Жүргеновтер отбасының трагедиясы

830

0

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ

Қайғылы 1937 жылы Орта Азия мен Қазақстанда КСРО және республикалық НКВД органдары мифтік ұлтшыл-буржуазиялық ұйымдарды жою мақсатында терең ойластырылған тағы бір кең масштабты операция өткізді. Нәтижесінде көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлері жалған айыптармен қамауға алынды. Әдепкі ұсталғандардың ішінде С.Қожанов, С.Есқараев, Т.Жүргенов және басқа да қазақтың аяулы ұлдары болды. С.Қожанов 1937 жылы Ташкент қаласында ұсталды. Кейін оны Мәскеуге алдыртып, тергеуін НКВД-ның өзі жүргізді. Алдын ала тергеу барысында қауіпсіздік органдарының  қызметкерлері алпысқа жуық «ұлтшылдардың» тізімін жасаған екен. Осы тізімнің бетінде қолмен жазылған мынадай сөздер бар: «Неполный, далеко неполный состав членов организаций». Бұл қаралы белгіні қалдырған адам белгісіз. Бірақ, оның жоғары лауазым иесі екені анық. «Ұлтшылдармен» күресу науқаны осылайша Мәскеуде әзірленген болатын.

Қазақстанда «ұлтшылдармен» күресуді жүргізген белгілі жендет Залин Лев Борисович. Ол 1935-1937 жылдары республикалық ОГПУ-НКВД органдарын басқарған. Кейіннен қызмет бабымен Мәскеуге қоныс аударып, орталық НКВД-ның бөлім бастығы болған. 1938 жылы 8 маусымда өз әріптестері оны «шетел барлауының агенті ретінде НКВД органдарында зиянды жұмыстар жүргізген» деген ойдан шығарылған айыптаумен қамауға алған. Тергеуге берген жауаптарының бірінде ол былай депті: «Мен Ягода, Мирзоян және басқалармен байланыста болғаным рас. 1937 жылы Мирзоянның нұсқауымен Жүргенов, Есқараев, Садуақасов, Сырғабеков, Қабылов және Досовты тұтқынға алудан құтқаруға тырыстым…».

Бұл – оның жаны қысылғанда айтқан сандырағы. Ал, іс жүзінде ол «ұлтшылдарды» жоюға кіріскенде өте белсенділік көрсеткен. Оны қолымыздағы құжаттар айғақтайды. 1937 жылы 1-5 тамызда Қазақстан Орталық КП(б) Комитетінің Пленумы болып өткен. Күн тәртібі бойынша басқа мәселелермен қатар НКВД комиссары Залиннің мәлімдемесі тыңдалған. Осыған орай Пленум арнайы қаулы қабылдаған. Содан үзінді келтірейік.

Қаулыдан: «ОК және Қазақ ССР НКВД алдағы уақытта барлық  контрреволюциялық элементтерді түгелдей талқандап, тамырына дейін құртқанша жұмыстарын әрі қарай жалғастырсын.

Халық жауы Т.Жүргенов Орталық КП(б) Комитетінің Пленумы құрамынан және партия қатарынан шығарылсын. Орталық КП(б)К хатшысы Л.Мирзоян».

Темірбек Жүргенов өзіне қара бұлт төнгенін сезген болуы керек, Л.Мирзоянға басқа жұмысқа ауысуға ықылас та білдірген. Осыған байланысты жазған өмірбаянының соңында былай депті: «Мені ғылыми-зерттеу жұмыстарына пайдаланған дұрыс деп есептеймін. Т.Жүргенов. 1937 жыл 27 көкек». Бұл өтініш белгілі себептермен қанағаттандырылмаған.

1937 жылы 2 тамызда КСРО прокуроры Вышинскийдің санкциясымен Т.Жүргенов қамауға алынды. Оны тергеуге Залин белсенді араласты. Т.Жүргеновті қыркүйектің 8-і күні кабинетіне алдыртып, екі-үш НКВД қызметкерімен бірге оған қатты қысым жасаған. Тура бір ай алты күннен соң «Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Себебі, ешқандай контрреволюциялық ұйымға мүше болғаным жоқ және ондай ұйымның бар-жоғы маған мүлдем белгісіз» деп үзілді-кесілді жауап берген Т.Жүргенов бір сәтте өзінің «қылмыстық әрекеттерін» мойындап шыға келген. Бірақ, Залинге және оның сыбайластарына Т.Жүргеновтің «ұлтшылмын» деп мойындағаны жеткіліксіз болған. Өйткені ол кезде жауапқа тартылған адамдардың Қылмыстық кодексте қаралған «контрреволюциялық қылмыстары» міндетті түрде толықтырылатын. Сондықтан, бұл іс бойынша Алматы қаласындағы орта мектептердің бірінде әскери дайындықтан сабақ беретін Сукин деген біреуден қосымша жауап алыпты. Ол тергеуде былай деген: «Халық ағарту комиссары Т.Жүргенов контрреволюциялық ұйымға мені әскери маман ретінде тартты. Оның өтініші бойынша Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкету мақсатында дайындалып жатқан ұлтшылдардың көтерілісін жүзеге асыратын оперативтік жоспар дайындадым. Мен жапондардың әскери атташесі, бас штабтың полковнигі Мике және оның көмекшісі Судзукимен шпиондық байланыста болдым. Солардың әңгімелерінен  Т.Жүргеновтің ұлтшылдарға қару-жарақ алып беру мақсатында жапондармен құпия жағдайда арнайы келісім сөздер жүргізгенін аңғардым…».

