол картасында бізге ескерткіш болып Лазерева, Белинсгаузен, Тарас Шевченко шығанақтары қалды. 1899-1902 жылдары Аралда орыс зерттеушілері Л.Берг жұмыс істеді. Ол Арал теңізінде аса бағалы бекіре, қаяз, сазан, тыран, торта, қаракөз, ақбалық шемай, тісті, шортан, т.б. балықтардың көп екенін атап көрсетті. Арал теңізінде тұңғыш су жол қатынасы 1848-1849 жылдары ашылды деп жүрміз.

Бұған дейінгі Арал теңізіне Хиуа хандығы иелік еткендігі мәлім. Сондықтан да 1848 жылы қолтық қойнаулары мен атауларын жан-жақты зерттеп, картаға енгізіп, бұрынғы картаға елеулі өзгерістер түсірген жылдары 1847 жылы Райым бекінісі орнатылды.

Арал теңізінде алғашқы кеме түсірілмес бұрын осы теңізде еркін жүзуге рұқсат ретінде шарт-келісім жасалуы тиіс еді. Осы шарт-келісім біздің пайымдауымызша,  Арал  теңізі байлығын иеленген көпестердің иеленуінде жатса керек. Олай дейтінімізге бір себеп, бұрынғы Арал пароходствосы басқармасы көне үйінің (Марковтің үйі) кіреберіс маңдайшасынан «1846 жыл Саламандра» серіктігі деген жазуы бар жез табличканы қала тұрғындарының көбісі көрген болар. (Саламандра – суда да, құрлықта да мекен ететін қосмекенді хайуанаттың аты).

Немістің ірі картографы Август Петерманның 1860 жылы жасаған Россия империясы регионының Арал теңізі және Камчатка түбегі атты антикварлық иллюстрациялық картасында қырғыз әйелі, бүркітшілер, аттылы қырғыз, өзендер, таулар, жолдар, халықтардың, қоныстардың орналасуын көрсеткен.

Картада Арал теңізі атауын сол күйінде көрсетеді. Онда мекен еткен халықтардың мал шаруашылығы мен балық аулау кәсіпшілігімен айналысқанын айғақтайды.

Орыс зерттеушісі Карилиннің 1896 жылы «Тургайская газета» басылымында жарияланған «Арал теңізі жағалауында» мақаласында теңізге құятын Орта Азияның екі үлкен су артериясы Сырдария мен Әмудария өзендерін қисапсыз пайдалану Арал теңізінің бірте-бірте тартылып, планетаның ең бір қасіретті бұрышына айналуға алып келетіні туралы да жазады.

Арал қаласының іргесі алғашында «Алты құдық» деп аталған жерде орналасқан. Ол кезде Сыр бойының байлары малын жайлауға айдар кезде жолдарына мал суаратын тас құдықтар қаздырып отырған. Оған арнайы жігіттер тобын ұйымдастырған. Шыңырау тас құдықтар онша сарқыла бермеген әрі олардың суы тұщы болып келген. Бұндай суы бар құдықтарға керуеншілер де көбірек маңайлаған. Керуен жолдары мен теміржол бойын жағалай қазылған құдықтардың картасын патша өкіметі кезінде сонау ХІХ ғасырда арнайы картаға (Арал маңы құдықтарының картасы) түсіріп отырған.

Арал қаласының іргесі алғашында «Алты құдық» деген атаумен аталған, осы күнгі «сегізінші километр» деп аталатын жердің («Арал-Аралсульфат» теміржол веткасында) батыс бетіндегі шағыл құмның іргесінде болған. Кейін теңізде су жолы қатынасы ашылуына байланысты, балық тұздайтын кәсіпшіліктер орын теуіп, балық поселкесінің өсуіне байланысты «Алты құдық» қызыл үйі алғашқы орнын осы күнгі мал базары мен теміржол вокзалы арасындағы жерге ауыстырған.

