Жауһар жәдігерлерді уақытпен жалғаған

458

0

Сыр елінің тарих тағылымын, өткені мен бүгінін кейінгі жас ұрпаққа танытқан, өңірдің мәдениеті мен рухани ордасына айналған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне биыл 85 жыл толып отыр.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1939 жылдың 7 ақпанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумы ұйымдастыру комитетінің арнайы қаулысымен құрылған. Алғашқы жылдары өз жұмысын өлке тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған. Музей 1890-1896 жылдары салынған Перовск Қазан-Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта болды. Оның ең құнды экспонаттары батыр киетін дулыға, сауыт, 1853 жылы Ақмешіт бекінісін алуда пайдаланылған зеңбірек ұңғылары, Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымда болған ақша коллекциясы еді. 1939 жылы штат бойынша төрт адам жұмыс жасады. Алғашқы директорлығына 1939 жылдың 6 сәуірінде Крылов Илья Ипполитович тағайындалды.

1941 жылы Қазақстанды зерттеу жұмыстары бойынша облыстық бюроның жоспарына сәйкес музей тарапынан бірқатар шаралар ұйымдастырылған. Азамат соғысы жылдарындағы партизандық қозғалыс туралы очерктер құру, халық батырлары туралы поэмалар, ертегілер, әңгімелер, пайдалы өсімдіктер жайлы материалдар жинақтау, өлкетану үйірмелері, мектеп оқушылары арасында қара және түсті металдарды жинау жұмыстары жүргізілген. 1947 жылдың аяғында облыстық музей жанынан музей-өлкетану кеңесі құрылып, оған тарихи, сәулет-көркемдік, өнеркәсіптік-көліктік, ауыл шаруашылығы, әдеби-фольклорлық, жаратылыстану-географиялық, мектеп секциялары кірді. 1949 жылы музейде 7108 адамға экскурсия ұйымдастырылған.

Соғыстан кейінгі жылдары өлкенің экономикасы, еңбекшілердің жетістіктері, облыстың өнеркәсібі және мәдени өмірінің дамуы, тарихы музей экспозициясынан орын алды. 1955 жылы Мәскеудегі әйгілі Третьяков галереясынан атақты суретші В.Верещагиннің «Форт Перовск», «Церковь форта Перовск» атты картиналарының көшірмелері алынған. 1956 жылы 8 қазандағы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Орталық мемлекеттік музей қорынан еліміздің өнеркәсібіне қатысты карталар, ауыл шаруашылығына байланысты фотоқұжаттар, аң-құстардың тұлыптары, ортағасырлық Сығанақ қалашығының археологиялық бұйымдары, дүнген батырының дулығасы, қоқан зеңбіректері, қазақ батырының дулығасы мен сауыты және қару-жарақтар облыстық музей қорына тапсырылған.

1974 жылы музей жанындағы кеңес пен облыстық мәдениет басқармасы бекіткен шаралардың жоспарына сәйкес, экспонаттарды жинау жұмыстары бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп, ғылыми қызметкерлер Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының ауылдарына іссапарға шығып, зергерлік бұйымдар жинақтаған. Оның ішінде халық ақыны Нартай Бекежановтың домбырасын ерекше атауға болады.   

1980 жылы облыстық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің шешімімен музейге екі қабатты қонақ үй ғимараты бөлінген. Бұл – 1953 жылы салынған, қаламыздың көрікті архитектуралық ескерткіштердің бірі.

1980-1985 жылдары музей күрделі жөндеу жұмыстары мен жаңа экспозицияның құрылысына жабылып, 1985 жылдың 7 мамырында жұмысын қайта бастады.

1996 жылы материалдық-техникалық жабдықталуына көңіл бөлінуінің арқасында қор бөлмелері қызметкерлер күшімен күрделі жөндеуден өткізіліп, реставрациялық шеберхана ашылды. Сол жылы өлке тарихы, археология-этнография және табиғат бөлімдері жұмыс жасады.

2001 жылы Қорқыттану орталығына айналдыру мақсатында Қорқыт ата музейі облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып қайта құрылды.

Көне дәуірлерден бастап өлкеміздің бүгінгі күнге дейінгі тарихы жайлы мәліметтерді бір жерге жинақтап, халық игілігіне айналдыруда экспозицияның алатын орны ерекше. Мұнда өлке тарихын зерттеу, тарихи-мәдени мұраларды жинақтау, келешек ұрпақты отаншылдық, патриотизм рухында тәрбиелеу бағытында жұмыстар жүргізіледі.

