Театр өнерінің майталман шеберлерінің бірі Кәмила Әбжанова міне жарты ғасырдан бері Сыр сахнасында талмай өнер көрсетіп келеді. Талантты актрисаның сахнада сомдаған бейнелерін Сыр жұртшылығы тегіс біледі. 1949 жылы Қазалы ауданы «Майлыбас» ауылында дүниеге келген актриса мерейлі 75 жасқа толып отыр.
– Мен мектеп қабырғасында жүргенде әнші болуды армандадым. Бір кездері Халық қаһарманы Роза Бағланова менің әкеммен қатар жүріп өнер көрсетіпті. Әкем керемет домбырашы еді. Өнерге құштарлық сол кісіден берілді десем болар. Сұрапыл соғыстың зардабы бізді де айналып өтпепті, әкем ер-азаматтармен бірге майданға аттанады. Соғыстан оралған соң жарақаты асқынып, дүние салды. Мектепті бітірген соң 1972 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясын, араға жылдар салып (1996 жыл) Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының драма актері факультетін бітірдім. Жиырма үш жасымнан бері киелі сахнада, облыстық драма театрда еңбек етіп келемін, – дейді кейіпкеріміз.
Оның жастық шағының алтын дәуірі Н.Бекежанов атындағы драма театрында өтті. Әбдіқұмар Кәнетов, Шәріп Мәрденов, Шолпан Бәкірова, Қыдырма Көпбаев, Айнатай Манасбаева, Кәшифа Көпбаева, Раиса Тәшібаева сынды өнер майталмандарымен қанаттаса жүріп еңбек еткенін қазір мақтанышпен еске алып отырады. Алдыңғы буын аға-апаларынан өнердің қыр-сырын меңгеріп, ширығып, шыңдала түсті. Шығармашылық өмірі Сыр театрының өсу, өркендеу жолымен тығыз байланысты.
Бір ғажабы, өнер иесі өмірлік серігін де осы киелі сахнада жолықтырды. Өмір мен өнер айдынында бірге қалықтап, талай-талай жетістіктерді бірге бағындырған қосағы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаевтың қазақ театр өнеріндегі орны ерекше.
Сахнада 150-ден астам роль ойнап, театрдың өсуіне айтулы үлес қосқан талант иесі бүгінде соңынан ерген ізбасарлары – жастарға аналық ақылын айтып, өмірлік тәжірибесін үйретуден талмайтын жан.
Ол ойнаған Қарғаш (С.Шаймерденов «Әнім сен едің»), Гүлжан (С.Жамал «Қара гүлдер»), Аягөз ару (Қ.Сатыбалдин «Аягөз ару»), Сәуле (С.Жүнісов «Қызым, саған айтам»), Русудана (Г.Хухашвили «Өмір жолы») рольдері – актрисаға сахна өнерінің қыр-сырын қанықтырып, актерлік шеберлігін қалыптастырып, шынайы өнерді танытқан бейнелері. Жас актриса үнемі ізденіс үстінде еді. Бір-біріне жақын бейнелерді жасай жүріп, образдарының ерекшеліктерін де тап басып сомдай білу – артистке тән қасиет. Оған дәлел ретінде Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы биязы да ақылды Алма, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектакліндегі ерке-шолжаң Марфуға бейнесін кемеліне келтіре ойнағанын айрықша атауға болады. Сонымен бірге Б.Брехттің «Кавказдың бор шеңберінде» Нателла Абашвили, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Мақпал, О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді» комедиясында Тасбике, Ж.Жұматтың «Сүю серті» драмасында – Ақсырға – актрисаның шеберлігін шыңдаған кесек бейнелер.
Кәмила Әбжанова театр сахнасында ғана емес, киноэкранда да өз өнерінің әсем де өрнекті қасиетін таныта білді.
– Өткен күннің бәрі ыстық демекші, сонау 1991 жылы Қазақстанның Халық артисі, режиссер Ерғали Оразымбетовтың басшылығымен Иран-Ғайыптың «Желжуан немесе мен байымнан қорықпаймын» спектаклінің репетициясы өтіп жатқан еді. Қазақстанның Халық артисі Жібек Бағысова апамыз жүгіріп келді. Жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап тұр. Сахнада жүргеніме қарамастан кинофильм кастингінен өткенімді айтты. Сүйінші сұрағаны ғой. Сол сәтте репетиция соңына дейін сыр бермей ролімді ойнап шықтым. Соңынан спектакль режиссері Е.Оразымбетов шынайы бағасын бергені есімде, – дейді ол.
Келесі жылы КСРО Халық артисі, КСРО және Қазақ мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімов түсірген «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» кинофильмінде Кәмила Әбжанова Мақпал ролін сомдап шықты. Премьерадан соң көрнекті ғалым әрі жазушы Ақселеу Сейдімбек актрисаның роліне тәнті болып, маңдайынан сүйіп, ақ батасын берген еді.
