Қарашаңырақтың қара нары

900

0

Хұсейін Жүсіпұлы Әмір-Темір 1940 жылы сол кездегі Тереңөзек ауданы «Қызылту» колхозында өмірге келген.

1965 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтын, 1972 жылы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтының жоғарғы режиссерлар курсын бітірген.

1965-1967 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында актер, 1967-1990 жылдары Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында актер, режиссер, бас режиссер болып қызмет атқарды. 1991 жылы жаңадан ашылған Қызылорда облысының телерадио хабарларын тарату комитетінде бас режиссер болып еңбек етті. 1992 жылы Б.Римова атындағы Алматы облыстық Талдықорған драма театрының бас режиссері, 2003 жылдан бүгінге дейін Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болып қызмет істеп келеді.

Қызылорда, Талдықорған, Алматы, Шымкент, Орал театрларының сахнасында әртүрлі жанрдағы, әртүрлі стильдегі 200-ден аса спектакльді қойған режиссер. Қазақ, орыс, шетел классикасының нәрлі шығармаларын, қазіргі қазақ драматургиясының маңдайалды туындыларын әр кезде сәтті қойып, үлкен беделге ие болған суреткер.

Режиссердің еңбегі туралы кезінде «Советская культура», «Театральная жизнь» басылымдары, республикалық газет-журналдар жазды. Белгілі сыншылар – М.Қаратаев, Б.Құндақбаев, Ә.Сығай, С.Қабдиева «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің беттерінде режиссерға көлемді мақала арнап, еңбегін жан-жақты бағалады.

Режиссер 2005 жылы қазақ драматургиясының классиктері Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің «Аласапыран» атты спектаклін қойып, Қазан қаласының 1000 жылдығына арналған фестивальға, 2012 жылы Түркиядағы Кония қаласында өткен «Мың тыныс, бір үн» фестиваліне түрік драматургі Тургай Нардың «Төбекөз» спекталімен, 2013 жылы екінші рет Қазан қаласында өткен фестивальға қатысып қайтты. 2015 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы күндері аясында Лондон халқына Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын ұсынып, ағылшын көрерменінің зор ықыласына бөленді. 2018 жылы Шотландияда өткен «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне Хұсейін Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклімен қатысып, спектакль режиссері Шотландияның «Алтын кітабына» енгізілді.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған XVII республикалық театр фестиваліне С.Балғабаевтың «Өтірік айтпайтын адам» трагикомедиясымен қатысып, театр артисі А.Байдалиева «Әйел бейнесін үздік сомдағаны үшін» номинациясымен марапатталды. Осы жылы театр артисі К.Әбжанова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

2018 жылы Талдықорған қаласында елорданың 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестиваліне режиссер сахналаған Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасымен қатысып, үш бірдей номинацияға қол жеткізді. Театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, Жүргеновтің әкесі Қара ролін сомдаған Б.Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Т.Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін С.Әбдіразақов марапатталды.

2019 жылдың тамыз айында Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері аясында Х.Әмір-Темір сахналаған Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы Ташкент қаласында қойылды.

2021 жылы Семей қаласында өткен Қазақстанның халық артисі Ә.Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының 27-ші республикалық фестиваліне Х.Әмір-Темірдің режиссурасымен Е.Төлеубайдың «Абай» трагедиясы қатысып, Абай ролін сомдаған актер Б.Темірбеков жүлделі орынмен марапатталды.

Режиссердің қойған спектакльдері сыншылар тарапынан да жылы лебіздерге ие болып, жақсы дәрежеде бағаланып келеді. Х.Әмір-Темір Сыр театрының ғана емес, жалпы қазақ өнерінің дамуына орасан зор үлес қосып келеді.

Х.Әмір-Темір «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағымен марапатталған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<