1922 жылы 6 қараша күні ағылшын ғалымдары біздің заманымыздан бұрынғы 1334-1325 жылдар аралығында билік құрған перғауын Тутанхамонның қабірін тапты. Қабірдің табылуы ХХ ғасырдағы ең ірі археологиялық жаңалықтаррдың бірі болды. Бұл сенсациялық жаңалық жұртшылықтың ежелгі Египетке деген қызығушылығын арттырды.
Ағылшын лорды Джордж Карнарвонның демеушілік жасауымен 1922-1929 жылдары археолог ғалым Говард Картердің Египеттегі Тутанхамон перғауының қабіріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Алайда, бұл көптеген адамдардың өмірін жалмаған қаралы оқиға болып тарихта қалды. Жергілікті халықтың «перғауын қабірін ашқан адамның жамандықа душар болады» деген ескертулеріне ағылшындар әуеліде күліп қараған болатын.
Бірінші болып экспедицияны қаржыландырған лорд Карнарвон мен әйелі леди Альмина бір күн ауырып барып кенеттен көз жұмды. Артынша лордтың інісі мен келіні бірінен соң бірі дүниеден озды. Ал экспедицияның хатшысы Ричар Бетел ұйқыдан тұрмай қалды. Баласының қазасын естіген 87 жастағы үлкен Бетел 7 қабаттан секіріп, мерт болды. Сонан соң Тутанхамон мүрдесін рентгенге түсірген Артур Мейс пен экспедицияның құрамына қызық көру үшін барған миллионерді белгісіз жәндік шағып өлтірді. Осылайша 10 жыл ішінде зкспедицияның құрамында болған журналист, радио және фото корреспонденттер, кинооператор, текстолог, технолог, химик, лаборанттар барлығы 30-дан астам белгісіз жағдайда көз жұмды.
1929 жылы ең соңында экспедиция басшысы, египеттанушы Говард Картердің өлуі түрлі болжамдардың таралуына себеп болды. Соның бірі перғауын қабірінен табылған алтын әшекейлерді археолог Г.Картер египет мафиясымен бірге иемденіп, куәгерлердің көзін құртты деген болжам біразға дейін үстемдік құрды.
1972 жылы Египет астанасы Каирден Тутанхамон қабірінен алынған алтын бұйымдар Лондондағы көрмеге әскери ұшақпен жеткізілді. Артынша ұшқыш пен борт инженер өлді, ұшақта болған ғылыми қызметкер әйелдің есі ауысып, кейін оны күйеуі тастап кетті. 1978 жылы Тутанхамон бұйымдары АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы көрмеге қойылғанда перғауынның алтын маскасын күзеткен полиция лейтенанты Джордж Лебраш сал ауруына ұшырады. Осылайша египет перғауынының қабірін ашқан және онан алынған алтын бұйымдарға қатысты адамдар мистикалық жағдайларда көз жұмды. Олардың неден қайтыс болғаны әлі күнге жұмабақ. Бәлкім, бұл біз білмейтін тылсым дүниенің бір құпиясы болар…
Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,
тарихшы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<