Ұлтын сүйген ұлы жүрек

293

0

Сурет ашық дереккөзден

Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік музейінде Орталық Азиядағы жәдиттік қозғалыстың көрнекті өкілі, педагог-ағартушы, саяси қайраткер Қоңырқожа Қожықовтың қоғамдық-саяси және ғылыми-педагогикалық шығармашылығына арналған «Орталық Азиядағы жәдитшілік феномені: тұлғалар мен тағдырлар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда жәдитшілік құбылысының тарихын ғылыми қалпына келтіру, беймәлім болып келген жәдитшілерді тұлғаландыру, педагог-ағартушы, саяси қайраткер Қоңырқожа Қожықовтың қоғамдық-саяси қызметі мен ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттау туралы айтылды.

Бүгін Самарқан қаласында Серәлі Лапиннің қабіріне зиярат ету, мемориалдық музейде дөңгелек үстел отырысы өткізіледі.

Біз  Қоңырқожа Қожықовтың Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси қызметі мен мәдени мұрасы туралы мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Шығыс өркениетінің отаны саналған Сыр өңірінде қазақтың небір оқымыстылары мен даналары өмір сүріп, елдің ауызбірлігін сақтай білген. Қазақ қоғамын оқу-ағартуда, мәдениетін көтеруде, әлеуметтік ахуалын жақсартуда ауылдарда мешіт пен медресе салдырған, елдің, жердің қамын ойлаған алғыр да болымды азаматтар көптеп шыққан. Олар замана желінен қаймықпай, халқының келешегі мен бақыты үшін ешнәрседен қорықпай, өз өмірінен гөрі ұлт мүддесін жоғары қойды. Қылышынан қан тамған қуғын-сүргін орнағанда игі жақсылардың қаншасы жазықсыздан-жазықсыз атылып кетті.

Алаштың біртуар зиялысы ағартушы, алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, реформатор педагог, мәдениет тарихын зерттеуші Қоңырқожа Қожықов түркі-мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы тұсындағы кезеңде А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Шоқай, М.Дулатов, С.Асфендияров, С.Ақаев, М.Есполов, О.Жандосов, С.Қожанов және тағы басқа көптеген қайраткерлермен етене араласып қызмет еткен. Шындығына келгенде, оның отандық тарих ғылымында азаттық жолында атқарған еңбектері әлі күнге дейін терең зерттелмей, өз бағасын алмай келеді.

Республикаға танымал өлкетанушылар мен тарихшылар, жазушылар оның өмірі мен атқарған қызметі жайлы тәуелсіздіктен кейін қалам тартып, баспасөз бетіне шығара бастады. Биыл репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры осы шыққан материалдарды біріктіріп, «Қоңырқожа Қожықов – ұлттық элитаның көрнекті өкілі» атты кітапты тарих ғылымының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұнның жетекшілігімен басып шығарады. Онда Қоңырқожаның кім болғаны, қандай қызметтер атқарғаны турасында жазылған деректер мен дәйектер топтастырылған. Әсіресе, оқу-ағарту жолында барынша іздене жұмыс жасағаны айтылады. Қазақ балалары үшін арнайы «Әліппе» оқулығының үлгісін жазып, оны баспадан шығаруы ағарту саласының дамуына, өркендеуіне, білімді жетілдіруге қосқан зор үлесі екені айдан анық. Одан басқа да еңбегі ұшан-теңіз.

Кітаптағы деректер бойынша Қ.Қожықов 1880 жылы Перовск уезіне қарасты Кеңтүп болысы «Хан ағашы» мекенінде орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, бұл қазіргі Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылының аумағы. Қоңырқожаның анасы – атақты Әбілқайыр ханның ұрпағы Ерім төренің қызы. Ал әйелі Ләтипа – кіші жүздегі Жаппас руынан шыққан Сыр өңіріндегі атақты болыстың бірі Мұңайтпас Лапыұлының қызы.

«Қоғалыкөл» ауылына жолымыз түсіп бара қалғанда, құймақұлақ ақсақалдар Қоңырқожа Қожықов жайлы жыр етіп айтатын. Кеудесі сырға толы ауыл ақсақалы, кезінде партия және кеңес органдарында басшылық қызметтер атқарған, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қамараддин Рүстемовтің айтқандары еске оралды. Қамараддин ағамыз – Құлболды ишанның бесінші, Қожан қожа әулиенің 9-ұрпағы. Қожан қожаны Сыр бойындағы елді сауаттандыру үшін Асанас би шақырып әкелген деседі. Ескі Асанас қалашығы жақ тұсында бидің мазараты бар.

Қамараддин ағамыздың айтуынша, Қоңырқожаның әкесінің шын аты Қожарахман екен.

