Жоғары оқу орнын бітірген жылы ауылға емес, Қарағандыға жол түсті. Содан бес-алты жыл бұрын Қарағанды облысы «Дубовка» мекен-жайында орналасқан №101 шахтада шахтер болып істеген кезім болған еді. Шахтер болып көрдім ғой, енді Қарағандыда актер болып та көрейін деп ойласам керек. Сосын, оқып жүрген кезімде, үшінші курс болу керек, қысқы каникулға келгенде Қызылорда театрының бір спектаклін көрдім, аты есімде қалмапты, бірақ қойылымнан қатты қамығып шықтым.
Алғашқы таныстық
Артистер сахнаға қалай болса солай жауапсыз шығып, өзі де нашар пьесаның қадірін түсірді, бір-екі артист ішіп алғанға ұқсайды, олары кәдімгідей-ақ көзге көрінді. Сол сахнада өзім жүргендей қатты ұялдым. Спектакль көрейік деп шақырған достарымнан қысылып, «Сен де артистікке оқып жүрсің ғой, қалай екен?» деген көздеріндегі сұраққа жауап бере алмай, олармен тезірек қоштасуға асықтым. Үшіншіден, біз Қарағанды театрына курсымызбен барамыз деп келіскен едік, сонымен не керек, төрт жігіт Қарағанды театрының артисі болып шыға келдік. Олар – кейін Қазақстанның Халық артистері болған Жұмабай Медетбаев, Қарағандыбай Сатаев, сосын қазақтың белгілі кинорежиссері болған Амангелді Тәжібаев және мен. Екі жылдай еңбек еткен кезімде әп-әжептәуір тәжірибе жинақтап, достарыммен, театрдың жас артистерімен шығармашылық бәсекеге түсе жүріп, сахнаның қыр-сырын меңгере бастадық. Корифейлердің ақыл-кеңесін барынша алып, солардай болуға тырыстық. Тіпті екінші жылы бір жылдық театр студиясы ашылғанда актер шеберлігінен дәріс беріп, он екі жасты бітіргізіп шығардым. Соның ішінен Тілектес Мейрамов қазір Халық артисі, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық театрының сахнагері, профессор.
Мен әңгіме қылып отырған жылдары облыстық театрлар министрлік сызып берген маршрутпен жаз бойы сәуірдің 20-нан бастап, тамыз айына дейін машинаның үстінде, облыстан облысқа, ауданнан ауданға, ауылдан ауылға өтіп гастрольдік сапарда еңбек ететін. Біз Ресейдің Омбы облысына, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Арқалық, Целиноград облыстарының қазақ ауылдарына спектакльдерімізді көрсетіп, жаз бойы халқымызды рухани азықпен сусындатып, көңілін көтердік.
Мен ойға кеттім, осындай жігермен жұмыс істейтін болсам, бір-екі жылда атаққа да қол жеткізетін дәрежеде еңбек жолымды бастаған Қарағанды театрын қиып кету қиынға соқты. Бірақ әкем мен анамның жалғыз баласы, ата-анам жылап-еңіреп, «өзімізде де театр бар ғой, қашанғы шет жерде жүресің?» деп хат жазған сайын мазамды алса, Қызылорда театрының бас режиссері Маман Байсеркенов те бір кездескенде «Хұсейн, еліңе қайтпайсың ба, бірлесіп жұмыс істейік» деп қалды. Сол, яғни 1967 жылы актер мамандығын бітірген Шайтұрсын Әбдібаев, Тынымбек Пірімжанов, Тұрғанбек Әшімов театр труппасына қабылданды.
Қой, мен де елге қайтайын деп ойладым да, Қызылордаға келсем театр қызу дайындық үстінде екен. Алғаш рет Алматы шаһарына есеп беру гастрольдік сапарымен барғалы жатыр. Бұл – әрине, театр үшін үлкен жауапкершілік, әлеуетін танытатын қастерлі сапар. Репертуары – мықты-мықты дүниелер. 1965 жылы бас режиссер болып келген Маман Байсеркенов мықтап қолға алған, репертуарды жаңартқан, артистердің тәртібін жолға қойып, біліктілігін арттыруға біршама жұмыс жасаған, яғни гастрольге жан-жақты дайындалып жатты. Бұрын жұмыс істеп кеткен режиссерлердің татымды дүниелерін де сапардың репертуарына сәтімен қосыпты.
