Өнер – өмірді сүюдің кілті

862

0

Қазақстан театр қайраткерлері және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қызылорда қаласының және Арал ауданының құрметті азаматы, Қызылорда қалалық Жастар театрының негізін қалаушы, ақын, режиссер Оңталап Нұрмаханов жарнамаға сұранып тұратын жан емес. Кейде оның есімін жұрттың танымай жататыны содан. Ал, Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әнін есіне салсаң, шынында сол ғажап әуеннің сөзін жазған Оңталап па деп таңғалады.

«Оғыз ұрпақтары тірі,

Қобыз – заманымның үні.

Бозінген боздағаны,

Жүректі қозғағаны», – деген өлең сөздері жан шымырлатады, кез келген қазақ арқаланып кетеді.

Сонау жылдары Аралдың Қызылжар ауылындағы орта мектепті, сосын Алматы құрылыс техникумын бітірген Оңталапты қанында бар өнер ауылда қалдырмай ала қашты. Қиюлап қалап, оюлап сылайтын құрылыс та – өнер. Бірақ, жас Оңталаптың жүрегіндегі рух асқақ ғимараттардан да биік еді.

Ол өлең жазды, айтысқа қатысты, киномеханик, режиссерлық секілді кәсіптерді оқып-тоқымай-ақ игерді.

Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Құдайберген Жасекеновтің жөн сілтеуімен Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінің режиссер бөлімін сырттай оқып бітірді. Ішінде сайрап тұрған нәрсені сырттай оқып алдым дегені бір жапырақ қағаз үшін ғана. Ақыры аудандық мәдениет үйінің режиссері болып, Т.Аxтановтың, Қ.Мұхамеджановтың, С.Адамбековтың шығармаларын сахналады. 

1995-1999 жылдары облысты басқарған Бердібек Сапарбаев Аралға барған бір іссапарында Оңталаптың сценарийімен жасалған ашық сахнадағы іс-шараны көріп, оны облыс орталығына алдырған. Сөйтіп, Оңталаптың талабы оңғарылып, үлкен сахнаға қадам басты.

Қызылордаға келгесін, жігері тасып тұрған жас маман өзінің нағыз талант екенін танытты. Әсіресе, Астанада өткен облыстың мәдениет және өнер күндеріне дайындалған «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда» деп аталатын театрландырылған қойылым Оңталаптың үлкен мүмкіндігін жарқырата көрсетіп берді. 

Осыдан соң ол Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының қоюшы режиссері қызметіне ауыстырылды. Ол осы театрда әр жылдары Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» трагедиясын, Л.Егенбердиеваның «Егіздер», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» мелодрамаларын, Ә.Таразидің «Люстра» фантасмагориясын, С.Ахметтің «Келіндер көтерілісі» комедиясын, т.б. белгілі шығармаларды сахналап, өнерсүйер қызылордалықтардың қошеметіне бөленді.

Бұл екі ортада Оңталап Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссерлік бөлімін сырттай оқып бітіріп алды. Бір кездері «Қазақстан-Қызылорда» телекомпаниясының шақыруымен телеарна саласында да қызмет етіп, айшықты қолтаңбасын қалдырды. Редактор болып, бірнеше телехабар дайындады. «Әпсана», «Бір келіншек», «Ұшар» секілді телефильмдерінің сценарийін өзі жазып, өзі түсірді. Сәтті шыққан бұл туындылар бүгінде облыс телеарнасының Алтын қорында сақтаулы тұр. Реті келген кезде көрсетіліп те жүр.

«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали айтқандай, өнер адамдары өмірінің тағдырлы болып келетіні ешкімнің қолдан жасаған дүниесі емес. Бір кездері талантты режиссер О.Нұрмаханов театрдан шеттетіліп, жұмыссыз да қалған. Сол кезде алғашқы болып қол созған әріптестерінің бірі – облыстық филармония директоры Талғат Махашев.

Оңталап өте сенімді жұмыс істейді. Не жасаса да жанын қинап, терін үгеді. Оның күнім өтсін дейтін күні жоқ, өзін аямайды. Бір шығарманы сахнаға шығару үшін ойды-қырды кезіп кетеді. Оның осы қабілетіне қызмет аясы тарлық еткендей еді.

Талант көрсе қанат байлап жібергісі келіп-ақ тұрады, ендеше, сол таланттардың көзін ашатын кім? Оңталап осы ойға тоқтады. Жастар театрын ашуға кірісті. 16-21 жас аралығындағы талапкерлерге кастинг жариялап көріп еді, оты жарқылдаған жастар орап алды. Сол кезде педколледжде актерлік шеберлік бөлімі болған, бірақ, таланттар ел ішінде екен. Талапкерлердің көбі мектеп оқушыларынан таңдалды. Содан оларға шеберлік класын өткізуге Алматыдан танымал театр және кино актері Ғани Құлжанов келді, Қызылордадан белгілі актер Бақытбек Алпысбаев ақыл-кеңесін қосты. Осылайша, қалалық мәдениет бөлімі жанынан Жастар театры құрылды.

Сахнаға шығып, рөл ойнаған талапкерлердің үйренуге деген құлшынысы ерекше еді. Алайда, оларға айлық төлеу мүмкіндігі болмады.   

Алғаш рет шығармашылық ұжым өзінің тәжірибесіздігіне қарамастан Қ.Жүнісовтің көркемдік деңгейі жоғары «Алғашқы махаббат» комедиясын сахналады. Осы шығармамен ауыл-ауылды аралады. Жастар театры деген атау халық ішіне тез тарады.

