Жосалы механикалық зауыты

2618

1

Кеңес өкіметінің тұсында жүргізілген саясаттың бірі – индустрияландыру болса, сол бағыттың жемісі, Қармақшыдағы шағын өндіріс орны – Жосалы механикалық зауыты. Біздің өлкеде кен орны болмаса да, индустрияландыруға үлес қосқан Жосалы механикалық зауытының өзіндік даму жолы мен тарихы бар.  Зауыт тарихы көнекөз аға ұрпақ  пен зауытта еңбек еткен ардагерлерге ғана мәлім, кейінгі ұрпақ осы өндіріс орны туралы біле бермейді.

Жосалы механикалық зауыты

Кеңес өкіметі тұсында негізі қаланып, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында күні-түні еңбек етіп, майданды қару-жарақтың бір түрі – минамен қамтамасыз еткен зауыт ірі өндіріс ошағына айналды. Соғыстан кейін де дүниежүзіне әйгілі болып, 400-ден аса кәсіп­орын мен геологиялық басқармаларға өз өнімдерін жіберіп отырды. Мысалы, Куба, Ауғанстан, Иран, Вьетнам, Аргентина, Сирия, Тунис, т.б мемлекеттерге зауыт өнімдерінің маркасы танымал болған. 1925 жылдың 10 маусымында КСРО Еңбек және қорғаныс Кеңесінің арнайы қаулысымен Атбасар түрлі-түсті металл тресі құрылды. Бұл трест құрамына Қарсақбай комбинаты мыс балқыту зауыты, Байқоңыр көмір шахталары мен Жосалы темір жол станциясының қасынан мыс қабылдап, тиейтін қойма кірді. Бұл қойма орнына кейін тұтынушылар одағының дүкендері орналас­ты. Қарсақбай – қазақ елінің тұңғыш отандық металлургиялық орталығы болатын. 800 шаршы шақырым аумақты алып  жатқан бұл жер Қызылорда өңіріне жататын. Жосалы Қарсақбайға ең жақын орналасқан, патша өкіметі кезінде салынған «Орынбор-Ташкент» темір жолының бойындағы станция еді. Қарсақбайға қажетті жүктерді түйемен, атпен 430 шақырым қашықтыққа тасыған. Екі ортада 18 бекет орналасып, осы екі араны жүк керуені 7 күн жүретін. Бұл кер­уенде 1500 түйе, 1000-нан астам атарба болып, жүк тасылса да, жұмысты үлгерте алмады. Жер қойнауынан табылған мыс рудасын темір жол бойына тасу мақсатында қазіргі зауыт төңірегіне, сол кездегі ең ірі деген 300-350 автомашинасы бар «АМО» маркалы автобаза паркі ашылды. Бұл кәсіпорынның ашылуына септігін тигізген комбинат директоры Иван Васильевич Деев пен ұлтымыздың мақтанышы, атақты академик, «Атбасар түсті металл» тресінің бас геологы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болды. Ол қыстақтың түкпір-түкпірінде болып, жергілікті халықты өндіріске тартты.

1938 жылғы 19 қазан Қарсақбай зауыты өміріндегі ерекше күн болды. Бұл күні зауыт алғашқы металын және Байқоңыр шахтасы көмір бере бастады. Болашақ Жосалы механикалық зауытының іргетасы Жосалы автобазасы негізінде қаланды деп айтуға болады. 1930 жылы Жосалы станциясында құрылған автобаза «Қарағанды-Жезқазған» темір жолы іске қосылғанша 9 жыл бойы мыс  тасыған. Елімізде ашаршылық болып жатқанда бұл кәсіпорын жүздеген азаматтарды нәубеттен құтқарды. Жоғарыда айтқан темір жолды іске қосылуына, жұмыс көлемінің ұлғаюына орай  1939 жылдың 15 маусымында КСРО Түсті металлургия Халық комиссариатының бұйрығымен Қарсақбай зауытының бұрынғы автомашина жөндеу шеберханасының базасында Жосалы бұрғылау, құрал-сайман зауыты ұйымдастырылды. Бұл зауыт қосалқы тау-кен барлау құралдарын дайындайтын «Түсті метал» тресінің құрамында қалды. Бар-жоғы 3 жүк машинасы, 3 түйе, 7 ат, 3 есек қана болды. Жаңа заманға сай келетін құралдар да берілген жоқ, көпшілігі істен шыққан, тозығы жеткен дүниелер болатын. Жарамды станоктар Қарсақбайға әкетілді. Сонымен қатар жұмысшы, инженер қызметкерлер ұлттық кадрлар, нағыз мамандар жеткіліксіз еді. Алғашқы кезде зауытта құю, механикалық цехтар жұмыс істеді, мұнан басқа электр станциясы және қазанда қайнатылып шығарылатын бу әзірленетін. Бұрғылау құрал-саймандары, шахтадан су тартатын насос­тар шығарылды. Ол кезде небәрі 142 адам жұмыс істеді. Өнім шығарудың көпшілігі қол күшімен атқарылды. 

