Ұлттық тарих – ұлттық жад бастауы

33

0

Тарихи жад – бүтін ұлтты ұйыстыратын, сана-сезімі мен танымын біріктіретін күш. Ол рухани мәйек ғана емес, тәрбие бастауы әрі халықтың болашағын айқындайтын фактор есебінде құнды. Сондықтан, ел өткенін насихаттау, бабаларды ұлықтау, тарих парақтарына бейтарап баға беру кезек күттірмейтін қадамға айналуда. Бүгінгі замана көшіне ілесу және келешек буынның даңғыл жолын қалыптастыру үшін де аталған бағытта атқарылар жұмыс жетерлік. Себебі жаһандық өркениет өткенін бағамдай алған буынның қолында.
Осы орайда заңды сауал туындары сөзсіз. Тарихи жадты қалай сақтаймыз? Оны насихаттаудың жолы қайсы? Міне, осы сұрақтарға жауап тапсақ, тақырыптың тіні тарқары анық.
Алдымен жаһан тәжірибесі мен уақыт кеңістігіне көз тастайық. Тарихты таңбаға түсіру жолы – жазу мен сызу жоқ кезеңде ауызекі әдебиет ұлттық жадтың негізгі тірегіне айналды. Ертегі, аңыз-дастан, өлең-жырды жаттаған ұрпақ өзінен кейінгі буынға ауызша жеткізіп, ақпаратты қаз қалпында, ал мазмұнын түрлендіріп отырған. Оған батырлар жыры мен аңыз ертегілердің бірнеше нұсқасының болуы мысал бола алады.
Әрине, жазу пайда болғаннан кейін нақтылық басты орынға шығып, мызғымас дерек хатталды, Әсіресе, шежіре, жылнама деректері кезеңнің куәсіндей дереккөзге айналып, дәуірлер тынысын сезуге көмектескенін білеміз. Бұл ретте М.Х. Дулатидың «Тарих-и-Рашиди», Қ.Жалайридің «Жамиғ-ат-тауарих», Ш. Құдайбердіұлының «Қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» секілді еңбегі өткеніміз туралы сұраққа жауап беріп, келешегімізді айқындауға септесті. Яғни, түбіміз – түркі, дініміз – ислам, ұлтымыз – қазақ деген тұжырымды сіңірді. Біз айтқан ұлттық жад та осыған саяды.
Сондай-ақ мәдени, яғни өнер атаулыдағы көркем шындық тарихи мәліметтің сақталуына әсер еткенін айта кеткен жөн. Оның ішінде музыка, мүсін, сәулет өнерінің бағы басым.
Бәріне мәлім, әрбір халық ортақ мақсат, ұлттық мұрат тұрғысында бірігеді. Өмір сүру мәні, өмір дағдысы сол мақсат жолында құбылады. Салт-дәстүр, наным-сенім де сол жолда өзгеріске ұшырап, ұлттық жадты келесі буында жеткізу миссиясын орындайды. Осылайша ұлттық жадтың негізі тарих екені айқындала түседі.
Жалпы кәсіби тарихшылар ұлттық жадтың сақталуына, оның шынайылығына дәлел келтіруге ерен еңбек етуде. Күн-түн мұрағат ақтарып, қадым қағаздың қатпарын қарап, ескі кітаптың естелігіне үңілу арқылы ақ пен қараны ажыратып береді. Ажыратып ғана қоймай, мәйегін ұлтқа ұсынып, ұлттық жадқа айналар тұсқа басымдық берумен ерекшеленеді. Сондықтан тарих пен ұлттық жад бүгіннің қос қазынасы болса, кәсіби тарихшы маман сол қазынаны келер буынға аманаттаушы маман екені даусыз.

Кайыпбаева Ахык,

№78 орта мектеп мұғалімі,
Қазалы ауданы,
Сарыбұлақ ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<