2017 жылы Оңталапты сол кездегі қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қабылдады. Театрдың жайына қанық екен. Бірден қолдау танытты, 15 штаттық бірлік бөлдірді. Бұл енді театрда он бес адам тұрақты айлық жалақы алып жұмыс істейді деген сөз. Бұрын тұрақты маман жоқ-ты, бірі келетін, бірі кететін. Айлық берілетін болғасын театрдың өз мамандары іріктелді.

Міне, осылай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан Қызылорда қаласы әкімінің тікелей қолдауымен жаңа сипаттағы Жастар театрының жұмысы басталды.

Театрдың аяқалысын көрген жазушы-драматург, жерлесіміз Сұлтанәлі Балғабаевтың Оңталапқа арнайы жолығып: «Бұл сенің театрыңа берген байғазым болсын», – деп «Қызылорданың қыздары» деген пьесасын сыйға тартқаны бар. Спектакль Қызылорданың туған күніне арналған шара тұсында облыстық театрда сахналанып, бұл қойылымға көрермен тік тұрып қошемет көрсетті.

Бүгінде театр репертуарында жазушы-дрматург Қуандық Түменбайдың Социалистік Еңбек Ерлері Ж.Қуанышбаев пен Ы.Жақаевтың құрметіне арналған «Екі бала, екі шал», драматург Жолтай Әлмаштың әл Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Отырардың жасыны», А.Алматов пен О.Нұрмахановтың ақын Ж.Ерманның 70 жылдығына арналған «Ұлардың дауысы» спектакльдері, А.Атымтаеваның «Қыз қасқыр» және қазіргі заманның індеттерінің бірі нашақорлыққа, діни экстримизге қарсы жазылған Б.Айдарбековтің «Неге?» деп аталатын қасіретнамасы бар.

2017 жылы осы «Қыз қасқыр» қасіретнамасымен Шымкент қаласында «Ашық алаң» атты тәуелсіз театрлар арасындағы халықаралық фестивальге қатысып, Ерғали Оразымбетов атындағы номинациямен марапатталды.

Сол кезде өнерге қамшы салдырмайтын шымкенттіктер Қызылорданың Жастар театрын көріп, таңғалды. Біз неге ашпаймыз деп, дереу олар да осы істі қолға алды. Қазіргі кезде Шымкент өздерінің Қызылордадан көріп құрған Жастар театрын жеке отау қылып шығарып, сексен адамды бюджеттен жалақы төлеп жұмыс істетіп отыр.

Оңталап осыған ойланады. Өзінің төл перзентіндей болған театрдың өз алдына мекеме болып, оңаша ғимаратқа орналасар күні болар ма екен деп армандайды. Жастар театры сонда жаңа Қазақстанның жаңа идеяларын сахна тілімен самғатып, жастардың рухын көтеретін бір ақ отау болмас па еді.

2018 жылы Жастар театры Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген барлық мәдени шараларға қатысып, қала әкімінің алғыс хатын алды. Мұнан бөлек шығармашылығын шыңдау мақсатында түрлі деңгейдегі байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарды иеленді.

2020 жылы А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай О.Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» трагифарс премьерасы сахналанды. Аталған спектакль үстіміздегі жылы Қарағанды облысында өткен «Театр. Талант шығармашылығы» атты халықаралық театр фестиваліне онлайн форматында қатысып, 1 млн теңгелік жүлделі 1 орынды жеңіп алды.

Осы қазір театрдың шығармашылық әлеуеті жоғары. Шымылдығы ашылған күннен бері  Әлмұхамед Алдажаров, Айша Әбдіраман, Ілияс Өтетілеу, Мақсат Серіков, Динара Нұрлыбай, Нұрдәулет Баймаханов, Гүлбазар Сандыбай, Тоғжан Аяпова секілді т.б. таланты шыңдалған жастар сахна төрінен түскен жоқ.

Соңғы бір-екі жылда бізге талантты режиссер денсаулығына байланысты шығармашылықпен айналыса алмай жүргендей көрінген.

Жақында Оңекеңнің үйіне арнайы барып, жағдай сұрастық. Ақын досымыз өзін еркін сезініп, көсіле әңгіме айтты. Таланттың аты талант қой. «Мен Абайдың бір шумақ өлеңінен бір спектакль жасай аламын», – деді Оңекең. Әрине, біз үшін таңсық дүние, бірақ, ол – маман.

«Жалпы, режиссер шешімі деген не, бізге ол дайын шығарманы артистерге бөліп беріп, бақылап отыратын сияқты», – деймін мен, режессура туралы түсінігімнің аз екені рас.

Оңекең айтады: «Көптен қалмау көкке самғау емес. Бүгінде бір-бірінен аумайтын дүниелер көп. Режиссер жол іздеуі керек, шығармада көрерменнің ойлануына мүмкіндік тудыруы тиіс. Оқиғаны көз алдыңнан бұзбай өткізетін үнді фильмдері секілді шығарма еліктіреді де қояды. Спектакльді көрген екі адам үйіне барғанша қойылымды талқылай білуі керек. Сонда көрерменнің қабылдау деңгейі өседі. Эстетикалық тәрбие деген сол. Режиссер осылай жұмыс жасағанда ғана ойлы дүние жасап, көптің есінде сақталады».

Оңекеңнің ойлары қызық, шынында тереңге шым батырып әкетеді. Оны тыңдап отырып, өзіңнің күнделікті өміріңнің режиссері болып кетесің.

«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген екен Ғабит Мүсірепов. Шынында бұл өнер – өмірді сүюдің кілті.

Қазір театр ұжымы демалыста жүр. Күздің алғашқы айында жаңа маусымы ашылады.

Мен енді сол күнді асыға күтемін.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<