Сахна жауһарына айналған жұп

999

0

Өмірде де, өнерде де есімі қатар аталатын Бақытбек Алпысбай пен Кәмила Әбжанованы Сыр елінде білмейтіндер кемде-кем. Екеуі де – Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының актерлары, сахна өнерінің сардарлары. Бірі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бұл – өнер адамына берілетін ең жоғарғы атақтар. Осының өзі-ақ біз айтқалы отырған сөздің тінін тарқатады.

Жетпіс деген жасты жартылап қалса да Бақытбек аға мен Кәмила апаның сахнадағы образы ортайған жоқ, тіпті, екеуінсіз сахна сәнінен жаңылып қалғандай болар еді.

Әрине, мұндай бедел мен берекеге түп-түзу жолмен оп-оңай жету мүмкін емес. Сахнаға бауыр басу, өнерді сүю үшін дүние қызығын тәрк еткендей тағдыр кешу керек шығар, бәлкім. Бұлай дейтін себебіміз де бар. Егер Бақытбек аға мен Кәмила апа күллі өмірін сахнада өткізбесе тірлік рахатына кенеліп отырар еді. Бірақ, олардың таңдаған жолы өзі жанып, жарығын айналасына шашқан шамдай өзгеге рухани байлық сыйлауға арналды.

Сахнаға жүрегімен байланып қалатындар – барар жер, басар тауы жоқтар емес, жанын өнерге пида еткендер. Әйтпесе, талайлар бағын сынап көріп, баспалдақтан жоғары көтеріле алмады. Баяғыда «Бажалар мен балдыздар» деген  қойылымның басты ролін ойнайтын бір әріптесі Жетісайға гастрольмен барып, ертең спектакль болады деген күні бір жігітпен қол ұстасып қашып кеткен. Сөйтіп, қойылым болмай қалды, билет алып шұбырып келген жұрт алдында театр ұжымы ұятты болды. Мұндай хикаяттың қайсысын айтарсың.

Қанша оқиғаның ортасында жүрсе де, Бақытбек пен Кәмила сахна киесін бойтұмар қылып таққан жандар.

Менің пайымымда, өнерде жолы болмайтындардың бойындағы ата тектен келетін талант деген тылсымның қуаты кемшін. Таланты тегеурінді адам бекзат өнердің биігіне шығады. «Қап түбінде алмас кездік жатпайды» деген сөздің төркіні – сол.

Біз енді кімдер жайлы айтып отырғанымызды нақтылай түсейік.

Бақытбек Алпысбаев 1947 жылы 20 қыркүйекте бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданының Асқар Тоқмағанбетов ауылында, анығырақ айтсақ, осы маңдағы «Майлықұм» деген жерде туған.

Қызылорда астана болып тұрған жылдары әкесі Қостанай жақтан көшіп келген екен. Ол кісі ауыз әдебиетін жетік білетін, тілі өткір, ақиқатсүйгіш адам болыпты. Сірә, бала Бақытбектің бойында жастайынан байқалған өнер ұшқыны әкесінен дарыса керек.

Бақытбек алтыншы класты ауылдан бітіріп, жетіншіде Қызылордадағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатқа ауысты. Мектеп сахнасында әртүрлі тақпақтарды жатқа оқып, конферансье болып жүрді, яғни, сахналық бағдарламалардың хабарлаушысы еді. Даусы ашық және жаңылмай анық сөйлейтін Бақытбек осы кәсіпті орындай жүріп, қойылымдарға қатыса бастады. Мектеп мұғалімі Қырғызбай Алпысбаев бір актілі пьессалар қоятын. Ондайда Бақытбек артист роліне енеді.

Бір күні Әбдіғұмар Кәнетов деген кісі интернатқа келіп, «Жалбыр» деген опера қойды. Әрине, артистері – оқушылар. Жеңіс Өтемісов деген ағай баянмен сүйемелдейді, опера мәтіні әнмен, ұйқасты сөздермен айтылады. Неге екенін қайдам, қоюшы режиссер Бақытбекті қорашсынып, сол операға қатыстырған жоқ. Бірде қойылымдағы үлкен рольді ойнайтын Құрманғали деген баланың шешесі қайтыс болып, алыс ауылдарға баратын гастрольге келе алмады. Бақытбек оның роліндегі сөздерді жатқа білетін, амалсыз Құрманғалидың орнына алынды. Сол кезде Киров, Амангелді ауылдарына барып, опера қойды. Содан бастап Бақытбексіз қойылым өтпейтін болды. Режиссердің көзі жетті, Бақытбек көп дайындықты қажет етпейтін және сөзден еш мүдірмейтін.

