Ұлт үні, руханият тірегі

576

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 1 қазан – «Радио қызметкерлері күні» болып белгіленді. Ақпарат көзінің бастау бұлағына айналған қарашаңырақ – Қазақ радиосының эфирге шыққанына биыл 100 жыл толып отыр. Ұлтымыздың үнжариясына айналған радио 1921 жылы 1 қазанда алғаш хабар таратты. Дәл сол күні Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Қазақ радиосы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан хабар таратты. Одан кейінгі ел астанасы болған Қызылордаға ауысып, көп ұзамай Алматы қаласына, ал 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанды. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясы болып келеді. 

Қазақ радиосының шежіресі Қызылорда қаласының тарихымен бір арнаға тоғысқан. Қызылорда қаласында радио алғаш рет 1926 жылы Ленин атындағы теміржол клубында сөйледі. Бірінші радиохабарға теміржолшылар шақырылды. Қызылорда облысында 1938 жылы радионүктелердің саны 2 мыңға жуықтаса, 90-жылдары ол көрсеткіш 188 мыңға жетті. 1948 жылы облыстық мәдениет басқармасы жанынан радиоақпараттың облыстық редакциясы ресми түрде ұйымдастырылды. 60-жылдардың басында радиохабарын таратуға Ә.Мырзахметов, Н.Оспанов, Ә.Шабақов, Т.Елемесов, А.Тоқмағамбетов, Ж.Шөкенов, Д.Айдаровтар басшылық етті.

1958 жылы 11 сәуірдегі  №116 шешіммен облыстық атқару комитеті жанындағы облыстық радио комитеті  құрылды. 1958-1963 жылдары облыстық радиохабарларын таратуда 20-30 адам жұмыс істеді.

1964-1971 жылдар аралығында комитет облыстық атқару комитетінің радиохабарлары жөніндегі облыстық басқармасы, 1972 жылы облыстық теледидар және радиохабарларын тарату комитеті болып атаулары өзгерді.

Қызылордада 1977 жылы 70 радио торабы және 90 мыңнан астам радио нүктесі болды. Қызылорда қаласында радиохабар тарату қазақ, орыс және корей тілдерінде жүргізілді. Алғашында хабарлар аптасына бір рет 1-2 сағаттан, кейін күнделікті әуе толқынына шығарылып тұрды.

Қызылорда радиосында «Экономические знания – всем» атты рубрикасы, көлік және құрылыс өнеркәсібі еңбек ұжымдарының өмірін көрсететін «Рабочая жизнь» және «Жұмысшы Меридианы» атты радиогазеталары, облысымыздың ауыл шаруашылығының дамуы, ауыл еңбеккерлерінің көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері, ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған «Қайнар», «Сыр-Дарья», «Дәулет», «Сейхун» атты радиохабарлары, жастарға арналған «Сыр толқыны», балаларға арналған «Жауқазын» және «Актуальный микрофон» атты радиобағдарламалар жүргізілді. «Актуальный микрофон» бағдарламасына саяси ағарту жүйесінің насихатшылары, партияның қалалық және аудандық комитеттің жауапты қызметкерлері шақырылды. 

Халқымыздың ұлттық сана-сезімін, дүниетану болмысын, мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеуде радионың алар орны ерекше. Облыстық теледидар және радиохабар тарату комитеті өзінің хабарларында облыстың экономикасы мен мәдениетінің өсуін кеңінен жариялап отырды.

1967 жылы Одақ көлемінде алғаш өткізілген радиоқызметкерлердің бірінші аймақтық кеңесінде Қызылорда радио журналистерінің жұмыс тәжірибесі кеңінен талқыланып, республика көлемінде таратылды. Сонымен қатар магнитті пленкаларды электронды монтаждау әдісі елімізде алғаш рет Қызылорда радиосында қолданылды.

Баспасөз министрлігінің 1991 жылғы 27 қыркүйектегі  №145, Қазақ мемлекеттік телерадио комитетінің 1991 жылғы 27 қыркүйектегі №196  бұйрығына сәйкес облыстық теледидар және радио хабарларын тарату компаниясы болып қайта құрылды. Қызылорда облыстық радиосы 2004 жылдан бастап жұмысын тоқтатты.

Жаңалықтың жаршысы ғана емес, әдебиет пен мәдениеттің жалауы, халық өнерінің жоқтаушысы, елдің әлеуметтік дамуының жасампаз жанашыры қағидасынан бір жаңылмаған Алаш қайраткерлерінің аманатына құрмет есебінде Қызылорда қаласынан қазақ радиосына көше атауы берілді. 2021 жылы наурыз айында Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті сессиясында қаладағы бұрынғы «Саяхат 11» көшесіне «Қазақ радиосы көшесі» атауын беру туралы шешім шықты. Қазақ радиосы көшесінің ұзындығы – 400 метр. Бұл – киелі шаңырақтың жүз жылдығына жасалған тағзым, көрсетілген құрмет.

Қазақ радиосының жылнамасы – халқымыздың 100 жылда жүріп өткен жолының айнасы. Радио алғаш құрылған күннен бастап ел мүддесіне қызмет етіп келеді. Қазір де Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен ұлттық құндылықтарды жастардың санасына сіңіруде сүбелі үлес қосуда. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттап, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, мемлекеттік тілдің дамуы мен дәстүр сабақтастығын сақтауға үлес қосқан аймағымыздағы алғашқы ақпарат көзі болған қазақ радиосының тарихы туралы архив құжаттары осылай сыр шертеді.

А.ҚАПАНОВА,                                                                                                                    

Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің археографы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<