Ұлтқа қызмет етудің үлгісі

399

0

Қазақта халық атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азаматтар көп болған. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, олар Қазақстанның әр түкпірінде жүріп-ақ бірін-бірі жақсы білген, бір-бірінің ниетін айтпай түсінген, тіршілікте бір-біріне үйірсектік көрсеткен.

Байқайсыздар ма, сонау солтүстікте, Арқада өсіп-өнген А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев біраз ғұмырын оңтүстік өңірде өткізген, елеулі еңбектерін Ташкент, Шымкентте өмірге келтірген. Өйткені онда өздері сияқты халық қамын жеген, жұртшылық жоқшысы ретінде танылған Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожановтай арда азаматтар қызмет еткен. Қуғын-сүргін көріп, бастарына қауіп төнгенде, ашаршылыққа тап болып, халқына талғажау іздегенде, арыстар осыларды барып паналаған, солардан көмек күткен, қолдау тапқан.

Ұлтжандылығы, рухы, мінезі, ниет-мақсаты жағынан аталған арыстарға етене жақын болғандардың бірі –  С.Қожанов. Оларды өте жақсы түсінген, қатты іш бұрған. «Ақ жол» газетінің алғашқы редакторы ретінде Арқа азаматтарын бауырына тартып, сөз беріп, кітаптарын шығарып, қамқорлық көрсеткен. Бұларды өзара осынша жақындастырған идея бірлігі – өз халқына деген шексіз сүйіспеншілік, оның болашағына деген ерекше қамқорлық, өз ұлтын теңдікке, игілікке жеткізсек деген арман-аңсар еді.

Сонау 1921 жылы-ақ Түркістан Компартиясының VI съезі қарсаңында ұлтты бірлікке, елдікке шақырған, өз жұртшылығын жасаудың, мемлекетін құрудың қажеттілігін түсіндірген. Орта Азияны ұлт ретімен, әр ұлтты өз шекарасымен бөлу тұсында, ел болу, жұрт болу, мемлекет құру мәселесі Сұлтанбек назарын бұрынғыдан да қатты аударды.

«Жол қиын, жүк ауыр. Бірақ үдесінен шығуымыз – міндет» («Ақ жол» газеті, 30.07.1924 ж) деп қиындықты айта отырып, үміт үлгісін көрсетті. Осы қиындықтан өз халқын құлатпай алып шығып, тезірек есін жиғызып, етегін жауып, ел қылып жіберу үшін ірі әрекеттерге барды. Шекара бөлісіне, дүние үлесіне батыл араласты.

Шекара бөліс жөнінде Сұлтанбек бұдан кейін де көп жазды, көп таласты, қатты сынға да ұшырады. Пікірталаста бұл қисынсыз кінәға «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» («Ақ жол» газеті 18.08.1924 ж) деген мақаласымен жауап берді.

«Мен Қожанұлы, бүркеніш жамылатын адам емеспін. Мен – Түркістан коммунистік партиясы Бас комитетінің жауапты хатшыларының бірімін. «Ақ жол» – сол комитеттің органы. Ендеше, біздің шекара бөлу мәселесіне араласуымыз заңды» деді.

Кезінде бұл талас-тартыс Сталиннің де құлағына жетті. Ол Сұлтанбектің өз халқының жоғын жанын сала жоқтауын жақтырмаған. Ораз Исаевтің жазуынша, «халық көсемі» бірде оған былай деп шүйілген. «Қожанұлы ылғи қазақ елінің өзгешелігін тым көпіртіп үлкейте айтады».

