Қазіргі таңда Шиелі поселкесінде тұратын көнекөз қария, құймақұлақ ақсақал Әлсеріков Әбдіраманның басшылығымен 2016 жылы «Тұрсынбай датқа» атты кітап ел ауызындағы дәйектер мен архивтік деректер арқылы жарыққа шыққаны белгілі. Осы жолдардың авторы біздер, кітап шықса да зерттеу мен ізденісті тоқтатпай келеміз. Осындай ізденістің нәтижесінде жуырда тың деректерге қол жеткіздік. Тұрсынбай датқа туралы «О слухах и событиях в Средней Азии» атты 1916 жылы Қарағанды қаласында басылған 798 беттік кітаптың көшірмесі қолымызға тиді.
Бұл кітапта 1853 жылы орыстар Ақмешіт қорғанына шабуылдап, Қоқан хандығының билігін Жөлектен әрі асырып жібергені айтылған. Сол шабуылда орыстар «Жөлек» қорғанын тас-талқан етіп бұзған. Содан қоқандар қорғанды тастап қашып, «Жаңақорған» бекетіне барып бас сауғалаған. Сол кезеңдегі орыстың сенімді өкілі, сарай қызметшісі Осмоловский 1853 жылдан бастап 1863 жылғы аралыққа дейін, әр 10 күн сайын Орта Азияның Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарындағы саяси жағдайдың ахуалы туралы деректер жинақтап, Орынбор, Перовск генерал-губернаторларына есеп беріп отырған.
Кейіннен сол деректерді «О слухах и событиях в Средний Азии» атты кітап етіп жинақтап шығарады. Міне, осы кітапты оқи отырып, сол замандағы есімдері халық ауызында қалған Сыр бойының датқалары, батырлары, хан ұрпақтарының деректеріне қанықтық. Соның ішінде Тұрсынбай датқаның осы 10 жыл ішінде атқарған қызметіне жоғары баға берілген. Онда датқа жайында жазылған тың деректерді көпшілікке ұсынуды жөн көрдік.
Кітапта Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарында қызмет атқарған хандардың, қолбасшылардың, датқалардың, батырлардың және Орта Азияны жаулауға қатысқан орыс генерал-губернаторлары мен чиновниктеріне, барлығы 55 адамға қысқаша мінездеме берген.
Солардың ішінде 4-ші болып Тұрсынбай Бүркітбайұлына Сырдария линиясының басшысы А.Данзастың, Орынбор корпусының бастығы А.Катенинге 7 қаңтар 1859 ж. №3 рапортында төмендегідей (қазақша аудармасы) мінездеме береді.
«Корпус командирі өткен жылы жазда Сырдария линиясын байқау кезінде Бүркітбаев Тұрсынбай биді медальмен және қанжармен марапаттаған. Бұл қыпшақ билеушісі ақылды, «себялюбив, скуп и алчен». Қоқандық жұмыстардың білгірі, қатал мінезді. Ол қыпшақтар арасында әрі қоқандықтар арасында да өте беделді. Ол басқарған қыпшақтардың жартысы Жөлек пен Перовск арасында көшіп-қонып жүрсе, жартысы қоқандықтар иелігінде. Сондықтан да Тұрсынбай қоқандықтар жөнінде сенімді түрде хабар алып тұрады. Ол өте бай әрі пайдакүнем, сауда жасайды. Перовск фортындағы базарда (лавкасы) сауда дүкені бар. Біз жақта басымдылық бар кезде ол бізге сенімді әрі біздер жағында болуға құлықтылық білдіреді, ал басқа кезде, басқа жағдайларда бізге берілгендігі күмәнді. Сондықтан Осмоловский мырза оған мейіріммен қарап, ешқандай сенбестік көрсетпеуге, сонымен қатар оның барлық қылықтарын бақылап отыру, қандай да бір сенімсіздік жағдайлар орын алғанда ғана оны тез арада ұстауды, сонымен көтерілістің болмауын немесе қарамағындағы елдің көшіп кетпеуінің алдын алу тапсырылды. Осы уақытта Датқаны ұстау жөнінде басқаша тапсырмалардың берілуін орынсыз деп есептеймін» деп жазылған.