Қазіргі кезде бұл – бұқаралық-көпшілік шаралар өтетін орталық. Мекемелер мен ұйымдар, жекелеген адамдар үшін әлеуметтік-шығармашылық өтініштерін орындап, түрлі тақырыпта тарихи-танымдық көрмелер, лекциялар, әдеби-музыкалық кештер ұйымдастырады, лекциялар жүргізеді. Ғылыми қызметкерлер аудандық музейлердің реэкспозициялық жұмыстарына әдістемелік көмек көрсетіп отырады.

Ғылыми-ағарту жұмыстарының негізгі формасы – экскурсия. Ол  арқылы экспозиция, бөлімдер және қор халыққа таныстырылады. Экспозиция мен көрмелерді ұйымдастыру арқылы облыстық музей әртүрлі жастағы, категориядағы, әр саладағы адамдарға қызмет көрсетіп келеді.

Музей өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырады. Халқымыздың үкілі үміті мен асыл арманын іске асыратын ұрпақ тарихын білуі тиіс. Міне, осындай төл тарих пен ұлттық идеологияны насихаттайтын рухани-мәдени орталықтың қорында қазір 65939 экспонат сақтаулы, оның 39007-сі негізгі, 26932-сі көмекші қорға жатады. Ал 4502 экспонат музей залдары экспозицияларына орналастырылған.

Мұнда өлкенің құрылу тарихы, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, мәдениет пен спорт, ғылым-білім, медицина салалары бойынша жетістіктерін айғақтайтын 11 көрмелік экспозициялық зал халық назарына ұсынылып келеді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шірік- Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде табылған экспонаттар, соның ішінде сақ дәуірінде алтыннан жасалған әшекей бұйымдарды ерекше атауға болады.

2008-2010 жылдарға арналған «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасына сәйкес құндылықтармен интернет арқылы танысуға мүмкіндік жасау мақсатында мультимедиялық тұсаукесер (презентация) жасалып, WEB сайт орнатылды.

Бүгінде облыстық музей Сыр бойының өткені мен бүгіні жайлы баяндайтын үлкен мәдениет орталығына айналды. Оның жанында «Ақмешіт» музейі және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы және 11 музей филиалы жұмыс істейді.

2014 жылы Сыр елінің жергілікті суретшілері мен қолөнершілерінің шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік беретін тұңғыш Көркемсурет галереясы ашылды.

2015 жылы реконструкция және реэкспозиция жұмыстары жүргізіліп, заманауи экспозициямен жабдықталып, музей жаңа кейіпке енді. Сонымен қатар заман талабына сай компьютерлік технологиялармен, мультимедиялық презентациялар, сенсорлы моноблок, «Музеолог» бағдарламасы мен әр зал LED экранды телевизормен жабдықталған. Экспозицияны ашатын видеоматериалдар қосымша құрал ретінде көрерменге ұсынылуда. Фойелерде орналастырылған сенсорлы моноблоктар арқылы музей әлеміне виртуалды енуге, қордағы зергерлік және этнографиялық бұйымдар коллекциясын тамашалауға болады.

Сыр өңірінің рухани мұрасын көпшілікке таныстырып, насихаттауда «Музей энциклопедиясы», «Бір жәдігер», «Музей радиосы», «Жас өлкетанушы», «Құнды жәдігер», «Болашақ экспонат», «Жәдігербаян», «Музей тур», «Ғажайып ғимарат сыры» жобалары жүзеге асырылуда.

Тарихтың тереңінен тамыр тартатын туған өлкеміздің жылдар қойнауындағы құндылығы мен маңызын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейдің орны бөлек. Жыл сайын сақталып тұрған жәдігерлерді бұқара халыққа насихаттау мақсатында «Музей түні» ұйымдастырылады.

Облыстың 85 жылдығына орай ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған археологиялық материалдар негізінде ақсүйек әйелдің реконструкциясы мен ежелгі Шірік-Рабат қалашығынан табылған археологиялық материалдар негізінде алтын киімді сақ жауынгерінің реконструкциясы музей қорын толықтырды.

Ғасырлар сынынан өтіп, уақыт пен болмыс қалыптастырған ұлттық дәстүріміз, бабалардың маңдай тері, аталардың қол еңбегі, аналарымыздың көз майы сіңген төлтума дүниелер – көненің көзі. Көз жауын алып, көңіл толқытатын жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр.

Мәдени тегімізді танытатын төл мұралар, шашауы шықпай жеткен жауһар жәдігерлер сақталған музейдің жаңарған экспозициясы Алаштың асқақ рухын баяндап, Сыр елінің тарих тағылымын кейінгі жас ұрпаққа таныта беретіні сөзсіз.

А.ҚАПАНОВА,

 архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің археографы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<