Вьетнам соғысы туралы не білеміз?

2176

0

Вьетнам соғысы туралы не білеміз? Бұл – АҚШ және Кеңес Одағының тарихы мен мәдениетінде елеулі із қалдырған XX ғасырдың екінші бөлігінің ең ірі соғыстарының бірі. Бастапқы кезде Оңтүстік Вьетнамда азаматтық қақтығыстан басталып, көптеген жылдарға созылып, соғысқа тек қана солтүстік Вьетнам емес, Қытай мен КСРО, АҚШ пен СЕАТО ұйымы араласуға мәжбүр болды. Сол кезде Лаос пен Камбоджада болып жатқан азаматтық соғыстармен шиеленісіп, Оңтүстік Шығыс Азия аймағындағы 1950-жылдардың соңынан 1975 жылға дейін болған әскери қақтығыстар жалпылай екінші Үнді-Қытай соғысы атымен белгілі болды. Ал сол соғысқа қатысқан қазақ бар десе, сенер ме едіңіз? Ондай адам бар. Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ және қазақстандық азамат Қармақшы ауданында  тұрады.

Иса Бисенов Қармақшы ау­да­нының Ақжар кеңшарында 1942 жылдың 5 ақпанында дү­ниеге келген. Әкесі Сақтаға­нов Бисен – мұғалім, анасы Сақ­тағанова Бибігүл шаруашы­лық­пен айналысқан. 1960 жылы Қы­зылордадағы медицина учи­ли­щесіне түсіп, 1964 жылы дип­лом алып, фельдшер болған. Сол жылы  Әлия апайымызбен шаңырақ көтерген. 1966 жылы  Ленинград әскери округінің қол­басшысы Иса Бисеновті ша­қырып алып, одақтас елге баратынын айтқан. Кеңес өкіметі Вьетнам соғысына қолдау біл­­діру мақсатында бір полк әс­­кер жібергелі отыр екен. Полк­те орыстар, беларустар, ла­­тыш­тар, украиндықтар, бір өз­бек және жалғыз қазақ  Иса Бисе­новтің бары да айтылады. Міндеті – Оң­түстік Вьетнамды АҚШ қарулы күштерінен қор­ғау. Әскери тапсырма талқы­лан­байды, орындалады. Айтыл­ды, бітті. Содан бұларды алты ай дайындықтан өткізеді. Сонан соң үстеріне қа­рапайым азаматтық киім беріп, қалталарына дипломаттық төл­құжат салып, Вьетнамға аттан­дырады. Барлығын әскери киім­мен, сән-салтанатымен апаруға мүмкіндік жоқ. Қауіптің сұрқы сұмдық. Сондықтан Кеңес әс­керінің басшылығы осындай қа­дамға барады. 

– Біз ракеталық атқыштар полкі құрамында болдық. Аме­рикалық ұшақтар қаз-қа­тар тұ­рып шабуылдайды екен. Тө­беден төніп келгенде дүние­нің бәрін жалмап жібере­тіндей әсер қалдыратыны бар. Сондықтан оларды жерден ракетамен атып құлатуды мақұл көрген. Бас­тап­қыда ойымыз іске асты. Ір­кес-тіркес келе жатқан жау ұшақтарын жерден бір ғана ра­кетамен атып құлатуға мүм­кін­дік болды. Солай жасадық та. Кейіннен олар да соғыс тәсілін меңгере бастады. Бұрынғыдай бі­рігіп ұшпайтын болды. Енді бір-бірден шабуыл жасайды. Бұл кезде бір ракета бір ұшақ­қа тиесілі еді. Онда да біздің ат­қыштар полкі жау ұшақтарын аттап бастырмайтын. Соғыс де­геннің өзі ойын ғой. Амери­ка­лықтар да ойынның әдісін тез меңгеріп алды. Ұшақты ныса­на­ға алып, ракетаны аспанға жібере саласың. Осы сәтте көкте келе жатқан ұшақ бірден жерге қарай құлдилап кетеді. Ракета адасып қалады. Осындай сәттер жиі қайталанып, біраз мазамызды алды. Сонан соң басшылық бір ұшаққа екі ракета шығындауға рұқсат берді. Ұшақ бірінші ракетадан қашып құтылғанмен, екіншісіне тап келетін. Міне, шырағым, осындай соғыстың сойын көрдік, – дейді Иса Бисенов ақсақал. 

