Жадымда қалған Желтоқсан

1336

0

Шағын ауылда әңгіме жата ма? Аязды күндердің бірінде «Алматыда оқитын біздің ауылдың Бақыт деген баласы кешегі Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ұсталыпты. Оқудан шығарып жіберіпті. Сотталайын деп жатыр екен» деген суық  сөз желдей есті. Бізден жасы  кіші, мінезі салмақты, өз ортасына беделді ініміздің тағдырына  алаңдап қалғанбыз.

Бұл 1986 жылдың желтоқсан айы болатын. Жоғарыдағы әңгімеден соң көп ұзамай бірнеше адам парторгтың кабинетіне шақырылдық. Кабинетте совхоз директоры, парторг, екі бейтаныс адам отыр  екен. Амандық-саулықтан соң жаңағы бейтаныстың бірі жақында ауылға Бақыт Байниязов  есімді жігіттің келетінін, жұмысқа қабылдап, қоғам өміріне араластыру қажеттілігін басшыларға тапсырды. Ал серігі оның аузынан шыққан әр сөзді қағазға түсіріп, жанталасып жатты.

Қасымда отырған бухгалтер құрдасым  сыбыр ете қалған. Әлгі сабаз біз жаққа ала көзімен тесіле қарағанда, құрдасымның маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Бақыт ауылға оралды. Мінезі бұйығы тартып кетіпті. Құрылыс саласына жұмысқа тұрды. Қыс мезгілінде канал-атыздардың ішінен кетпенмен қамыс шабамыз. Бір жағынан су жүретін арықтардың іші тазаланса, екінші жағынан құрылыс материалдары дайындалады. Әйел-еркегі аралас бір топ адам қақаған қыста трактордың ашық  тіркемесіне мініп, пәленбай шақырым жол жүреміз. Түсте қолмен шауып, баулаған қамыстың үстінде отырып, шай ішеміз. Күн кешкіре ауылға қайтамыз. Сол көрініс қыс бойы айна-қатесіз қайталанады.

Бақытты әңгімеге тартамыз. Ашыла қоймайды. Тағдырдың ащы соққысын жегені, озбырлықтың әділетсіздігінен аузы күйгені  байқалып тұрады. Өмір  дегенді қойсаңшы.  Күні кеше ғана пейілі  Ащыкөліндей шалқып жатқан ауылдың ақеден баласы  томаға-тұйық, салқынқанды азаматқа айналған. Оның себеп-салдарын іштей  түйсінгенмен, оқиғаның толық жай-жапсарын уақыт өте Бақыттың өз аузынан естідім.

Сонымен… Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозда туып-өскен Бақыт әскер қатарынан оралған соң ауылында жұмысшы болып істеді. Әскери мамандығы бойынша фелдьшер. 1986 жылы Алматы қаласындағы зооветеринарлық институттың студенті атанды. Көп ұзамай өмір жолы мүлде басқа арнаға бұрылатынын қарапайым, көпбалалы отбасында өскен ауыл баласы қайдан білсін?

Қызығы мол студенттік кезең басталды. Ветеринарлық факультеттің № 7-жатақханасы. Шетелдік студенттерден жасақталған бөлмеде басшылардың шешімі бойынша Бақыт эфиопиялық  Фента, мадагаскарлық  Жан деген жігіт үшеуі бірге тұратын болды. Мына қызықты қараңыз! Фента ағылшын, Жан француз, Бақыт  қазақ, орыс тілінде сөйлегенмен араларында жылы сыйластық тез орнады. Уақыт сынапша сырғып жатты. Ақыры алып империяны  дүр сілкіндірген «Желтоқсан оқиғасы» да келіп жетті.

Қалған әңгімені Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік, 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Байниязовтың сөзімен өрбітсек:

– Желтоқсан айының 16-жұлдызында  кешқұрым  «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің  бірінші хатшысы Д.Қонаевты орнынан алыпты» деген хабар Алматы шаһарын шарлап кетті.

Ертеңіне яғни, 17 желтоқсанда  сабақ болмады.  Брежнев  атындағы алаңға жиналдық. Адам көп, әрқилы пікірлер  айтып жатыр. Сол күні өзіммен қатар оқитын Өтепов Әлжан, Жарықбасов Марат үшеуміз бірге  жүрдік.

Жастар трибунада тұрған басшыларға «болған жайтты Қонаев шығып, өзі түсіндірсін» деген талап қойды. Сәлден соң «Қонаевтың орнына Ресейден  Колбин деген біреуді әкеліпті» дегенді естідік.  Алаңдағы жастардың қолында «Әр ұлтқа өз көсемі»  деген плакаттар көтеріліп, жиналғандар «Менің Қазақстаным» әнін қосыла айттық. Біздің  жатақханамыз алаңға жақын болғандықтан, арасында  тамақ ішіп келіп жүрдік. Кешке қарай  солдаттар мен  милициялар көбейіп, жанжал, төбелес басталды. Сол жерден қашып жатақханаға келдік. Бөлмелес шетелдік  жігіттерден оларда  мұндай қақтығыс болып тұратынын естідім.  Фента өз елінің билік партиясының адамы болған. Оның айтуынша   өлген,  жоғалған адам болса ешкім жауап бермейді екен.

