Тұрсынбайдың текті тұяқтары

414

0

Еліміз егемендік алғанға дейін қазақ халқы хандық, кеңестік дәуірдің небір қиын кезеңдерін бастан өткерді десек, солардың арасында Тұрсынбай мен оның ұрпақтары да сол дәуірден өтіп, кешеден бүгінге жетіп отыр. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» дегендей, Тұрсынбайдың әулеті тектілігімен танылып, тамырын тереңге жайып келеді.

Бұл әулеттен кешегі қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметі кезінде Қазақстаннан барған алғашқы қажы да, Ұлы Отан соғысының жеңімпаз жауынгері де, мұз үстінде мәнерлеп сырғанаудың әлемдік жұлдызы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы да шыққан. Сондықтан тағдырлары бөлек болса да, түбі бір тектілер жайлы тебірене қалам тартпай, толғана әңгімелемей тұра алмайсың.

Тарих тереңіне көз салсақ, алты ата Әлімнің Асан-Матығұлынан Өмірқұл, одан Тоғыс, одан Ақпан, одан Есқара, одан біз әңгімелеп отырған Тұрсынбайдың әкесі Өмірек дүниеге келеді.

Тұрсынбай 1850-1907 жылдары қазіргі Қазалы ауданының Алға деген жерінде қоныс теуіп, өмір сүреді. Түр-сипатына келсек, тау тұлғалы, жалпақ бетті, ақсары адам болған деседі. Жастайынан бойына имандылық жинаған тақуа, сонымен бірге жылқыға жаны құмар, белдеуінен бәйге аты арылмаған атсейіс кісі екен.

Өзгеден өнегесі мол, тағдырынан тәубе алар тұстары көп отбасы болған. Олай дейтініміз, сол шаңырақтың келешек иесі болар перзент тауқыметін бұлар да бір адамдай көтереді. Тұрсынбайдың алған әйелі Меңдібике келін боп түскеннен кейін бір қыз туады да, тоқтап қалады. Ол баласы да бес жасқа жетпей шетінеп кетеді. Бұдан соң бойына бала бітпеген Меңдібикеден маза кете бастайды. Ол кездері қазақ-қарақалпақ қоныстасып, қатар өмір сүрген ғой. Сондай бір қарақалпақтың отбасы тағдыр тауқыметін тартып, бас сауғалап басқа жаққа көшкелі жатқанда Меңдібике он үштегі Орынша деген қызын қалап алып қалады. Ауқатты, қайырымдылығы мол отбасынан қорлық көрмейтінін білген қарақалпақ «Қызым қайда болса да аман жүрсе болар» деген ниетпен Тұрсынбайдың шаңырағына қалдырып кете барады.

Осылай жылдар өтіп жатты. Орынша он сегізге толып, бойжетеді. Ол кезде Тұрсынбайдың елуге келіп қалған шағы екен. Болашағын бұрыннан ойлайтын Меңдібике ақылдылық танытып, өзінің күйеуіне бойжетіп отырған Орыншаны екінші әйелі етіп алып береді. Бірақ бұл да көп уақытқа дейін бала көтере алмай жүреді. Жылдармен жылжыған жасы жиырма төртке келеді. Әйгілі ата-баба жолымен әулие-әмбиелерді жағалап, бір перзент сұрайды. Бірде Бегім анаға келіп, түнеп жатқанда түс көреді. Түсінде ақ шымылдықтың ішінде отырған Бегім ана Орыншаға: «Сіңлім, тобылғы сапты қамшыны қолыңа мықтап қысып ұстап, бауын білегіңе орап ал» деп аян береді. Ертеңіне Тұрсынбай да түс көріп, бір перзентті болатындарына көздері жетеді.

Ақыры Тұрсынбайдың шаңырағына «іңгә» дауысымен түн түрген қуанышты күн де келіп жетеді. Дәл осы күні бұл үйге досы Қожаназар ишан келіп отырған-ды. Сәбиді өз қолына алып, шариғат жолымен жуындырып: «Тұрсынбайдың Абдулласы» деп құлағына үш мәрте азан шақырып ат қояды.