 Мектептен соң Бақытбек ауылында екі жыл қара жұмыс істеді. Әкесі ертерек қайтыс болған, анасына қолғабысын тигізді.

Ақыры, Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясына оқуға түсті. Студияны бітіргесін түлектердің арасынан ерекше көзге түсіп үлгерген оған «театр анасы» атанған Сәбира Майқанова мен қазақ театры мен киносының хас шебері Асанәлі Әшімов Алматыда қал деп қолқа салған. Бірақ, шешесі мен жасы кіші інілеріне қамқор болып жүрген жас түлектің елге оралуына тура келді. Өзіміздің де театрымыз бар ғой, қаражаяу қалмаспын деген.

Қызылордаға табаны тиісімен тіке театрға келді. Жас түлекті Асанәлі секілді майталмандардың бағалағанын олар да біледі, жұмысқа да тез қабылданды. Сол кезде үш күннен соң театр ұжымы «Айман-Шолпан» спектаклімен гастрольге шығатын. Осындағы Арыстан батырдың ролін ойнайтын актердің бір жағдайы болып қалған екен. «Бұл ролді сен аласың», – деді қойылым режиссері, мүмкін сынағысы келген шығар. Бақытбектің жад қасиеті дәл осы кезде тағы көрінді. Екі-үш ай дайындықты қажет ететін рольге ол үш-ақ күнде дайын болып шықты. Қолбасындай бала сөйтіп аяқастынан Арыстан батырға айналып шыға келген.

Мұнан кейін Бақытбек «Бажалар мен балдыздар» деген комедиядағы жасы алпысқа таяп қалған адамның ролін сомдады. Сонда өзі жиырма үш жаста екен.

Бақытбек сахнада шал болып, ал, әйелінің ролін Қазақстанның халық артисі Шолпан Бәкірова ойнады. Екеуінің шынайы өмірдегі айырмасы – қырық жас. Актерға өзінің жас деңгейіндегі рольді орындау қиын соға қоймас, егер солай есептесек. Ал, енді шал болу, оның үстіне әлгіндей жағдайда ойнап шығу жас актер Бақытбектің бағын байлаған жоқ. Сол қойылымды көрерменнің тік тұрып қошеметтеп,  мамандардың жоғары бағалағаны бар.

Өнер мамандықтары негізі оқумен келмейді, оған қанмен дарып, сүтпен сіңген қасиет керек. Дегенмен, жоғары мектепте оқудың әсері әр жерде тиіп тұрады. Бақытбек сөйтіп, толысқан актерға айналып үлгерсе де 1994-1996 жылдары Т.Жүргенов атындағы кино және театр институтының театр факультетін сырттай оқып, үздік дипломмен бітірді.

Бақытбек Алпысбай Сыр сахнасында комедия, трагедия, драма жанрында алуан түрлі образдарды ойнап, 250-ден астам роль сомдады.

Оның бір ерекшелігі роль таңдамайды. Әртүрлі жанрда ойнай алатын кең тынысты актер. Сөзін жаттауға қиналмайды. Ал, образды ашуға келгендегі еңбектенуі нағыз азап. Күндіз бен түннің айырмасын ұмытады, демалыс күні болмайды. Кейде жас актерлер берілген тексті жатқа айтып, рольді ойнап шықтым деп ойлайды. Бақытбек оларға образдың тек текстпен ашылмайтынын үйретіп отырады. Өзінің кейбір образдарды шынайы шығару үшін небір кітаптарды ақтарып тауысып, кейіпкерін іздеп, ауыл аралап кететін кездері де көп.

Театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – актердің перзенті. Сол перзентті бағып-қағып, сахнаға шығарғанша актер «ата-ананың» ролінде. Өнер адамының көңілі қай кезде болмасын, көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Артист – кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды», – деген екен.

Осы бір білікті сөзді Бақытбек Алпысбайға қатысты ойға алмай кетуге әсте болмайды. Өйткені, мұндағы айтылған сөз оның кәсіби болмыс кенін қазып алғандай көз алдыңа алып келеді.

Қалтай Мұхамеджановтың «Біз періштеміз бе?» атты пьесасын көргендеріңіз бар шығар. Осындағы Табан есімді тергеушіні Бақытбек Алпысбай ойнайды. Сол Табан Сәкен Сейфуллинді «халық жауы» деп оққа байлаған. 1953 жылы Сталин қайтыс болып, Сәкен ақталған кезде Табан өзін-өзі атып өлтіреді. Осындай образды тамаша сомдап шыққан Бақытбек кейіпкерінің бейнесін жасау үшін апталап кітап ақтарып отырыпты. Расында, жазушы Табанның бар болмысын жазып көрсетіп беріп тұр. Бірақ, ол орындаушының бойына көшкенде қалай түрленеді? Міне, осы екі аралықты актердің өзі жасауы тиіс. Бақытбек соны біледі, білгесін іздейді. Табады және көрерменнің көңілінде қалады.

Сахна саңлағы Қазақстанның еңбек сіңірген артистері – Оралбек Әбдімомынов, Тұрысжан Айнақұлов, Қазақстанның халық артистері Шолпан Бәкірова, Серік Шотықов, Жібек Бағысова секілді майталмандардан көп нәрсе үйрендім дейді. Олардан бөлек, Есмұхан Обаев, Төреш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев, Павел Ширшов, Жақып Әбілтаев, Жақып Омаров, Мұрат Ахманов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Маман Байсеркеновпен қызметтес болған. Актер ретінде өсіп-жетілуіне, әсіресе, Қазақстанның халық артисі, марқұм Ерғали Оразымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты режиссер Хұсейн Әмір-Темір секілді аға буынның үлес қосқанын айтып отырады. Бақытбек аға сахнада – Кәмила Әбжанова, Үмігүлсім Бегімова, Алмагүл Артықбаева, Зәлипа Төлепова, Бақытбек Темірбеков, Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов секілді әріптестерімен бірге ойнағанда өзін еркін сезінетінін мақтан етеді.

«Адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі – жар, екіншісі – мамандық таңдаудан», – деген сөз бар. Осы бір тәмсіл есіне түссе, Бақытбек өзін бақытты сезінеді.

Өйткені, мамандығы арқылы өмірдің бір кетігіне кірпіш болып қаланды, өмірлік серігін тапты. Осы тұста Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты театр артисі Кәмила Әбжанова жайында сөз қозғаудың реті келді.

Н.Бекежанов атындағы драма театрының тарихында Кәмила Әбжанованың есімі ерекше аталады. Қайталанбас рольдерімен көрермен жүрегін жаулаған сахнагердің бойындағы табиғи талант жүре үйренген өнер емес, қанмен сіңген қасиет.

Кәмиланың әкесі Әбдіғалиды бала кезінде өз әкесі Дайрабай дәулескер күйші Дина Нұрпейісоваға алып барыпты. Жас баланың домбыра қағысына риза болған Дина менің қасымда бір-екі ай бол десе керек. Бірақ, бала әкесінен қалмапты. Дәулескер күйшінің ықыласы бекер аумаған екен, кейін ол белгілі күйшілігімен танылып, Роза Бағланова ән салғанда оның сүйемелдеушісі болыпты.

Міне, Кәмилаға қонған өнер тұма бастауының қайдан құйылатынын осыдан болжай беруге болады.

Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясында Қазалыдан барған жас талап Кәмила да оқыған. Бірақ, ол кезде Бақытбек студияны бітіріп кетіпті. Сол студияда дәріс беретін өнер педагогі Алексей Лакшин сабақ үстінде «Қызылордада менің Бақытбек Алпысбаев деген шәкіртім бар» деген сөзді жиі айтады екен. Соны естіген жас Кәмила ол кім екен деп ойлап қояды. Сөйтіп, студияны бітіріп, Орал қаласына барады. Дәл осы жерде Қызылордадан гастрольдеп келген Бақытбекпен танысады. Естіп жүрген адамын көргенде қуанып кетеді, екеуінің сол қуаныштары жарты ғасырдан астам уақыт бойы әлі жалғасып келе жатыр. Кейде Кәмиланың «Менің бақытымның аты Бақытбек екенін Лакшин деген көреген шал айтқан» деп әзілдейтіні бар. Бірақ, ол – шыны.

Кәмила Әбжанова өте талантты артис, ол ойнаған рольге көрермен елікпей отыра алмайды. Бірге жылайды, бірге күледі. Бұл – біріншіден, өнер құдіреті, екіншіден, артистің таланты.

1972 жылдан Қызылорда театрында еңбек етіп келе жатқан Кәмила Әбжанова  қасиетті өнер шаңырағында жүзден аса кейіпкердің кейпіне еніп, асқан шеберлігімен көрермен көзайымына айналды.

Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» спектаклінде Жалқытайдың анасын, Е.Төлеубайдың «Жеңгетай» комедиясында Толымды, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасында Баронессаны, М.Ф.Ахунд-заденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің!» комедиясында Ханперіні, Ә.Тәжібаевтің «Екі дәурен, бір ғұмырында» Ділдәні, Иран-Ғайыптың «Желжуанындағы» Бәйекті, Л.Егембердиеваның «Көресіні көрмей» драмасында Ақдидардың бейнесін кемеліне келтіріп ойнады.

Осы «Көресіні көрмей» қойылымын автор Кәмила Әбжанованың алпыс жылдық мерейтойына арнап жазған екен. Демек, Лидия Егембердиева сынды дарынды драматург Кәмиланың талантын терең тани алған және құрмет тұтқан.

К.Әбжанова фильмге де түсті. «Қозы-Көрпеш» фильміндегі Кәмила ойнаған Мақпал ролі ұлы дала анасының ұлттық болмысын паш етеді. Осы образы үшін оған Асқар Тоқпанов, Ақселеу Сейдімбеков секілді қазақ өнерінің марқасқалары жоғары баға беріпті.

Кәмила Әбжанова өзінің кәсіби саласында – Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Қанетов, Қыдырма және Кәшима Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Марденов секілді сахна шеберлерінен тәлім алған. Ал, театр тарландары – Жібек Бағысованы, Серік Шотықовты, Пахраддин Қуанышовты, Ізбасқан Шәкіровті, Ұлбатай Баяділованы, Әлия Арысбаеваны, Яһуда Халықұлын, Асқарбек Сейілхановты «кеудемдегі көрігіме от жаққан» жандар деп мақтаныш тұтады.

Сыр сахнасының кемелдене түсуіне, театр өнерінің биіктерге жетуіне көп үлес қосқан Кәмила Әбжанованың еңбегі әркез лайықты бағаланды.

«Еңбек ардагері» медалін, «Қызылорда облысының құрметті қайраткері» атағын, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісін,  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанған талант иесі театрда белгіленген Ш.Бәкірова атындағы ауыспалы жүлдені жеңіп алды.

Сахна саңлағы өмір мен өнердегі айнымас серігі Бақытбек Алпысбаевпен елу жылдан аса уақыттан бері жұп жазған жоқ.  Оларды қосқан театрдың киелі қарашаңырағы.

«Бәкең – менің алғашқы сыншым, әріптесім әрі кәсіби кеңесшім. Берілген рольдің мән-маңызын да, отбасындағы мәселелерді де біз бірге талқылаймыз. Оның пікірі мен үшін маңызды», – дейді Кәмила.

Бұл кіршіксіз сөзге ешкім де қызықпай тұра алмайды.

Сахнаның қос жауһарына айналған жұптың бүгінгі бақыты мен базары біздің төрт-бес парақ сөзімізге сыймайды, әрине. Қос жауһардың жүрекке түскен сәулесін көргісі келген кісі болса, театрға барсын. Сонда ол менің бұл әңгімемнің өте қарабайыр жазылғанын түсінер еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<