Төлегетай бабаның мол мұрасы

841

0

Аға ұрпақ ататек шежіресін жақсы білгенмен, арамыздағы жастар қауымына Төлегетай бабамыздың тарихнамасы беймәлім. Сондықтан оның өмірге келген кезеңіне қысқаша тоқтала кету орынды болмақ.

Жалпы қазақ рулары, соның ішінде, Наймандар жайында сонау 1920 жылдары алғаш зерттеу жүргізген кәсіби тарихшылардың бірі Мұхамеджан Тынышбаев екені баршаға белгілі. Алаш ардақтысы өзінің 1925 жылы Тәшкенде жарияланған «Материалы к истории киргиз-кайсацского народа» деген шағын кітапшасында «менің әкемнің айтуынша, Төлегетай 16-шы атам» деп нақты дерек келтіреді.

Шежіре деректерін салыстыра қарағанда, бабамыздың тегі былайша өрбиді екен: «Найман атамыз 2 әйел алыпты. Қырғауыл есімді бәйбішеден Ақсақал, Үйелеш, Күйелеш деген үш бала тараса, Шүңірекей есімді кіші әйелінен Тоқпан атты бір ұл бала болады. Түп атамыздың осы 4 баласы да жаугершілік заманда қаза тауып, Тоқпанның жесірі Әлпеш анамыз (бір деректерде Ақсұлу) ұрпақ қамын тереңнен ойлап, атасын баптап, күтіп, әйел әпереді. Содан 87 жастағы Найман атамыздан бір бала өмірге келіп, «артымда қалған белгі ғой» деп сәбидің есімін Белгібай қойған екен. Кейбір жазба деректерге қарағанда осы Белгібай Өкіреш Найман аталады. «Өкіреш» сонау ғұндар заманынан бері әйгілі тұлғалардың айбынын, қуаттылығын білдіретін байырғы атақ болған.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2021 жылғы 6-нөмірінде Камал Әбдірахман бауырымыз «Төлегетай баба» деген мақаласын жариялады. Сол мақалада таратылған шежіреге сәйкес, «Өкіреш шалдан Белгібай, одан Сүйініш (Сүгірші), одан Төлегетай, одан Қытай. Қытайдан бүгінгі 11 ата Найманның төртеуі Қаракерей,  Садыр, Матай, Төртуыл тарайтынын атап көрсетеді. Осы деректердің ішінде өз басым біздің ағайынның мұрасын зерттеуге бар шығармашылық ғұмырын арнаған халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов ағамыздың ой-орамдары мен зерттеу нәтижелеріне ден қоямын. Ол кісінің «Академиктің көз жасы» деген кітабында «Найман Ана» атты повесі бар. Сонда повестің бас кейіпкері Айжарықтың аузымен айтылатын соны дерек беріледі. Ол бойынша: «Тарихтан белгілі, Наймандар – Шыңғысханнан бұрын да өз алдына хандық құрған, Иналғы Білге қаған, Байбұқа қаған (Таян хан), Бұйрық хан, Күшлік хан секілді хандары болған, іргелі ел ғой. Шыңғысхан кейін жазу-сызуды да, Тата Тұңқа секілді оқымысты хатшыны да осы Наймандардан алған. Өріс-қонысы аса кең: Ханғай тау мен қазіргі Алтай, Тарбағатай арасын тұтас жайлаған алып мемлекет» дейді. Бір ескеретін нәрсе, баяғы Шыңғысхан заманындағы Наймандар мен қазіргі Найман ұлысының құрамы, оған кіретін рулар бірдей емес. Түп-тамыры бір болғанымен, тағдыр-талайы, өріс-қонысы, тарихтан алатын орны әр басқа. Олай болатыны, Күшілік хан жеңілген соң, Шыңғысхан Наймандарды бүкіл Азияға тарыдай шашып жіберді. Қағанның өзіне көп қарсыласқандарға тісі басулы болатын. Меркітті мүлде ел болудан айырды да (олар кейін Абақ Керейдің бір табына айналып кетті), саны мол Наймандардың бір жерде жиын отыруынан қауіптеніп, ұлыс-ұлысқа бөліп жіберді. Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарына телімге берді. Бір бөлімі қолбасшы Кетбұқаның соңынан еріп, араб, парсы елдеріне дейін ұзап кетті. Көп санды құраған негізгі бөлігі өзбек, ноғай, қарақалпақ, түрікпен, әзербайжан, татар-башқұрттардың құрамына кірді. Ал кейін қазақ хандығының бір ұстыны болған Наймандар – Жошы ұлысында қалып қойған бөлігі» деп әңгімесін аяқтайды.