АБДУЛЛА ҚАЖЫ

Тұрсынбайдың бірінші ұлы Абдулла 1907 жылы сәуір айының сәтті күні дүниеге келеді. Меңдібике бәйбіше шарананы етегіне орап алып, алғашқы күнінен бауырына басады. Бала бес жасқа толғанда атақты Қосым қожаның ұрпағы Піркеш ишанға оқуға береді. Алғырлығымен көзге түсіп, ишанның сүйікті шәкірті болады. Мұнан кейін Бұрхан ахуннан үш жыл дәріс алып, он екі жыл бойы білімін шыңдап, дамолла дәрежесіне жетеді.

Осы кездері әкесі Тұрсынбай да, қамқор болып отырған әкесінің інілері Серікбай, Қашқынбай ағаларымен бірге анасы Меңдібике де бірінен соң бірі өмірден озады. Орынша Абдулладан кейін көрген Әбілхай, Райы бар үш баламен жесір қалып, бар қиындық, жауапкершілік балалардың үлкені Абдуллаға түседі. Бұл ашаршылықтың алғашқы жылдары болатын. Елде қосшы, серіктестік сияқты ұжымдық құрылымдар құрылып жатқан кез еді. Оны басқаруға білімді, сауатты адамдар керек болды. Белгілі мемлекет қайраткері Ертас Бөлекбаев ауданның ауыл шаруашылығын басқаратын. Діни сауатты, алғыр, белсенділігімен ел аузына ілігіп жүрген Абдулланы Ертас жанына тартып, «Алға» серіктестігін құруды тапсырады. Осы жұмысты әл-қадірінше атқарып жүргенде елде әйгілі «Асан көтерілісі» бұрқ ете қалады. Әділдікті арым деп бағалайтын Абдулла да бұл көтерілістен шет қалмайды. Бірақ, жан алысып, жан беріскен шайқас қызылдардың қуатты күшімен басылып, арты ату, қуғындау, жер аударуға ұласады.

Абдуллаға да сенімсіздік білдіріліп, «серіктестіктің пәленбай малын өлтірді» деген жаламен түрмеге қамалады. Ізіне түскендердің аяусыз жазаламай қоймайтынын білген ол сәтін тауып, түнделетіп түрмеден қашып, қу қайықпен теңіз шарлап, Қарақалпақстандағы нағашыларына барып паналайды. Қашып жүрсе де, діни ілім-білімін жетілдіруден жалықпайды. Өзбекстанның діни орталық қалалары – Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Мойнақ, Нүкісте болып, шариғаттың шәрбәтімен сусындайды. Ел іші тынышталды-ау деген кезде қайта ауылына келіп, Айшамен тұрмыс құрады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Абдулла қолының жарақатынан әскерге жарамай елде қалып, тыл майданында еңбек етеді. Қандай қиын-қыстау кезең болса да, бес уақыт намазын, оразасын тастамай, мұсылмандық дін жолына дендеп ене береді. Мұсылмандықтың бес парызының бірі – қажылыққа бару болса, ол осыны бек ұстанып, 1957 жылы Мекке-Мәдинеге сапарлау жөнінде Ташкенттегі Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына өтініш хат жолдайды. Араға он үш жыл салып, 1970 жылы КСРО мұсылмандар ұйымының шет мемлекеттермен халықаралық байланыс жасау бөлімінің төрағасы, Кеңес Одағының бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі, Ташкенттегі муфти Зиаддин Бабахановтан шақырту алады.

Мекке-Мәдинеге баратын он алты адамның бірі болып тіркеліп, Ташкентте тиісті емтиханнан өтеді. Сөйтіп, қажылыққа жол тартып, Мекке-Мәдинеде және Сауд Арабиясы министрінің қабылдауында болып, елге абыройлы оралады.

