Жүргеновтер отбасының трагедиясы

752

0

ЖҰМАНАЗАР ЖҮРГЕНОВ

Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде репрессия жылдары құрбан болған Қазақ АССР Халық ағарту комиссары Темірбек Қараұлы Жүргенов жайында «Жүргеновтер отбасы қалай жазаланды?» атты мақала жарияланған болатын. Мақаланың соңына: «Социалистік қоғамның – қатыгез жүйенің қорлығы мен мазағына ұшыраған бір шаңырақтың тұқым-теберігі осылай түгел құрып, біржола жоқ болды» деп, нүкте қойылған еді. Кешікпей Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасына Жалағаш қыстағының тұрғыны Қиназар Қосжанов келіп: «Жүргеновтердің үрім-бұтағы түгел құрып кеткен жоқ. Құдайға шүкір, біз бармыз!» деп, жарты ғасыр бойы айтылмай келген қайғылы оқиғаны баяндап берді.

Қиназар Қосжанов әңгімесін бірден бастамады. Күмілжіп біраз отырды.

– Қалеке, келген жұмысыңызды айтыңыз, қысылмаңыз, – деп, оған дем бергендей болдық.

–  Жасырмаймын, мен екі ойлы болып отырмын, – деп, Қосжанов жан-жағына қарай берді. Әңгіме басқарманың қабылдау бөлмесінде болып жатты. – Сіздерге келе жатқанымда өзімді батыл сезініп едім, өткен заман өтті, енді неменесіне қорқамын деп. Бірақ басқармаға кірген соң Э.Дзержинскийдің тастан жасаған айбынды мүсінін көріп, біртүрлі сескеніп қалдым. Шынымды айтсам, қауіпсіздік органдарының өзгергеніне күдіктімін.

Қосжанов үндемей қалды. Біраз ойланып-толғанып барып:

– Жарайды, келген шаруамды айтайын. Мұны сіздердің білгендеріңіз жөн болар, – деп әңгімесін бастады. «Менің көкем Қара Жүргенов және оның балалары Досжан, Қосжан, Ысқақ, Темірбек, Көпназар және Айназарлардың ОГПУ-НКВД қолынан жазықсыз қаза тапқандары рас, – деді. – Тек сол кездері Ташкент қаласында оқып жүрген балалары Бекназар мен Жұманазар аман қалды. Кейіннен бұл екеуі өз еріктерімен соғысқа кетіп, елге Бекназар ғана оралды. Ол ұзақ жылдар ағарту саласында еңбек етіп, 1991 жылы дүние салды. Соңында үш ұл, төрт қыз қалды. Өзімнің екі ұлым, екі қызым бар. Менен екі жас үлкен Үрзалипа апамның да балалары бар. Кешегі қарғыс атқыр соғыс пен сталиндік репрессия болмағанда, қанша ұрпақ өсіп-өнер еді.

Әкем Қараев Қосжан ұсталғанда мен үш жаста екенмін. ОГПУ қызметкерлерінің үйге келе жатқанын көріп, үй ішіндегілер менің үстіме үлкен тайқазанды төңкере салыпты, ал Үрзалипа апамды көрші кемпір бауырына басыпты. Сөйтіп, екеуміз де аман қалыппыз. Бірақ «халық жауының балалары» атанып, соның азабы мен қорлығын көп көрдік. Әлі есімде, сол кездері мен төртінші класта оқитын едім. Бір күні түске таман мұғалімдердің бірі оқушы балаларды екі қатардан сапқа тұрғызып, қолына ұстап тұрған газетін оқи бастады: «Есқараев, Құлымбетов, Сырғабаев, Жүргенов… барлығы 19 адам халық жауы болғандықтан атылды» деді. Осыдан кейін мұғалім біз жаққа қолын сілтеп: «Анау тұрған Қосжанов Қиназар мен Қосжанова Үрзалипаның әкесі Қараев Қосжан – Темірбек Жүргеновтың туған інісі. Ол Кеңес өкіметіне қарсы оқ атқаны үшін жазаланған. Сондықтан бұлар жауыздың балалары, пионер болуға лайықты емес» деп, мойнымыздағы қызыл галстуктерімізді шешіп алды. Қасымызда тұрған балалар бізді барынша жек көріп тұрды. Біз апамыз екеуміз жылап, төмен қарадық. Сапта тұрған балаларды таратқан соң класқа келіп, кітаптарымызды алып, ызадан өлердей қорланып үйге қайттық. Жолай бізбен бірге қайтатын балалар соңымыздан қуып жетіп: «Халық жауының балалары, жауыздар, сендер басқа жолмен жүріңдер!» деп, бізді кесекпен шөкелеп, әбден қорлады. Олардан қорғанып жүріп, апам қолтығына қысып келе жатқан кітаптары мен дәптерлерін жерге шашып алды. Соларды жинап, маңдайына түскен шашын жөндеп, бір қолымен көзінің жасын сүртіп, қашып бара жатқаны қазірге дейін көз алдымда. Апамды аяғаным соншалық, жолдың ортасына тұрып алып, бізді мазақ етіп соңымыздан еріп келе жатқан балаларға жерден құм алып шаша бердім, шаша бердім. Сірә, әкемнің «қабайын деп келе жатқан иттерге отыра қалып жердегі топырақты шашсаң, жөніне кетеді» деген сөздері есте қалған болуы керек.