Шежіре таратқанда шатасулар болмас үшін осы повестегі Өкіреш бабамызға қатысты мәліметті де келтіре кеткенім жөн. Онда: «Өкіреш Ақсопы шалдың баласы ғой. Баласының азан шақырып қойған аты – Белгібай. Тоқсандағы қарттан туып, иісі Найманға ата болған жалғыз ұл осы емес пе? «Тоқсандағы шал жас сұлудың қойнында өкіріп барып өліп кетіпті. Содан туған баласының атын «Өкіреш» қойыпты» деп, кезінде іргелес тайпалар сан-саққа жүгіртсе керек. Біз, бәріміз сол Белгібайдан тараймыз. Ақсұлу әжеміз кейін қайнысы саналатын Белгібаймен некелесіп, одан Сүйініш атты ұл тумай ма?! Сүйініштен біздің бабамыз Төлегетай туады. Төлегетай әулетін Бәйбіше Наймандар деп атайтыны содан. Белгібай одан кейін де бірнеше әйел алады. Кіші әйелдерінен Сүгірше, Серікбай, Кетбұқа, Келбұқалар тарайды. Ақсопының шөбересі Төлегетай – әз Жәнібектің оң қол уәзірлерінің бірі. Демек, аталған қырғыннан кейін Наймандар Шайбанилер ықпалынан шығып, жаңа құрылған Қазақ хандығына қосылғанын көреміз» деп жоғарыда біз келтірген деректерді растай түседі.

Бұған қоса, көне деректердің көзін кең ашқан деректанушы-тарихшыларымыздың бірі, қаламы қарымды жазушы  Әнес Сарай «Көнеліктер» атты кітабында мынандай мәлімет береді: «Дешті Қыпшақтағы аумалы-төкпелі кезеңдерде бет-бетіне бытыраған ру-тайпа кебін Наймандар да киді. Әбілхайыр жасағындағы Найман мен Өкіреш Найман қауымы  бір-біріне қосақталмай, жеке дара айтылады. Шыңжан өлкесінің халықтық ауызекі шежіресі Өкірештен Төлегетай мен Сүгіршіні таратып, Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матай, Ертекі, Балталы, Көкжарлы, Сарыжомарт, Бура аталарын осы қауымға қосады. Шыңғысханмен 20 жылға жуық соғысқан Наймандар ең көп шашылған ел еді. Олардың бір бөлігі Ақсақ Темірдің қоластында болды. Найманның Ақбұға әмірі – Ақсақ Темірдің сенімді серіктерінің бірі. Шахрисабзте оған о дүниелік жай әзірленгенде, оған Темір жанынан орын бұйырған. Ақбұға нәсілі 16 ғасырда Мавереннахрда отырды. Орта Азияға сіңіп, ақыры өзбек болып кеткендер, асылы осы ұрпақ. Ал екінші тобы Шайбанның иелігінде болды.  «Зубдат ал-Асар» деректерінше, «Бату інісі Шайбанға 4 тайпа ел сыйлаған, олар: Қосшы (құсшы), Найман, Бұйрақ және Қарлық. Бұл топ – Әбілхайыр, Мұхаммед Шайбани тұсында көшпелі өзбек хандығының туын көтергендер. Олар хан ордаға өте жақын болған.

