Жосалыдағы май зауыты – тарихтың бір парағы

1438

0

Қармақшы – талай-талай тарихи оқиғалардың куәгері болған шежірелі атажұрт, қасиетті мекен. Рухани мұралар бір бөлек, өндірістік жағынан зерттеуге тұратын орындар жеткілікті. Соның бірі – Жосалы май зауыты.

Зауыттың өмірде болғанын архив құжаттары мен еңбек ардагерлері ғана арқылы жинақтадым. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ардагерлердің де қатары азаюда. Ал кейінгі ұрпақ осы бір шағын өндіріс орнының болғанынан бейхабар.

Жосалы май зауыты алғашында 1948 жылы  аудан орталығындағы Амангелді көшесінде жеке тұрғын үйде  ашылған. Зауытта бастапқыда құрал-жабдықтар болмағандықтан жұмыс қолмен жасалған. Кейіннен май жасайтын құралдар алына бастаған. Сағатына 1 тонна қаймақ шайқайтын сепаратор да болған. Шикізат шаруашылықтардан сүт күйінде, ал жекелерден күйдірілген май күйінде қабылданған. 

Кейін сүт көлемі көбейіп, ескі зауыт тозығы жетіп, жаңа талаптарға сай келмегендіктен, сол кездегі басшысы Бижанова Айзаханның және Қармақшы ауданының  партия комитетінің бірінші хатшысы Жанпейісов Ахметжанның күш салуымен 1976 жылы жаңасы салынған. қазіргі Бауыржан Момышұлы (Красно-Армейская) көшесінің бойында  Алматы сүт-ет өнеркәсібі министрлігі қарауындағы АСМНУ құрылыс отрядының негізінде типтік жобада салынған.

Өндірістік цехтан басқа да, су айдайтын станция, от жағатын цех, лаборатория жұмыс жасаған. Өндірістік қуаты күніне 12 тонна болған. Сүт келісімен арнаулы лабораториялық тексеруден өткізіліпті. Өйткені мұнда пісірілмей және арнаулы сүзгіден өткізілмей жеткізіледі. Қағаз сүзгіден өткізіп, оның сорты мен майын айырып, мұздатып барып, пісіруге жіберілген. Сонымен қатар, қышқылдығы, тазалығы арнаулы аппараттардың тексеруінен өткізілген. Тексерілген соң облысқа және аудан орталығындағы балалар бақшасы мен сауда нүктелеріне жіберілген. Заводта 14 түрлі өнім жасалды. Олар – сүт, сары май, қатық, айран, құрт, қаймақ, ірімшік, сүзбе, пастерленген сүт тағы басқа.

Зауыт ұжымы социалистік жарыста, ауданның озат кәсіпорындарының бірі ретінде 1990 жылы ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. «Еңбек Даңқы» фотогаллереясына жазылды. Озат жұмысшы Шарипа Дүйсенбаева социалистік жарыстың қортындысы  бойынша «облыс чемпионы» құрметті атағын жеңіп алды. Зауыт сол кезде облыстағы үлкен өндіріс орнына айналды.

Мұнда 30-35 адам жұмыс істеген. Өндірістік жоспарды 100-110 пайызға артығымен орындап, жаз айларында 18 тоннаға дейін сүт қабылдап отырған. 1994-1995 жылдары мал түгелге жуық жекеге өтіп, шикізат көзі болмауына орай зауыт жұмысы тоқтап, жабылды. 

Өткен тарих – баршамызға мұра, ескерткіш. Біздің міндетіміз туған жер тарихын оқып, біліп, зерттеп, сақтап кейінгі ұрпаққа аманаттау деп білемін.

                                                                  Баршагүл САХИЕВА,         Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану

 музейінің экскурсоводы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<