Осыдан кейінгі бір жағдайды Абдулла қажының баласы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Мағжан Абдуллаұлы былайша баяндайды:

– Қажылық сапардан соң, Ұлттық Діни басқарманың шақыртуымен әкем Алматыға барды. Теміржол вокзалынан арнайы адамдар күтіп алып, «Жетісу» қонақ үйіне жатқызады. Ертеңіне Алматы қаласының бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың өзі сәлем бере келіп, мән-жайды баяндайды. Орталық аппарат қызметшілері әкемді түскі асқа Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың әкесінің үйіне алып барады. Сол кезде тоқсан жасқа таянған Меңді-Ахмет ақсақал бибісі Зәуре Байраққызы екеуі әкем Абдулла қажыны құрметпен қарсы алады. Сәлден соң Дінмұхаммед Қонаев жұбайы Зухра Шәріпқызы екеуі келеді. Кең дастарқан басында бәрі бірге бас қосып, Сыр елі халқының әл-ауқаты, діни ахуалы мен қажылық сапары төңірегінде ашық әңгімелеседі. Астан соң, Д.Қонаев зайыбымен екеуі қоштасып, кетуге рұқсат сұрайды. Ал Ахмет ақсақал әкемді үйінде екі-үш күн қонақ қылып, сый-сияпатпен елге қайтарады, – дейді.

Абдулла қажы дінін қалай таза ұстаса, ділі мен тілін де аса құрмет тұтқан. Жастайынан өлең-жырға жаны құмар болған жан Абай, Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Тұрмағанбет, Қарасақал Ерімбет, Кете Омардың көп өлеңдерін жатқа айтатын. Нұртуған шайырдың «Қарасай-Қази», «Едіге» жырларын бастан-аяқ жатқа білетін. Мағжанның ақындығын ардақтағаны сол, оның өлеңі түгілі атын да айтуға болмайтын кеңестік кезеңнің сұрқия саясатынан қаймықпай, бір баласына Мағжанның есімін беруі де ерлікпен пара-пар еді.

Абдулла қажы Мекке-Мәдениеден келген соң, оның осы сапарға баруына бірден-бір қолдау көрсеткен және сол қажылыққа бірге барған Бас муфти Зиаддин Бабаханов Абдулланың діни сауаты мен қабілетіне риза болып Алматыдағы Орталық мешітке немесе Қызылорда мешітіне бас имамдық қызметті ұсынады. Бірақ билік, мансап қумайтын, атаққа қызықпайтын Абдулла қажы досына ризашылығын айтып, жасының ұлғайғандығын алға тартып, ол ұсыныстан бас тартады. Енді қалған өмірін шаңырағын берік ұстап, ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің тәрбиесіне арнауды мақсат тұтады.

«Адам ұрпағымен көрікті» дегендей, Абдулла қажы өмірінде екі рет үйленіп, бірінші әйелі Айшадан үш, екінші әйелі Злихадан жеті – барлығы он бала сүйген, ертеңін ерте ойлаған есті адам болатын.

Ел тәуелсіздігінің арқасында Мекке-Мәдинеге даңғыл жол ашылып, кім болса сол барып жатқан қазіргі уақытта Абдулла Тұрсынбаевтай Алланың ақ жолында таза жүріп, қажылықтың қадір-қасиетіне кір шалдырмасақ дейміз.

ЖАУЖҮРЕК ЖАУЫНГЕР

Он бес одақтас республиканы біріктірген Кеңес Одағының әрбір азаматы кең-байтақ КСРО-ның әр сүйем жерін «менің Отаным, менің жерім» деп сүйді, ол үшін отқа да, суға да түсті, оққа да ұшты. Осындай отансүйгіштіктің ерлікке толы үлгісі 1941-1945 жылдарды қамтыған Ұлы Отан соғысында ерекше көрініс тапты. Бойына Отанына, еліне деген сүйіспеншіліктің ұрығын терең түсіріп, сөлін терең сіңірген азамат – Тұрсынбайдың текті ұрпақтарының бірі Рай болатын.