1941 жылдың 1 қаңтарынан 1 тамыз­ға дейін  жаңа өнім шығару жағдайына қалыптаса бастады. Осы уақыт аралығында 160-тай түрлі құрал-жабдық, геолог-барлаушыларға арналып аспаптардың бірнеше түрлері шығарылды. Зауыт соғысқа дейінгі жылдарда одақтық маңызы бар кәсіпорын болып саналды. Өндірістің дамуымен бірге ондағы жұмысшы-қызметкерлерінің білім дәрежесі, мәдениеті де өсті, шеберлігі ұшталды. Осылай өсіп-дамып келе жатқан зауыт өмірін бүкіл кеңес халқының басына зор қасірет әкелген фашистік Германияның шабуылы күрт өзгертті. Аяғынан қаз тұра бастағанда сұрапыл соғыс зауыт ұжымының жұмысына кері әсерін тигізді.

1941 жылдың 22 маусымында кешкі сағат 19-да механикалық зауыт клубында Қармақшы ауданының жұмысшылары мен қызметкерлерінің митингісі өтті. Митингіге қатысушылар барлық жұмыс­ты қайта құрып, оны соғыс жағдайына бейімдеп, еңбек өнімділігін арттыруға, тәртіпті нығайтуға барлық күш-жігерін салатындықтарын айтып, бірауыздан шешім қабылдады. Қаһарлы күндерде көптеген жұмысшылар өздерінің бейбіт кәсібін соғыс жағдайына бейім­деп, қолдарына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Майданға аттанған әке-ағалардың орнын ақ жаулықты аналар мен 14-15-тегі балалар толтырды. Жасөспірімдік шағы сол уақытпен тұспа-тұс келген еңбек ардагері Жұмағали Төрешов ауыр кезеңді былай деп еске алады: «1941 жылы 10 маусымда зауытқа жұмысқа тұрғаннан кейін, көп ұзамай соғыс басталды. Жасым 15-те, жұмысым – шойын құюшы. Өте ауыр болса да, жастық жігермен қиындыққа төзіп, еңбек етуге құлшындым. Қаншама жұмысшылар майданға аттанып, орны босап жатты. Бос станокқа біз сияқты жастар келді. Цехтар күндіз-түні жұмыс істеп жатты. Ұстазым Виталий Савельевич Бессарабов деген кісі еді. Ал цех бастығы Гончаров қатал да әділ болатын. Жұмыс десе, ішкен асын ұмытып, беріліп жұмыс істейтін. Сондықтан жұмыс та өнімді болатын. Шығарған қаруымыз – минаны кідіртпей, майданға жөнелтіп жаттық. Қанша шаршап-шалдықсақ та, жауға қарсы қуатты қаруды көптеп шығаруға тырыс­тық. Сөйтіп Отан қорғауға өз үлесімді қостым деп айта аламын».