Орыстардың осы жазған деректерінде «Жаңақорған» мен Ақмешіт маңындағы «Бөрібай» елді мекені (Ақмешіт пен Бірқазан арасы) арасында ешқандай қоныстанған ел жоқ екендігін айтады. Ал Тұрсынбай датқа басқарған дарияның сол жақ бетіндегі (ағыс бойынша) елді мекендер, сол бұрынғыша, ешқайда да қоныс аудармай өмір сүріп жатқандығы баяндалған. «Құмсуат» деген жерде Сабдан қожа басқарған қоқандықтар мен подполковник Бородин арасындағы соғыс кезінде Тұрсынбай иелігіндегі ауылдардың Ақмешіт жанына келіп қоныстанғаны айтылған. Ал соғыс аяқталғасын өз орындарына қайтадан қоныс тепкен.
1855 жылдан бастап Тұрсынбай датқаға жорықтағы офицер (зауряд-хорунжий) атағымен ақпар беріп отырған.
1854-1856 жылдары қоқандықтардың Ташкент-Түркістан маңында қол жинап жатқандықтары жөнінде (Ақмешітті қайтып алу) ақпар бере отырып, анда-санда ғана аздаған қолмен-ақ барымта жасайтыны көрсетілген. Ал ондағы ақпар бойынша үлкен шабуыл болмаған. Тек қана, 1856 жылдың желтоқсан айында қоқандықтар Кенесарының інісі Үсен Қасымов, Кенесарының Оспан және Ахмет деген балаларының көмегімен «Алакөл» шатқалында Перовск портынан 15 шақырым жерде қазақтардың бір үйімен, 170 түйесін алып кеткендігі баяндалған. Соңынан орыстар бір отряд жіберіп оларға жете алмай, осы оқиғада екі адам өлгені, оның бірінің қоқандық екенін анықтап, қуғыншылар кері қайтқан.
Ал оқиға болған жерден 30 шақырым әріде Тұрсынбай датқа (жорықтағы офицер), 46- дистанция бастығы Жаңғабыл Төлегенов және 45-дистанция бастығы Самратов, құрметті биі Басқара Алтыбаев 200-ге тарта қол жиып, орыстардың келуін күтпей-ақ қоқандықтарға шабуылға шығады. Сөйтіп, қоқандықтарды Жөлекке дейін қуып, 16 сарбазын өлтіріп, барлық түйелері мен жылқыларын қайтарып алған. Шабуыл барысында Жаңғабыл Төлегенов пен 6 қазақ жараланған. 1855 жылы қоқандықтар қолына түскен Жүзбай Тәңірбергенов осы ұрыс кезінде біздің жаққа өтеді. Алайда оны Тұрсынбай Бүркітбаевтың қолына тапсырғандығы жөнінде жазған.
Осы шабуылда қоқандықтар аз шығынмен құтылған. Олардың аттары тың әрі жемделген, мұздай қаруланып үлкен дайындықпен келгенін байқайды. Ал оларды қуған қазақ қолдарының астындағы аттары жемделмеген, тек шөпте тұрғандықтарын атап көрсеткен. Жергілікті қазақтар осымен екі рет орыстардың көмегінсіз-ақ мұздай қаруланып келген қоқандықтарға тойтарыс бергендерін құптай отырып, алдағы уақытта олардың жетекшілерін наградтап отыру қажеттігін айтады.
1858 жылдың 31 наурызында берген мәліметінде «Арыс» құмында орналасқан қыпшақтар ауылының 40 түйесін барымталап кеткенін естісімен, Тұрсынбай датқа оларды құтқаруға өзі бастап барады. Содан бері оралмағаны, еш хабар жоқтығы айтылады. Сондықтан қыпшақтар датқа «Бірдеңеге ұшырап, жаудың қолына түсіп қалмады ма екен?!» деп қауіптеніп отырғанын хабарлап жазған.
1859 жылдың 6 қаңтардағы ақпарында Қоқан билігінен менің атыма (Осмоловский) және қыпшақ билеушісі Тұрсынбай Бүркітбаевқа 4 хат келгенін және датқаға Өтенбай (Қоқанның қолбасшысы – қыпшақ) арнайы адам жіберіп, (ауызша) қарамағындағы елді Қоқан жағына өткізуге келісім сұраған. Егер көктемге дейін өтіп болмаса, көктем шыға қоқандықтар көп қолмен орыстарға қарсы шығатынын, ештеңеге қарамай соғысатынын айтып, орыстар жыйлы мәлімет беруін сұраған.
