Ұлттың ұлы перзенті

838

0

1933 жыл: Қазақты қынадай қырған жауыз басшы Ф.Голощекиннің орнына «Мырзажан» – Л.Мирзоян келді. «Ораза, намаз  тоқтықта» дегендей, оқу-білім тұрмақ азған, тозған, босқан жұртты жинаудың өзі оңайға түспеді. Ақтабан шұбырындыға ұшырап, есеңгіреген елдің еңсесін көтеру керек болды. Ол тек «Темір Нарком» атанған Темірбек Қараұлы Жүргеновтің ғана қолынан келетін іс еді…

1946 жылға дейін барша советтік кеңістікте министрлік лауазымы Нарком, яғни Халық комиссары деп аталды. Наркомдық лауазым Темірбек үшін таңсық емес еді: 31 жасында Сталинобад қаласында Тәжік Советтік Социалистік Республикасының Қаржы министрі болды. 1930-1933 жылдары Өзбек Советтік Социалистік Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметін абыроймен атқарды. Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасына дәл осындай жоғары дәрежелі қызметке ауысқан тұста Өзбекстанның А.Икрамов, Ф.Ходжаев сынды басшылары таңдана бас шайқасты: «Біз Нарком Т.Жүргеновке барлық жағдайды жасап едік ғой. Табысты жұмыс жасап келе жатқан  абыройлы лауазымынан қалайша өз еркімен бас тартады?!» Өзінің қырыққа жетпей қыршынынан қиылатынын сезгендей ол әрбір айы мен күнін, әрбір маусымы мен жылын жалынды жігермен жасындай жарқырап өткізді. 25 жасында-ақ Тәшкендегі Орынборда орда тіккен Қазақ АССР-ның Өкілетті өкілі болса, 1926-1927 жылдары әлі Қазақстанға көшіп үлгермеген Тәшкендегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының – кейін Қазақстанның барша институттары мен университетінің (ҚазМУ) кіндік атасы атанған бүгінгі Абай атындағы Алматы педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарған болатын.

Отызында орда бұзған Т.Жүргенов қандай істі қолға алса да шегіне жеткізе атқаратын, бүгінгі тілмен айтсақ, нағыз максималист маман еді… Этникалық геноцидке ұшырап, халқының жартысынан көбі аштан қырылған автономиялы республиканың барлық мәдени-рухани, оқу-ағарту һәм өнерін жандандыру 1933-1937 жылдары «Темір Наркомның» пешенесіне жазылған жұлдызды тағдыр-тұғын. Оны сол кездің өзінде көзінше жұрт бекерден-бекер «Қазақ Луначарскийі» деп атамаған еді.

1936 жылы бұрынғы Ресей империясының қанаты астындағы финдер мен Балтық бойы халықтарынан басқаларын отаршылдық шеңгелінен шығармай, Совет Одағы атты алып мемлекет құрылған тұста Қазақстан он бес республиканың бірі ретінде автономиялық бағыныштылықтан құтылды. Одақтас республика дәрежесіне Қазақ ССР Оқу-ағарту халық комиссариатының аз жылда мәдени-рухани саладағы жасампаздық істерінің арқасында қолы жетті.

Әйтпесе Ұлы жұттан сансырап қансыраған Қазақстанның халық санының мардымсыздығымен және ұлттық құрамының айтуға ұят құлдыраған пайыз-санымен, экономикалық әлеуетінің мешеулігімен ешбір одақтық республика дәрежесіне қол созардай көрсеткіштері жоқ болатын.

Осындай жанқиярлық қажырлы еңбегі үшін оған сол кездегі ең жоғарғы марапат – Еңбек Қызыл Ту ордені ғана бұйырды. 1937-нің қанды қасабында оның да бір тиындық құны болмай, бір оқтың құрбаны, жендеттерге жем болды… (1991 жылы алып империя құлаған кезде өз заманында одақтас республика дәрежесіне көтеріле алмаған автономиялық республикалардың тәуелділік құрсауында шырмалып қалуы, әрине, ол басқа бір сарындағы әңгіме).

Пассионарлық тұлға Т.Жүргенов бес жылға толар-толмас Оқу-ағарту Наркомы болған жылдары екі саланың бағы жанды, революциялық өзгерістерге қол жеткізілді. Оның бірі – жаппай сауаттылық пен мектеп ашу ісі болса, екіншісі – Қазақстан өнері мен мәдениетінің Қайта өрлеу заманы болды.

