Ұлт бірлігі бәрінен де қымбат

1978

0

Дана халқымыз «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген мақалды тілге тиек етсе, бұл күнде бірлігіміздің арқасында Қазақ елінің аты төрткүл дүниеге тарап, көк байрағымыз көкте желбіреуде. Еліміздегі жүз отыздан асатын ұлт пен ұлыстың, бірнеше конфессиялы діни сенімнанымдағы адамдардың ауызбіршілігі мен татулығына мың да бір шүкіршілік дейміз.

Еліміздің 30 жылдық тәуелсіздігі биігінен көз тастасақ, дүниежүзіндегі алпауыт елдермен қатар өмір сүріп, қарыштап дамудамыз. Дүрбелеңге толы жиырмасыншы ғасырдағы алып империяның түкпір-түкпірінен жер аударылғандардың азабы сол зұлмат заманның қолдан жасалған қасіреті еді.

Табиғатынан жабырқағанның жанын жылытып, мұңайғанның маңдайынан сипап, қиналғанды құшағына қыса білген қазақ халқы қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін өздері аш-жалаңаш  отырса да қамқорлыққа алды. Баспаналарынан орын беріп, бір нанды бөліп жеп, бір-біріне деген алғаусыз құрметпен сыйласып, олардың аяқтан тұрып, қатарға қосылып, ортақ Отанға еңбек етуіне көмектерін аямады. Міне, осындай тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған халықтардың бірлігі, татулығы Қазақстанның басты жетістігінің даңғыл жолына айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы бір-бірімен бауыр басқан түрлі этнос өкілдерінің басын қосатын Қазақстан Халқы ассамблеясы құрылды. Ассамблея – этносаралық қатынастарды үйлестіруші маңызды қоғамдық институт ретінде Қазақстанның барша азаматтарының саясатта, экономикада, халық шаруашылығының барлық салаларында ортақ мүдде үшін жұмыс істейтін орын.

Қазақ елінің өткені мен бүгінгі кезеңінде, өсіп-өркендеу жолында тер төккен, қазақ халқымен біте қайнасып, қуанышын бірге көріп, қиындықты жеңе білген, ағайын-туыс болып қазақ жерін екінші Отанына айналдырған этнос өкілдерінің орны ерекше. Олардың сіңірген еңбегі өткен дәуірде де, бүгінгі қоғамда да әділ бағаланып, атақ пен марапаттан кенде болған жоқ. Осының барлығы кең пейілді жомарт жанды, табиғатынан сайын даланың дархан мінезі біткен қазағымның қасиеті деуге болады.

Мен Жалағаш ауданының қазіргі Бұқарбай батыр ауылына (бұрынғы Калинин атындағы) қоныс тепкен он алты ұлт өкілінің арасында туып-өсіп, олармен етене араласып, еңбек етіп есейдім. Еңбекке деген құлшынысы, ортаға деген көзқарасын жақсы білемін десем артық айтпаған болар едім. Солардың бір-екеуін бүгінгі қозғап отырған тақырыпқа байланысты атап өтуді өзімнің азаматтық парызым санаймын.

1939 жылы Жалағаш ауданы құрылғанда ауданның жер бөлімін басқарған, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, соғыс жылдарында, одан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде МТС-тің директоры, кейіннен «Ленин кичи» газетінің аумақтық тілшісі, он жеті жыл облыстағы алдыңғы қатарлы Калинин ұжымшарын басқарған, «Ленин» орденді, қазақтың бір баласындай болған Ким Яков Яковлевичті қалай айтпасқа? Он жасында ашық вагонмен қыста Кавказдан жер ауып келген, қиындық пен тұрмыс тауқыметін көріп ерте есейген, бүгінде ауыл ақсақалы, елді бірлік пен татулыққа шақырып жүрген Шарипов Мовладиді, он саусағынан өнері тамған неміс Жакты ауылдастары үлгі тұтты. Кезінде ұлттар лабораториясы болған республикамыздың барлық өңірлеріне тарихтың түрлі кезеңдерінде тағдырдың тауқыметімен, мемлекеттің саясатымен келген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің өсіп-өркендеп, гүлденуіне тер төгіп, еңбек еткендерін мақтан тұтады. Олардың ұрпақтары көпұлтты, көпэтносты халқымыздың бір баласындай. «Қазақтың бір баласындай болған Яков», «Тағдырдың тауқыметін тартқан Мовлади», «Олардың есімдері ел есінде», т.б. мақалаларымда кеңірек баяндадым. Жетістіктерін, досқа адал, жолдастыққа сенімді, ортасына беделді, ешкімді жатсынбайтынын айттым.

