Жойқын жарылыс

1258

0

       1960 жылдың басында Қармақшы мен Қазалы аудандарының түйіскен жерінде орналасқан Төретамдағы әскери алаңда өте құпия жағдайда КСРО-ның  ракета-ядролық қалқаны сынықтан өтіп жатты.

КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары, стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің бас маршалы, Кеңес Одағының батыры Митрофан Неделин аса жауапты да маңызды істің басында жүрді. Сол тұста М.Неделин әскери басшылардың ішіндегі ең беделдісі болды. Оның өмірі туралы армия генералы В.Толубко «Неделин» атты кітап жазып, оны «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен шығарды. Соғыс кезінде Балатонскідегі сәтті операция үшін батыр атағын алған оны: «фашистердің бас күйретушісі» деп атап кеткен болатын.

       1960 жылдың күзінде Неделинді ешкім маршал формасымен көрген жоқ. Төретамдағы ұшу алаңында ол былғары куртка мен хром етікпен жүрді. Ол ешкімнен де ерекшелініп көрінбейтін. Алда жауапты іс конструктор М.Янгельдің бірінші континентаралық баллистикалық Р-16 ракетасын сынау ісіне дайындық қызу жүріп жатты. 1960 жылдың 23 қазанында ракетаны құрастырмалы корпустан ұшу алаңына шығарып, арнаулы ұшырылатын қоңдырғыға орналастырды. Ракета маңында Неделин, бас коструктор М.Янгель, полигон бастығы Горчакпен бірге болды. Істің маңыздылығы сонша, олар тамақты асығыс жүрдім-бардым ішті. Түске дейін ракетаға жанармай толтырылып болды. Кенеттен түстен кейін қозғалыстың автаматты жүйесінен ақау табылды, люктер ашылып ақау дәнекерленді. Жанармай толық құйылған ракетада жөндеу жұмысын жүргізу қауіпсіздік ережесін дөрекі түрде бұзу еді. Бұндай асығыстыққа олар амалсыз барды. Себебі, 1960 жылдың 14 қазаны күні бас хатшы Н.Хрущев Москваға Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясынан оралған болатын. Бұл сапар туралы кеңестік баспасөзде «Американы дүр сілкіндірген 20 күн» деген тақырыппен көпіртіп мақтап жазып жатты. Шындығында БҰҰ мінбесінен Никита Хрущев дөрекі түрде былай деген еді: «Социалистік елдегі адамдарды қорқыта алмайсыңдар! Біздің экономикамыз гүлденіп, техникамыз қарыштап жедел дамуда. Сендер біздерді жанталаса қарулануға мәжбүр етіп отарсыздыр. Біз сендерді жеңеміз! Мен жақында ракета шығаратын осындай заводта болдым, ракета шығару бізде конвейрге қойылған ракеталар сосика сияқты автоматты түрде шығып жатыр» дей келе сөзін өзінің тарихта қалған: «Я вам покажу кузькину мать» деген боқтық сөзімен түйіндеді.

БҰҰ сессиясына қатысып отырған әлемнің көптеген елдерінің басшылары Н.Хрущевтың сөзін естігенде естерінен тана жаздады. Хрущев деген қарапайым шаруа баласы еді, саясат дегенді онша түсінбейтін, тек уақыт ағымымен биліктің ең биік шыңына кездейсоқ келген адам болатын. АҚШ сапарынан келген бойда Хрущев Қорғаныс министрінің орынбасары Неделинді шақыртып алып, оған: «Р-16 ракетасын тез арада сынақтан өтізіңдер» деп айқайға басқан болатын.

Сондықтан да ракетадағы ақауды айтып, сынақты кейінге қалдыруды  сұрағанмен даңғой бас хатшының ешқандай да келісім бермейтінің білгілі еді. Алда үлкен мереке – Ұлы Октябрь мерекесі келе жатты. Хрущев болса осындай мерекелерде мінбеден жетістіктерді ұрандатып айтуды жақсы көретін. 24 қазан күні кеш түсе бастағанда конструктор М.Янгельге Неделин: «Михайл Кузьмич, бәрі болды, бақылау пункітіне бара беріңіз. Мен соңғы шылымымды шегіп тастайын», – деді. Шынымен бұл оның соңғы шылымы болды.

  Бұл жарылыс туралы баспасөзде: «1960 жылдың 24 қазанында жерглікті уақытпен 18:45-те ұшырылудың 30 минуттік дайындығы кезінде газбен тұтанатын қозғалысты қосу кезінде жарылыс болып, маршал Митрофан Неделин бастаған әскери құрама қаза тапты» деп қысқа ғана хабарлама берілді. Бункирде бақылап отырғандардың айтуына қарағанда ракетаның үш сатысы жарылып, 160 тонна сұйық отын төгілген. Асфальттің өзі жанып, қиыршық тастары ғана қалған, от қызуы 3 мың градусқа жетіп, ешкім тірі қалмаған.

Келесі, 25 қазан күні КСРО  Жоғары Кеңесінің төрағасы Л.Брежнев бастаған мемлекеттік комиссия Төретамға келіп, жарылыстың неден болғаның анықтай алмай бастарын қатырды. Ұзаққа созылған мәжілістен соң  «Ойда жоқта болған бақытсыз жағдай» деген шешімге келді. Төретамнан кетерінде Л.Брежнев: «Никита Сергеевичпен ақылдасып алғаным қандай жақсы болды, бірден ортақ шешімге келдік» дейді.

Жарылыс кезінде қаза тапқан 126 адам №10 алаңдағы бауырластар зиратына жерленсе, маршал М.И.Неделиннің соңғы рет темекі шеккен жердің күлі алынып, Кремль қабырғасына қойылды. Жыл сайын 24 қазан Байқоңыр қаласында «қаралы күн» ретінде аталып өтіледі.

       Болған апатты бас хатшы Н.Хрущевке бас коструктор М.Янгель хабарлағанда алғашқы естіген сөзі: «Сіз қалай аман қалдыңыз?» болды. Мұны «Сіз неге аман қалдыңыз?» деген мағынада қабылдаған Янгель инфаркт алды. Ол өмір бойы өзің кінәлі сезініп жүрді. Ақыры, өзінің 60 жылдық мерей тойының басталуына жарты сағат қалғанда жүрегі ұстап, қайтыс болды. Жойқын апат Н.Хрущевтің АҚШ-ты басып озу үшін асығыс саясатынан болғанын ешкімге айта алмады. Бұл туралы бас хатшы болып М.Горбачев келіп, қоғамға жариялылық пен демократиялық үрдісті енгізген соң ғана айтыла бастады, оған дейін бұл апат туралы біз де мүлде білмедік.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

                                                                           Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<