Жаңа басшы істі әуелі елдегі сауатсыздықты жою, жаппай бастауыш мектептер ашу, мұғалімдер дайындау сынды кезек күттірмейтін шараларды қолға алудан бастады. Барлық облыс орталықтарында 6 айлық курстар ашылды. «Әрбір мұғалім кем дегенде 35 адамның сауатын ашсын!» деген ұран көтерілді. Комиссариат жанынан ересек адамдарды оқыту жөнінде басқарма құрылып, оның сауатсыздар, шала сауаттылар және жоғары типтегі мектептер атты бөлімдері болды. «Төте оқу» атты газет шығып тұрды. 1934 жылы 468 мың дана, ал 1935 жылы 1,5 млн дана оқулық кітап басылып, таратылды. 1935 жылы бастауыш мектеп саны 6587-ге (оның 3751-і қазақ мектебі) жетті, 573 орталау және 169 қазақ орта мектептері болды, оларда 640100 оқушы оқыды.

Осы 1933 жылы-ақ Ағарту халық комиссары Т.Жүргеновтің тікелей қатысуымен республика басшылығы бірнеше қуатты қаулы-қарар қабылдады. Енді бастауыш мектеп 4 жылдық, орталау мектеп 7 жылдық, ал орта мектеп 10 жылдық болып белгіленді. Елімізде 1929 жылы оқу-ағарту ісіне бір адамға шаққанда 3 сом бөлініп келсе, 1935 жылы 33 cом, ал 1937 жылы 90 сом бөлінетін болды. Мемлекет қаржысына 3000, колхозшылар күшімен және 1000 жаңа мектеп салынды, бұрыннан бар мектептер ұлғайтылды. Осылайша 1937-1938 оқу жылында Қазақстанда оқушылар саны 1 млн-нан асты. Орталау мектеп саны 417-ден 1097-ге, орта мектеп 31-ден 315-ке дейін көбейді.

1934  жылы қаңтарда Екпінді мұғалімдер съезі, ал мамырда Мәдениет қызметкерлерінің бүкілқазақстандық І съезі өткізілді.

1934 жылы 15 қаңтарда Қазақ мемлекеттік университеті (бүгінгі әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) іргесін көтерді.

1934 жылы Семейдегі геология-барлау институты Алматыға көшіріп әкелініп, Қазақ кен-металлургия институты (бүгінгі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық политехникалық университеті) құрылды.

Алматыда, Оралда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Қызылордада, Петропавлда, Семейде, Шымкентте екі жылдық мұғалімдік институттар ашылды. Мәдени-ағарту саласында 30-ға жуық, ал өнеркәсіп пен транспорт, байланыс пен техникалық салада 20-дан астам техникум ұйымдастырылды.

1936 жылы алғашқы 66 маман-дәрігер мединститутты бітіріп шықты.

1935 жылы қаңтарда Қазақстанды зерттеу қоғамының жаңа жарғысы бекітілді. Арнайы Ғылым комитеті құрылып, барша ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестірді.

Архивтер мен музейлер, кітапханалар мен клубтар ұйымдастырылды.

Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мемлекет қарауына алынды.

Ұстазы, атақты шайыр Т.Ізтілеуовке арнайы тапсырыспен «Шахнаманы» аудартты.

Қазақ ұлтының зұлмат ашаршылықтан соң ес жиып, етек жапқан кезіндегі бұл келтірілген тарихи деректер 35-40 жасында жасындай аққан жұлдыз болып қазақ өркениетінің самғау шыңына көтерілген пассионар тұлғаның министр болып тұрған кезіндегі атқарған қыруар шаруасының көзге шалынып тұрған теңіздің тамшысындай тындырғандары-тұғын.

Халықтың сауатын ашып, мәдени даму жолына түсуімен қатар оның өнерін өркениетті (классикалық) деңгейде қалпына келтіру ісі де қолға алынды. 1934 жылы Алматы музыка-драмалық техникумы оқу комбинаты болып қайта жасақталып, оның жанында кино бөлімі құрылды.

Осы жылы мамырда Қазақтың музыкалық-хореографиялық мектебі алғашқы оқушыларын қабылдады. Хореографиялық училище ашылып, арнайы мамандар шақырылды.

Оралда да музыкалық мектеп ашылды.

1934 жылы Қазақстан жазушыларының І съезі болып өтті, халық өнері шеберлерінің слеттері тұрақты өткізіліп, ел ішінде көміліп жатқан таланттардың көзі ашылды. Жамбыл мен Нұрпейіс, күйші Науша Бөкейханов пен әнші Ғарифолла Құрманғалиевтер ұлықталды.