Ертеңіне класқа келсек, бізбен бірге партаға ешкімнің отырғысы келмеді. Олар: «Сендер халық жауының баласысыңдар, қасымызға отырмайсыңдар», – деп, шынтақтарымен  бізді итермелеп, партаға жолатпады. Оқушылар бізбен ойнауды, тіпті сөйлесуді де қойды.

Мұғалімдердің де бізге деген көзқарасы өзгеріп, қол көтерсек те сабақ сұрамады. Біз мектепке тек келіп-кетіп жүрдік. «Балалардыкі балалық шығар, ал мұғалімдер соншама неге сөйтті екен?» деп ойлаушы едім. Кейін түсіндім, сол кезде «халық жауының» екі бірдей баласын оқытуға, тіпті әкесінің атын атауға мұғалімдер қорыққан екен. Олай дейтінім, Темірбек Жүргенов көкем атылғаннан кейін, арада екі-үш апта өткен соң мені және Үрзалипаны мұғалімдер бөлмесіне шақырып: «Сендер қазіргі фамилияларыңды өзгертесіңдер! Бұдан былай  «халық жауының» атымен аталмайсыңдар, класс журналынан сендердің фамилияларыңды өшіреміз», – деді. Мен мұғалімдерге қарап: «Сонда біз кім боламыз?» – деп сұрадым. Мұғалімдердің бірі: «Шешең күйеуге тисін, сол тиген күйеуінің есімімен аталасыңдар», – деп, жауап қайтарды. Екінші бір мұғалім тұрып: «Шешесінің атымен Ардаханов болса қайтеді?» деп, басқа мұғалімдерге қарады. Мен бірден: «Ардаханов болсам болайын», – деп, келісе кеттім. Себебі, біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы «оқ атқан» әкемнің түр-түсін білмесем де сол сәтте іштей жек көріп тұрдым. Екіншіден, шешемнің бөтен біреуге күйеуге тигенін қаламадым. Бірақ менің бұл жылдам берген жауабыма мұғалімдер ду күлді. Тек күлмеген бір-ақ кісі болды. Ол оқу ісінің меңгерушісі Халел Қабдешев еді. «Ай, сорлап тұрған баланы одан сайын сорлатып, күлмесеңдерші» деп аяушылық білдірді. Сол сөзі үшін бе, кім білсін, Халел ағай  оқу жылының аяғына жетпей ұсталып кетті. Жақсы адамдар қай кезде де болған ғой. Мен бұл кісінің жақсылығын өмірбақи ұмытпаймын.

Біз Үрзалипа екеуміз үйге келіп, мұғалімдердің айтқан ұсыныстарын жылап отырып шешемізге айтып бердік. Қайран шешем… Бізді үнсіз тыңдап, екеумізді бауырына басып: «Бұл Құдайға не жаздым? Жиырма тоғыз жасымда жесір қалып едім. Бірақ, сонда да болса әкелеріңнің ақ төсегін арамдатпайын, соңынан ерген қос тұяғын ешкімге көзтүрткі етпейін деп, күйеуге тимеген едім. Енді не істейін?» деп, қатты қиналды.

