Жанкент және зерттеу жұмыстары

1712

0

Қазалы ауданындағы ортағасырлық Жанкент қалашығында «Жанкент қалашығындағы аспан асты музейі және далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері» тақырыбында далалық семинар өтті. 

Жанкент қалашығы Қа­зақ­­станның ортағасырлық та­ри­хын, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеуде тірек саналады. Кө­не ескерткішті 2005 жыл­дан бе­рі «Халықаралық Жан­кент архео­логиялық экспе­ди­циясы» зерттеп келеді. Ар­хеолог, та­рихшы, остеолог, топы­рақ­танушы, архитектор, гео­фи­зик және т.б. ғалымдардан құ­­рал­ған экспедиция кешенді архео­логиялық және пән­аралық зерттеу әдіс­терін пайдалануда.

Семинарда Жанкент қала­­шы­ғындағы 2016-2020 жыл­дары бірлесіп жүргізілген ғы­­­лыми-зерттеулерінің нәти­желері талқыланып, қалашық аумағында аспан асты музейін ұйымдастыру, ескерткішті сақ­­­тап қалу және қайта қал­пына келтіру жұмыстары та­ныс­ты­рылды. Облыс аума­ғын­­дағы ар­хеологиялық ес­­керткіштерге барлау жұмы­сын жүргізу, мо­ниторинг, сарап­тама жасау, өңірдің ішкі туриз­мін дамыту секілді өзекті мәсе­лелер сара­ланды.

Айта кетейік, биылғы қазба маусымында археологиялық зерттеулермен қатар, архитек­туралық құрылыстарды ың­­ғай­­лау, қайта қалпына кел­ті­ру жұмыстары қолға алын­ған. Мысалы, ескерткіш цита­де­лі­нің солтүстік қорған қабыр­­ға­­сында 5 мұнарасы аршы­лып, мезгілді жауын-шашын­нан қор­ғау мақсатында сырты са­ман жабындымен жабылды. Сондай-ақ, №1 қазбада орна­лас­қан үйдің орны қалпына келтірілді. Жалпы, бұл қазба­ның аумағы 400 шаршы метр темір жабындымен жабылған. Үйдің үш тұрғын бөлмесінің қабырғалары жергілікті халық­тың құрылыс әдісіне айналған «каркасты» әдіспен көтерілді. Бөлмелердің төбесі пәшінмен жабылып, ортасына терезесі орнатылды. Бөлмелердің ішіне ер және әйел адамның, баланың мүсіндері қойылды. Осылайша, зертеушілер қалашық ішін­дегі тұрғын үйдің ежелгі қал­пын қайта жандандырды. «Бұл іс-шаралардың түпкі мақ­­саты – аршылған нысан­дарды ашық аспан астын­дағы музейге айналдыру жолын­дағы алғашқы қадамдар бо­лып табылады», – дейді ор­та­лық же­текшісі Әзілхан Тә­жекеев. Ғалымдардың пікі­рінше, келешекте осы бағыт­тағы жұмыстар Жанкент қа­ла­шығының аума­ғында ар­хео­­логиялық парк қа­лыптас­тыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, бұл жұ­мыстар 2005 жылы басталған кешенді зерттеудің жалғасы. Осы аралықта ескерткіштің 3000 м² бөлігі зерттеліп, та­был­­ған 200-ге жуық экспонат об­лыс музейлерінің қорына өт­кізілген. Ал, 2014 жылдан бас­тап қазба жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­­лекеттік университетінің «Ар­­хеология және этнография» ғылыми-зерттеу орта­лы­­ғы об­лыстық бюджет есе­­­бі­нен жүргізуде. Мұны об­лыс­­­­­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйым­­­дас­тырып келеді. Қазір­гі таңда қалашықтың аумағы толық қоршалып, «JANKENT» стелласы бой көтерді. Қазба жұмыстары нәтиже­сін­де іске асқан жобалар келешекте Жан­кентті туристік орынға айнал­дыруға және архео­логиялық парк қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<