Бауыржан Момышұлының Жеңістен кейін өзі басқарған дивизия жауынгерлерінің алдында сөйлеген сөзін оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім.
– Сәлеметсіздер ме, жолдастар! Арттағылар бері жақынырақ отырыңыздар. Мен кісі жемеймін. Сіздермен ең соңғы оқиғалар туралы кеңескелі келдім. Бұл оқиғалардың әрқайсыңыз үшін әр семья, әр ана, әр бала үшін шешуші маңызы бар. Демек, мемлекеттік, бүкілармиялық, бүкілхалықтық, бүкілдүниежүзілік салмағы бар оқиға бұл.
Біздің еліміз өзінің даму тарихында Германия мен Жапонияны жеңуге байланысты жаңа кезеңге аяқ басты. Осыған байланысты СССР Жоғарғы Советінің президиумі армия қатарындағылардың кейбір категориясын еліне қайтару туралы заң қабылдады. Бұл заң бойынша осы категорияға жататын жолдастар елдеріне қайтарылады. Миллиондаған ата-ана балалы болады. Миллиондаған жесір ерін табады. Миллиондаған шаңырақ жаңадан көтеріледі. Ал кей сәби өз әкесін бірінші көреді. Өйткені ол бұрын әкесін суреттен ғана танитын. Енді ол әкесінің тізесіне отырады. Кішкене қолдарымен мосқал жауынгердің тотыққан жүзін сипалайды. Бұл заң бойынша иесіз қалған талай үй иелерін табады. Ер-тұрмандар жаңарады, айылдар тоғаланады, тартпалар майланады. Соғыс айырған талай арулар табысады. Бұл заңның арқасында еліміз талай ауыртпалықты басынан кешірген, талай қатал сыннан өткен мыңдаған, миллиондаған жұмысшы қолына ие болады. Міне, бұл заңның бүкіл еліміз үшін мәні осындай. Халық, үкімет, сіздерге, жауынгер жолдастар, шын көңілден алғыс айтады.
Бұдан үш ай бұрын біз қарттар мен қыздарды ғана армия қатарынан босатқан едік. Бірақ олар біздің армиямыздың негізгі көпшілігі емес қой. Рас, олар армияның негізгі бөлімдерінің бірі болды. Әйтсе де нағыз көпшілік қорғаушы күш, сүйенер тірек болған жоқ. Бұл факт олардың жанқиярлық еңбегін, адам таңғаларлықтай табандылығын жоққа шығара алмайды. Олар өз қолынан келгенін бәрін жасады, өздеріне тиесілісін алды. Мен қарттар мен қыздардың қайтпас қайраты, рухының алдында басымды иемін.
Енді біздің армияның қатарында сіздердің інілеріңіз бен қарулас жолдастарыңыз қалды. Бұлардың қайсыбірі – әскерге 1943-1944 жылдары шақырылған азаматтар. Сонда бүкіл соғыстың ауыртпалығын түп-түгел көтерген кім? Ол жиырма бес, қырық жастың арасы, Сіздер, сіздердің құрдастарыңыз. Соғыстың басынан аяғына дейін бар ауыртпалықты өз иығымен көтерген осы ұрпақ, бұл тарихи жеңіс негізінен осы ұрпақтың үлесіне тиеді. Бұл жеңіс – Совет қаруының жеңісі, сол қаруды ұстаған біздің жеңіс. Сіздің қол фашизмнен тек елімізді ғана қорғап қалған жоқ, бүкіл дүние жүзін апаттан аман алып шықты. Бүкіл цивилизацияны, демократияны, революцияны сақтап қалды. Өткенді ғана емес, бүгінгі болашақты қорғап қалды. Міне, Совет Армиясы жеңістің бүкілдүниежүзілік тарихи маңызы осындай!
Сіздер өз полктеріңіз 22 гвардия полкін тек сіздерде ғана құрылған және қазір де солай деп ойлайсыңдар ма? Жоқ олай ойламайсыздар. Сіздерді полк командирі сапқа тұрғызып, маған рапорт бергенде, мен тек сіздерді ғана көргенім жоқ. Сіздер секілді «Ленин» орденімен наградталған үш полкті – өлгендер полкін және сіздің полкті көрдім. Өлгендер көп пе, сіздер көпсіздер ме?
– Өлгендер көп, жолдас полковник!
– Мүгедектер қанша?
– Аз емес, жолдас полковник…
– Сонымен бірінші сентябрь мен он бесінші ноябрь аралығында елдеріңізге ораласыздар.Сол қамқор ұяға, бейнетқор отбасына ораласыздар. Сағынышқа сағыныш, махаббатқа махаббат ғана жауап бере алады. Семьябасылық, әкелік, балалық беделдеріңізді сақтай біліңіздер, бұл – менің бірінші ақылым.
Екінші, біз әрқайсыңызға аздаған ақшалай сыйлық береміз. Бұл – сіздерге берілген дүние емес, үй-іштеріңізге балаларыңызға, жақын-жарандарыңызға, бір сөзбен, сіздердің жеңістеріңізді тойлауға хақы бар адамдарға берілген дүние. Біздің еліміздегі әр семьяның хал-күйінің ауырлығы ешкімге құпия емес. Біз осы арқылы ешкімді де байытпақ емеспіз. Тек ескереміз, сіздер де ескеріңіздер. Беделді адам екенсің, сол беделді алдымен өзің қадірлей біл. Сен тамаша жауынгер бола алдың, тамаша егінші, тракторшы, мұғалім, ғалым, тамаша еңбек иесі де бола біл. Мылтық ұстаған қолың күректі де ұстасын. Жауыңды жек көре білген жаның жарыңды аялай білсін. Жорықта буған белді, еңбекте босатып алма. Сіз енді мылтық атпайсыз. Бірақ шабуыл аяқталған жоқ. Сіз енді окоп қазбайсыз, бірақ күрек ұстау керек.
Сіз енді мылтықтан, бомбадан, жаудың тұтқиыл шабуылынан қорықпай тыныш ұйықтай аласыз. Бірақ сергектік қажет. Жеңістің мақтанышы, Жеңістің тәкаппарлығы отбасына жүрмейді. Мұны да ұмытпағайсыз, сыпайы, қарапайым солдат болып аттандың, сондай болып орал. Даңқ атаулы қатаң тәртіпті талап етеді.
Жауынгер жауға ғана жауынгер емес, еңбекте де жауынгер, – деп ойын қорытқан екен қайран Баукең.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<