– Ол да – діни сауатты адам. Айша атты қарындасы болған. Қожарахманның әкесінің аты – Исақожа, Сыр бойына белгілі Алтайбек ахунның немере інісі. Қожарахманның Қожық атанып кетуінің себебі, «Қоғалыкөлдің» оңтүстік батысында «Қожық», «Қырық жігіт», «Егізқұм» деген жерлер бар. Осы «Қожықты» ұзақ мекен еткен. Сондықтан болар, замандастары мен ауыл адамдары Қожарахман демей, ол кісіні Қожық деп атап кеткен. Үлкендерден естуімше, ол жерде Қожық деген елге жағымды, қолы ашық бай отырған. Сол кісінің құрметіне жер атауы қойылған деген еді.

Ал Қоңырқожаның шын есімі Әбдірахман екен. Өздеріңіз білесіздер, Абайдың, Шоқанның азан шақырып қойған аттары айтылмайды ғой. Сол сияқты халық оны Қоңырқожа деп атап кеткен. Олай атаудың себебі, Әбдірахман өте сыпайы, білімді, елгезек, мәдениетті, салмақты, жібек мінезді, барынша орысша сауатты болған. Соған қарай Қоңырқожа деп атап кеткен бе деп ойлаймын, – деген еді ауыл ақсақалы.

Қоңырқожа Қожықов әуел баста «Кеңтүпте» ауыл молдасынан хат таныған. Жастайынан өте алғыр, зерек болып өскен. Ақмешітке келіп (Перовск) қазақ-орыс теміржол жұмысшы мектебінде білім алған. Мектепті бітіре салысымен қазақ қоғамында білім саласын дамыту қажеттігін терең түсінеді. Содан Ташкент шаһарына келіп, мұғалімдер семинариясынан білім алады. Семинария қабырғасында жүргенде ағартушылық мамандыққа көп көңіл бөліп, білімді жаңаша жетілдіру, жаңаша оқыту тәсілдерін зерттеуге, жаңа қазақ әліппесін жазуға назар аударып, ұрпақ ізгілігіне күш-білімін жұмсауды ел алдындағы парызы санайды. Білімге деген ізденісі құштарлығын арттырады.

Ол 1904 жылы Ташкент семинариясын бітірісімен Самарқан облысындағы «Үргіт» деген ауылға барып алғашқы мұғалімдік қызметін бастайды. Қызылордаға 1909 жылы оралып, өзі туған «Кеңтүпке» тұңғыш рет асарлатып мектеп салдырады, сонда мұғалім болып ауыл балаларын сауаттандырады. Мектепті салдыруға болыс Мұңайтпас Лапин қолдау көрсетеді. Ол «Кеңтүп» болысын 17 жылдан астам уақыт басқарған. Болыстыққа 7 ауыл қараған.

Мұнан соң Түркістан қаласы жанындағы «Қарнақ» медресесіне мұғалім болуға шақырылады. Өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында қазақ балаларының сауатын ашудағы жаңаша бағытын табуға ізденеді. Сол кездегі билік Қоңырқожа Қожықовты Өзбекстанның Әндіжан орыс-түзем мектебіне меңгеруші етіп жіберді. Осы жақта ұстаздық ете жүріп, ағарту саласындағы кемшін тұстарды толықтыру мақсатында, қазақ балаларының сауатын ашуда арнайы кітаптың жоқтығына байланысты 1912 жылы мұғалімдер мен балаларға арнап араб қарпімен «Әліппе» жазады. Бір жағынан Ресей саясатының түпкі мақсаты орыстандыру екенін ұғынған. «Әліппені» бірнеше бөлімдерге бөлген. Бала назарын тәрбиеге аударып, «Жақсы бала», «Қазақ» деген әңгімелерін енгізеді. Бірі тәрбиелі, білімді бала жайлы болса, екіншісі ұлттық құндылықты паш етеді.

Оны Орынбордағы баспагер әрі саясаткер Фатих Каримов қолдап, өз баспасынан жарыққа шығарады. Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлымен жолығып, жақын танысып, оқу-ағартудың болашағы, елді сауаттандыру жайында, толғамды ой-пікірлер алмасады.

Осылай оқу-ағарту ісімен айналыса жүріп, ұлттық қозғалыстарға белсене қатысып, қазақ мүддесін көздейтін қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатады. Семинарияда жүргенде-ақ революционер Г.Ваткинмен танысып, алғаш рет «Искра» газетін оқып, Ресей империясының отарлаудағы түпкі саясатын әріден ұғады. Содан бастап өз ұлтының болашағы жарқын болуы үшін жанкештілік жолдан тартынбайды. Күрескерлігі 1912 жылы Мемлекеттік Думаға қазақ өкілін өткізуге Ахмет Байтұрсынұлымен біріге жұмыс жасағанда айқындалды. 1913 жылы екеуі бірге алғаш «Қазақ» газетін шығарды. Сонымен қатар, «Иллиятия» («Көшпенділер») ұйымын құрып, оған төрағалық етті. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат, Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметі министрлер кеңесінің жауапты хатшысы қызметін атқарған. Кеңес үкіметі тұсында Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының негізін қалаушылардың бірі болып әрі осы оқу орнында дәріс берген. Сондай-ақ 1918 жылдың қарашасында тұңғыш педагогикалық курс ашылғанда Перовскіден оқытушылыққа шақырылады. Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорын толтыруға күш салады. Сөйтіп Қ.Қожықовтың саяси сахнадағы рөлі арта түседі.