1934 жылы 13 қаңтарда бас сахнада қойылған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы – қазақ операсының тұңғышы. Одан кейін «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» опералары сахналанды. Музыкалық студия Қазақ мемлекеттік музыкалық театры (қазіргі Абай атындағы академиялық опера және балет театры) болып қайта құрылды. Қуылып қырғыз асқан режиссер Жұмат Шанинді елге қайтарды.

1935 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды, одан бұрынырақ  ҚазЦИК атындағы (қазіргі Құрманғазы атындағы) халық аспаптар оркестрінің негізі қаланған болатын.

 Мәскеу театр комбинатының (қазіргі Луначарский атындағы ГИТИС) жанынан Қазақ ұлттық драма шеберханасы ашылды.

Қазақ ұлттық музыка аспаптарын жасайтын шеберхана ұйымдастырылды, арнайы маман Қамар Қасымов шақырылды.

Қазақ көркемөнер галереясы жасақталып, әуесқой суретші Әбілхан Қастеев Мәскеуге оқуға жіберілді.

Т.Жүргеновтің есімімен тікелей байланысты бұл тізімді осы іспетте бейнелеу өнері мен кино, ел әдебиеті мен халық творчествосы салаларында да жалғастыра беруге болар еді. 1965 жылы Халық артисі Қ.Жандарбеков: «Темірбек Жүргенов қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз» – деп тебірене, жоқтап жазған болатын.

Қазақ руханиятындағы аз уақытта шыңға көтерілген ғаламат жетістіктерінің финалы – 1936 жылы мамыр айында астана Мәскеуде аншлагпен өткен Қазақ өнерінің бірінші онкүндігі еді. Қазақстан делегациясын Нарком Т.Жүргеновтің өзі басқарып барып (ел басшысы Л.Мирзоян Мәскеуге  Қырымдағы демалысынан соңғы марапат тапсыру сәтіне ғана келіп жетті), қазақ мәдениеті мен өнерінің жауһар асылдарын әлемге танытты. Тума таланттар әнші Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақов пен Құрманбек Жандарбеков заманының ең жоғары марапаты – Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қарт жырау Жамбыл, Сәкен сері Сейфуллин, биші Шара Жандарбекова, Қанабек Байсейітов пен Манарбек Ержанов, Серке Қожамқұлов пен Қалибек Қуанышбаев, Ахмет Жұбанов пен Е.Брусилевский, артист Үрия Тұрдықұлова тек «Құрмет белгісі» орденіне ғана емес, барша жұртшылықтың сүйіспеншілігі мен қошеметіне бөленді. Мәскеудегі даңқты онкүндік, қазақ өнері мен мәдениетінің Қайта өрлеуі  туралы талай рет жазылған, әлі жазыла да, айтыла да бермек. 

Кезінде академик Ахмет Жұбановтың: «Темірбекпен сөйлесіп шыққанда «Алатауды айырып, Қаратауды қайырып жібергендей» жігермен үйге қайтатынбыз. Өнер саласында қай-қайсымыз үшін сол Темірбектің жігері жетпейтін» деген сөзі орнын тапқан түйін болар деп ойлаймыз.

Елімізде Әділетті Қазақстан құрудың алғашқы баспалдағы – қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиялар жұмыс жасап жатқанынан көпшілік хабардар. Біз де сол мемлекеттік комиссияның бір мүшесі ретінде 70 жыл бойы халықтан жасырылып келген он мыңдаған құжат-істерді құпиясыздандырып, нәубет заманының ащы шындығын ашу ісімен айналысудамыз. 80-ге келіп өзінің немерелерімен жасты қанішер коммунистердің оғынан ажал құшқан Темір Наркомның әкесі Қара ақсақал мен қырық жасында өзі орнатқан, өрге сүйреген советтік өкіметтің зорлық саясатымен қыршынынан қиылған Темірбек Жүргеновтің қазасына қатысты тарихи деректер, тың мәліметтер толығымен жарияланар кез де қашық емес. Сол кезде қазақ мәдени-рухани әлеміндегі теңдесі жоқ ұлттық қайраткер, пассионарлық тұлғаның соңғы күндері мен демі үзілер шақтағы өкініштеріне де қанық боламыз.

Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымдарының

докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры, «Арыс» қорының (баспасының) директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<