Тоқым тыққан Қыстаубай батыр

1183

0

Өмірлерінің ең айтулы сәттерін ел игілігі мен тыныштығы үшін күрескен қас батырлар Сыр бойында көп болған. Олардың негізгі жауы Сырдарияның сол жағалауын мекендеген қоқандықтар еді. Олар елдің тыныштығын алып, малын айдап кетіп отырған. Осындайда ел ішінен отқа түсуге дайын болған ерлердің бірі – Жиен­әліұлы Қыстаубай батыр. Елі үшін қолына қару алған батырлар жайында кейінгі жас ұрпақтың білгені дұрыс. Жиенәліұлы Қыстау­бай батыр сарғасқа Бәйтік батырдан кіші де, Тоғанас батырдан үлкен екен.

Атақты Кенесары хан Қоқанның Созақ қамалын шабу үшін Сыр бойының батырларына қолқа салып, Жанқожа батырға өзіне көмектесуін айтып хат жазады. Қоқандықтардың Сарман батырды өлтіргенін айтып, бірге аттануға кеңес береді. Созақ қамалын алуға басқа батырлармен бірге Тоқым тыққан Қыстаубай батыр да барып үлкен шайқасқа қатысады.

Қыстаубай Жиенәліұлы – шамамен 1814-1855 жылдары өмір сүрген батыр. Жанқожа, Есет, Тоғанастармен замандас болған.

Шөмекейлер негізінен қуаңды жаз жайлап, Сырды қыстаған. Осы жаз жайлау мен қыс қыстауына қайта-қайта шабуылдап, елдің мазасын алған қоқандықтарға қарсы үлкен соғыс болады. Сыр бойынан шыққан Жанқожа, Есет, Тоғанас, Қыстаубай, Бұқарбай батырлар да бірге болған. Осы соғыс кезіндегі олардың ерліктері жайлы Балқы Базар, Қаратамыр Дүр Оңғар, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет жыраулар өз жырларына арқау еткен. Атақты Тұрмағамбет Ізтілеуовтің:

Тоқым тыққан Қыстаубай,

Қайрат пен күшке кең еді.

Орасан ойлы, өте әділ,

Мұңлы мен мұқтаж міскінге,

Етек-жеңі кең еді.

Сықақ қылып, сын тағып,

Аңдысып жүрген жауы да,

Дей алмайды «кем» еді.

Атынан түспей әрқашан,

Қарына іліп ар алмас,

Азды көпке теңеді, – деуі ­бекер емес.

Сонымен қоса, Қыстаубайға арнап «Тоқым тыққан» күйінің ерте кезден шыққаны да көп жерде айтылады. Бұл күйді күні кешеге дейін Тамдыдағы батырдың ұрпағы Жаманғары күйші орындап келіпті. Мұны күйшінің ұлы, ақын Сәбит Жаманғарыұлы айтқан еді.

Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Назым» атты кітабында Қыстаубай батыр жөнінде: «Бір соғыста Қыс­таубай батырға сұққан жау найзасының ұшы сынып кетіп, оның денесінде қалып қояды. Оны сол жерде шылбырмен байлап, тісімен тартып шығарады. Жарақатының орнынан шапшып шыққан қан тоқтамаған соң, тоқымының бір жағын кесіп алып, атқылаған қанның көзін тығындаған. Содан да, халық атаған лақап ат «Тоқым тыққан Қыстаубай» осыған орай қойылған».

Қыстаубай батыр Созақ соғысында 80 адаммен Сауран жағын қоршап, жеңіске жеткен. Негізі Шөмекей руының Бәйтіктен кейінгі бас батыры Қыстаубай болған. Тоғанасқа ақ батасын беріп, ұрыстарға баулыған да осы Қыстаубай батыр. Найзаласуы мен қылыштасуы ерекше болған екен. «Дөйт!» деп ұрандап жауға шапқанда жауларына қырық кісі болып көрінетін-ді.

Бір аңызда қалың жаудың қоршауында қалып, қашуды бойына ар санаған Қыстаубай биік төбенің басына барып, аттан түсіп қуып келген жауды найзамен шаншып, ат үстіндегісін шылбырмен тартып алып тұрған. Түс қайта, зауал шақта ол «Мен шаршадым, су әкеліп беріңдер» деп еш қарсыласпай жауына қасарысып қарап тұрыпты. Қыстаубайды жаяу айдап, халық алдына апарады. Алдынан келіп өлтіруге бата алмайды. Ақырында керегеге байлап, ту сыртынан қанжар салып, жүрегін ойып алыпты. Сөйтсе, жүрегінен бір түп ақ қыл шыққан, сол қыл өсіп, жүректі торлап тас­таған көрінеді. «Мынау ержүрек қой, еш қайт­пайтын қайсар екен» деп жауы да ержүректігін мойындаған тәрізді. Содан батырды Қыпшақтың Тұрсынбай датқа деген биі өз қолымен арулап, қазіргі Шиелі ауданының «Боқтыөлең» деген жеріне жерлеген екен.

Қыстаубайдың ерлігі туралы Балқы Базар, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқ­тың Омары, т.б. ақын-жыраулар көп жырлаған. Атақты ақын Қуаныш Баймаған­бетов:

«Қыстаубай өткен батыр Шөмекейден,

Елі үшін қанды көйлек күнде киген.

Қоқаннан кегін алып, өліп ақыр,

«Боқтыөлең» деген жерден орын тиген» – деп жырлаған.

Әңгіме Қыстаубай батырдың ұрпағы, Жалағаш ауданының қазіргі Т.Жүргенов ауылында тұр­ған, 80-нің үстіне шығып өмірден өткен  Шерімбетұлы Сражаддин ақсақалдың ұлдарының естелігінен алынды.

Әскербек ШЕРІМБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<