Театр репертуарынан тұрақты орын алып, көрерменнің көзайымына айналған спектакльдердің бірі – режиссер Х.Әмір-Темір сахналаған Лидия Егембердиеваның «Көресіні көрмей» мелодрамасы. …Залдың жарығы баяулап барып сөнді. Көрермен сахнаға қадала қарап қалған. Келесі сәтте-ақ олар спектакль оқиғасына етене араласып, кейіпкерлермен бірге өмір кеше бастады. Ақдидардың сүйген жары Өмірсерік «ұлтшыл» деген жала жабылып, айдалып кетеді. Арада қаншама жылдар өтті, Ақдидар ауылда екінші ұлы Ғалымның қолында тұрып жатыр. Баласының да, келінінің де арақтан беттері қайтар емес. Ақыры анасын сыйғызбай, жеті жылдан бері қауышпаған үлкен ұлы Айдардың қолына жіберді. Қаладағы келіні Бикен енесін қарсы алған сәтте қуанған сыңай танытады. Алайда қуанышы ұзаққа бармады. Себебі, енесінің үстінен шыққан ауыл иісі мен қарапайымдылығы олардың «үй мәдениетін» өзгерткендей болды. Келінінің қабағынан өзінің артық екенін сезген Ақдидар «Кеңсайға» барып, ішкі сырын бөлісіп жүргенде, алғашқы жары Өмірсерікті кездестірді. Осы күннен бастап Ақдидардың өмірге деген үміті қайта жанды. Иә, оның тағдыры жан тебірентерлік.
Актриса кейіпкерінің жан тазалығы, ұлы мен келінінің арасында шыр-пыр болып жүрген аналық сезімін шынайы сомдайды. Жан серігі Өмірсеріктің ролі Бақытбек Алпысбаевқа берілген еді. Екеуі де үлкен шеберлікпен орындады. Себебі, оларда өнерді шексіз сүйетін және өнер адамына деген ізет-құрметтен туған таза сезім бар, сол сезімді киелі сахнада еш бояусыз көрерменіне жеткізе білді.
Ақын-драматург Қ.Сүйеніштің «Кемпір-шалдың кенжесінде» Бибіжан, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасында Райхан, «Қыз жиырмаға толғанда» спектаклінде Ғайни, Е.Төлеубайдың «Жеңгетай» комедиясында Толым, Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» нашақорлар жайлы новелласында ана, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясында Хадиша, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасында Баронесса, М.Ахундзаденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің!» комедиясында Ханпері, Ә.Тәжібаевтың «Екі дәурен, бір ғұмырында» Ділдә, Х.Жүсіпұлының «Ешкімге керегі жоқ ауыл» спектаклінде Тынымкүл, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасында көрші әйел рольдері арқылы актрисаның сан қырлы таланты айшықталды. К.Әбжанова сомдаған ана рбраздары – актрисаның кемеліне келген, шығармашылық келбеті толысқан, нағыз шебер екендігін дәлелдейтін бейнелер.
Актриса ойнаған рольдердің көркемдік сапасы жөнінде жақсы тілектермен бірге сыни пікірлер де айтылды. Осы тұста Кәмила Әбжанованың шығармашылығындағы шоқтығы биік, Сыр театрының репертуарында ерекше орны бар бес кейіпкерді айрықша айтуға болады. Олар – жоғарыда аталған Ақдидар, «Ғашықсыз ғасыр» спектакліндегі Райхан, «Қысылғаннан қыз болдықтағы» Хадиша, «Отыз ұлың болғанша…» спектакліндегі Бибіхан және «Болмаған балалық шақ» драмасындағы Мәстен бейнелері. Бұлар – бір-біріне ұқсамайтын, сан қилы мінез иірімдері бар сахналық кейіпкерлер. Дегенмен, актрисаның ұшқыр таланты, шығармашылық ізденісі арқылы сомдалған сахналық образдары көрермен көңіліне табиғи әдемілік сыйлады.
Кәмила Әбжанованың көп жылдық еңбегі ескерусіз қалмады. Ол «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен, «Қызылорда облысының құрметті қайраткері» атағымен және 2009 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды. Сондай-ақ «Еңбек даңқы» төсбелгісі, «ҚР Тәуелсіздігіне 10, 20 жыл», «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медальдарының иегері. Туған жері Қазалы ауданының Құрметті азаматы атанды.
Сыр сахнасында шоғырланған кіл таланттар көшінде Камила Әбжанованың есімі естілгенде шоқтығы аса биік, өр тұлғасы дараланады. Шабыты тасып шырай шашқанда, әр кесек образы қайталанбастай сомдалып, қырағы көзді, озық ойлы көрермен көңіліне ғажап бір сәуле тарайды. Бұл – саф өнердің шексіз құдіреті. Өнерге деген адал сезім, шынайы махаббаттың жемісі.
Отбасының алтын қазығына айналған ардақты ана, немерелерінің асыл әжесі Кәмила апамызға барша жақсылықты тілейміз.
Алла денсаулығын зор қылып, ұзақ ғұмыр бергей!
Ұлбосын ҚЫЛЫШБАЕВА,
театртанушы, сыншы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<