Ал 1860 жылдың 22 маусымдағы хабарында Ұлытау бекінісінен бір күндік жердегі «Тайтөбе» шатқалында Қоқан жағынан келген 18 барымташыны Тұрсынбай Бүркітбаев қарамағындағы Хожагелді мықтегін би басқарған қыпшақтар оларды елге жолатпай, қуып тастағанын жазады.
1861 жылдың 15 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Түркістаннан келген орыс барлаушысының хабары арқылы Жөлек маңына қоныстанған қыпшақтарды қоқандықтар өздеріне тартуға әрекеттенгендері айтылады. Қыпшақ биі Тұрсынбай Бүркітбаев өз елімен өтетін болса, оған қалаған бекеттердің бірін басқаруға беретіні жөнінде Қоқан ханы уәде жасағанын хабарлаған.
1861 жылдың 15 ақпанындағы хабарламада: «Кеше маған (Осмоловскийге) Тұрсынбай Бүркітбаевтың Түркістан маңындағы қырғыздар (қазақтарға) жіберген тыңшысы келіп, төмендегі мәліметтерді беріп кетеді.
«Қолбасшы Қанағаттық қоқандықтармен және қазақтармен қайтадан табысты. Онда хан қабылдауында жақсы қабылданып, ол ханға алдағы уақытта орыстардың жаңа жерлерді игеруіне жол бермеуге уәде еткен. Хан оған Қоқан хандығындағы ең жоғары «Бектер бегі» деген атақ берген. Ташкент облысының ғана емес, Қоқан хандығына қарайтын басқа қорғандардың мүлкін өз еркімен пайдалануға мүмкіндік жасаған. Осыған орай Қанағат алдағы уақыттары орыстардың Жөлек қорғанына қайта соғуларына жол бермейтіндігіне уәде беріп, сол үшін Түркістан бегіне ат сатып алуларына тапсырма беріп, ал өз тарапынан Ташкенттен Түркістанға азық-түлік жібергендігін хабарлаған.
Ал 1861 жылдың 1 сәуіріндегі хабарламада Түркістан бегі мен Жаңақорған бегі Хожа-бекке Жаңақорғанға 30 шақырым жерге Жөлек бағытындағы орыс отрядтарын бақылап отыруды тапсырған. Әрі Қоқан бекіністері мен Перовск бекінісі арасында ешқандай қатынастардың болмауын қадағалауға алуды хабарлаған. Содан 1861 жылдың 4 сәуірінде Зауряд-Хорунжин би Тұрсынбай Бүркітбаев осыдан 6 күн бұрын бұлардың «Алатағы» жайлауынан 10 шақырым жердегі Ошақты биі Сапақ Жаншуақов және қоқандықтардың 100 қаралы әскері келіп Дәндібай мен Сағындық басқарған ауылдарды тонап кеткенін хабарлаған. Сондықтан Тұрсынбай өзінің 50 шақты сарбаздарын жинап, тонаушылардың ізіне түсіп, тоналған малдарды тартып алғандықтарын, жау жағынан 3 адам өліп, алтауын тұтқындағанын айтады. Зауряд-хорунжиі Тұрсынбай Бүркітбаевтың айтуынша, бұл шабуыл кезінде қыпшақ Тұрман Орынбаевтың, оның ағасы Өрғараның, Тұрсынбай ұлы Әлмұхамедтің (Әлмембет), қырғыз Рысбай Жангелдиннің, Сапақ Жаншуақовтардың ерекше ерлік көрсеткендіктерін мәлімдеген.
