Жастарға үміт отын жаққан ұя

1346

0

Театрға барғанда қойылымды тамашалап, рухани байып шығамыз. Ой саларлық көркем дүние көпке дейін естен шықпай, айтып жүреміз. Алайда оның қаншама еңбекпен дүниеге келгенін, сахнаға дейін маңдай терін төккен сан түрлі мамандық иелерінің бейнетін сезіне бермейміз. Әр спектакльдің сәтті шығып, көрермен жүрегіне жол табуы үшін ұжым біркісідей жұмыла еңбек етеді. Ал қойылым дайын болғанда билет сату, жарнама жасау деген бейнеті шашетектен асатын жұмыс тағы бар. Бір спектакльді қоюға атсалысатын суретші, жарық пен дыбыс берушілер, сондай-ақ, мәдени ұйымдастырушының еңбегін білеміз бе?

Жанат Жаңбырбайқызының Жастар театрында мәдени ұйымдастырушы болып қызмет істегеніне алты жылдан асыпты. Ұжым 2016 жылы әуелі үйірме болып ашылды. 16-25 жас аралығындағы талапты жастарды жиып, вокал мен театр өнеріне баулыған О.Нұрмахановтың «Алғашқы махаббат» қойылымын ешқандай қаражатсыз сахналағанын ұмыта қойған жоқпыз. Араға жыл салып режиссер-сценаристің бастамасын сол кездегі қала басшысы қолдады. Міне, Жастар театры осылай құрылып еді. «Штат бөлетінін естігенде қатты қуандық. Шақырту алғанымда жауапты да өте күрделі жұмыс екенін білсем де келістім. Өйткені, өмір көріністерін драмалық әрекеттер арқылы көз алдыңа алып келетін театр өнері жасымнан жаныма жақын болды. Жұрт білер-білмес, сахнаның сыртында жұмыс көп» дейді мәдени ұйымдастырушы.

Жастар театры құрылғалы «Алғашқы махаббат», «Қыз қасқыр», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Отырардың жасыны», «Неге?», «Ұлардың дауысы», «Екі бала – екі шал», «Олимптің күйреуі», «Қызылорданың қыздары» атты спектакльдерді сахналап, көрермен ықыласына бөленді.

Жанат өнерге кездейсоқ келген жоқ. Әкесі Жаңбырбай талантты адамдарымен тығыз байланыста болған, ал анасы Айжамалдың өлең шығаратын қасиеті бар. Оның ән айтуға және поэзияға деген ықыласы бала күнінде оянған. Дайындықты әркез көрермен ретінде тамашалайтын Жанат кейде концерт жүргізеді, қажет болса ән айтып, актер ретінде пролог оқиды. Бұл өнеріне ұжымдағы әріптестері сүйсіне қарайды.

Қаладағы №23 мектепте оқып жүргенінде байқауға қатысқаны әлі есінде.  Е.Әбдіхалықованың «Сыр елім!» атты патриоттық әнін орындап, бас жүлдеге ие болады. Елена демекші, кейіпкеріміздің есімін сан қырлы өнерпаздың өзі қойыпты. Сондықтан болар, мінезі көпшіл, ашық-жарқын, нағыз өнер адамына тән қасиетке ие.

Кейін Елена сапармен келгенде Оңталап ағасы мұны ертіп апарып, «Өзің атын қойған баяғы қара қызың сенің өлеңіңмен бас жүлде алды», – деп таныстырған. Бұл сәтті Жанат ұмытқан емес.

– Кішкентайымнан өнер адамдарының тәлім-тәрбиесін көрдім. Әкемнің бала күнгі достары Бекұзақ Тәңірбергенов, Рысбек Әшімов, ақын Оңталап Нұрмаханов біздің үйде жиі бас қосатын. Ондайда шағын театр турппасы көшіп келгендей әсерде боламын. Әкем Аралдан Қызылордаға ертеректе қоныс аударған. Сөйтсе де, сыйластықтары үзілмеді, – дейді кейіпкеріміз.  

Бүгінде Жастар театры десе елең етпейтін жан жоқ. Өйткені, өрімдей талантты жастар көрерменін қалыптастырып үлгерді. Алғашқы қойылымнан-ақ қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғаны ой елегінен өткізіп, көпшілік тарапынан сұранысқа ие болатын дүниені сахналап, сол арқылы көрерменге ой салады. Мұны театрдың артықшылығы десек те болатын шығар.

– Маған ең ұнағаны – «Қыз қасқыр» қойылымы. Онда қазақ қоғамындағы «көкек аналар» образы көрсетілді. Туған баласын көшедегі қоқысқа тастап кеткен тасбауыр аналарға ой саларлық көркем дүние. Әр қойылымның астарында үлкен тәрбиелік мән болады. Одан өміріме сабақ аламын, – деп ағынан жарылды ол.

 Бір шаңырақтың келіні атанып, жас та болса театрдағы негізгі қызметін мүлтіксіз атқарып жүрген Жанатқа сәттілік тіледік.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<