Әрине, бұл жаланы Т.Жүргенов мойнына алмаған. Соған байланысты 1937 жылы 25 қарашада Сукин мен Т.Жүргеновтің арасында беттестіру жүргізілген. Қазақ ССР НКВД комиссарының орынбасары Володьзконың (ол да 1939 жылы тергеу істерін бұрмалағаны үшін атылып кетті. Ә.Б.) «Сукиннің жауабын қуаттайсың ба?» деп қойған сұрағына, Т.Жүргенов: «Жоқ, қуаттамаймын. Оның айтып отырғаны жала. Қарсы отырған Сукинді мүлдем танымаймын және онымен ешқандай байланыста болғаным жоқ»  деген. Шамасы, ол Т.Жүргеновті әшкерлеу үшін НКВД-ның дайындаған адамы болуы керек. Өйткені, келесі күні, яғни 1937 жылы 26 қарашада  КСРО НКВД-нің шешімімен Сукин атылып кеткен. Демек, НКВД қызметкерлері өздерінің қылмыстық ізін жою мақсатында Сукиннің көзін құртқан деп тұжырымдауға негіз бар. Сөйтіп, осы формальді беттестіруден кейін Т.Жүргеновті «жансыз» деп айыптап, Қылмыстық кодексте қаралған тағы бір ауыр бапты мойнына қиып салған.

Бұл кезде республика баспалары Т.Жүргенов жайында теріс қоғамдық пікірлер туғызып, оны жазықсыз әшкерлейтін көптеген мақалалар жариялап жатты. Тергеушілер әрекеттерінің «шынайы» екендігін дәлелдеу үшін және басқа айғақтары болмаған соң әлгі мақалаларды газеттен алып, қылмыстық ісіне тіркепті. Солардың кейбірін атап өтейік.

«Казахстанская правда» газеті 20 қыркүйекте «Ликвидировать вражескую путаницу в казахской орфографии», 21 қыркүйекте «Как в Наркомпросе редактируют учебники», 3 қазанда «Кто скрывается под фамилией Ынтықбаев?», 17 қазанда «Вражеское охвостье в органах Наркомпроса» және т.б.

Алдын ала тергеудің қортындысы бойынша Т.Жүргеновке мынадай сандырақ айыптар тағылған:

«1. Т.Жүргенов ұлтшыл-антикеңестік, терроршыл-көтерілісші, шпиондық-диверсиялық  ұйымның құрылған кезінен (1926-1927 жылдары) бастап оған басшылық еткен, жұмыстарына белсенді қатысқан.

2. Контрреволюциялық ұйымға жаңа мүшелер қабылдаған.

3. 1930 жылғы Кеңес өкіметіне қарсы Қарақұмдағы банда көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі болған.

4. Қазақстандағы контрреволюциялық  ұйым жетекшілерінің бірі, шетел мемлекеттерінің Кеңес Одағына қарсы соғыс жариялауына туралап көтеріліс әзірлеген.

5. Контрреволюциялық  ұйымның терроршыл жұмыстары жайында хабардар болған және кадрларды сол мақсатқа дайындаған. Ұйым басшыларының тапсырмасы бойынша Орталық ВКП(б) Комитетінің Саяси Бюросы мүшелеріне террорлық акт әзірлеген. Сондай-ақ, Қазақстан ОК КП(б) хатшысы Л.Мирзоян жолдасқа террорлық акт жасауға басшылардан тапсырма алған.

6. Қазақстанда өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы жүргізіліп жатқан диверсиялық әрекеттерді білген. Басшылардың директивасы бойынша жеке өзі де диверсиялық топ құрып, 1936 жылы Алматы қаласындағы баспахананы өртеуге дайындық жүргізген және ұйым мүшелеріне теміржолда диверсиялық әрекеттерді жүргізуге тапсырма берген.

7. Халық ағарту Комиссариатының барлық саласында зиянкестік жұмыс жүргізген және бұл іске өзі басшылық еткен, яғни РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1 «а», 58-7, 58-8 және 58-9-баптарында қаралған қылмыстарды жасаған…».