Ертеңіне 18 желтоқсан  күні алаңның жанында қоршауға түсіп қалдық. Сәтбаев пен сол кездегі Мир көшесінің қиылысында бір топ жастарды  милиция мен солдаттар қаумалап  ұстады. Майор шеніндегі офицер  бізге қолындағы пистолетін кезеніп, солдаттарға «Шаг в право, шаг в лево, на поражение  стреляйте!» деп бұйрық берді. Өзі ата жауын кездестіргендей қалшылдап, кіжінеді. Кім, қанша адам ұсталды, ешкімге белгісіз. Қолымызды қайырып сол жерде тұрған ППМ машинасына апарып тиеді. Ұрып-соғып, қыз-жігіт демей, автобусты толтырды. Артқы бөлігі темір тормен қоршалған екен. Қанша жүргеніміз белгісіз, біраздан кейін бір жерге келіп тоқтадық. Бізді Целинный кинотеатрына жақын Совет аудандық милиция бөліміне әкелген  екен. Есік ашып, бір-бірлеп түсірді. Жол мен милиция ғимаратының  арасы 5-10 метрдей болады. Далада  қолдарына темір таяқ  ұстаған, екі қатар  адамдар легі тұр. Саптың  ортасымен біреуден жіберіп жатыр, ұрып, теуіп өткізеді. Соққыдан жолда  құлап жатқандар көп.

 Менің кезегім келгенде алдымдағы жігіт құлап қалып, орнынан тұруға көмектескенмін. Басыма соққы сарт ете түсті. Мұрттай ұштым. Сол таяқтың салдарынан басым қазір де ауырады. Қамақ бөлмесіне зорға жетіп, талықсып кетіппін. Кіреберістегі темір тордың ішінде қанша уақыт жатқанымды білмедім.

Бір милиция қызметкері мені әжетханаға ертіп апарып, бет-аузымның қанын жудыртты. Сәл тазарған соң тергеушіге кіргізді. Сұрақ-жауап басталды. Қалтамды тінтіп жатақханаға берілген рұқсат қағазын тауып алып, студент екенімді білді. Тергеу түн ортасына дейін созылды. Қолыма нөмір беріп, түрлі кейіпте суретке түсірді. Өздері «естелік үшін» деп кекетіп қояды. Түн ортасы ауа қамаудан босатты. Жатақханаға сүйретіліп, зорға жеттім. Сол сәттен бастап өмірімдегі азапты кезең басталды. Деканатқа шақырып, жиналысқа салды. Күнде тергеуге шақырады. Комсомолдан шығарды. Күнде жиналыс. Ректор «балам, ешкімді алаңда көрдім деп айтпа, кейін келіп оқисың» деп өтініш айтты.

Целинный кинотеатры жанындағы ГУВД шақырып, рұқсат қағаз    жасатып өзіме жеке тергеуші тағайындады. Күнде  екі мезгіл жауап  берем, паспортым сол тергеушінің қолында. Бір күні альбом көру басталды. Кабинетте екеуден-екеу болдық. Суретке сәл кідірсең тергеуші «танисың ба?» деп тықақтайды. Мен танып тұрсам да «жоқ» деп басымды шайқаймын. Қанша қинаса да, ешкімді ұстап бермедім. Ақыры қылмыстық іс тергеліп бітті.

Ертесіне участковыймыз деп екі милиция жатақханадан алып кетті. Марат, Әлжан үшеумізді Калинин  аудандық сотына апарды.  Ісімізді  сотқа жіберген екен.  Сот төрайымы екі әйел үшеумізге «бұл студенттер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, артық ешнәрсе айтпайды» деп бұрқылдап, 10 тәулікке қамауға үкім шығарды. Қамау мерзімі біткенде 10 сом айыппұл салды. Студентке әжептәуір пұл. Менде ондай ақша қайдан болсын? Бөлмелес жігіттерден алып беремін дедім. Сот орындаушылары зорға келісті. Қолыма кісен салып жатақханаға «Уаз» көлігіне тиеп, алып келді. Жатақханадағы таныстардан қатты қысылдым. Айдауылдарға «аға, қолыма кісен салмай-ақ қойыңыздаршы?» деп жалындым. Қайдағы? Маған «сволочь, аузыңды жап, қашып кетесің» деп дүрсе қоя берді. Жатақханаға кірген соң кісенімді шешті.

Біреуі алдымда, екіншісі артымда екі милиция ұзын коридормен айдап  келеді.  Жатақханадағылар  маған үнсіз, тесіле қарайды. Бөлменің есігін қақтым. Іштен екі жігіт шыққанда айдауылдар шалқасынан түсе жаздады. Шетелдіктерді кездестіреміз деп ойламаса керек. Асып-сасып, жандары қалмай менен  бұлардың кім екенін сұрады. Мәнісін түсіндіріп, айыппұлдың ақшасын сол екі шетелдік азаматтан алып бердім. Милициялар алды-артына қарамай зыта жөнелді. Бөлмелес үш дос құшақтаса қауыштық. Ал ертеңіне  КГБ қызметкері іздеп келді. Институтқа шақырып, «бес тәуліктің ішінде Алматыдан кетемін, енді келмеймін» деген қолхат жаздырып алды. Құжаттарымды алып ауылға жол тарттым, – деді ол.

Желтоқсан жарасы әлі жазылған жоқ. Қаншама боздақ қыршынынан қиылып,  қаншама жас мүгедек болды. Небір өрімдей өрендердің өмірі тозаққа айналды. Қаншама жас жазықсыз сотталды, қудалауға түсті, оқудан шығарылды. Алайда озбыр империяның жендеттері қасқырдай қайсар қазақ жастарының сағын сындыра алмады. Солардың бірі ақ бұлтты Ақтан батырдың, әулие Қожаназар ишанның ұрпағы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Серікбайдың ұлы Бақыт Байниязов еді.

Айтпақшы, Бақыттың жұбайы Оразкүл Қаржаубайқызы да – Желтоқсан көтерілісіне қатысушы. Бойында батырдың қаны тулаған Бақыт пен Оразкүлдің шаңырағында ел келешегі болар ұрпақ өсіп келеді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<