БКП (б) Орталық комитетінің жанындағы партиялық бақылау комиссия­сының Қазақ КСР бойынша жауапты бақылаушысы Рязанцевтің Жосалы зауытына «Главгеолмашцвет» басшылары тарапынан берілген арнаулы тапсырыстардың орындалуы жайлы жасаған баяндамасында 1941 жылдың 1 қыркү­йегінен бастап, геологиялық құрал-саймандарды шығаруды тоқтатқандығы жазылған. Жаңа тапсырыстар қабылдау­ға, эвакуа­цияланған 1200 адамды және 300 станок орналастырып, іске қосуға дайын екені айтылды. Сонымен бірге 1942 жылғы 5 қаңтардағы берген хабарында «резбалы калибрдың нұсқасын жасап, оны Ташкент қаласына өңдеуге, өз дәрежесіне жеткізу үшін жіберемін» деген мәліметтер бар. 1942 жылы 23 қаңтарда Қорғаныс Комитетінің қаулысымен Жосалы механикалық зауытына 82 миллиметрлік шойын миналарды шығару тапсырылды. 1942 жылдың 6 наурызындағы КСРО түсті металлургия Халық комиссариаты бұйрығымен тек қана наурыз айында 10 мың дана мина шығару міндеті қойылды. Зауыт жұмысшыларының қажырлы еңбегінің арқасында 1942 жылдың 1 сәуірінде арнайы тапсырысты орындауға 13 станок жұмылдырылып, тәуліктік норма 500 данаға жетті. Сөйтіп бір жыл  мерзім ішінде Жосалы зауытында диаметрі 82 миллиметрлік мина шығару жұмысы сырттың көмегінсіз толығымен  атқарылды. 1942 жылы зауыт 627500 жаңа өнім шығарды. Бұл жоспар бойынша 104,9%-ті көрсетті. 1943 жылдың бірінші тоқсанында 82 миллиметрлік шойын минаның 23058 данасы шығарылды. Өндірістік тапсырма 128%-ке артығымен орындалып, еңбек өнімділігі 148%-ке көтерілді. Өнімнің өзіндік құны 5%-ке түсті. 

«Барлығы майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін» деген ұранмен жігерленген жұмысшылар соғыс жылдарында бүкіл еліміз бойынша жүргізілген екі жүздікшілер қозғалысына да белсене қатысты. Шикізат пен жұмыс уақытын үнемдеу сол уақытта қатаң назарға алынды. Бұл ұсыныстар мақұлданып,  алған міндеттемелер зор ықыласпен орындалады. Соғыс жылдарында да социалистік жарыс өрістеді. Оған қатысушы әрбір бесінші жұмысшы – стахановшы, әрбір алтыншы жұмысшы – еңбек екпіндісі атанды. 1943 жылы сәуір айы­нан бастап, Халық комиссариаты бұйрығымен арнайы өнім шығарылудан босатылып, кәсіпорындар үшін қосалқы бөлшектер дайындауға ауыстырылды. Зауыт «Главгеолмашыцветмет» тресінің қарамағына беріліп, 26 сәуірден бастап әскери бұ­йым шығару тоқтатылды.

Қалып құю цехы автотранспорт бөлшектерін дайындауға бейімделді. Цех жұмысы тез арада қайта құрылды. Бұрғылау құрал-жабдықтарын шығаратын бұйым тапшы болғанына қарамастан артығымен орындалды. Токарьлік станокты жөндеу жұмыстары да тез жүргізілді. Аз уақыт ішінде 38 токарьлік станоктардың 13-і, 18 орташа жөнделетін станоктың 9-ы қайта жөнделді. Зауыттың жаңа бұйымдар шығаруға икемделуі жаңа кадрларды қажет етті. Қысқа мерзімде 5 жаңа бұйымның түрі игерілді. Ал 2 ай ішінде 37 жаңа бұйым шығарылды. 1945 жылы зауыт ұжымы аса қиын агрегат КА-300, КА-500 деп аталатын бұрғылау станогын игеріп, оны шығаруға кірісті. Өнім өндіру жоспарын 115% орындады. Жетістікке жету оңай болған жоқ. Барлығы да қолмен атқарылды. Бұл шығарылған өнімнің сапасыз болуына әсер етті. Зауытқа жаңа заманға сай құрал-жабдықтар қажеттілігі біліне бастады. Жұмысшылар мен қызметкерлер берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындай алатындығын көрсете білді. Осы кезең зауыт ұжымын шыңдаған үлкен сынақ мектебі болды.

 Соғыс аяқталып, зауыт ұжымы қайтадан бейбіт өмірге көшті, 30-дан астам номенклатурамен шығатын өз өнімін барлық одақтық және автономиялық облыстарға жібере бастады. 1940 жылмен салыстырғанда өндіріс өнімін шығару 20 еседен артық көбейді. Соғыстан оралған жауынгерлер еңбек етіп, оның жандануына  үлес қосты.