Ол 1912 жылы Қазалы ауданында дүниеге келеді. Қазалы өңірінде он екінші ауылда жаңадан құрылып жатқан «Алға» колхозында еңбек етіп, ұжым басқарып, жастайынан жанындағыларға, халыққа қамқор болған жан. 1942 жылдың жазында Қазалы әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып, Калинин майданы, үшінші екпінді армияға қарасты екінші гвардиялық атқыштар корпусының құрамындағы сегізінші дивизияның он тоғызыншы гвардиялық атқыштар полкінде жауынгерлік жолын бастады. Бұл дивизия 1941 жылы Алматыда жасақталған әскери құрама болатын, командирі И.Панфилов. 1941 жылы 17 тамызда Солтүстік Батыс майданға жіберіліп, алғаш ұрысқа 6 қазанда Батыс майданының генералы К.Рокоссовский басқарған 16-армия құрамында Мәскеу қорғанысының шешуші учаскелерінің бірі Волоколамск бағытында кіреді.

Мәскеу үшін шайқастың ең бір шешуші тұсы Ржев қаласы маңында болды. Өйткені ол өмірлік маңызы бар тоғыз жолдың торабында орналасқан үлкен станса еді. Бұл станса арқылы немістер Германиядан соғысқа қажетті бар құрал-жабдық, азық-түлік тасымалдай алатын болса, Кеңес Одағы үшін барлық қалаларға баратын теміржолмен бірге автотранспорт жолдарының да тоғысқан торабы еді. Сондықтан Ржев қаласы үшін болған соғыс Ұлы Отан соғысындағы ең бір жантүршігерлік қатал да қанды майдан ретінде тарихта қалды. Олай дейтініміз, бұл соғысқа екі жақтан он миллионға жуық адам қатысты. Бұл – іргелі бір республиканың халқына тең. Ржев қаласын жаудан құтқаруда Кеңес әскерлерінің жүргізген «Марс» соғыс операциясында екі жақтан екі жарым миллионнан астам адам қаза тапса, осы ұрысқа қатысқан Алматы, Ақтөбе қалаларында жасақталған қазақстандық 100 және 101-дербес атқыштар бригадасындағы жауынгерлердің 80%-нен астамы Ржев топырағында қаза тапты. 8-атқыштар дивизиясының құрамында болған жауынгер Рай Тұрсынбаев Ржев пен Вязьма жанындағы Оленинка, Молодой Туд, Белый деревнялары түбінде өлім мен өмірдің арасында жан аямай соғысты. Жау 1943 жылы наурыз айында Ржев қаласын тастауға мәжбүр болды. Осыдан бастап Кеңес Армиясы жауды өкшелей қуып, алға жылжып отырды. Осы шайқастарда талай рет жеңіске жеткені үшін №8-атқыштар дивизиясы Бас қолбасшының бұйрығымен «Ленин» орденімен марапатталса, қатардағы жауынгер Рай Тұрсынбаевқа В.Сталиннің Алғыс хаты табысталды.

1942 жылдың қыркүйек айында Калинин облысындағы Дарница деревнясын жаудан азат етуде болған шайқаста немістердің қарша бораған оғына қарамастан жаужүрек жауынгер Тұрсынбаев жау траншеясына бірінші болып секіріп түсіп, алты немістің көзін жойды. Бірақ осы ұрыста жеңіл жарақат алып, көп ұзамай қайта қатарға қосылады.

1944 жылдың шілде айынан бастап немістер басып алған Псков облысын жаудан азат етуде үлкен ұрыс жүргізіледі. Бұл жерде де 19-атқыштар полкінің жауынгерлері үлкен ерлік көрсетеді. Опочки селосын алу кезінде өзінің жеңіл жарақатына қарамастан ұрысқа аяғына дейін қатысып, 12 фашистің көзін жояды. Осы ерлігі үшін полк командирі майор Шатиловтың ұсынысымен жауынгер Рай Тұрсынбаев ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.

