Теңізді сағынсаңыз…

1200

0

Біз көрген ғимарат әу баста орыс көпесінің үйі болған деседі. 1897 жылы салыныпты дейді білетіндер. ХІХ ғасырда Арал теңізінің бар балығын саудалаған мықтының бірі шығар, бәлкім. Бірақ тарихтағы Қазан төңкерісінен кейін бұл үй «Қызыл мүйіс» дейтін орталық болған көрінеді. Теңізден оралған балықшылардың кеңсесі ретінде пайдаға жарапты.

Арадағы ғасырға жуық уақыттан соң бұл ғимаратты қала орталығына жылжытқан көрінеді. Дұрысы, 2003 жылы Арал қаласының 100 жылдығы тойланды. Сонда мұны музей етіп жасақтап, балықшы қауымның тарихын қайта жандандыру жұмыстары қолға алынған еді.

Аралдағы «Балықшылар» музейінде қызық көп. Жай қызық емес, терең үңілсеңіз, қатпар-қатпар көп жылғы тарихқа жолығасыз. 2012 жылдан бастап ресми қызмет көрсететін мәдени нысанда 2000-нан астам теңіз жәдігері топтастырылған. 11 адам жұмыс істейтін мекемеге былтыр облыстық бюджеттен 86 млн теңге бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген еді. Орыс архитектурасымен салынғандықтан уақыт өте ескіріп, ағаш қабырғалары мүжілген тарихи үйдің жаңаша кейіпке енуі көз қуантып тұр.

– Теңіздің ежелгі тарихынан бастап бүгінге дейінгі мұраларды жинақтауға тырыстық. Соның нәтижесінде ғимарат заманауи қондырғылармен жарақталып, ашық аспан астындағы музей, «Балықшылар» және «Кемелер» залы жасақталды. Біз алғаш ашылған кезде 117 экспонатпен халыққа қызмет көрсеттік. Қазір қорда жан-жақтан жиналған 2000-нан астам экспонат бар. Біздегі балық аулау кәсібінің күшеюі ХІХ ғасырдағы орыс көпестерінің келуімен байланысты. Кейінгі жылы музейге теңіздегі қайықтан кемеге дейінгі дәуірді көрсететін сенсорлық теледидар орнатып, келушілер өзін қызықтырған кемелер жайлы мәліметтерді алып жүр. Мұнда ұрпақ зейінін ашатын фильмдер көрсетіледі, сондай-ақ кемелердің техникалық жабдықтары мен балықшы қауымның тұрмыстық құралдары жинақталған. Балық өнеркәсібін өркендеткен жерлес тұлғалар жайлы да мұра жеткілікті, – дейді музейдің ғылыми қызметкері Айбек Есмағанбет.

Сондай-ақ музей қызметкерлері Арал теңізіне қатысты деректерді ағылшын, орыс, латын тіліне аударып, өзге мемлекеттен келген туристер үшін де қолайлы жағдай жасаған. Жергілікті тұрғындардың атакәсібі – балық шаруашылығының мол мұрасын олар осылай сақтап отыр.

Ал ғимарат сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капитандарының есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – Лев Берг деп аталатын 25 метрлік кеме. Бұның өзі жағалауда қараусыз қалғанда, музей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға айналдырған. Айтпақшы, Лев Берг кім десек, ХХ ғасырда Арал теңізін зерттеген орыстың географ-ғалымы. Соның негізінде бірнеше еңбек жазған.

Әгараки, сіз музейге бара қалсаңыз, ондағылар Аралдың бұрынғы қалпы мен бүгінгі теңіздің көрінісі бейнеленген картаны көрсетіп, украиналық ақын, әу баста Арал топырағына жер аударылған Тарас Шевченконың жүрген жерлерін де айтып берер еді.