Сол жылы ауылға Темірбек Жүргеновтің он бір жасар Жұманазар деген баласы келді. Көкем Темірбек атылып, жеңгем Дәмеш сегіз жылға сотталған соң, бір таныстарына Жұманазарды ертіп жіберген екен. Ол кісі «халық жауының баласын алып келді» деген атқа қаламын деп, Жұманазарды Қаракеткен станциясынын түсіріп, Жаңаталап қыстағына бара жатқан біреудің арбасына салып жіберіпті. Ол кісі де Жұманазарды тікелей біздің үйге ертіп келуге қорқып, оған қашықтан үйді көрсетіп, бір өзін жіберіпті. Мен сол кезде 9-10 жаста едім. Әлі есімде, үйдің сыртында 5-6 бала ойнап жүр едік, жанымызға орысша киінген бір бала келді. Қолында шағын шабаданы бар. Ол бізге үлкен көзімен алаңдап қарай берді. Біздің таңдана қарағанымызды байқап: «Я – Жургенов бала. Я – Жургенов бала» деп, кеудесін бірнеше рет ұрды. Мен үйге кіріп: «Жүргенов деп бір бала келіп тұр», дедім. Үлкен кісілер дереу оны үйге кіргізіп, сұрай бастады. «Қайдан келдің? Кімнің баласысың?» деп. Жұманазар өзінің атын айтып: «Я – Жургенов бала. Папа, мама ту» деп, қолымен шығыс жақты көрсетіп жылап жіберді. Оның мүлдем қазақша білмейтінін сол кезде барып түсіндік. «Бұл Темірбектің баласы ғой» деп, үйдің іші у-шу болды.

Жұманазар көпке дейін күн батар алдында шығысқа қарап: «Мама!, Папа!» деп жылап жүрді. Онымен қосыла біз де жылайтынбыз. Кейін ол ауыл өміріне үйрене бастады. Бірге мектепке барып жүрдік. Ол бізді  орыс тіліне үйретті, ал біз оны қазақ тіліне үйреттік. Өзі  батыл болатын. Бірде мұғалімдер балаларды сапқа тұрғызып, Жұманазардың тағып жүрген мойнындағы қызыл галстугін шешіп алғысы келді. Бірақ ол мұғалімнің қолын қағып жіберіп, мектептен қашып кетті. Содан кейін бір жыл сабаққа қатыса алмады. Кейін бізбен бірге оқуын жалғастырды. Ол өте жақсы оқитын. Мектепті бітірген соң өзінен кейінгілерге орыс тілінен сабақ та берді. 1941 жылы соғыс басталған соң Жұманазар өзіне бір-екі жас қосып, 16-17 жасында майданға аттанып кетті. Содан қайтып елге оралмады, соғыста қаза тапты. Ол ауылда жүргенде: «Мамам мен папамды ақтап алам, олар халық жауы емес» деп жиі айтатын. Жұманазардың сол арманы кеш те болса орындалды. Алдымен Дәмеш жеңгем ақталды.

Мен 1946 жылы КазМУ-дің бірінші курсында оқып жүрген едім. Дәмеш жеңгемнің ақталғанын естіп, үйіне бардым. Мені көріп ол өз баласын көргендей қатты қуанды. Әңгіме үстінде Жұманазар туралы қайта-қайта сұрады. «Қандай болып өсті? Қалай оқыды? Қандай адам болды?» дей берді. Дәмеш жеңгеме болған жағдайдың барлығын айтып бердім…»

Қиназар ағамыз қысқа үзіліс жасап, тағы да біраз ойға шомып алды. Сосын ауыр күрсініп:

– Міне, менің айтайын дегенім осы еді, – деп әңгімесін аяқтады. Ол бізбен қоштасып, басқармадан шыға бере қақ төрде тұрған Дзержинскийдің мүсініне қайта назар аударды. – Балам, мына ескерткішті басқа жерге апарып қоюға болмас па екен? – деді. Сөйтті де алды-артына қарамастан кете берді…   

Иә, «НКВД балалары» атанған Ескендір, Сәуле және Роза Рысқұловтар, Болат Жансүгіров, Зиба Қожанова, Элин Есқараева, Қиназар Қосжановтардың көрген азабы мен қорлығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Олар бұл жан-жарасын өмірбақи өздерімен бірге алып келеді. Мұңға толы ішкі дүниесін ақтарып, айналасына айта да бермейді. Өйткені, олар – барынша сыпайы, нәзік сезімді жандар. Бір кем дүние деген осы болар.  

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туғанына 125 жыл толып отыр. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен 2023 жыл «Темірбек Жүргенов жылы» деп жарияланды. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға түркі елдерінің ғалымдары қатысты. Өйткені Темірбек Жүргенов – халықаралық деңгейдегі ұлт рухын түлеткен ірі тұлға.

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері

(Соңы. Басы өткен нөмірлерде)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<