Мұнан кейін Латвия жерін жаудан азат ету майданына қатысады. Әсіресе Лудза, Резекне қалалары үшін шайқастар өте ауыр болады. Лудза қаласын қиян-кескі ұрыспен азат еткеннен кейін, Резекнеге шабуыл 27 шілдеде түнде ұшақтардың жау бекіністерін бомбалаудан басталып, таңғы  сағат 6-да 19-атқыштар полкі қалаға лап қояды. Қиян-кескі шайқаста жеңіліс тапқан жау әскерлері сол күні кешке қарай тізе бүгеді.

Резекнеде болған шайқаста ерекше ерлік көрсеткен 19-атқыштар полкінің жауынгер Р.Тұрсынбаевқа Бас қолбасшы Сталиннің Алғыс хаты табыс етіледі.

1944 жылдың қыркүйек айының бас кезінде құрамында 8-атқыштар дивизиясы бар 19-атқыштар полкі Латвия жерін жаудан азат етуді өрістете түседі. 8-атқыштар дивизиясының жауынгері Рай Тұрсынбаев қаруластарымен бірге жаудың 150 мыңдық Курляндия тобын талқандауға қатысады. Шабуыл операциясы 21 қыркүйек күні басталады. Дивизия Латвияның астанасы Рига қаласы бағытындағы Янземи ауданындағы Огре өзені жағасына бекінген немістердің қарсылық көрсеткен қарулы күштерін ерлікпен талқандайды. Ал 28 қыркүйек күні Тиборес, Цесисский аудандарын кескілескен шайқаспен неміс басқыншыларынан азат етеді. Бұл жеңімпаз жауынгер Рай үшін ерлікке толы Ұлы Отан соғысындағы соңғы күндер еді. Қан майданның бел ортасында екі жыл, төрт ай жүріп, бір ұрыстан бір ұрысқа уралап атой салған ержүрек жауынгер Рай Тұрсынбаев Цесисский ауданында жаумен жанталасқан соғыста қыркүйектің 30-ы күні майдан даласында ерлікпен қаза табады. Оған алыстағы Латвия жерінің топырағы бұйырды. Жаужүрек жауынгер Латвияның Цесисский уезінің Лигатненский қалашығындағы бауырластар зиратына жерленді.

Тұрсынбайдың кенже баласының отыз төрт жылдық өмір жолы осылай аяқталды.

ҰРПАҒЫН ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘБІЛҚАЙ

Тұрсынбайдың ортаншы ұлы Әбілқай еңбекшіл, өз қатарынан сауатты, көзі ашық, қарапайым адам болған. Өзінің зеректігімен ауылда ерте хат танып, сауат ашу науқаны кезінде жастар мен ересектерді білімге тартып, мұғалім болып қызмет атқарған. Мұнан кейін сауда саласында да жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсеткен. Ауылдағы мекемелерде кеңсе қызметтеріне де араласып, өзінің жан-жақты біліктілігімен көзге түскен.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Әбілқай да шет қалған жоқ, «Қош бол, ағайын-туыс, атамекенім» деп қан майданға бұл да аттанып кете барды. Сұрапыл соғыстың сұмдығын Әбілқай да аз тартқан жоқ. Ұрыста жау снарядының топырағының астында көміліп қалып, жараланып, тұтқынға түседі. Талай қиындықтарды басынан өткеріп, жау жеңілген соң, 1946 жылы елге аман-есен оралады. Елге келгенде тұтқында болғаны алдынан шығып, он жылдай КГБ-ның қатаң бақылауында болып, үздіксіз тексеруде жүреді. Өз елінде жүрсе де, өгейдің күнін кешкен Әбілқай үшін бұл күндер тұтқында жүргеннен кем соқпады. Осындайда Абдулла ағасы тексерушілерден араша түсіп, інісіне қолдау көрсетіп отырды. Жылдар өте келе кем-кемнен өткен күндердің ауыртпалығы ұмытылып, көңіл жарасы жазыла бастайды. Ел қатарына еркін қосылып, шаңырақ көтеріп, ұл-қызды болып, ұрпақ сүйеді. Тексерушілердің жаныңды жаралайтын қармағынан құтылып, он жылдай ауылда еркін өмір сүрген Әбілқай 56 жасында 1966 жылы дүниеден өтеді.