Шайбани әулетінің ең соңғы ханы Абдаллах тұсында да (1561-1598) саяси күрестерге қызу араласып, әмір дәрежесіне көтерілген Найман Жандәулет би қазіргі Ауғанстанның Андхой уәлаятын билеп тұрған. Шайбани әулетінің бағы таюына байланысты биліктен шеттетілген бір бөлігі кері лықсып, Сыр бойына келіп тұрақтап қалған сыңайлы».

Бұл жерде Қабдеш Жұмәділов пен Әнес Сарайдың мәліметтері бір-бірін толықтырып тұр, қайшылық байқалмайды.

Ендігі кезекте Төлегетай бабамыздың рухани және саяси мұрасына, яғни атқарған қызметтеріне қысқаша тоқталсақ. Қолда бар жазба деректерде, ел ішінде сақталған ауызша әңгімелерде, сондай-ақ бірқатар фольклор материалдарында Төлегетай (Төле, Төлек ата деп те айтылады) бабамыздың ел басқару ісіне ертерек араласқаны айрықша айтылады.

Оның билік тізгінін ұстауға бейімділігі ерте байқалыпты. Жас кезінен зеректік танытып, кейбір даудың алдын алып кететін қабілеті де ерте танылған көрінеді. Мәселен, ел ішінде кең таралған аңыздардың бірінде бабамыз бала кезінде байдың баласы бола тұра басқа қатарластары сияқты қозы бағады екен. Бір жиында ұстаз-қожалардың бірі:

– Өткенде Төле менің малымнан 10 марқаны бөліп әкетіпті. Себебін білгеніңіз бар ма? – деп сұрапты.

Әкесі бұл жайдан хабарсыз екен. Баланы шақыртып сұрағанда:

– Алдым. Әнеукүні дарияны жағалай жұтаң ауыл келіп қонды. Содан қожалардың қойынан таңдап ерулікке он марқасын бердік. Қожаға «қозыларыңыз қой болып өсіп жатыр» дегенмін. Бұл – он. Ал рұқсатсыз алған айыбымды әкем өтесе, он үш, – дейді. Сөйтіп, өзіне-өзі билік айтып, көпшілікті ділмарлығымен таңғалдырған екен. Бұл оның сірә, ел ісіне араласудағы алғашқы төрелігі болса керек.

Бабамыз жер жадысына жүйрік болған, жері құмшауыт, суы тапшы келетін өңірде «мына жерден су шығады» деп таяғымен нұсқаған жерінен су шығады екен. «Төңірегіңе абай бол», «Төрт құбылаңнан  жазба», «Төрт көзің түгел болсын», «Көштерің қатар, түтіндерің қосылып тұрсын», «Бір-біріңнен от сұрай жүріңдер» деген өсиетін халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайтуға жиі қолданған. Жиендерге қырық серкеш беру де Сүгірші, Төлегетай бабаларымыздан қалған дәстүр деседі. Жоғарыда келтірілген Зейнолла Сәніктің жазбаларына сүйенсек, Төлегетай баба 14-15 ғасырлар бедерінде Өзгент қаласына датқа болып, осы өңірдегі елге билік жүргізген.  Соның ықпалымен кейін Төлегетай әулеті Арқа өңіріне қоныс аударса да, оның ұрпақтарынан Жандықұл би, Байғана би, тіпті кейінгі Нарынбай биге дейін Ташкент қаласына билік жүргізген.