Иә, ол – Вьетнам соғысына қа­тысқан жалғыз қазақ. Қанды оқиғаның қақ ортасында болды. Сондай қан қасаптан аман шығып, елге оралды. Еңбек етті. Вьетнам соғысының арда­гері Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылындағы ауруханада 32 жыл  бойы басшылық еткен. Қа­зір­гідей бірнеше қабатты ең­селі ғимарат болмаса да, ауыл ортасындағы бұл мекеме алыс­тан көзге түседі екен. Басы ауы­рып, балтыры сыздаған адам осы жерден жанына шипа табатын болған. Екі мыңдай халқы бар шағын ауылдың дәрігері Қы­зылдың қойнауындағы малшы ауылдарды да аралап, жүздеген шақырым жол жүріп, шопандар денсаулығын бақылайды. Ауылдың ақкөңіл адамдары Бисеновтен асқан білгір дәрігер бар дегенге сенбеген дейді сол кезде. Кәріліктің кесірінен жиі ауырып қалатын ата-әжелердің өзі оның «ертең құлан-таза жазылып кетесіз» деген бір ауыз сөзінен қуат алыпты деседі. Көңіл сұрай келгендер де: «Иса доғдыр біліп айтады, көп ұзамай сауығып кетеді екенсіз», деп тар­қасатын болған. Халықтың осыншалықты ықыласына бөле­ну үшін қаншалықты тер төгу, еңбек ету керектігін сол құр­метке ие болғандар ғана білетін шығар. Ақ халатына дақ жұқ­тырмай, ауылдық аурухананы ұзақ жылдар бойы басқарған дәрігердің өмір жолы соғыстан кейін осылай өрбіді. 

– Сұрапыл соғыста жинаған тә­жірибем кейінгі еңбек жолым­да іске жарады. Ауыр науқастың шалғайдағы ауылдан аудан ор­талығындағы маман­дарға аман жеткізілуі алғашқы көмектің сауатты көрсетілуіне байланыс­ты. Бірде Қызылқұмдағы жай­лаудың бі­рінде қолын трактор шайнаған жігіт­тің өмірін құт­қарып қалуға тура келді. Аудан орталығына жеткенше қанды тоқтату керек. Бірақ қысқышты 2 сағаттан артық байлауға болмайды. Осындайда әскердегі қанды оқиғаларда қолданылған әдістерді пайдаландым. Зардап шегушінің майда тамырларын байлап, санитарлық авиацияға тапсырдым, – дейді Иса атамыз. 

2013 жылдың сәуір айы­ның басында Қызылордаға Вьет­нам­ның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа іссапармен келген болатын. Осы іссапар барысында Нгуен Ван Хоа облыс әкімінің қа­былдауында болып, Қазақстан бойынша Вьетнам соғыс қимы­лының қатысушысы, соғыс ар­дагері, жерлесіміз Иса Бисеновке  Вьетнам Социалистік Рес­публикасының Президенті мен елшіліктің сыйлығын табыс­таған-ды. Кейін елшіліктен арнайы шақыру алды. Иса Бисенов зайыбымен Вьетнам еліне барып, Президенті Труонг Тан Санктың қабылдауында болып, елдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып келді. Пре­мьер-министрінің қолы қо­йыл­ған «Құрмет грамотасы» мен «Достық» медалінің иегері. Сон­дағы «Құрмет кітабына» есімі таңбаланған қазақ. 

Тарих көші кейін қалып барады. Адамзаттың өткен өмірі ұмыт қалмай бүгінгі және болашақ ұрпақ зердесіне сақталуы тиіс. Бүгінде Иса Бисеновты Қар­мақ­­шы тұрғындары жақсы бі­леді. Аудан орталығындағы та­­ри­хи-өлкетану музейінің экс­по­­зициялық залында Иса Би­сенов туралы мәліметтер көр­сетілген және музей қорында суреттері, медальдары мен  марапат құжаттары сақталуда.

Баршагүл САХИЕВА,

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану  музейінің экскурсоводы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<