Сондай-ақ 1861 жылдың 8 сәуірінде Жөлек отрядының басшысы генерал-лейтенант Дебу және штаб офицері – майор Болотов Орынбор жеке корпусының басшысы А.Безаққа бұрынғы қоқандықтар соққан «Жөлек» қорғанын қайтадан, жаңадан салу үшін құрылыс отрядының жібергені жөнінде хабарлама берген. Сарай қызметшісі Осмоловский осы хабарламадан кейін «Жөлек» қорғанын қайтадан соғуға жіберілген құрылысшы отряд, екі ай мерзімде қорған құрылысын аяқтап бітіргенін мәлімдейді. Қорғанға Тұрсынбай датқаны басқарушы етіп тағайындаған. Осы жылы қоқандықтар датқа басқарған өңір қазақтарына қайта-қайта қол жіберіп, шабуыл жасай берген. Осы қорғандағы орыс әскерінің күшін пайдаланып әрі жергілікті қазақтардан әскер жасақтап, «Жаңақорған» бекетіне шабуыл жасап, қорғанды жермен жексен етіп қиратып тастайды. Қоқандықтарды әрі қарай Түркістан қорғанына ысырып жібергені хабарланған.
Қоқандық әскер шоғыры «Жөлек» қорғаны маңына жиналады. Тұрсынбай датқаның қоқандықтардың ұстап алып кетуі жайында 1861 жылдың 20 қазанында сарай қызметшісі Осмоловский өзінің жоғарғы басшыларына төмендегідей мәлімет жібереді. Онда Қоқан ханы Мелла-бек өзінің қолбасшысы Қанағат пен Түркістан бегіне «Жаңақорған» қорғанын орыстардың бұзуына жол бергендіктері үшін ренжулі екені, қорғанның соншалықты жермен жексен болғандығына сенбей тексеру үшін өз адамдарын жібергені хабарланған. Ал Қанағат болса, өзінің жіберген кемшіліктерін жуу мақсатында әрі сол қорған маңындағы қазақтарды дер мезгілінде орыстар жөнінде мәлімет бермегендіктері үшін, оларды жазалау мақсатында және өздерінің шабуылының хабарланып қалмауы үшін, тез арада Түркістан аймағын 2000 (екі мың) адаммен қоршап алуы айтылады.
Алдымен Бұқар жолымен Жаңақорған тұсына келіп, дарияның келесі бетіне қамыстан буылған салдармен өтеді. Қоқан әскерлерінің аттары шаршап-шалдығуынан, орыстар жағының жергілікті қазақтарға көп шығын жасамағанын хабарлаған. Әскер «Жөлек» қорғанына жақындағасын, Қанағат әскерінен 500 (бес жүз) адамды бөліп алып, «Жөлек» қорғанын басқарып тұрған Зауряд-хорунжиі Тұрсынбай Бүркітбаевқа жұмсайды. Олар Тұрсынбай датқаның тез арада қоқандықтарға берілуін талап етеді. Ал датқа өз кезегінде інісі Тұрман Орынбаевты қорғаннан шығарып жіберіп, қорған маңындағы қазақтарды тез арада Перовск фортының маңына көшіруге және жаудың көп қолмен келіп «Жөлек» қорғанын қоршауға алғанын орыстарға хабарлауға тапсырма береді. Датқа күні бойы қоршаған жаулармен келіссөз жүргізумен болады. Ең соңында қорғанға Түркістанның бас ишаны келіп датқаның өз еркімен берілсе өмірінің сақталатынына уәде етіп, берілуін талап етеді. Ал берілмеген жағдайда оған қатаң жаза қолданылатындығы ескертіледі. Мұнан әрі келіссөзді соза беруге болмайтынын ұғынады. Ол осы мерзім ішінде қорған маңындағы ауылдар орыстардың қол астына көшіп-қонғанына көзі жеткесін, қорғаннан шығып зеңбірек оғы жетпейтіндей жерге орналасқан Қанағаттың ордасына келеді. Қанағат Тұрсынбай датқаны шапан жауып, аса құрметпен қарсы алады. Келіссөз барысында датқаға қарамағындағы ауылдарды Қоқан желігіне өткізу жөнінде әңгіме болады. Бірақ датқанының өз ауылдарын Қоқан жағына өткізбек түгілі, олардың барлық қауіпсіздігін сақтап, орыстар жағына өткізіп жібергендігін естігесін, датқаның сол жерде аяқ-қолын шынжырлап, мойнына арқан салып қамап тастайды.
