Қызылордада көрермен мәдениеті қалыптасқан ба?

549

0

Сан қилы өнердің тоғысатын жері – театр. Ән мен бидің, қара сөз бен қимылдың үндесуі, кейде сахнадағы үнсіздіктің өзі адам жанының қатпарына бойлап, қойылым өмірге айналып кете барады. Сондықтан болар, антикалық кезеңнен пайда болған театр өнеріне деген көптің құрметі ерекше. Ал Уилл Роджерсше айтсақ, «Театр – кедейлер байларға жоғарыдан қарай алатын жалғыз орын». Демек театр – тек артистер мен көрерменнің арасындағы диалог қана емес, сыртқы бейне мен басылған әр қадамның өзі талғамды қажет ететін эстетика мен этикеттің көзге көрінер мекені. Қазақ театры үздіксіз даму үстінде. Қойылым қойылмай, театр тоқтап қалған кез болған емес. Ал көрермен мәдениеті ше? Бүгінде театрға кімдер барып жүр? Көрермен талғамы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде пікір алмасқан едік.

Оңталап Нұрмаханов, «Жастар» театрының режиссері:

– Өнер ордасына, өзіңді тануға себепкер болатын орынға қалай болса солай бару – өзін-өзі сыйламайтын адамның әрекеті.

Қойылымға кешікпей, уақытынан ерте келу, сырт киімді шешіп, театр мәдениетіне сай киіну, қойылым барысында қатты сөйлемеу, телефон ұстамау, жаныңдағы көрерменге кедергі келтірмеу – маңызы жоқ секілді көрінгенмен мәдениетіңнің өлшемі іспеттес. Жаныңдағы адамға кедергі келтіру – көршіңді сыйламау, ал ол түптеп келгенде өзіңді сыйламау, өз болмысыңды табанға салып тепкенің. Мейірім мен махаббатты ең алдымен өзіңнен, сөйлеген сөзіңнен табуың керек. Сонда сен – театрдың талғамы биік көрермені болып қаласың. Қойылымнан шыққан адамдар үйіне жеткенше спектакль оқиғасын, көкейде ұялаған сұрақтарды талдап, не сезінгенін бөлісіп, жанындағы көршісінің не сезінгенін сұрап, соңында ойындағы сұрақтарға жауап тауып алуы керек. Егер әрбір көрермен сондай болса, бұл артистердің, режиссердің, жалпы театрдың жеңісіне баланады. Ал «қойылымды түсінбедім, әйтеуір, көріп қайттық қой» деп шыққан көрерменнің артуы – театр үшін сын.

Ақтөре Оразалы, Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрының режиссері:

– Станиславский: «Театр киім ілгіштен басталады» десе, жазушылар оны тікелей әдебиетпен байланыстырады. Ал режиссер ретінде театр мәдениеттен басталады дер едім. Мәдениет ошағынан өзін көріп, танып кетуге талпынатын көрерменсіз театрды, жалпы өнерді елестету мүмкін емес. Өз тәжірибем бойынша айтар болсам, көрерменнің бәрі бірдей емес. Кейбір көрерменнің эстетикалық талғамы биік, кез келген жайтқа өзіндік көзқарасы бар. Театрды кинотеатрмен шатастырып, жүгін арқалап, ішіп-жейтінін қолына ұстап келетіндер де бар. Ондай кезде ескерту жасалады. Жалпы театрдың кинодан ерекшелігі – мәдени биіктігінде.

Шапағат Сағадат, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледж жанынан құрылған «Ассорти» студенттер театрының жетекшісі:

– «Ассорти» студенттер театры – колледж студенттерінің қызығушылығымен құрылған орта. Ұжымда ешқандай кәсіби маман, жоғары білімді артист жоқ. Студенттердің барлығы – болашақ мұғалімдер. Алғаш сахналаған туындымыз Желтоқсан оқиғасын суреттейтін «Ызғар» атты трагедиялық спектакль 2021 жылы облыстық филармонияда қойылған еді.