Елдің ұйытқысы – қазақ халқы, ұлтымыздың қанына сіңген қасиеті арқасында жерімізге қоныс тепкен түрлі этнос өкілдерін кеудеден қақпай,  бауырына басып туысым деп қабылдады. Заман тудырған тұрмыстағы, қоғамдық өмірдегі қиындықтарды бірге көтеріп жеңе білді. Нәтижесінде олар мәңгіге тұрақтап қазақ даласын құтты қонысқа, қазақ елін екінші Отанына айналдырды. Осындай құтты қоныстар қатарында облысымыздың Шиелі ауданындағы «Авангард», «Гигантты», бұрынғы Тереңөзек ауданындағы «Контон Коммуна», Жалағаш ауданындағы бұрынғы Калинин атындағы ұжымшарды, Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал шаруашылықтарын айтуға болады. Этнос өкілдерінің арасынан ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Ким Ман Сам, Цой Ден Хак Еңбек Ері атанды. Шаруашылық, кәсіпорын басқарған және халық шаруашылығының түрлі салаларында абырой, атаққа ие болған азаматтар шықты. Олардың қатарына «Ленин» орденді Ким Яков, Хван Константин, Пак Виктор, Ким Ден Чер, дәрігерлер Тян Иосиф, Чун-Сун, спорт майталманы Пак Вилорий, т.б. айтуға болады.

Мысалы, Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылдық округі баршамызға жақсы таныс. Ауылда қазір 11 ұлт өкілі бір атаның баласындай еңбек етіп көпке үлгі болып келеді. Ауыл тұрғыны Сартиназ Байрақтарова – түрік, ал оның үлкен келіні Айша – қазақ, Бұқарбай батыр ауылының байырғы тұрғыны Ким Владимирдің балаларының барлығы қазақ мектебін бітірген, өзі сол ауылдың бір әулетімен еншілес болып кеткен. Жақында сол азаматтың үлкен қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, құда-жекжат болып, туыстықтары одан әрі жалғасуда.

2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы мерейлі кезеңінде аудандарда этно бағыттағы қоғамдық бірлестіктер құрылды. Қазіргі уақытта Қазалы ауданында «Бірлік-Единство», Қармақшы ауданында «Ұлт бірлігі – Қармақшы», Сырдария ауданында «Достығымыз жарасқан», Шиелі ауданында «Ұлт бірлігі», Жаңақорған ауданында «Сығанақ» атты қоғамдық бірлестіктер жұмыс жасауда. Жалағаш ауданында этнос өкілдерін біріктірген этномәдени орталық жұмыс істейді.

Облыстағы түріктердің көбі ІІІ Интернационал  ауылында тұрады. 2015 жылы ассамблеяның туы екі жерде – аудан орталығы Жосалы кентінде және ІІІ Интернационал ауылында көтерілді. Мұндай ресми шаралар мен көріністі достығы жарасқан қазақ еліндегі этносаралық қатынастар мен татулықтың символы деуге болады. Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен құрылған Қоғамдық келісім Кеңесінің жұмыстары нәтижесін беруде. Кеңес бірлік пен тұрақтылық бағытындағы жұмысты жетілдіру, азаматтық белсенділікті арттыру, қоғам назарындағы мәселелерді тиімді шешу жолдарын бірлесе қарастыру секілді міндеттерді табысты іске асырып келеді. Елдегі халық бірлігі, ұлттар мен ұлыстардың татулығы, тыныштық – ұлтымыздың тәуелсіздік жылдардағы жетістіктері. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру біздің басты мақсатымыз болып қала береді.

Қазақстан – осында ғұмыр кешіп жатқан ұлттар мен ұлыстардың Отаны. Бұл – бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан татулығы мен бірлігі, мақсаты жарасқан халқымыздың елі. Ата Заңды ардақтау, қазақ тілін меңгеру – барша ұлт өкілдерінің  басты міндеті. Қазақстанды мекендеген көпұлтты, көпэтносты халықтардың мұраты – бірлік. Сүйікті Отанымызды Ата Заңның негізінде көздің қарашығындай қорғау, ел тыныштығын сақтау – әрбір қазақстандық азаматтың борышы. Іргесі  бекем халықтың түтіні түзу ұшады, байрағы биіктен көрінеді.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<