Осы айыптау бойынша КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының көшпелі мәжілісінде (1938 жылы 25 ақпанда) Темірбек Жүргеновтің «қылмыстық ісін» қысқа мерзімде, небәрі 20 минут ішінде қарап, оны ату жазасына кескен. Үкімді сот мәжілісі  аяқталысымен-ақ  сол кеште жүзеге асырған.

Кешікпей зайыбы Дәмеш Ермекова (Жүргенова) «халық жауының әйелі» атанып, бас бостандығынан айырылып, сотталды. Жазасын НКВД-ның арнайы лагерінде өтеген. Содан кейін де бірнеше рет жер аударылған. Тек 1957 жылы ақталып, Алматыға оралған соң, Дәмеш апай күйеуінің ақталуына көп күш салған екен. Жоғарғы инстанцияларға хаттар жазған. Соның бірін КСРО Бас әскери прокурорына жолдаған. Онда былай делінген:

«Менің жұбайым Жүргенов Темірбек Қараұлының ісін қайта қарауларыңызды сұраймын. Ол 1898 жылы туған, қазақ, 1921 жылдан бастап КОКП мүшесі. 1937 жылы тұтқындалғанға дейін  Қазақ ССР Халық  ағарту комиссары және республикалық көркемөнер комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы  алғашқы қазақ  опера театрын ұйымдастырды.

Он бір жыл бірге өткізген өмірімізге қарап Т.Жүргеновті  революция ісіне шын берілген большевик, дарынды ұйымдастырушы және жетекші деп айта аламын. Ол Орта Азия мемлекеттік университетін бітіріп, 1928 жылдан 1930 жылға дейін Ташкент мемлекеттік университетінің проректоры болып істеді, Тәжік ССР  қаржы халық комиссары болды, 1930-1933 жылдар аралығында Өзбек ССР халық ағарту комиссары болып қызмет етті. Кейін, 1933 жылы шілде айында КОКП  ОК шешімі бойынша Қазақ ССР халық ағарту комиссары болып тағайындалды.

Мәскеуде Қазақ көркемөнер күнін жоғары дәрежеде өткізгені үшін Т.Жүргенов 1936 жылы мамыр айында КСРО Жоғары Кеңесінің шешімі бойынша «Еңбек Қызыл Ту»  орденімен наградталды.

 КОКП ОК және сіздерге айтатыным, менің жұбайымды, соған байланысты мені айыптау, социалистік отбасын жою – Берия және оның сыбайластарының ісі.

Менің қазақ екенімді және Кеңес мектебінде тәрбиеленіп, коммунистік партияның арқасында жоғары білім алғанымды ескерулеріңізді сұраймын. 1924 жылдан КОКП мүшесімін, жұбайым тұтқындалғанға дейін Қазақ  дәрігерлер институтының терапевтік клиникасының ассистенті болдым. 1938 жылы мен кінәсіз, сотсыз және тергеусіз тұтқындалып, 8 жылға солтүстік Орал НКВД-ның түрмесіне қамалдым. Жеті жылдан соң мені лагерьден бір жылға ерте босатты. 1946 жылдың аяғында Алматы қаласына оралдым. Бұл жерде 1948 жылға дейін дәрігерлер институтында жұмыс істедім. 1948 жылы Қазақ ССР ішкі істер министрлігінің бұйрығымен бір жылға жер аударылдым. 1953 жылдан Қарағанды қалалық ауруханасында 18 жыл бойы «халық жауы отбасының мүшесі» деген таңбамен дәрігер болып қызмет еттім.

Ендігі жерде жұбайым екеуміздің ісімізді жеделдетіп қарап және ақтап, сүйікті коммунистік партия қатарына қосуларыңызды сұраймын. Қызметім жайлы мінездемені 1953 жылы Қазақ ССР ішкі істер министрлігінің басқармасы арқылы және 1955 жылы Бас әскери прокурорға өткізілген арыздарыма тіркегенмін.

Жұбайымыз екеуміз айыпталуымызға байланысты басыма түскен қиындықтарды өткізгеніме, лагерьде және бостандықта қызметімді адал атқарғаныма дұрыстап көңіл бөлулеріңізді сұраймын. Себебі, істің қайта қаралуы екі жылға созылып, онсыз да құрыған денсаулығыма қатты әсер етіп отыр. Менің өтінішімді қабыл алуыңызды сұраймын. Ермекова (Жүргенова). 1955 жыл. 26 қыркүйек».

Осындай бірнеше өтініштерден кейін, 1957 жылы  16 көкекте КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен Темірбек Жүргенов заң жүзінде толық ақталды.

                                                                              Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері

(Жалғасы бар. Басы өткен нөмірде)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<