Желтоқсанда жастарды қолдаған азамат

1317

0

Рсалиев Аққоян атты қарияны көпшілік марафоншы ретінде таниды. Ол спорттың осы түрімен 70 жасынан бастап айналысып, 4 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Алайда, марафоншы қарттың желтоқсан оқиғасына қатысқанын ешкім білмейді.

2020 жылы Түркияның Анталия қаласындағы халықаралық марафон жарысына Қазақстан атынан бір өзі қатысып, 81 жасында чемпион атанды!  Сол тұста республикалық БАҚ жарыса жазып, есімі шартарапқа танылды. Әрі бес құрлықтан қатысқан ең қарт марафоншы болып тіркелгені тағы бар.

Аққоян менің көршім, екі күннің бірінде әңгіме-дүкен құрып, қауқылдасып қаламыз. Әрі қазақы дәстүрмен ағалы-інідей сыйласып кеттік. Ол соғыс алдында Арал ауданындағы Бекбауыл станциясындағы теміржолшы Бердібаев Рсалының отбасында дүниеге келді. Бекбауылдағы мектеп 7 жылдық болғандықтан оқуды «Сольтрест» елдімекенінен бітіруге тура келді. Онан соң Қазалы станциясындағы ЖДУ деп аталып кеткен теміржол училищесінде 3 жыл оқып, «вогон қараушы» деген мамандық алып, еңбекке араласты. Ақтөбе қаласындағы вогон депосында жұмыс істеп жүргенде Кеңес әскері қатарына шақырылды.

Одесса қаласындағы әскери-теңіз десант құрамында Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүргенде «Қалқан-63» әскери жаттығуға қатысып, жауынгерлер арасында ерекше көзге түсті. КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Р.Малиновскийдің қолынан медаль алды. Әскерден келген соң «тепловоз машинистінің көмекшісі» мамандығына оқыды. Алматыға қоныс аударып, сол кездегі астанадағы Локомотив депосында еңбек етті. Өзіне жүкелген жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаратын маман басшылардың айтуымен машинистік оқуды да оқып алды. Оның туған жері Қазалыға қайтып келуіне себеп болған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы еді.

Сол ызғарлы күндері Компартия пленумы шешіміне наразы болған студенттер мен жастар Брежнев атындағы алаңға шыққанда оларды қуып тарату үшін жасақшыларды пайдаланғаны белгілі. Алматы қалалық партия комитетінің нұсқауына сәйкес локомотив депосының жұмысшыларынан тез арада жасақшылар жасақталды. Олардың қатарына жұмыста беделді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын теміржолшылар іріктеліп алынды.

Олардың қатарына машинист Ақоян Рсалиев болды. Қолдарына темір арматур беріліп, «алаңдағы жастарды қуып, тарату керек» деген тапсырма алған Аққоян теміржолщылармен бірге амалсыз алаңға асығыс жүріп кетті. Соңдарында орыс ұлтынан іріктеліп алынған милиция қызметкерлері бар, ал жасақшылар тек қазақ  ұлтынан. Олардың арам ойы белгілі болды, қазақты қазаққа айдап салу екен. Не істеу керек? Жүріп келе жатып барлығы да «өзіміздің қандастарымызға қол көтермейміз, не де болса бәріміз бірге көрейік» деп шешті.

Алаңға жеткесін Аққоян және барлық қазақ жасақшылары алаңдағы жастарға бар дауысымен: «Айналайын бауырлар! Тез тараңдар! Сендерді ұрып-соғып тарату үшін, біздерді мәжүбірлеп әкелді» деп кезектесіп айқайлады. Арттағы жоғары шенді орыс милиция офицері бұлардың не деп айтқандарын түсінген болуы керек: «Алға арай жүгіріп, ұрып соғындар!» деп тапсырма бергенімен, қазақ теміржолшыларынан құрылған жасақшылар тобы ондай әрекетке бармады.

Одан кейінгі жағдай белгілі, «алаңдағы жастарға қолдау көрсетті» деп, әрқайсына сенімсіздік көрсеткен мінездеме жазылды. Осы мінездмені басшылыққа алып қызметтен төмендету басталды. Мысалы, бұрынғы машинистер көмекшілікке, ал машинист көмекшілері жөндеушілікке ауыстырылды. Коммунист теміржолшылар партия қатарынан және жұмыстан шығарылды. «Аққоян Рсалиев Қазалыдағы Локомотив депосына ауыстырылсын» деген бұйрық шықты. Қаланы тастап кетуіне 24 сағат уақыт берілді. Әйтпесе Алматының Москва аудандық ішкі істер бөліміне 15 күнге қамауға алынатыны ескертілді. Осылайша, ол Қазалыға қайтып келуге мәжбүр болды.

А.Рсалиев 1986-1997 жылдары Қазалы локомотив депосында машинист болып абыройлы қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты, жұмыс істеген жылдарында Батыс Қазақстан теміржол басқармасының басшылары болған Панов және Хамзин тарапынан талай рет марапатталып, құрметті болды.

Аққоянның басына бұлт үйірлгенде қасындағы жары Еркін апай қолдау көрсетіп, азаматына демеу болды. Жұбайы Еркін Өмірзақова да теміржол ауруханасында ұзақ жылдар бойы медбике болып еңбек етті.  

Тәуелсіздігіміздің жақындауына Желтоқсан оқиғасының себепші болғанын басынан өткерген Ақоян ағай заман тыныштығын және ел амандығын тілейді.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,

 тарих пәні мұғалімі Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<