Адамзат тарихына көз жүгіртсеңіз, жан түршігерлік соғыстардың санынан жаңыласыз. Бірақ олардың бірі де екінші дүниежүзілік соғыс әкелген зардаппен салыстыруға келмейді. Ол – адам шығыны бойынша әлем тарихындағы ең қатыгез соғыс. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде басталған зұлмат алты жыл ішінде 50 миллионнан аса адамның өмірін қиып, шамамен 1 млрд 700 млн адамға зияны тиген. Бір ғана Қазақстанның өзінде жақынын майданға аттандырмаған отбасы жоқ-ау.
Қазақстаннан халықтың 25 проценті жасақталып, жарты миллионнан астам азамат майдан даласында құрбан болды. Жалпы алғанда, екінші дүниежүзілік соғыс қазаққа өте ауыр тиді. Зұлмат соғыстың тарихы, зардабы, жеңістен кейінгі Қазақстан жайлы кино мен деректі фильмдер, көркем әдебиет пен мемуарлық шығармалар, түрлі зерттеулер аз болған жоқ. Бірақ атауы Сталинның «Смерть шпионам» деген сөзінің қысқартылған нұсқасынан алынған, «СмерШ» қарсы барлау тобы туралы ақпарат жоқтың қасы. Әрине, қатаң құпия мен бақылау жағдайында Отан тыныштығын қорғаған бөлім туралы жазбалардың жарыққа шықпауы түсінікті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана азаматтарымызға қатысты біршама құжаттарға қол жетті.
Сталинград түбінде жеңіліс тапқан Вермахт басшылығы 1943 жылдың ақпан айында қарсылас тылында диверсиялық әрекеттерді күшейту үшін Абвердің 35 барлау-диверсиялық мектебін ашады. Оған Отанына сатқындық жасауға дайын, Кеңес армиясының жеңісіне күмәнмен қарайтындарды іріктеп алады. Жау жоспары кеңестердің бас барлау басқармасына жетіп, араға екі ай салып 1943 жылдың 19 сәуірінде «СмерШ» қарсы барлау басқармасы құрылады. Фашистік шпиондарды анықтап, майданның алғы шебінде жүрген қауіпсіздік органы қызметкерлері арасында 400-ден астам қазақстандық та жүрді. Жаумен жасырын алысқан, Отан алдында адал қазақ жауынгерлерінің бірі – Қызылорда облысының тумасы, кіші лейтенант Айдарбек Ақбердіұлы Ходжаназаров.
Ол 1925 жылы 2 ақпанда Шиелі ауданы Тартоғай ауылында дүниеге келген. 18 жастағы жігіт 1942 жылы ақпан айында өз еркімен майданға сұранып, әскер қатарына қабылданады. 1943 жылдың қыркүйегінде БЛКЖО қатарына қосылды.
Неміс басқыншыларымен болған шайқастарда 2 рет жарақат алды. 1943 жылдың маусымына дейін Гомель әскери-жаяу әскер училищесінде оқып, 20-шы гвардиялық әуе-десанттық бригадаға ауыстырылды. Бригада сапында Айдарбек Отан алдындағы борышын 1944 жылдың қаңтарына дейін атқарады. Шамалы уақыттан кейін қызметі Мәскеу түбіне ауыстырылып, 1 ақпанда Ленинград майданының гвардиялық дивизиясына жіберіледі.
Бұл кезеңде «СмерШ» қатарына қабылданатын жауынгерлер жан-жақты дайындықтан, партиялық сүзгіден өтіп жатқан болатын. Олардың өмірбаяны, шығу тегі мен туыстары қатаң тексеруден өтеді. Майдан даласында ерлігімен көзге түскен білекті де жүректі, мықты да қайсар жерлесіміз 1944 жылдың қазан айында қауіпсіздік органының қызметіне шақыртылады. Қарсы барлау бас басқармасының мектебінде арнайы оқытудан өтіп, «СмерШ» қарсы барлау бөлімінің жедел уәкілі ретінде жауапты қызметке тағайындалады. Екінші дүниежүзілік соғыс ресми 1945 жылы 9 мамырда аяқталғанымен «СмерШ» үшін «Абвер» тыңшыларын ұстап, олардың диверсиялық әрекеттеріне тосқауыл қою міндеті тоқтаған жоқ. Жерлесімізге Германия жерінде фашистік және власовшыл шпиондарды анықтап, оларды жою тапсырмасы беріледі. 1945 жылдың қарашасынан 1947 жылдың тамызына дейін ол Потсдам қаласының коменданты болды. Осылайша жасырын жаумен күрестің қайнаған ортасына түсті.
Оның ерлігі жөніндегі деректер архивте сақталған, бірақ оларда аса ірі шайқастар туралы жазылмаған. Десек те, Айдарбек Ходжаназаровтың барлау қызметіндегі оперативтік қызметі жауды әшкерелеуде үлкен стратегиялық маңызды рөл атқарғаны дау тудырмайды. Ол ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі ҰОС орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Жеңіс үшін» және «1941-1945 жж. ҰОС Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Өкінішке қарай батыр өкпе дертіне шалдығып, Германияның Белитц қаласындағы госпитальда көз жұмады. Аға лейтенант Айдарбек Ходжаназаров Потсдам қаласындағы бауырластар зиратына әскери құрметпен жерленді.
Кейін 80-жылдардың аяғына таман немере інісі Марат Ходжаназаров (қазіргі таңда ҚР қауіпсіздік органдарының полковнигі) Германияда әскери қызметін өту кезінде Потсдам қаласындағы бауырлас зиратынан қабірін тауып алып, гүл шоқтарын қойды. Ал 2012 жылы Кеңес әскерлерінің зиратына «Германияның тарихи ескерткіштері» мәртебесі берілді. Тәуелсіздік алып, шекара асуға мүмкіндік туған заманда Мараттың үлкен қызы Айымжанның Германияға жолы түсіп, батыр атасының басына барып құран бағыштап қайтты.
Талапбай Мадияров,
Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша
ҰҚК ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<