1918 жылы 6 қаңтарда ұлт зиялылары біртұтас Қазақ (Алаш) мемлекетін құру мәселесін көтеріп, Сырдария облысы қазақтарының съезін ұйымдастыруда С.Өтегенов, С.Қожанов, Қ.Қожықов, Х.Болғанбаев, С.Алдабергенов сынды қайраткерлер қазақ халқының тұтастығы үшін біріге күрескен. Сөйтіп «Алаш» партиясы қатарынан табылады.

1916 жылы Ресей императоры ІІ Николайдың озбырлық саясатына қарсылық ұлт-азаттық көтеріліске айналды. Отарлық биліктің озбырлығына шыдамай туындаған күрестің мән-жайы онсыз да белгілі еді. Ол кезде Әндіжанда ағартушы қызмет атқарып жүрген Қ.Қожықов әскери экспедицияның халықты қалай қырғынға ұшыратқаны жайлы деректерді Дума депутаты М.Шоқайға көрсетіп, Керенскийге екеулеп береді. Негізінде Қожықовтың қоғамдық-саяси қызметі Түркістан өлкесімен тығыз байланысты. Ол 1916 жылы Ташкентте қызмет жасаған тұста қазақ зиялыларының астыртын «Кеңес» ұйымының бюро мүшесі ретінде ұлт-азаттық көтеріліске белсене араласты.

1917 жылы тамызда Ташкент шаһарында өткен Түркістан қазақ-қырғыздарының съезінде съезд төралқасы болып сайланды. Сырдария облысынан құрылтайға депутаттыққа кандидат болды. 1917 жылдың 17 қарашасында Түркістан мұхтарияты Халық кеңесінің құрамына енді. Қ.Қожықов Түркістан мен Жетісуда жер-су реформасын тікелей ұйымдастыруға басшылық жасады. 1920 жылы Қырғыз ағарту институтының комитеті құрамына мүше болады.

Қ.Қожықов Қазақтың ұлттық мәдениет институтында істеген жылдарында Алматы, Жетісу өңіріне жиі экспедиция ұйымдастырып, көне қорғандар мен дала ескерткіштерін зерттейді. Зерттеулері 1935 жылдары баспасөз беттерінде жарық көреді. Сондай-ақ Орхон жазуы, Қозы Көрпеш моласы мен Келіншектас, Ақтас мавзолейлері туралы құнды ғылыми еңбектер жазғанын айта кеткеніміз жөн. Бұдан басқа да тарихи дүниелерді жинақтап, «Қазақстанның өткен кезеңінің алғашқы бастаулары мен материалдары» деген еңбектің авторларының бірі ретінде шығыс зерттеулерін жүйелейді. Өйткені, ол кісі араб-парсы тілдерін жетік білген.

Ұлт азаттығы жолындағы жалынды күрескер Қоңырқожа Қожықов 1938 жылы халық жауы атанып, атылып кетеді. 1957 жылы жазықсыз деп толықтай ақталады.

Жуырда облыстық «Сыр бойы» газетінің 21 қыркүйектегі кезекті нөмірінде «Қызылорда» атауы қалай пайда болды?» деген өлкетанушы-жазушы Жұмабай Байзақовтың материалы жарық көрген болатын. Онда 1925 жылы Қоңырқожа Қожықов Ақмешіт қаласында өткен Қырғыз-Қазақ АКСР кеңесінің бес күнге созылған V съезіне қатысып, онда Ақмешіт қаласының атауын «Қызылорда» деп өзгертуді ойлап тапқаны қызықты баяндалады. Қожықов оның сырын сұрағандарға «Бұл қос қатпарлы атау екі жақты да қанағаттандыруы тиіс. «Қызыл» большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды» деген екен.

Сөз соңында айтарымыз, ХХ ғасырдың басындағы аласапыран кезеңде ұлт болашағы мен ел келешегінің қамын ойлаған, «Алаш» партиясы қатарындағы тұлғалармен бірге елі үшін қызмет еткен Қоңырқожа Қожықов өз ұлтын шын сүйген ұлы жүректі тұлға екенін атқарған істері айшықтай түскендей. Оның атына туған жері «Қоғалыкөл» ауылындағы №144 орта мектепті беруді жерлестері бұдан бірнеше жыл бұрын ұсынған болатын. Ол ұсыныс сол күйінде шешімін таппады. Енді осы ұсынысқа биліктегі азаматтар қолдау білдірер деген ізгі ниетпен ой қозғағанды жөн көрдік.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<