«Көрермен қошеметі қанаттандырады»

404

0

«Театр – тірі ағза» деген сөз бар. Ал жастар – оның болашағы. Бұл қазіргі уақытта да өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Зарина Ерболқызы – Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының тумасы. Бала күнінен-ақ Голливуд жұлдыздарын үлгі тұтып, болашақта актриса болғысы келді. Осы арман оны Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне алып келді. Өткен жылы актерлік мамандықты аяқтап, бүгінде Қызылорда қалалық Жастар театрында еңбек етіп жүр.

– Өнер жолын шын жүрегіммен таңдағандықтан, алдымнан қандай тосқауыл кездессе де, оны қиындық ретінде қабылдамаймын. Қойылымнан кейінгі көрермен қошеметі мен қолдауынан соң барлығы ұмытылып кетеді, – дейді жас артист.

Зарина сомдаған рольдерінің барлығы жанына жақын екенін айтады. Әсіресе, тағдыры қайшылыққа толы кейіпкерлерді сомдағанды, комедия жанрындағы қойылымдарда ойнағанды ерекше ұнатады.

– Өзіме тапсырылған рольдерді табиғи болмысыммен үйлестіріп ойнаймын. Сондықтан көңілімнен шықпай қалған роль болмапты, – дейді ол.

Жас артистің болашақ арманы – өзі үлгі тұтатын жұлдыздармен бір фильмде ойнау. Сонымен қатар Қызылорда Жастар театрының атын шығарып, оның дамуына үлес қосу.

Зарина Ерболқызы сияқты жас таланттар театр өнерінің болашағына сенім ұялатады. Олардың шығармашылық табысы мен талпынысы театрдың өркендеуіне ықпал етері сөзсіз.

Аделя РАХЫМЖАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<