Кейінгі екі-үш жылда қызылордалықтар театрға баруды әдетке айналдырғандай. Бұрынғыдай емес көзіқарақты көрермен көбейген. Студенттер театры болғасын көрермендеріміздің көпшілігі жастар, ол бізді қуантады. Оған дәлел – 200-ге жуық билеттің барлығы өтіп кетіп, тағы да сұраған кездері болған. Жастардың қызығушылығы артып, театр мәдениетіне де үйрене бастады. Театр адам жанын тазартып, ізгілікке жол сілтеуші ғана емес, ішкі-сыртқы мәдениетке тәрбиелеуші құрал десек артық емес. Бұл орайда көрерменнің талғамы театр мәдениетін, көрермен әдебін таразылай алатын күн алыс емес деп ойлаймын.

Санат Жүзбай, Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрының артисі:

– Орыс театрларымен салыстырғанда көрермен мәдениетінің айырмашылығы айқын байқалады. 2017 жылы қалаға келген Қарағанды музыкалық театрының спектакліне қызылордалық орыстілді аудитория көрермен болды. Барлығы классикалық үлгіде киініп, қойылым біткенде әсерін бөлісіп, театр ұжымын шынайы қолдаумен шығарып салды. Сонда таңданғаным рас. Әрине, мақсатым орыс-қазақ деп бөліп-жару емес. Мүмкін, кей адамдар әлі де театр мәдениетін түсінбейтін шығар.

Қызылордалық жастар – біздің тұрақты көрермен. Себебі олардың жылы лебіздерін жиі естіп жатамыз. Жақында «Кездесу мен қоштасу» спектаклі рекорд орнатып, билет құнын қымбаттатқанмен, қойылымды көруге асыққандар қатары көп болды. Аталған қойылымға тұтастай дерлік жастардың келуі де – соның дәлелі. Өңірлік театрларда көрермен мәдениеті бар ма деген сұраққа екіұшты ойдамын. Біздің қызметкерлер ұялы телефонды өшіріп не дыбыссыз режимге қою керегін, тамақ алып кіруге болмайтынын ескертеді. Соған қарамастан кей көрермен су мен тәттілерін әкеліп, театрда отырады. Мұндай қылық мәдениет ошағына мүлдем жат. Киноға солай барса, түсінуге болады.

Бекзат Әмірханұлы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті:

– Театр адам жанын тазартып, ізгілікке жол сілтеуші ғана емес, ішкі-сыртқы мәдениетке тәрбиелеуші рухани азық десек артық емес. Дейтұрғанмен театр мәдениеті, ондағы көрермен мәдениеті әлі де қалыптасуда. Театр артистері рөл ойнамайды, өмір сүреді. Сондықтан қазіргі таңда театрға қызығатын, тұрақты көрермен санатындағы жастардың қатары көп.

Алайда кейде қойылым барысында қызылордалық көрерменнің олқылығы, ішкі мәдениеттің жоқтығы байқалады. Мәселен, қойылымға мүлде қатысы жоқ артық күлкі, қойылымның қақ ортасында телефонмен сөйлесу, әлеуметтік желіге кіріп, басқа бейнематериалға қарап отыру, сырт киіммен, спорттық киіммен келу сынды ішкі мәдениетін тілсіз, үнсіз-ақ көрсетіп тұратын әрекеттер бар. Ондайда қарапайым этикетті талап етуге тура келеді. Ең сорақысы – театр билеттерін алым-салым жасап, кәсіп қылып жүргендердің де қарасы байқалады. Өздеріңіз білетіндей, сұранысқа ие қойылымдардың билеттері сайттарға шықпастан аншлаг болып жатады. Қойылым уақыты жақындағанда басқа платформалардан билет құнын екі есе қымбат бағада сататындар да аз емес екен.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<