Сарқасқа Жәрімбеттің Әлен ұрпағы өсіп-өнген, дәулетті аталық болыпты. Аламесек, Қармақшы аудандарына қараған №16 ауылда Жұдырықұлы Нұржан ақсақал өмір (кейін Жалағаш ауданына қараған) сүрген. Жасында жақсы ат мініп, құмай тазы жүгіртіп өскен, кімсің Нұржан мырза атанған-ды.
Ел аузында қыдыр көрген Жәрімбет биден (әулие) бастау алған Әлен тұқымы ел ішінде айбарлы да болған деседі. Осы Әлен бабадан – Қуаң атты бай өмір сүрген – одан Тұрған, Жүрген, Дәгір мырза және бірнеше қыз өмірге келеді. Осы Қуаң Әленұлы жайлы, оның бай ғана емес, ел ісіне араласқаны (1844-1868) архив жазбаларында көрініс берген, тіпті Қожаниязбен түркістандық бектердің жазған хаттарынан оқи аламыз.
Есімі Арқа мен Сырға белгілі ақын Әзілкеш Шымырұлы (1830-1902) қыз Болықпен айтысында (1890-1891 жылдарда) былай деген еді.
… Ақ Болық, жіңішке мен жуан қандай?
Сыймайды-ау камзолыңа сыбанғандай.
Мақтайсың оның несін, ей, Ақ Болық,
Қоздатқан сексен мыңды
Қуаң қандай?
Қуаң Әленұлын мадақтаған.
Жүргеннен – Жұдырық, Қазыбай, Қара, Дүйсенбай, Сейсенбай өмірге келіпті. Жүргеннің Қарасынан – есімі бүкіл Орта Азияға белгілі Темірбек Жүргенов туған (1898-1938). Ал Қуаң немересі Жұдырықтан – Зарқұм, Бегім, Нұржан, Есім тарайды. Өз басым Зарқұм ұрпақтары – Әлімхан, Қазихандарды және Нұржан ақсақалды көріп өстік.
Зарқұмнан тараған ұрпақтар Ақтөбе өңірінде. Бегімнен – Сердалы жастай қайтыс болыпты. Нұржаннан – Ерхан, Әбдірахман, Пайдрахман, Қасымхан, Жағыпар. Нұржекең балаларының ішінде өзімнің көргенім Қытайы (апай) мен Жағыпар. Қытайының Бегімінің аты өшпесін деген мақсатпен тегін Бегімова деп жаздырған. Қытайы апай менің алғашқы ұстазым, директорым болды. Өте кішіпейіл және білімді кісі еді. Мені көрген сайын «Тиішжан» деп мейірлене қарайтын. Ал Жағыпар Нұржанов інімізден – Қанабек, Данабек, Қарлығаш, Талапбек, Алмагүл, Айдын, Шалқар, Сағынай, Айпара, Шаттық атты балалары бар, Қызылорда қаласында тұрады.
Нұржекеңнің күйеу балалары Бегайдар ұстаз, Әби есепші болып қызмет атқарды.
Нұржан әкеміз көршілес ауылда өскен Қаратамыр руының Тәтімбет-Ерназар аталығының қызы Ұрлықаға үйленген. Бұл апамыз отбасыға өте жайлы, көршілерімен жақсы қатынаста өмір сүрді. Әсіресе жазда «Қаратабан» жайлауында қатар үй тігілетін. Ұрлықа апа інім деп бәйек болушы еді. Ұрлықа апамыз атақты Тәтімбет-Ерназар биден тараған Кешубайдың қызы. 1900 жылы туып, 1964 жылы өмірден өтеді. Ал Нұржан Жұдырықов 1894 жылы туып, 1974 жылы «Жаңаталап» ауылында қайтыс болған. Олардың қабірі «Көңтөбеде».