1905 жылы Санкт-Петербург қаласынан шыққан «Энциклопедиялық сөздік» кітабының 3-ші томында «Арал теңізі» тақырыбында Орынбор-Ташкент темір жолының ашылғаны жөнінде жазылып, Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағында «Арал теңізі» станциясы орналасқан деп көрсетеді.

Осы 1905 жылы Алтықұдық түбіндегі станция Арал теңізі станциясы деп аталды. Құрылыс Орынбор жағынан 10 мамырда, ал, Ташкент жағынан 1901 жылдың
9 қарашасынан басталды. Құрылыс жұмыстары 1902 жылы ғана кеңінен өріс алды. 1904 жылғы 1 қаңтарға бүкіл «Орынбор-Ташкент» жолы бойынша пойыздардың уақытша жүрісі ашылды. Солтүстік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылғы 25 шілдеде, Оңтүстік бөлігі 1906 жылғы 1 сәуірде пайдалануға берілді.

Жол бойындағы сегіз шеберхананың алтауы Қазақстан аумағында болды. Бес ірі станция – Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск, Түркістан Қазақстан аумағында болды. Ұшы-қиыры жоқ шөл далада темір жол құрылысын жүргізуге Пенза, Самара, Орынбор губернияларынан табыс табу үшін кедей-шаруалар келді. Теміржол құрылысы қосылысымен балық кәсіпшілігімен айналысатын саудагерлер ағылып келе бастады. Олар үшін Арал алтын теңіз, пайданың алтын қоры болды. Сонымен бірге бұл жерде акциондық «Хиуа» қоғамын ұйымдастырды.

Аралға қоныс тепкен орыс көпестері теңізден ауланған балықты арзан бағаға сатып алып, оларды тұздап, тоңазытып Ресейге теміржол арқылы жөнелтіп жатты. Балық тұздайтын тұзды ол кездері жергілікті тұрғындар қазіргі «Шөміш» станциясы маңынан түйемен тасып, орыс көпестеріне өткізіп отырды. Қыстақта сауда-саттық дамып, халық саны көбейе бастады.

Қоныс аударған орыстардың балалары үшін 1910 жылы шағын мектеп ашылды. Бұл бүгінгі күнгі қала мектептерінің қара шаңырағының бірі болып саналатын №14 орыс мектеп-гимназиясының негізі болатын.

1902-1910 жылдар аралығында «Арал» станциясында теміржол вокзалы, су жинайтын мұнара, теміржол бойы қоймалары, теміржол клубы, бірнеше тұрғын үй бірінен соң бірі бой көтерді.

Патша өкіметінің өкілі Н.Зарудный өз жазбасында Арал поселкесі туралы тоқталады. Оның айтуынша, үйлердің көпшілігі Орынбордан әкелінген ағаштардан, орыстың әдісімен салынып, ал, жергілікті тұрғындардың үйлері негізінен саз балшықтан, қамыстан соғылған. Сонымен қалада шіркеу, толып жатқан жасырын сыраханалар мен кабактар болған деп жазады.

Поселкеде 1925 жылғы 21 қарашада Арал мемлекеттік балық тресінің, кейіннен балық комбинатының құрылуы, жалпы білім беретін мектептер, аурухана, өнеркәсіп орындарының салынуы басшылыққа, өндіріске жарқын серпін әкелді.

Арал қыстағы бой көтергеннен кейін тұрғындар саны өсіп, қанатын кеңге жайып, өркендей бастады.

Арал аудандық архивінде сақталған Сырдария губерниялық атқару комитетінің 9 мамыр 1927 жылғы №24 қаулысында 1927 жылдың 1 қазанынан бастап Арал теңізі қыстағының (поселок) Арал қаласы болып өзгеруі туралы Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Медетбаевтың №142 санды бұйрығын көруімізге болады.

Міне, осы құжаттан Арал қала статусын алып, бұйрық барлық қыстақта орналасқан мекемелерге таратылуы туралы жазылған. Теңіз жағасында орналасқан 95 жасқа толған қаламыздың тарихы осындай.

Болатбек Қуатов,

Арал аудандық архивінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<