1961-1962 жылдары Мәскеу ГИТИС-ін бітіріп келіп, режиссер болған Мен Дон Ук (кейін ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды) бүкіл республиканы шулатып, М.Әуезовтің «Қарагөзін» қойды деп естігенбіз. Спектакль жөнінде атақты театр сыншысы Қажықұмар Қуандықов көлемді мақала жазып, М.Әуезов атындағы, Семей облыстық театрында қойылған осы аттас спектакльдермен бірге Қызылорда театрының да қойылымын талдап, көп жерінде Сыр өнерпаздарының өнеріне басымдық бере шабыттана жазған еді. Міне, сол «Қарагөз» Алматы гастролінің репертуарына еніпті.
Екінші дүние – итальяндық атақты автор Карло Гальдонидің «Қонақ үйдің қожасы» комедиясы. Бұл туындыны Ереванның театр институтын бітіріп келіп, 1963-1964 жылдары Сыр өнері шаңырағының бас режиссері болған, кейін Халық артисі атағына қол жеткізген Рубен Суренович Андриасян қойған екен. Жеңіл, ойнақы, итальяндық мінезге бай, Дельарте комедиясының ықпалымен еркін қимылға құрылған, қазақы қалжыңдармен тұздықталған комедия.
Ал Маманның өз еншісінде үш туынды. Режиссер Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» халықтық драмасын өзінше толғап шығарыпты. Революциялық тақырыпқа жазылған туындылардың ішінде драматургия саласындағы барлық компоненттерінің көркемдік деңгейі айта қаларлықтай, құрылымы шымыр, қатысатын кейіпкерлері революциялық тартыстың басты-басты тараптарының өкілдері болып саналатын Всеволод Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясын» Маман Байсеркенов барынша шығармашылық деңгейде қоя білген екен. Сөз жоқ, бұл спектакль Алматы гастролінің маңдайалды туындысы болып, астана жұртшылығын таңғалдыратыны анық еді.
Режиссердің актер құрамын таңдауы да сәтті. Комиссар ролінде тәжірибесі мол, талай кейіпкерді шыншылдығымен, ойшылдығымен, заманауи эстетикалық биік талғамға жауап бере алатын парасатымен, театрдың бірінші актрисасы, Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген артисі Шолпан Бәкірова өнер көрсетіп, бүкіл труппаны алға тартып жүргені байқалады.
Вожак – Халық Саурықов, ерекше тұлғаларды жасай білетін, жуан дауысты, үлкен қоңыр көздерінің өтімді көзқарасымен адамға ойып қарайтын, нағыз анархист бейнесін жасаған актер.
Оның көмекшісі Қырылдауықты ұшқалақтығының өзінде қулықпен ойластырылған әрекеті бар, біресе қырылдап, біресе шыңғырып баршаны апалаң-топалаң жасайтын Оралбек Әбдімомынов жасап шығарыпты.
Алексей бейнесінде таланты толысқан, арыны тау қопарардай, ақылға келгенде бірде шалалау, бірде анархистік сезімдерге көбірек беріліп, бейнесін жан-жақты көрсетуге тырысқан Тұрысжан Айнақұлов өнер көрсетті.
Үшінші қойылым – атыраулық драматург Берқайыр Аманшиннің «Таныстық керек» комедиясы.
Обалы не керек, театр мені құшағын жайып қарсы алды. Әзірше штатта емеспін, өйткені Қарағанды театрының есебінен шыққан жоқ едім. Дегенмен театр директоры Сақтаған Тұрлымұратов ағамыз, «айналайын, келіп қалған екенсің, ешқандай қысылма, Алматыға барғанда министрлікке де айтармыз, қатарға қосыла бер, Маманға сендей бойлы матростар аса қажет қой деймін» деп жұмысқа қабылдап алды.
Басқа спектакльдердің дайындығынан кеш қалған екем, «Оптимистік трагедияға» кірісіп, матростардың бірі болып, бойымның биіктігіне байланысты бірінші қатарға орналастым. Ол да әуелгі кезде қиынға соқты.
Сахнада көлбеу орналасқан, алды аласа, арты 1м 20 см ағаштан құрастырылған корабльдің палубасын еске түсіретін станок. Жүріс-тұрысың, маршировка жасау кезіндегі қимыл – бәрі өзгеше және корабльдің үстіне шыққанда аздап теңселіп, толқын ұрған кеменің атмосферасын беруің керек. Қайтар жол жоқ, маған берілген қысқа уақыт аралығында жатпай-тұрмай дайындалуға тура келді.