Сонан соң Қанағат өзінің қарулы қолымен Перовск фортына қарай көшкен жұрттың ізімен жүреді. Бірақ орыс әскері дарияның сол жағалауына өтіп қарсы келе жатқанын естігесін шегініп кетеді. Қанағат Тұрсынбай Бүркітбаевқа және онымен бірге қолға түскен Самен Даутов деген қыпшақ биіне орыстармен соғысуға келмегенін, тек бұрынғы қол астындағы орыстар жағына өтіп кеткен қазақтарды жазалауға келгенін айтқан. Қоқандықтардың орыстармен қатынасында сақтық шараларын сақтайтындықтарын атап көрсеткен. Мысалы 300 қоқандық әскердің «Жөлектен» шыққан орыс әскерінің жем-шөп тарататын (фура жир) 20 адамнан құралған тобына шабуыл жасағанын, күштері жетіп тұрса да ештеңе тартып алмағанын айтады.
Шегіну барысында қоқандықтар және т.б. туыстарына қоқандықтар жағына өтулеріне хат беріп жібереді. Өтсе датқаның аман қалатындығына уәде беріп өтпейтін болса өлтірілетінін хабарлайды. Орыстар Тұрсынбай Бүркітбайұлының елді тез арада көшіру жөніндегі бұйрығы арқасында әрі ешқандай да қақтығыс-соғыстың болмауынан, қоқандықтар бар-жоғы 250 бас қой, 150-ге тарта ірі қара малын ғана қолға түсіріп, кері қайтқанын атап көрсеткен.
Ал 1862 жылдың 9 ақпан күні берген хабарламада 26 қаңтарда Ташкенттегі орыс барлаушысы Тұрсынбай биді қазақтар емес, қоқандықтардың өздеріне де жолықтырмай, қатаң бақылауда ұстап отырғанын хабарлаған. Осы жылдан бастап датқа туралы еш мәлімет айтылмайды. 1-кітап 1862 жылдың 31 шілдесіндегі №373-ші берілген ақпармен аяқталған.
Датқаның қоқандықтар қолынан қаза табуы
Жоғарыда орыстар мен қоқандықтардың датқаны зынданға салып, ешкіммен хабарластырмай қойғаны жөніндегі мәліметі – ел аузында қалған әңгімелермен сәйкес келеді. Датқа өзінің ел басқару тәсілінде, даулы мәселелерді шешуде ауызша билік айтумен ғана шектелмей, сыртқы жаулардан елін қорғауда әскер ұстап, өзі де үнемі ат үстінде қарумен жүріп басқарып, керек кезінде әскер басы да бола білген. Дар құрған екі жердегі қорғанда шағын әскер ұстаған. 1970-1990 жылдар аралығында ел аузындағы шежірелі әңгімелерді жатқа айтып отыратын ақсақалдар баршылық болатын. Солардың айтулары бойынша датқа елін шабуға келген әскерді тоқтатып, «Ханға жауапты өзім беремін, халықтың еш жазығы жоқ» деп, қасына бір ғана нөкерін ертіп алып, әскерге елді шаптырмай, өзі кете барған.
Бірақ астыртын: «Мені бұлардан тек Құлболды ишан ғана құтқара алады. Сол кісіге хабар беріңдер, ал әскер жинап мені құтқарамын деген әрекеттерден аулақ болыңдар» деп інісі Тұрманға қатаң тапсырма берген екен. Өзі тірі қайтпасын білді ме, кім білсін? «Елге, халыққа сәлем айтыңдар, елім үшін халқымның қара тоқтысы болып бауыздалып кетсем, арманым жоқ!» деген сөз осы күнге дейін ұмытылмай ел аузында айтылып келеді.
Содан датқаны хан қолынан Құлболды ишан арнайы барып құтқарып алады. Бірақ қоқандықтар датқаның үзеңгідегі таралғысына у жағып жібереді. Сол удың әсерінен еліне жете алмай, жолда қаза болады. Оның Ахмет Яссауи кесенесіне жерленуі жайлы әңгімелер «Тұрсынбай датқа» кітабында және Қожа ағайындардың шежіре кітабында толық жазылғанын еске саламыз.
Мейрам ОМАРОВ,
Мұхамедиса ӘЛСЕРІКОВ.