1929 жылы ағасы Қара Жүргенов Қарқаралы мен Семей жаққа жер аударылып бара жатқанда, көзіне жас алған Нұржанға қарап Қара: «Нұржан-ау, талай елдің Қарасы ұсталып жатқан шығар, сол қарасыз қалған елдермен бірге жүресіңдер» деп басу айтқан екен.
Нұржекең көп сөйлемейтін біртоға кісі болды. Ұзын бойлы, қапсағай келген мұрынды кісі еді. Айтар сөзін айта алатын, айтқаны орындалатын. Елдегі белсенділер ағасы Қара айдауда (жер аударылды), інісі Нұржан Жұдырықов – бай тұқымы, мұны да жер аудару керек деушілер табылып, Қарақұмда жүргенінде 1933 жылы ұсталып, жер аударылады. Әуелде Қарағанды маңында бір жылдай, кейіннен Қиыр Шығысқа жер аударылады. Владивостокта, Голенки мен Сахалин аралында, балықшылар пристанында тұрып, он жылдан кейін 1943 жылдың тамыз айында «Жаңаталапқа» келіп, колхозшы болып жұмыс істейді.
Сол жылдарда Нұржан ақсақал елді сағынып, бірнеше өлеңін жолдаған «Ержанға», «Жалғасқа», «Кәрен ағайға», «Есенқұлға», «Елдегі азаматтарға», «Ұрлықаға», тағы басқа өлеңдері де бар, «Кәрен ағайға» (Қара ағасына арналған екен).
… Мекенім Владивосток қаласында,
Теңіздің японский жағасында.
Орнатқан Амурский аралында,
Күн Шығыс Ресейдің даласында.
Өлеңнің басында-ақ Кәрен ағайының Қара Жүргенов екенін көзіқарақты адамдар біле алады.
… Бір туып, бірге жүріп дәурен сүріп,
Панаңды көрдім қызық мен бір бала, – десе әйелі Ұрлықаға арнаған өлеңінде:
… Ұрлықа, жан жолдасым, жүрсің бе аман?
Зар болып бір көруге дидарыңды.
Сағынып жауабыңа жауап жазам, – дей келе баласы Қасымханға арнау айтып, үлкен азамат болуын тілейтінін жеткізеді. «Жалғасқа» атты өлеңін қатарласы «Жаңаталап» колхозының негізін қалағандардың бірі, елге сыйлы азамат болған Байболат Сарыбай Жалғас Жаламанұлына арнап, өзінің Қиыр Шығыстағы өмірін хабардар етіпті. Сол Жалғас та кейін қудалауға түседі. Менің өз басым Жалғас ақсақалды көргенім жоқ, бірақ туған інісі Елдесті көрдім. Қапсағай келген, ұзын бойлы, сақалды кісі еді. Кезінде колхозда партияның хатшысы, алғашқы коммунистердің бірі екен. Арық жағалауында «Жалғас талы» деген жер атауы да болды.
Нұржанның әкесінің азан айтып қойған есімі Ақсақал болыпты. Алайда Ақсақалдың бойы қысқа болғандықтан, жеңгелері «Жұдырық» деп атапты. Содан ел ішінде Жұдырық аталған. Жеңгелер қойған есімдер негізгі аты болып кеткен адамдардың біразын білемін. Жұдырық десе, жұдырықтай болып көп нәрсені бітіріп тастайды екен. Сол Жұдырықтан тараған ұрпақтардың өзі бүгінде бір қауым ел. Біз көрген ел ақсақалы болған Нұржан ақсақал Жұдырық баласының қадірлі болғанын көзіміз көрді. Текті тұқымның ұрпағы қашанда тектілігін, көрегендігін жасайды емес пе? Нұржекең де қандай қиыншылықты басынан өткізсе де, артық сөзге бармай, тектілікті тезге салатын, өзгелерге өзін сыйлата алатын тұлға болды. Ал кенжесі Жағыпар да – Жүргеновтер әулетінің сөзін ұстар, айшықты сөздің иесіндей азамат.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<