Спектакльдің көркемдік шешімін республикалық корей театрының бас суретшісі Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген қайраткері Григорий Кан жасаған екен. Аз ғана өзгеріспен корабльдің палубасы далаға айналады, бірде далалық блиндажға ауысады, жоғарғы порталдан көрініп, сахнаның үстіне ұмтыла орналасқан зеңбірек стволдары революциялық кезеңнің атмосферасын дәл көрсетуге жұмыс жасап тұрды.
Сонымен дайындық аяқталып, Алматыға жол тарттық. Мені Қызылорда театрының қатарынан көріп, «ақыры Қызылордаңа бардың ба?» деп, алматылықтар таңғалып жатыр. Қарағандыдан қозғалатын болса, Жастар театрына қайтып оралады деп жүрген ғой. Өйткені оқып жүрген жылдары достарыммен бірге ТЮЗ-дің қосалқы құрамында жұмыс істегенім бар.
Гастроль сәтімен басталып, биік деңгейде өтті. Қойылымдар аншлагпен жүріп, Алматы жұртшылығы Қызылорда театрының спектакльдерін үлкен құрметпен қарсы алды десем артық айтқандық болмайды. Шығармаларды көрген сайын мерейім өсіп, театрға деген ықыласым бекіп, қызылордалық болатыныма сенімім арта түсті.
Бірнеше рет есеп беру гастрольдік сапар деп бекер айтқаным жоқ. Өйткені ол кезде қай театр болмасын, Алматы сапарын бақыт деп, театрдың өсуіне, одан әрі өркендеп, жаңа белестерге жетуіне үлкен мүмкіндік деп қабылдайтын. Астананың зиялы қауымы спектакльдерді, қол шапалағының градусымен бағаласа, сыншылар мен театр мамандары сапардың мақсатына сай талқыға салып, жақсы жақтарын атап өтіп, кемшілік, қателерін саралап, актерлердің, режиссердің, театрдың еңбегін жан-жақты талдап қорытындысын шығаратын.
Басты баяндамашы Зейнолла Серікқалиев, тұрақты түрде өнертану докторы, профессор Бағыбек Құндақбаев, білікті сыншы Қажықұмар Қуандықов, ҚСРО Халық артисі Асқар Тоқпанов сөз сөйлеп, гастрольдік сапардың аса сәтті өткенін тілге тиек етті. Негізгі баға – жақсы, биік деңгейдегі гастроль деп бағаланды.
«Оптимистік трагедия» – ерекше туынды. «Режиссер М.Байсеркеновтің қабілетін республикаға танытқан, шеберлігі қалыптаса бастаған суреткер екенін білдірді деп бағаланды. Театр директоры С.Тұрлымұратов екеуі бірлесе еңбек етіп, алғашқы гастрольді өз деңгейінде өткізді. Актерлер де әр шығармада әр қырынан көрініп, қалыптасқан труппа екенін танытты» деді Бағыбек ағамыз. Әсіресе, Ш.Бәкірова, Х.Саурықов, О.Әбдімомынов, Т.Айнақұловтың өнері кәсіби дайындықтан өткен шығармашыл туындылар болды. Сондай-ақ Ш.Бәкірованың «Ана – Жер Анадағы» Толғанайы мен «Қарагөздегі» Мөржаны да аталып өтті.
«Қарагөз» және «Қонақ үйдің қожасы» қойылымдарындағы Қарагөз бен Мирандолина жас актриса Жібек Бағысованың өскелең өнерін көрсетті» деді Сәбира апай. «Тұрысжан Айнақұловтың Алексейімен қатар «Қарагөздегі» Асаны, «Ана – Жер Анадағы» Қасымы актердің нағыз шебер болып қалыптасып келе жатқанынан хабар берді» десті. Кәшифа Көпбаеваның Жер Анасы, «Қарагөздегі» Мөржаны, Оралбек Әбдімомыновтың бірнеше рольдері аталып өтті.
Ең бастысы, есеп беру гастролінің қорытындысымен шығармашылық еселі еңбегімен көзге түскен, құрметпен бағаланған театр қызметкерлері атаққа қол жеткізетін. Көптен күткен хабар да келіп жетті.
Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің қаулысымен Шолпан Бәкірова Қазақ ССР-ның Халық артисі атанды. Тұрысжан Айнақұлов мен Жібек Бағысова Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген артисі атағымен марапатталды. Соңын ала бірінен соң бірі кезегімен Кәшифа Көпбаева мен Оралбек Әбдімомынов та Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген артисі деген атаққа ие болды.
Осылайша өнер ордасы бір жылда бір Халық артисі, төрт бірдей Еңбек сіңірген артисі деген атағы бар іргелі театрдың біріне айналып шыға келді. Біз, жастар шын қуандық, корифейлерімізді шын жүректен құттықтадық, ішімізден жұғысты болсын деп тілек тіледік.
Қызылорда театрының тарихына үңіле түсіп, оның бастама қадамдарына көңіл бөле бастадым. Театр 1955 жылы 7 қарашада Қазан революциясының жеңіске жеткен күні Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен ашылған екен. Артистері қайдан келді десем, оның да ізі бар болып шықты. 1934 жылдары Темірбек Жүргенов Наркомпросс болып тағайындалғанда барлық жерде мектептер ашумен қатар, мәдениет сарайларын да іске қосты. Аудан-ауданда колхоз-совхоз театры деген атпен ауыл өнерпаздарынан 12-13 адамдық шағын театр труппалары ашылып, мәдениетті өркендету жолында жұмыс жасалды. Талдықорған облысы Ақсу, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында сондай театрлар жалауын көтеріп, 1955 жылға дейін спектакльдер қойып, халыққа концертін ұсынған. Халықты біліммен де, өнермен де сусындатып, көрермен қауымды руханияттың ұтымды әдістерімен тәрбиелеген.
Талдықорған қаласынан 1955 жылы театр ашу үшін осы үш ұжымның труппаларын жинап, кәсіби театрдың іргетасын қалаған. Театр директоры болып Ақсу театрының жетекші артисі Сағымбек Рақышев, бас режиссері болып Қаратал аудандық театрдың режиссері, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Жақып Әбілтаев тағайындалды. Ақсу театрынан Назарбек Әмірғалиев, Дәмен Шаймерденова, Кәшифа Көпбаева мен оның жолдасы, соғыс ардагері Қыдырма Көпбаев, Рыстай Алдамжарова, Қараталдан Шолпан Бәкірова мен оның жолдасы, соғыс ардагері Әбдіқұмар Кәнетов, Баймолда Балғынбаев, Еңбекшіқазақ театрынан Шәріп Мәрденов, Тұрысжан Айнақұлов, Фәтима Айнақұлова, Раиса Тәжібаева, Айнатай Манаспаева келді.
Алматыдан арнайы келген режиссер-педагог Виктор Иванович Дьяков театрдың режиссері болумен қатар, труппаға атақты реформатор К.Станиславскийдің системасын оқытуға кірісті. Сондай-ақ М.Әуезов атындағы Алматы драма театрынан талантты актер Халық Саурықов труппаға келіп қосылды. Театрдың ашылуына мұрындық болған, ұйымдастыру мәселесінің басы-қасында жүрген Қазақ ССР-ның Халық артисі Қанабек Байсейітов өзімен бірге опера театрының студиясын бітірген бірнеше жас өнерпаз қызды труппаға тартады. Ішінде кейін Қызылорда театрының атақты артисі болған, Қазақ ССР-ның Халық артисі Жібек Бағысова да бар болатын.
Талдықорған қаласында өнер майданы осылайша бастау алып, артистермен бірге Жетісудың өнерсүйер қауымы «театр шымылдығы қашан ашылады екен?» деп, қойылымдарды тамашалауды асыға күткені анық.
Премьераға автор, қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтің өзі келіп, ашылу салтанатына арналып үлкен кеш ұйымдастырылды. Талдықорған облысының басшылары, зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның Халық артистері Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков келіп, автор бірінші болып сөйлеп, қалғандары қостап, жүрекжарды лебіздерін айтып, ақ жол тілейді.
Жақып Әбілтаев сахналаған «Ақан сері-Ақтоқты» автордың, жетісулықтардың көңілінен шығып, сахналық шешімімен, актерлік өнерімен, режиссерлік ұтымды мизансценаларымен халықты баурап алғаны сондай, көрермен қауым ертегі көргендей сілтідей тынып, бір деммен көріп шыққанын куәгерлер мақтанышпен айтады екен.