Кейбіреулер «Сендер бостықтарыңнан, Ташкенттен айрылып қалдыңдар, істің бәрін қолдан бердіңдер» деп назаланды. «Кулактар салған поселкілерге ғана ие болып қалдыңдар» деп шамданды. Сұлтанбек бұларға да салиқалы, ұстамды жауап берді. «Ташкент өзбек қаласы екені рас. Бірақ қанша жүз жылдан бері біресе Күншығыстың, біресе Күнбатыстың колонизаторларының туы тігілген қазақ еліне, қазақ шаруасына кіндік болған қала екені тағы рас. Бірақ нәтижесінде Ташкент бізге тиген жоқ. Өзбек ұлтының қаласы Өзбек мемлекетіне кетті. Енді бізге Ташкентсіз мемлекет жасаудың әрекетіне кірісу ғана қалды»

(История топорного разделение, Душанбе, 1991, стр-37. Бұл кітапта құжаттардың архивтегі негіздері көрсетілген.)

Міне, осылай жан-жақтан жабылып, ақыры Кремльдегі көрегендер Сұлтанбек Қожановты пантюркизммен айыптап, «халық жауы» деп жариялады. Бұл ауыр айыптау болып саналатын. Елі үшін туған азамат 1958 жылы ақталғанымен, еңбектері кешеге (1989 ж) дейін жабық болды.

Міне, осынша айтыстан кейін, астана Орынбордан Ақмешітке көшіп келеді. Бұл жұмыс та С.Қожановтың араласуымен болады. В.Нанейшвили астананы таңдау туралы көпшіліктің ұсыныстарын талдай келіп, онымен ақылдасып, Түркістан қаласын астанаға лайық деп ұйғарады. Бірақ арада бірер күн өткен соң бірінші хатшыға кіріп, астананы Түркістан етуге қарсы екенін айтады. Осыған байланысты қойылған сұрақтарға өзінің Түркістаннан екенін, ал астананы ол қалаға берсе, ел арасында бұл С.Қожановтың әрекеті деген сөз шығып, аяғы үлкен дауға айналуы мүмкін деп жауап береді. Сондықтан астананы теміржолдың бойында, Сырдарияның жағасында орналасқан Ақмешіт (бұрынғы Перовск, бүгінгі Қызылорда) қаласына ауыстырған жөн болар деген ұсыныс айтады. Ұсынысы қабылданып, астана Қызылордаға көшіп келеді.

С.Қожановтың қазақ халқы үшін басын бәйгеге тіккені, осы жолда ешнәрседен де қайтпағаны көрінеді. Не деген ерлік, не деген азаматтық! Бұл адамгершілік борышты ақтау, жақынға жақсылық жасау, таланттарды қорғау, қазақ жастарының өсуіне барынша мүмкіншілік туғызу еді. Қазақ тілінде математикадан оқулық жазды. Әдебиетке байланысты еңбектерін А.Шәріпов зерттеген.

С.Қожанов өміріндегі маңызды оқиға – 1921 жылы 3 желтоқсанда Бүкілресейлік Кеңестердің IX съезіне шешуші дауыспен делегат болып қатысуы. Сол съезде жалынды сөз сөйлеп, тың ойлар ұсынады және айтқандары В.Ленинге қатты ұнайды. Үзіліс кезінде пролетариат көсемі кабинетіне шақырып алып, «жарайсың, қызуқанды қырғыз» дейді. Сонда ол «біз қырғыз-қайсақ емеспіз, қазақпыз, нағыз қызуқанды қазақтар әлі қазақ даласында жүр, олар сізге жеткен жоқ. Олар әлі сізге келеді дейді». Осы жолы  Ленин «елге оралған соң халық ағарту мәселесімен терең айналысыңыз» деп кеңес береді. Сұлтанбек тұғырдан түспек түгілі, қызметі тездеп өсе бастайды. Дұшпандары мұны Лениннің оған деген жақсы көзқарасынан деп ұғады да ашық айтысқа бара алмайды.

