Жалаңтөс баһадүр

1376

0

Әлім деген бір ел бар

Әлімсақтан белгілі,

Аңыз болған әлемге

Ерлігі мен өрлігі.

Жолбарыстай жоталы

Арыстандай қаһарлы,

Биіктігі аспандай

Дала сынды кеңдігі.

Әлім деген шайқалған

Дүнияның теңізі,

Төртқарадан тараған

Сейітқұлдың сегізі.

Сегізінің ішінде

Іші гауһар, сырты дүр

Жалаңтөс пен Әйтеке

Ердің ері – негізі!

Еске салар дабылы

Найзағайдың күркүрін,

Жауды көрсе жайнаған

Шері сынды, шіркінің.

Маңдайдағы көзі ғой

Таңдайдағы сөзі ғой,

Ер баһадүр Жалаңтөс

Түбі терең түркінің.       

Ораз қажы әулие –

Жалаңтөстің бабасы,

Артық еді патшадан

Ақылы мен санасы.

Ұлық ақсақ Темірге

Бас уәзір болған-ды,

Қара қылды қақ жарған

Кіші жүздің баласы.

Асыл Ораз қажының

Тоқпан батыр шуағы,

Бәрі алып шетінен

Ішінде жоқ уағы.

Сонда Тоқпан батырдан

Жаратылып Сейітқұл,

Сейітқұлдан арслан –

Ер Жалаңтөс туады.

Бес жасында Жалаңтөс

Аттың жалын тартады,

Он жасында Жалаңтөс

Топқа түсті алқалы.

Он бес жасқа толғанда

Бұқараның төрінде,

Қол басы боп Жалаңтөс

Даңқы көкке артады.

Ерек сүйіп жаратқан

Нұрын құйып Тәңірі,

Алатаудай асқақ-ты

Қаратаудай сабыры.

Сайын дала төсінде

Алапасы тасыған,

Сан ғимарат тұрғызған

Самарқанның әмірі.

Ер Жалаңтөс артына

Өшпес мұра қалдырған,

Сәулетшінің түр-түрін

Самарқанға алдырған.

Үш мың құлды тұтқын ғып

Айдап келіп Кабулдан,

Самарқанды гүлдентіп

Медресе салдырған.

Самарқанның әмірі

Шын өнерді таниды,

Қанша әмір болса да

Жомарт көңіл, жаны игі.

Өзі тауып шеберді

Өзі бас боп тұрғызған,

Самарқанның төріне

«Шир-дор», «Тіллә Қариді».

Ата жаудан тайсалмай

Ер Жалаңтөс тұрады,

Ақ найзасын қолында

Астында боз пырағы.

Шақпақ, Кеңгір тауында

Қонтайшы жау Батурдың,

Елу  мың қол әскерін

Тас-талқан қып қырады.

Ер Жалаңтөс ежелден

Дұшпанға бас имеген,

Шапқан жауын батпақтай

Қансоқта ғып илеген.

Тәшкен менен Түркістан

Кабул менен Мешхетті,

Ақылымен, сесімен

Бағындырып билеген.

Хан-Патшадан кем емес

Ер Жалаңтөс қарасаң,

Алым-салық төлеген

Сый жіберіп орасан.

Үндістан мен Хорезм

Қырғыз, қашқар, қалмақпен

Тибет және Гераттан

Балқы менен Хорасан.

Сабасына түсірді

Тасқан менен асқанды,

Ер Жалаңтөс дітінен

Жүміле жұрт жасқанды.

Қол астына қараған

Барлық ұлттың өкілін,

Алаламай, шет көрмей

Әділдікпен басқарды.

Тербетілді, тербеді

Ұлы Тұран бесігі,

Кем болған жоқ патшадан

Жалаңтөстің несібі.

Алтынменен жазылды

Тарихына ерліктің,

Салқам Жәңгір, Жалаңтөс

Ер Есімхан есімі!

Беу, Жалаңтөс ер бабам

Алты алаштың туысың,

Сен есенде ешқашан

Шайқалмаған ырысым.

Самарқанның қақпасын

Алтынменен әдіптеп,

«Алшын» деген сөз жазған

 Шыныменен ұлысың!!!

Бақытбек Смағұл,

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<