Сыр өңірінде тараған әңгіме-деректерде Төлегетайдың әкесі Сүйінші атамыз жайында «Сүйіншінің малы көп пе, даланың аңы көп пе?» деп оның бай адам болғаны айтылады. Төлегетай жасында көп оқыпты. Оны датқалық деңгейге көтерген осы білімдарлығы да шығар. Бірде әкесі баласынан: «Балам, далада ешкі қайырған дауыс не?» деп сұрапты. Сонда жас Төлек «Серкелердің санына жете алмай жүрген жиендер ғой» деп жауап беріпті. Әкесі: «Е, онда тілеу – анадан, тіреу – әкеден» деген бар еді. Саған ана тілегі дарып, атаның күші асқар бел болсын, жиеннің назары ана тілегінен қағыс қалмасын! Қырықтың бірі – Қызыр. Сол шіркіндердің әрқайсысына 40-тан серке бөліп беріп, алдына салыңдаршы! Сонда олардың өзі кеткенмен, көңілі қораңнан шықпайтын болады» деген екен. Қазақтағы жиенге қырық серкеш беру салтының шығу дерегі осы.

Бабамыздың жасы келген шағында балалары «Қазылық қиын ба, датқалық қиын ба?», «Ұлдың жаманы қандай? Қыздың жаманы қандай?» деп жөн сұрапты. Сонда бабамыз: «Қазы елдің арқасында күн көреді. Ал датқа елдің күнкөрісін қалай түзеймін дегенді ойлайды. Сондықтан қазыны ел асырайды, елді датқа асырайды» депті. Екінші сұрақтарына «Ұл жаманы үйге, қыз жаманы  қиырға» деген аталарымыз. Ұлың жаман болса, әрі дегенде ауылға зиянын тигізер. Ал, «қыз жаманы қиырға» дегеннің астарында «ол бір емес, екі елді бүлдіреді, азаматтардың абыройына нұқсан келтіреді» деген сөз жатыр. Жақсы атаны жат елде жаман атқа қалдырады. Адам даңқы, айналасына жаққан соң барып, аспандап көтеріледі. Дүниеде сол даңқына дақ түсіретін мерез өзің мекіреніп иіскеген ұрпағыңнан шықса, одан өткен жамандық болмас» депті. Осы сияқты бабамыздың заманынан қалған немесе Төлегетай ата айтыпты деген ауызекі әңгімелер ел арасында әлі де баршылық.

Келесі қысқаша мысалдар Төлегетай бабамыз бен Қылышты атаның достығы, ынтымағы жайында болмақ. Өздеріңізге белгілі Төлегетай Қылышты атаның күйеубаласы болған. Ол кісі қайын атасы ғана емес, бабамыздың ұстазы болғанға ұқсайды. Бір деректе Қылышты ата: «Мен білетінімді саған айтып болғанмын, ендігі жерде жастарға білім үйрету саған аманат. Алла берген олжаға ие болғанда, аумағыңды ұмытпа» депті.

Қылышты ата ерекше қасиетке ие әулие адам болған деседі. Халық арасына тараған аңызға сүйенсек, көлікті адам көлігінен түсіп зиярат етпесе өзі немесе аты майып болады екен. Қылышты атаның әкесі Камаладдин Меккеден келіп, Қырөзгент шаһарының патшасы Әбубәкір Сыдық ұрпағы Ілгі мағзұмның қызына үйленеді. Содан көп кешікпей Меккеге қайтып кетеді. Шешесінің ішінде қалған Қылышты ата ержетіп, өз уақытында билік тізгінін ұстаған. Уәзірлері мен билері алдына келгенде қылышы күн сәулесіне шағылысып, жүзіне қонған шыбын екіге бөлініп түсе беретін болыпты. Онысы «Кімде-кім адал болмаса осындай жаза алады» дегені екен. Міне, осыдан бастап Қылышты ата атаныпты.

Төлегетай бабамыздың датқалыққа сайлануы оның білімдарлығын, ел басқару ісіндегі хакімдік әлеуетін көрсетсе, қазылық жасауы ислам дінінің шарттарын жетік білгенін аңғартса керек. Мақаламды бабамыздың Қытай есімді жалғыз баласы 38 жасында дүниеден өткенде «Әке өліп, бала қалса –мұратына жеткені, бала өліп әке қалса – дерті ішінде кеткені» деген аталы сөзімен аяқтағым келеді. Ұрпақтарымыз аман, ел мерейі еңселі болғай!

Серік Дүйсенбаев,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<