Қазақ АССР-ы құрылып (1924ж), астанасы уақытша Орынбор қаласы болады да, Сұлтанбек Қожанов Кремльдің ұйғаруымен Ташкенттен Орынборға БКП (б) Қазақ өлкелік комитетіне жауапты хатшы қызметіне ауыстырылады. Ол кезде бірінші хатшы Нанейшвили, екінші хатшы Ежов болатын, ал жауапты хатшы осыдан кейінгі лауазымды қызмет еді. Нанейшвили өз қызметіне берік, алғыр, ұйымдастыру қабілеті жоғары әрі қажырлы, Ленинмен, Сталинмен тікелей таныс С.Қожановқа қатты сенетін.

1925 жылы 19 ақпанда Сұлтанбек Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Осы кезде астананы Орынбордан көшіру мәселесі туады, себебі 1924 жылы Орта Азия республикалары шекарасын анықтау барысында Орынбор Ресейдің құрамына өткен еді. Оның үстіне Сталин екінші хатшы Қожановты шақырып алып, «Қазақтар, енді Орынборды босатыңдар, артық күтетін уақыт жоқ» деген тапсырма беріпті.

Қазақстанның астанасын таңдау, анықтау мәселесіне С.Қожанов өте көп еңбек сіңірген. Оның арманы Ташкент қаласын Қазақстанның астанасы жасау еді. Сайып келгенде туыс халықтардың тұтастығын сақтайтын Орта Азиялық федерация құруды ұсынады. Ташкентті мәдени, экономикалық орталық сонымен қатар, Қазақ Республикасының астанасы болуы керек деген идеяны да ұсынады.

Осы комиссияның жұмысын терең зерттеген, ол туралы бірнеше кітап жазған тәжікстандық ғалым Р.Масов өзінің «Таджики: история с грифом «Совершенно секретно» деген кітабында Қожановтың батылдығын, патриотизмін, табандылығын жоғары бағалап, «еңбегі адам таңғаларлық және үлкен құрметке лайық» деген. Осы кезеңде Тәжікстанның көп жері Өзбекстанға берілгенін де қатты сынайды. Қожановтың батылдығын «Орта Азия халықтарының қай-қайсының мүддесі болса да таза және ашық қолдайтын еді» деп атап көрсетеді.

Жоғарыда келтірілген деректерден байқайтынымыз, ол Қазақстанда бар болғаны 3 жылға жуық қызмет жасаған, ал қалған уақытта Мәскеу мен Ташкентте алма-кезек қызмет ауыстырып отырған. Сондықтан табылмай жатқан материалдарды Мәскеу, Ташкент архивтерінен іздеген жөн. Оларды толық жинап, арыстың жарқын өмірін халқына жеткізу бүгінгі ұрпаққа міндет болса керек.

С.Қожановты 1938 жылы 8 ақпанда өлім жазасына кесу үкімі Мәскеуде шыққан. Биыл оның туғанына 130 жыл, жазықсыз жазаға ұшырап опат болғанына – 86 жыл. Бізге ендігі міндет – аға ұрпақ еңбегін дұрыс бағалау, яғни, күрескерлік бейнесінен үлгі ала білуіміз керек. Есімін қалай ардақтаймыз деген сауал көңілде жүреді. Қазаққа қазақ атын қайтарғаны бар, атын «Қызылорда» деп өзгерткен қаланың астана болғанына 100 жыл толады. Ол – Алаштың ұлы ғой, Алаш үшін бар қиянатты бастан кешкен. Бүгінгі қазақ елінің қай жоғары оқу орнына болса да, атын беру орынды болар еді.

2010 жылы 19 сәуірде 15 академик пен зиялы азаматтардың қолдауымен Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясына және Алматы қаласындағы №146 мектепке С.Қожанұлының есімін беру туралы ұжымдық хат жолдағанбыз. Десек те, осы уақытқа дейін бұл мәселе шешімін таппай келеді. Қазақ халқы өзінің бүгінгі тәуелсіз өмірі мен ұлттық мемлекеті үшін Сұлтанбек Қожанұлына қарыздар.

Мұқан Әбдіраманұлы,

 «Сұлтанбек Қожанұлы қорының» президенті

Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<