Жан толқынысының жарқылы

1190

0

Жуырда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан мен Қырғызстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның Халық артисі, профессор, Түркістан музыкалық драма театрының негізін қалаушы әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі Райымбек Сейтметовтің 85 жылдығына орай алғаш рет ұйымдастырылған «RAIYMBEK FEST» І республикалық театр фестивалі өтті.

Фестивальде Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық музыкалық драма театры сахналаған қырғыз халқының көрнекті жазушысы, драматург Сұлтан Раевтың «Ақ ләйлек» драмасы үздіктер қатарынан көрінді. Ал шығарманың басты кейіпкерін сомдаған жас актриса Жауһар Еркінова «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін жеңіп алды.

Пьеса авторы, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев өзінің Facebook парақшасында актрисаға және облыстық театр ұжымына құттықтау лебізін білдіріп, ықыласын танытты.

Ал енді қаламгердің терең толғанысынан туған «Ақ ләйлек» шығармасына көрермен көңілімен шолу жасап, драманың басты идеясы туралы ойымызды тарқатып көрейік.

Алғашқы сәтте жас арудың арманын шырқау биікке алып-ұшқан әсерлі оқиғалар одан әрі қарай не боларын ойлатпайды. Еліктің лағындай ерке арудың бірде баладай өкпелеп, енді бірде ақылға келіп, байсалды кейіпке еніп, арманымен сырласатыны ерекше тартымды. Жан дүниесін жаулап алған албырт сезімін жасырмай жайып салып, жалғыз сүйеніші – әжесінен бір жауап күтетіні оқиғаны күрделендіре түседі. Иә, шынында, шығарманың түпкі мазмұны сол кейуананың бір ауыз жауабына тіреліп тұрғанын әдепкіде аңғармайсыз. Алайда… Әжесінің ақырғы сөзі жас арудың (Жанардың) арман-қиялын тас-талқан етті… Ақ ләйлектердің қанатына ілесе күллі арманы да көкке ұшып, қол жеткізбей бара жатқанын көрген ол аласұрып, екі оттың ортасында ессіз хәлге түсті… Ашуға булығып, жүрек түкпіріндегі ащы шындықты ақтарып салды.

Бәрін тастап кетпек еді… Бірақ кешігіп қалды… Осылайша оқиға желісін бастан-аяқ сомдап шыққан қос мұңлықтың тағдыры трагедиямен аяқталды. Шытырман оқиғалы шығармада автордың не айтқысы келгенін көрермен көңілі де қапысыз түйсінсе керек. Иә, шығарманың негізгі идеясы – ұлттық намыс, туған топыраққа, Отанға деген адалдық! Екі жастың арасындағы дәрменсіз махаббат бұған қарсы тұра алмады.

Оқиға барысында басты кейіпкердің мінезіндегі қайшылыққа толы күрделі сәттерді актриса өте шебер ойнады. Айталық, бірде еркелеп, бірде ашуланып, енді бірде шарасыз хәлде шарқ ұрғаны көрерменге шынайы әсер етті. Бірге жылатып, бірге күлдірді.

«Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесінің иегері Жауһар Еркінова осы шығармада сомдаған Жанар образының өз болмысына көбірек ұқсайтынын айтады.

– Әрине, кейіпкердің мінезіндегі сан түрлі құбылған сәттерді қаз-қалпында жеткізу оңай емес. Дегенмен ішкі сезіміммен үйлесіп тұрғандықтан, өзімді еркін ұстадым. Кейіпкердің жан дүниесін барынша танытуға тырыстым. Театр майталмандарынан жоғары баға алу менің шығармашылығымды одан әрі шыңдай түседі деп ойлаймын.

Бүгінге дейін Д.Базарқұловтың «Кездесу мен қоштасу» спектаклінде Катя, «Ромео мен Джульетта» спектаклінде Джульетта, Д.Жұмабайдың «Жәмилә» спектаклінде Жәмилә, А.Маемеровтың «Мәңгілік елдің алтын адамы» спектаклінде Қамқа, тағы басқа рөлдерді ойнадым. «Ең үздік әйел бейнесі» – бұл менің өнердегі алғашқы жеңісім, – дейді Ж.Еркінова.

Пьесаны қырғыз тілінен аударған театртанушы Ұлбосын Қылышбаева да драманың сәтті сахналанғанын айтады.

– Қырғыз тіліндегі шығарманы аударуға театр басшылығы тарапынан ұсыныс айтылды. Содан автордың келісімін алып, оқуға кірістім. Оқиғаның мазмұны ұнағаны соншалық, соңына жетпей-ақ, бірден аудара бастадым.

Басты кейіпкер қыз бен әжесінің арасында ауыр диалог бар. Бірақ бұл – қазіргі өмірдің шындығы. Айта кетейін, пьесаның негізгі нұсқасында оқиға атасы мен немере қызы арасында баяндалған. Бірақ драманы сахнаға дайындаған режиссер Хұсейін Әмір-Темір атаның орнына әжені қойып, екеуінің етене жақын сырласуына мән берді. Менің ойымша, бұл шешім өте дұрыс болды. Өйткені оқиғаның шынайылығы айқындала түскендей. Басты рөлдегі актрисаның да еркіндігі сезілді. Облыс театрында сахналанған сәтті туындының бірі болды. Сарапшылардың назарын аударғаны да сондықтан болар, –дейді Ұ.Қылышбаева.

Айта кетейік, «Ақ ләйлек» драмасының қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Хұсейін Әмір-Темір және талантты актер Қанат Архабаев. Ал шығармадағы бас кейіпкер – Жанардың әжесін театр майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова сомдады.

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<