Ұста қобдиы

573

0

Бұрындары ел ішінде темірден түйін түйіп, көздің жауын алатын бұйымдар жасайтын ұсталар көп болған. Ғылым мен технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда тұрмыс қажетін өтейтін заттардың зауыттар мен фабрикаларда шығарылуына байланысты ұсталық өнердің ұмытыла бастағаны рас.

Ұсталық – ұстамдылықты ұнататын өнер, көнеден үзілмей келе жатқан киелі кәсіп. «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді «темірші», «дарқан», «ұста» деп қадірлеген. Әйгілі Махмұд Қашқари «ағашты ұзын кес, темірді қысқа кес» деген нақылды өсиет еткен. Бағзыдан жеткен сақ әшекейлері де, мыңдаған жылдар мызғымай тұрған балбал мүсіндер де – осы ұсталардың көз майының еңбегі. Түркі халықтары темірден түйін түйетін шеберлердің атын атамай «ұста» деп, жұмыс орнын «дүкен» (ұстахана) деп атаған.

Қазақ жерінде он саусағынан өнер тамған небір ұсталар мен ғажайып ұстаханалардың болғаны белгілі. Соның ішінде Сыр өңірінде де көп болған. Оған қазірге дейін жеткен бұйымдар дәлел. Сондай ұсталардың бірі – ХХ ғасырдың І жартысында есімі елге белгілі болған Әжімбет Қарайғыров. Әжімбет ұстаның қолынан шыққан асыл дүниелер облыстық музей қорында сақтаулы, олар – асадал, адалбақан, сандық, жүкаяқ, күміс зергерлік бұйымдар. Былтыр облыстық музейдің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің Арал ауданы Шөмішкөл ауылына ұйымдастырған «Сыр өңірі бойынша далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер» этнографиялық-фольклорлық экспедициясы нәтижесінде музей қоры ұста қобдиымен толықты.

Қай дәуірде болмасын мұндай дүниелер құндылығын ешқашан жоғалтқан емес, көздің жауын алып, тамсандырмай қоймайды. Ал сол жауһарды жасауда пайдаланған құрал-саймандарды біле бермейтініміз өкінішті. Қобди – ұста, зергер, етікші, т.б. шебер адамдардың құрал-сайманын салып қоюға арналған шағын сандықша. Ағаштан жасалған, іші үш бөлікке текшеленген, ал үсті екі бөліктен тұрады. Оң жағында ашып-жабуға арналған топсалы қақпағы бар. Қақпақтың аузына темірден ілгіш орнатылған. Қақпақ ашылып, ішіне құрал-саймандарын салып қоятын болған. Қобдиды Әжімбет Қарайғыровтың жиені Әбуәли Қаниұлы музейге тапсырды. Оның  айтуы бойынша бұл бұйым қолына анасы арқылы түскен. Анасы дүниеден озған соң, өзі осы күнге дейін сақтап келген. Ағашы көнеріп кетпес үшін кейінгі жылдары қоңыр сырмен бояған.

Ұсталардың көз майын тауысып, өз қолымен өріп, соққан бұйымдары қымбат тарихи қазына саналса, киелі кәсіп иесі – ұсталар пайдаланған құралдар да тиісті бағасын алуы қажет. Кезінде шебердің қолынан түспеген сом балға мен қысқаш, көрік пен қалақ, тістеуіш пен шымшуыр және осы құралдар салынған қобдилар қазір қат болып тұр. Асыл бұйымға жан бітіретін құрал-саймандарды да қызметкерлер зерттеп, музей қорына  алу жұмыстары жүргізілуде.

Ұлпан ХАЙРУЛЛА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<