Жылдар өте келе зауыт ұжымы кемшіліктерді жойып, қиыншылықтарды жеңуге ұмтылды. Жоғарыдағы кемшіліктерді болдырмау үшін зауыттағы кәсіподақ  ұйымы цехтың және зауыт әкімшілігімен біріге отырып, сапалы өнім шығарудың жолдарын іздестірді. Ол үшін ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін зауыт өміріне енгізу және жұмысшылар мен инженер техникалық қызметкерлердің жағдайын жақсарту қажеттілігі туындады. Нәтижесінде жалпы көлемі 350 шаршы метр тұрғын үй, монша, су өткізетін мұнара мен су тартатын станция салынды. Өндірісте кейбір құралдарды механикаландырды. Мысалы, құрылыс бөлімінде ағаштарды кептіру үшін кептіргіш пеш салынды. Арнайы өнертапқыштық комиссия құрылды.

Зауытта соғыс жылдары және соғыс­тан кейін түрлі ұлттар еңбек етті. Аудандық архив құжаттарын ақтарғанда зауыт еңбеккерлерінің көпшілігі қазақ, орыс, шешен ұлты болғандығын, сонымен қатар өзбек, тәжік, корей, татар, еврей, латыш, украин, беларусь тіпті финдердің еңбек еткенін анықтадық. 1954 жылы 96 адам еңбек етсе, оның 34-і қазақ, 41-і шешен, 8-і грек, 10- ы орыс, 2-еуі татар, 1-і корей ұлтынан екен.

Сан жылдық тарихы бар Жосалы механикалық зауытында тағдыры тоғысқан  түрлі ұлттардың жұмыс істеген кездері мен кейінгі өмірін, олардың ұрпақтарын зерттеу жұмысына арқау етсек, артық болмас еді. Өйткені мұның өзі басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқының кеңпейілдігін танытатын бірден-бір мәлімет болды.

Шматовтың тұсында цехты қайта құру жұмысы аяқталды. 1956 жылы зауыт маңында балабақша, электростанция, тағы басқа нысандар салынды. Жұмысты көп жағдайда қолмен атқаруға тура келетін. Механикалық цехта детальдарды қолдап таситын, мұны көбінесе көмекші әйелдер атқаратын. Алда механикаландыру мәселесі тұрды. Зауыттағы инженер-конструктор Борис Иванович Ким станок арасына тізбектелген конвеер орналастырды. 1956 жылы Пушкарь бас инженерлік қызметіне келді. Құрылыс бөлімін өз ісіне адал Ақмырза Қуатов басқарды. Материалдың жетіспегеніне қарамастан, қыстақ орталығында зауыт демеушілігімен кинотеатр және мектеп салынды. Пушкарьдің басқару тұсында кездескен қиыншылықтарды зауыт әкімшілігі қоғамдық ұйымдармен біріге отырып шешуге ұмтылды. Бұл жағдай ұжымда тәртіпті нығайтып, жоғары сапалы өнім шығаруға жұмылдырды. Одан кейін келген директор Кобешовтың ұсынысымен өндірістік қызметті жақсартуда тиісті шаралар ұйымдастырылды.

Он бірінші бесжылдықта зауыт өнімдері шет елге шығарылып, әсіресе Өзара Экономикалық Кеңес мүшелері елдері геологтардың бұрғылау бұйымдарымен қамтамасыз етілді. Шығарылған өнім жайлы сол кезеңдегі Чехословак Социа­листік Республикасының мамандарының бірі Миклаш былай деп жазды: «КСРО-да ФКО сүзгішін ЧССР-ға Жосалы механикалық зауыты дайындап, «СоюзГеотехника» арқылы жеткізілді». 1983 жылы мемлекеттік комиссия сапа белгісін берді. Келесі жылы ФКО сүзгіші Мәскеу қаласындағы «Геоэкспо-84» халықаралық көрмеге қатысып, құрмет дипломына ие болды. Зауыттың әрбір шебері мен инженер-техник қызметкеріне НОТ тәрбие  саласы, еңбекте өндіріс сақтауды, жаңа техниканы енгізу мен технологияны жетілдіріп, сапалы өнім шығаруға бағыт беріп отырған. 1976 жылы зауыт өнімі мемлекеттік сынақтан өте алмаса, 1982 жылы шығарылған өнімнің барлығы бірінші категорияны иеленді. 1983 жылы ФКО жоғары сапамен шығарылып, геологиялық құрал ретінде дүние жүзінде тұңғыш рет Жосалы механикалық зауытында жасалып, ірі капиталистік елдердің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Сирия, Пакистан, ЮАР) патентіне ие болды.

Тимур Леденёв,

Қармақшы аудандық

тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<