Бір жағынан Ж.Әбілтаев, екінші жағынан В.Дьяков спектакльдерді бірінен соң бірін қойып, Жетісу өнерінің көрігін қыздыра түсті. Дьяков К.Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші» комедиясын сахнаға шығарып үлгеріп, артистермен шығармашылық бірлікте өнер туындысын жасады. Оларды жаңа ортаға, тың эстетикалық бағытқа жетелеп, сахнаға тамаша комедияны алып келді. Спектакльде Труфальдино ролінде көрінген Тұрысжан Айнақұлов, Беотриче ролінде Раиса Тәжібаева ерекше бейнелер жасап, жарқ етті. Пантолоне ролінде Шәріп Мәрденов, Флориндо – Халық Саурықов, Сильвио – Әбдіқұмар Кәнетов, доктор – Қыдырма Көпбаев та өз кейіпкерлерін сәтімен жасады. Комедия театрдың өзінде де, гастрольдік сапар кезінде де рухани азық, табысты қойылым қатарында үзбей сахналанған туынды болды.
Қазақ ұлттық драматургиясының сүбелі шығармаларын жетік білетін Жақып Әбілтаев одан әрі Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», Б.Майлиннің «Жалбыр», А.Сатаевтың «Ақбөпе» қойылымдарын сахналап, жетісулықтарды өрісті өнерімен тамсандыра түссе, В.Дьяков Қалтай Мұхамеджановтың атақты «Бөлтірік бөрік астында» комедиясын дайындап, күлкінің неше түрлісін сахнаға шығарды.
Талдықорған театрының Қызылордаға келу тарихы да таңғаларлық. Сонау Жетісудан бүкіл театрды көшіріп әкелу идеясы кімнің ойына келді екен деп ойланам да, шетін таба алмай дал болам. Өйткені Республика Үкіметінің театрды көшіру туралы қаулысын таба алмай келеміз. Бізде көп жыл әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен Ұлбосын Қылышбаева барлық архивтерге хабарласқанмен, ескі газет тігінділерін ақтарғанмен, ешбір құжат қолына түспеді. Дегенмен ерте ме, кеш пе ол құжат табылатыны анық, құжат түрінде де театрдың көшу тарихы өз орнын табады деп сенеміз.
Талдықорған облыстық қазақ драма театрымен бірге, Үштөбе қаласындағы республикалық корей театры да, нақтылап айтқанда екі театр да Қызылордаға көшіп келді. Сәтті болғаны сондай, сол 1960 жылы облыс орталығындағы бүгінгі Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет сарайы дайын болып, қойылымдар қазақша, кәрісше кезектесіп қойыла бастайды.
Артистердің тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында қазіргі Әйтеке би көшесінің бойындағы үш қабатты, кірпіштен қаланған жиырма төрт пәтерлік элиталық үй екі театрдың артистеріне теңдей бөліп берілді. Жетпейтін пәтерлер Гоголь, қазіргі Ғани Мұратбаев пен Абай даңғылы қиылысындағы жаңа бой көтерген үйлерден бөлініп, театрдың қалыпты жұмыс істеуіне толық жағдай жасалды.
Жаңа директор болып Ташкент театр институтының театртанушы, театр сыншысы факультетін бітірген Сақтаған Тұрлымұратов тағайындалды, ал бас режиссер Жақып Әбілтаев өз қызметін атқара берді. Жақып ағамыз Алматы кинотехникумын актер мамандығы бойынша бітірген, Семей облыстық драма театрында еңбек етіп, Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген артисі атағына қол жеткізген. Ол қойған әр спектакль ұлттық нақышымен, ұтымды мизансценаларымен ерекшеленетін.
Қызылордаға көшіп келіп, орналасып болғасын-ақ, талдықорғандық артистер қызу дайындыққа кірісіп кетті. Сондай-ақ Қызылорда өңірінде актер мамандығы бар, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген оннан аса өнерпаз қабылданды.
Мәдениет қызметкері Оралбек Әбдімомынов, Ташкент театр институтының түлектері Фахреддин Қуанышев, Ізбасхан Шәкіров, Жорабек Шүленбаев, М.Әуезов атындағы Алматы драма театрының студиясын бітірген Ұлбатай Баяділова, Айымторы Тайғаринова, Қалмахан Бисембиев, мәдениет қызметкерлері Ыбырақым Раманқұлов, Зағипа Сәулебаева, Серікбай Ысқақов, Ақтөбе облысы Ойыл халық театрынан Ораз Нәсімханов пен Сәнім Масина труппаға қосылды.
