Зұлмат жылдардың зобалаңы

429

0

Сурет ашық дереккөзден

Сырдың суы 1929 жылы молынан тартылып, егістік жер азайып қиыншылық тудырған. Табиғат та қатал мінез көрсетіп, қолдағы малға жем-шөп қиындық келтіріп, серіктестікке жиналған мал қырыла бастайды.

1931-1932 жылдары халық қолына таяқ ұстап қалуына байланысты шамасы келгені өзбек, қырғыз, тәжік, Ресейге бет бұрса, шамасы жоғы амалсыздан өз үйінде жан тапсыруға мәжбүр болған. Ашаршылық аудан көлеміндегі барлық елді мекен халқының қаншасын жалмап кеткені бір Құдайға аян. Бүгінде мына ауылда осынша адам дәрменсіз, өз үйінде опат болды деген нақты дерек табу қиын. Сол заманды көзімен көргендер жоқ десе болады.

Кезіндегі «Майлықұм» елді мекенінің тумасы, марқұм Бесбаев естелігінде былай дейді: «Мен ол кезде 5-6 жаста едім. Етжақын ағайындар бір ауыл болып тұратын. Аталас туыстарымыз әрі көршілеріміз Ыбырай Тұрымов отбасындағы 11 жаннан 9 жас сәби түгел опат болды. Есімовтер отбасынан 10 жаннан ешкім қалмаса, Үсейін Досымов үйіндегі 9 жанның біреуі ғана тірі, ал Тұрғанбайдың 8 жанынан біреуі қалса, Барлықбайдың 6 жанынан бір өзі қалды. Қаражігіт ұстаның үйіндегі 8 жанның барлығы да опат болған деседі».

Қараөзек бойындағы «Қарарын» елді мекенінің тумасы, марқұм Ыбырайқызы Қатыраушан сол кезеңді былай еске алыпты. «Ашаршылықтың алғашқы кезі 1930 жылдары әкем бір-екі қара малды сойып, тұздап, қақтап, терісіне орап атарбамен барлық үйдегі жанды «Қараөзек» теміржол вокзалына әкеліп, пойызға мінгізіп, Марғұлан қаласына жеткізді. Әжем елін-жерін сағынып, «Қараөзектің» лай суынан бір жұтып өлсем арманым болмас деп қоймаған соң, келсе ескі жұртта тірі жан қалмапты. Өлгені өліп, өлмегені босып кеткен екен. Аты есімде жоқ ел ағасы болған бір азамат өзі мен анасын көршінің бір кепкен тулағы аштықтан аман алып қалғанын айтатын».

«Ақжарма» ауылының 83 жастағы тұрғыны Меңдіғали Баршабаев қарт әкесінің естелігін былай жеткізеді: «Ауылдың 40 адамы өз үйінде аштан өлген. Ол ауыл орыны бүгінгі Шіркейлі каналы мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының қиылысындағы бұрыш еді».

«Шіркейлі» ауылындағы Мақаш Біләл ақсақалдың әкесінің айтуынша, 1933 жылы елде ашаршылықтың беті шамалы болса да қайтқан екен. «Кешке таман бауырына басқан 1-1,5 жасар баласы бар бір жас келіншек келіпті. Шешеме «апа, 3 тәулік болды нәр татқаным жоқ, балам да аш» дегесін үйдегі жандарға талғажау етіп отырған талқаннан бір кесе салып берген. Сол кезде үйдегі мысық далаға жүгіріп шықпасы бар ма? Ана келіншек «апа, ана мысығыңызды беріңізші» деп қиылған соң, көңілін қимай беріп жіберді. Мен үйде жоқ едім. Сол келіншектің кеткен бағытымен іздеп барсам, шеткі бір бос үйдің есігінің алдында мысықты таспен ұрып өлтірмекші екен, зорға дегенде арашалап алып қалдым» деген екен.

Бүгінгі «Іңкәрдария» ауылына барар жолдың сол қапталында 145 шақырымдай жерде «Мыңшоқы» деген елді мекен болыпты кезінде. Осы мекендегі жандар да аштықтан опат болған. Тапқандары көсік, жабайы құм жуа теріп жеп жан сақтаса керек.

Елді ашаршылық баудай қырып жатқанда, билік тазарту науқанын қабат жүргізді. Байлардың бар байлығын тартып алып, өздерін жер аударып атты. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей біздің өңірді қандықол Иосиф Гержод басқарған жылдары 1919 жылы ақпанның 17-сі күні «Қараөзек» болыстығынан Мүсілім Нұрпейісовтен 4 түйе 1 адам, Жүргенбай Нұржановтан 4 түйе, 1 адамды зорлықпен тартып алып, Перовск уезіне айдап кеткен. Сол 1919 жылы мамыр айының 5-і күні Перовск партизандық отряды үшін деп осы болыстықтың № 8 ауылынан кезінде болыс болған Жантөгел Көбекбаевтан 1 ат, № 9 ауылдан Нұрпейіс Қашқынбаевтан 1 ат, Жүргенбай Нұржановтан 1 атты артып әкеткен. 1928 жылы 1000-1500 қойы,100-150 ірі қарасы үшін ағайынды Тұрғанбай, Жүргенбай Нұржановтардың малын тәркілеп, өздерін «Адай» уезіне (Маңғыстау облысы) жер аударса, Көбекбайұлы Жантөгел, Ділдәбеков Батырды қамауға алған.

Жүнісұлы Бабарақым (Бабай ишан) 1928 жылы тұтқындалып сонау Тәжік елінен бірақ шықса, оның Қалымбет пен Әбдіәли атты екі ұлын 1936 жылы Тәжік елінен «халық жауы» деп ұстап әкеткен. Ұрпақтарының айтуы бойынша ақталған.

Бүгінгі Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны, белгілі темір ұстасы Созақбаев Әбдікамалдың келіні Сібіркүлдің өмірі жайлы айтсақ. Кешегі қырғын ашаршылықтан аман шыққандар енді біреудің соғысы үшін өмірімізді қимаймыз дегені үшін әкесін 15 жылға Сібірге айдап жіберіп, 10 жылдан соң анасы соңынан іздеп барып, Енисей бойында Сібіркүл дүние келген.

Асқар ауылынан заңгер Мейірманның Әбіші де Сібірге айдалып, сонда опат болған. Осы ауылдың тумасы Ажаров Жақып Арал аудандық білім бөлімін басқарып жүріп, «халық жауы» деген желеумен 1937 жылы Новочеркасск қаласында, қараөзектік Темір Камалов та осындай жалған жаламен атылған.

Қарақұм көтерілісінің қаһарманы Әлментаев Қауыштың тілеулестері болдыңдар деп, 1929 жылдан «Шағарлы» колхозының мүшелері Құланбаев Мамыт, Құланбаев Әбдірахмен, Есеманов Дүйсенбай, Тоқмамбетов Нұржан, Өтетілеуов Нұрақат, Дәулетбаев Тоғайбай, Өтетілеуов Ермахан, Шідербаев Зәкімбердіні оқ-дәрі, азық-түліктен көмек бердіңдер деп қамауда бірнеше күн ұстаған.

«Ақжарма» ауылынан Жанәбілов Қансейіт, Нұрсейіттерді қудалаған соң, Өзбекстанға бас сауғалай қашқан. Олар діни қайраткерлер еді. Елде ұрпақтары қалып бүгінгі азат күнде өмір сүруде.

Бұл біздің бабалар көрген қорлықтың бір бөлігі ғана.

Жәнібек МАХАМБЕТ,

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өлкетанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<