– Бізде балық шаруашылығы бойынша Социалистік Еңбек Ері атанған Төлеген Әлімбетов, Ұштап Өтеулиева, Бақыт Рысқалов. Жалпы Аралда 16 Еңбек Ері барын білесіздер. Ал мына суреттегі кісі, «көк теңіздің көкжалы» атанған Нарғали Демеуов, оның қасындағы Дүйшембі Қалабаев. Балықшы аналарымыз да көп болды ғой. Суреттерден байқап отырсаңыздар, озат балықшы атанған батыр анамыз Күлпаш Бейсенованы да көріп отырсыздар. Ал мұнда бәріңізге белгілі, осы музейді ұйымдастырған, бұрынғы Балық шаруашылығы министрі, осы кәсіптің шежірешісі – Құдайберген Саржанов, – деп бізге қабырғадағы суреттерді жағалай түсіндірді Айбек ағамыз.

Иә, теңіз толқынында жүзіп, еңбегімен ер атанғандардың суреті көп мұнда. Сондай-ақ балықшылар мінген арба, ау-құралдары, қабадан мен қайық құралдарын байқайсыз. Кеменің техникалық құралдары да жеткілікті. Балықшы мен балыққа қатысты біз білмейтін деректерге сүрініп жығыласыз. Бәрі де ұрпаққа керек аманат дүние. Егер ғайыптан әрқайсысына тіл бітсе, біраз сыр мен мұңды төгер ме еді?!

Расы сол, музей қызметкерлерінің көп затты ұқыпты ұстап отырғанына риза көңілмен қарайсың. Арнайы ыдысқа салынған балық түрлері, ау тоқуға арналған инелік деп аталатын құрал, жай арқан мен қарамай арқанға (қыста су тигенде қатып қалмау үшін әбден май сіңдірген арқан) дейін осында тұр. Шам түрлері, теңізші киімі, қабадан мен мардан, теңіз құстары, кеме штурвалы мен компасы да бар. Қайық пен ескек, сүймен мен сүзгіш, тіпті сол заманғы балықшылардың айнымас серігі болған түйенің де макеті жасалып қойылған.

– Былтыр музейді қайта жаңғыртудан кейінгі тағы бір жаңалығымыз «Кемелер» залына қатысты. Бұл зал теңізді зерттеуге арналған «Лев Берг» кемесінің лабороториялық кеңсесінде орналасқан. Онда кірген көрермен кеме штурвалын қозғап, бағыт беріп, өзін дәл сол кеме ішінде келе жатқандай сезіне алады. Алдындағы экраннан толқын мен шағаланың дауысы естіліп, Арал қаласына жақын қалған кездегі порттың сұлбасы анық көрінеді. Осы кезде гудок беріліп, кеме қоңырауын да қағып көре аласыз. Теңіз анасын сағынған әрбір Аралдың төл перзенті біздің музейден сағынышын басып, кеме палубасынан алысқа көз тастап, өткен жылдарын еске алып жүр, – дейді музей қызметкерлері.

Былтырғы реэкспозициялық жұмыстардан соң келушілерге үш тілде қызмет көрсететін 6 сенсорлық экран қойылды. Теңіздің әр дәуірінен сыр шертетін алтын қордағы 28 деректі фильм көрсетілуде. Арал теңізін зерттеу экспедициясына қатынасқан украин халқының көрнекті  тұлғасы, ақын, жазушы, суретші Т.Шевченконың тұлғалық муляж бейнесі қойылып, деректер мен суреттері, шығармалары базаға енгізілген. Арал теңізінде жүзген сал қайықтан бастап, желкенді қайық, пароход пен кеме көшірмелері қойылып, олар туралы мәліметтер, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері, кеме капитаны Төлеген Әлімбетовтың образын үлкен экран бетінен актердің сомдауында көре аласыз.

Қайта жаңғыртудан кейін елдегі барлық аймақтармен шетел қонақтары да музейге көптеп келуде. Бір ғана мысал, реэкспозициядан соң 7356 көрермен осында аялдапты.

Біз мән беретін бір нәрсе бар. Аралдағы «Балықшылар» музейі – әлем туристеріне ұялмай көрсететін керемет орын. Қазақстан түгілі, Орта Азияда жоқ мұндай жәдігерлер жиынтығы сақталған үй бізге де, бізден кейінгі буынға да керек.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген,

Б.ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<