Жарқ еткен ғұмыр

1156

0

Жарты ғасырдан астам уақыт тарих тасасында қалып келген Әлібек Қоңыратбаев – көркем әдебиетке жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың бас кезінде келіп, әдебиет тарихы, әдеби сын, очерк, әңгіме, көркем аударма салаларында жемісті еңбек еткен қаламгер. Өзінің қысқа ғұмырына қарамастан ол қазақ әдебиетінде айтарлықтай із қалдырған қаламгер, сындарлы сыншы.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Әлібек Қоңыратбаев туралы Қазақ КСР энциклопедиясында былай делінген: «Қоңыратбаев Әлібек Қоңыратбайұлы – кеңес жазушысы, аудармашы, сыншы. 1915 жылы туған ауылында оқыды. 1926-1930 жылдары Ташкенттегі Қазақ Халық ағарту институтын бітірді. Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған ол «Жаңа әдебиет» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Одан кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, кейін Қазақстан мемлекет баспасында оқу құралдары бөлімінің меңгерушісі болған».

Әлібек Қоңыратбаевтың азды-көпті қаламгерлік еңбегі өз замандастарының назарынан тыс қалмапты. Ол 1934 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне кандидат, ұзамай толық мүшесі болады. Қазақстан жазушыларының бірінші съезіне делегат болып сайланып, Горький қол қойған жазушылық билетін алу құрметіне ие болған аз ғана қазақ қаламгерлерінің қатарына ілігеді.

Еліміздің ұлттық энциклопедиясына Қоңыратбаевтар әулетінен төрт бірдей есім енген екен. Солардың кішісі профессор Тынысбек Қоңыратбай – бүгінде танымал ғалым. Ол өзінің әкесі Әуелбек Қоңыратбаев туралы естелік жазбасында былай деген: «І.Жансүгіров басқарған Жазушылар ұйымында жауапты хатшы болған жазушы, аудармашы, тетелес інің Әлібек Қоңыратбаев Міржақып Дулатовтың қызына үйленіп, «неміс-жапон шпионы» ретінде атылып кете барған. Қазан төңкерісіне дейін көптеген мақала, өлеңдерімен танылған, беріде ТүркЦИК (1924), КазЦИК (1925) мүшесі, халық соты болған ағаң Қалжан Қоңыратбаев та Алашордашыл ретінде ұсталып, мерт болған.

Осының бәрін бізден жасырып, құпия ұстап келгеніңді кейін білдік. Шамасы, саяси қудалауды көп көргендіктен, «зияны ұрпағыма тимесін» деген болуың керек. 30-жылдарғы мерзімді баспасөз беттерін ақтарып, ағайынды үшеуіңе қатысты толып жатқан материалдарға тап болдым. Әсіресе, «Лениншіл жас» газетінің 1937 жылғы 29 шілдедегі санында басылған «Тәжібаев және оның достары» деген көлемді материал көп нәрсенің бетін ашып берді. Әдебиет әлеміне бойлай бастаған Әлібек Қоңыратбаев, Абат Әлібаев, Рахым Уәлиахметов сияқты отызға енді келген жас қаламгерлердің нақақтан атылып кеткенін де осы деректерден байқауға болады. Әлібек болмаса, Жазушылар одағының мүшесі болған қалған екеуі туралы әлі күнге ешкім ауыз ашқан емес».

Әдебиет майданында Әлібек көбіне сыншы, аудармашы, оқулық авторлары ретінде көрінген. «Горький қазақ әдебиетінде», «Қаскелең» поэмасы туралы» секілді сыни мақалалары сол тұстағы әдеби сынның талаптары тұрғысынан жазылған. Қаламгер прозалық туындылар да жазған. Бұған қоса, М.Жолдыбаев, М.Әуезов, А.Әлібаевтармен бірігіп алғашқы әдебиет оқулықтарын әзірлеген. Әлібек туралы алғашқы деректерді академик Қажым Жұмалиевтің «Жайсаң жандар» атты естелік кітабының С.Сейфуллинге арналған тарауынан кездестіреміз. Онда ғалым Әлібектің көңілді, ақжелең жігіт болғанын, Сәкенді бұрыннан білетінін баяндаған. Оның жастық шағындағы тұлғалық-шығармашылық келбеті поэзия және проза тілімен де сомдалған.

Әлібек Қоңыратбаев республикамыздың әдеби өміріне ерте араласқан. 1920 жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жазушының әдеби-публицистикалық мақалалары мен эссе-әңгімелері жарық көре бастаған. 1931-1933 жылдары қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының жауапты хатшысы қызметін атқарып, жазушылар съезін өткізген. Сол тұста жарық көрген «Қазақстан жазушылары» атты анықтамалыққа енгендер қатарында Әлібек Қоңыратбаевтың да есімі бар.

Оның балалық шағы Шиелі жерінде өтіп, кейін республикаға танылған. Көркем аударма саласындағы еңбектері де елеулі. Ол Тургеневтің «Отцы и дети», Мольердің «Скупой», Чеховтың «Ванька», «Хамелеон» сияқты әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар  А.Стахановтың «Менің жұмыс әдісім», М.Дьюкановтың «Мен жұмысты қалай істеймін?» сияқты тәжірибелік жазбаларын да аударып бастырған. М.Горькийдің КСРО жазушыларының І съезінде сөйлеген сөзін аударғандардың бірі де осы – Әлібек Қоңыратбаев.

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешіп, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне бір кісідей еңбек еткен қаламгер мұрасы  көзіқарақты оқырмандар болмаса бүгінгі жас ұрпаққа беймәлім. Дүниеден қыршын кеткен КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, әдебиет сыншысы әрі аудармашы Ә.Қоңыратбаевтың есімі ешқашан ұмтылмайды. 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<