Жұмыс қыза түсті, дайындықтың еселеп артқаны сондай, артистер демалыссыз, күні-түні еңбек етіп, 1960 жылғы 7 қараша күні театрдың алғашқы шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысымен» ашты. Арасын суытпай режиссер Жақып Әбілтаев бірнеше спектакльдің тұсауын кесіп, Қызылорда қаласын театр мекеніне айналдыра бастады.
С.Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны», Н.Гогольдің «Ревизоры» алғашқы шығармашылық еңбектің қатарына қосылып, қала тұрғындарының өнерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Әсіресе қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, ұлағатты ұстаз, Қазақ ССР-ның Халық артисі Асқар Тоқпановтың М.Әуезовтің «Абай» спектаклін сахналауы үлкен өнер мектебіне айналды.
Ал Маман Байсеркенов 1964 жылы Алматы консерваториясының жанынан ашылған театр факультетін режиссер мамандығы бойынша атақты режиссер, М.Әуезов атындағы Алматы республикалық драма театрының бас режиссері А.Мадиевскийдің класынан бітіріп, театрға қатардағы режиссер болып орналасты. Өзі талдықорғандық болса да Қызылорданы таңдауына труппаны жетік білетіні себеп болды ғой деп ойлаймын. Оқып жүрген кезде Талдықорғанда жиі болып, жетісулық артистермен етене араласқаны анық. 1965 жылы Р.Андриасян Қарағандыға ауысқанда Маман театрдың бас режиссері болып тағайындалып, бүкіл жұмысты қолына алды.
Ең бірінші тәртіптен бастап, труппаны жаңа бағытқа жетелеп, әрбір шығарманы сахналаған сайын артистердің өз бейнелерін толыққанды шығаруына баса назар аударды. Режиссерлік диктат – Маманның басты қағидасы. Олай болмаса, босаңсып кеткен труппа толыққанды шығармашылық еңбекпен айналыса алмайтын еді. Маман режиссердің қатаң тәртібінің, актер жауапкершілігін алдыңғы қатарға шығарып, аянбай еңбек етуінің арқасында аз жылда ұжым шығармашылық мүмкіндігін асырып, сәтті туындыларды бірінен соң бірін қойып жатты.
Ол қойған М.Хасеновтің «Бетпе-бет», А.Тоқмағанбетов пен О.Бодықовтың «Арман азабы» бүгінгі тақырыпты қамтыса, Б.Майлиннің «Майдан» шығармасы революциялық тақырыпты қозғап, репертуарды байыта түсті.
1967 және 1968 жылдары екі айтулы оқиға болды. Көрнекті авторлардың айтар ойы салмақты, күрделі шығармаларын сахналауда айтарлықтай табысқа жетіп, қарқынды дамудың үлгісін көрсеткен ұжымға 1967 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ эстрадасының бастауында өз бригадасымен мәдени майданның туын көтерген ақын, композитор, жыршы Нартай Бекежановтың аты берілді.
В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясының» сахнада табыспен қойылуы бүкіл қазақ театр өнерінің жетістігі ретінде бағаланды. 1968 жылы «Оптимистік трагедия» спектаклі үшін театр Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағымен марапатталды.
Кеше ғана қатардағы театрдың бірі болып жүрген Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театры іргелі өнер ордасының біріне айналды. Бұл театр үшін ғана емес, Сыр елі үшін, аймағымыздың беделі үшін, шығармашылық еңбекпен айналысатын өнер, мәдениет адамдары үшін үлкен абырой, есепсіз жауапкершілік еді. Сол жауапкершіліктің үдесінен шығу – ендігі алда тұрған мақсат.
Осылайша Қызылорда театрымен таныстығым басталды. Енді бар күшімді іске қосып, труппаның белсенді мүшесі болуға ұмтылу алға қойған мақсатым болмақ. Шығармашылық еңбек жалқаулықты, тоқтауды, жан-жаққа алаңдап, жолдан тайғанды қаламайды. Негізгі идея, басты мақсат, әрекеттің үстінде оны орындау, міне ендігі қалған жұмыс осы және ол еңбекпен, талаппен, сеніммен, театрға деген сүйіспеншілікпен келетін еселі еңбек болуға тиіс.
Алда қыруар жұмыс тұрды.
Хұсейн Әмір-Темір,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<