Соғыс жарақатының зардабы, елге келгенде жазықсыз жанды жау санағаннан көрген азабы болар, ұзақ өмір сүре алмады. Небәрі он жыл ғана еркін өмір кешті. Нақты айтсақ, Әбілқайдың артында Мырзабике, Салтанат атты екі қызы, Байтақ есімді ұлы қалды.

Бүгінде Әбілқай әулетін айтқанда оның баласы Байтақтың қызы, яғни мәнерлеп сырғанаудың әлемдік жұлдызы, немересі Элизабет Тұрсынбай ұрпақтары арасында шолпан жұлдызындай жарқырап тұрады. Оның есімі Қазақстаннан тыс алыс шетелдерге де кеңінен танылды. Біздің елімізде мұзда мәнерлеп сырғанау тарихында Элизабет Тұрсынбаева – көшбасшы. Оның спорттағы белестері үлкен жетістіктерімен ерекшеленеді. Осы жетістіктері жолында көп жылдар бойы қайсарлықпен еңбек етіп, талай жарақат та алды, ұшты да, құлады да. Бірақ оған жасыған жоқ, талантын шыңдай білді.

Оның өзіндік өзгеше еңбегі мен қайсарлығы өз жемісін берді. Элизабеттің спорттағы жеңістерін айтар болсақ, Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, 2019 жылғы төрт континент қатысқан қысқы универсиадада күміс жүлде иесі атанды. Мұның алдында 2006 жылы өткен жасөсіпірімдер арасындағы екінші қысқы олимпиада ойындарында қола медальді жеңіп алған болатын. 2014-2017 жылдардағы Қазақстанның төрт дүркен чемпионы, 2017 жылғы Азия қысқы ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.

Бұл күндері мұзда мәнерлеп сырғанаудағы шеберлігін шыңдай жүріп, көптеген жасөспірімдерді спортта батыл да мықты болуға баулып, жігерлендіріп ұстаздық етуде.

Элизабет Тұрсынбаева: «Мен спорттағы өз жетістіктеріммен елімді бүкіл әлемге танытқым келеді» десе, ал оның ұстаздары: «Элизабет – қазақтың мақтанышы» деп бағалайды.

Ұрпақ сабақтастығы үш ғасырға созылған, яғни бұл әулетте атасы Тұрсынбай хан-сұлтандық дәуірде өмір сүрсе, одан тараған қарашаңырақтағы қасиетті ошақтың үш тағанындай үш ұлы Абдулла, Рай, Әбілқай қызыл империя билеген кеңестік кезеңнің бар ауыртпалығын біркісідей бастарынан өткізген елдің адал азаматтары еді.

Ал, олардан тараған ұрпақ Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Мағжан, облыстық мәнерлеп сырғанау және шорт-трек федерациясының президенті Байтақ, балет саласы бойынша «Тарлан» сыйлығының иегері Досжан, мәнерлеп сырғанаудың әлемдік үздіктері – олимпиада жұлдызы Элизабет, Азиада алауын тұтандырушы жетеудің бірі Темір, ҚР Сыртқы істер министрлігінің дипломаты Гүлнар Тұрсынбаевтар бүгінде – тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолында жасампаздықпен еңбек етіп, өз парызын өтеп жүрген адал перзенттері.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстанның  Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<