77-ші көктемді қарсы алған 7 майдангер

701

0

ЯХИЯ ТАСЫРОВ

Жеңіске жол салған ата-әжелеріміздің ерлігі бүгінгі бақытты өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың санасында әрдайым жаңғырып тұруы тиіс. Олар Отан үшін жан пида деп, қасық қаны қалғанша жаумен айқасты қайсар мінездің үлгісін паш етті. Ерлігімен үлгі батырлардың бірі сырдариялық  Яхия Тасыров бүгінде жүз жасқа жетіп, Жеңіс күнін тойлауда.

Ол 1922 жылдың 2 қазанында  Тереңөзек ауданының бұрынғы «Ақ түйе» ауылында дүниеге келген. Ташкентте текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге аттанған. Сібірде, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өткен.

Жиырма жастағы жас жігіт 1942 жылдың қазанында майданға жіберілген. Сталинградты, Курск, Польшаның қалаларында жауды кейін шегіндірді. Нағыз батылдықтың, әскери даңқ пен патриотизмнің үлгісін көрсетті. 1944 жылы Германияға кіріп, жау басып алған аумақтарды азат етуде жанқиярлықпен соғысты. Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен күні қасындағы жауынгерлерді құшақтап, қуаныштан көзіне жас алды.

− Соғыстағы әр сәт күні кеше болғандай көз алдымда,  − дейді қария. − Жау жақындап келеді деген сайын жинала түсетінбіз. Жараланып, қаза болғандарды көріп солар үшін де кек алғымыз келіп алға ұмтыламыз. Командирлеріміз де мықты болды. Ер жігіттердің намысын қайрап, «Ең өжет, ең батыл болған соң  сендерді Отан қорғауға жіберді. Туған жер үшін, Отан үшін шаршамаймыз!» деп жігерлендіретін. Елде күткен бауырларды бір сәт естен шығармадық. Болашақ ұрпақ соғыс көрмесінші деп тілеймін, − дейді абыз ақсақал.

Ол 1945 жылы тамыздың аяғында елге оралған. Бейбіт өмірде аудан орталығындағы сүт заводында қойма меңгерушісі болып табан аудармай он алты жыл еңбек етті. 1960 жылы Жалағаштың сүт заводында мастер, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс істеп зейнеткерлікке шыққан.

Өмірі ерлікпен еңбекпен өрілген қарт сарбаз «Қызыл Жұлдыз»  орденімен, «Ұлы Отан соғысы» І-ІІ дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңістің 40-50-60 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Жүз жастағы қария бүгінде немерелерінің ортасында шөберенің шаттығына бөленіп отыр.

СӘРСЕНБЕК БАЙЖАНОВ

Ержүрек жауынгерлердің ерлігі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Сәрсенбек Байжанов Сталинград түбіндегі шайқаста Гитлер армиясының фельдмаршалын тұтқынға алған сарбаздардың қатарында болған. Оның Отан алдындағы парызын өтеуге кетерде әскери уставта жазылған ережеге сай қабылданатын антты қазақ тілінде айтамын деп қасқайып тұруы ұлтының жанашыр азаматы екенін аңғартады. Алғашында офицерлер тарапынан қарсылық болғанымен, жауынгер талабы орынды деп саналып, оған мүмкіндік берілген.

Майдан даласына бозбала шағында аттанған жауынгер Байжанов бүгінде 99 жаста. Сонда да санасы сергек, сөзі анық. Жастайынан ақын-жыраулардың жырларын жаттап өскен қарт сарбаз Сырдың сырнайлы әншісі Нартайдың жолдасы болып, жиын-тойларда жанында жүріпті.

Шежіре ақсақал 1942 жылы Сталинград түбіндегі  шабуылға қатысқан. Сол шайқаста  Гитлердің қолбасшысы фельдмаршал Паулюс басқарған 340 мың әскер қаланы қоршайды. Намысы қайралған әскер ақтық демі қалғанша шайқасуға бел байлайды. Ақыры 340 мың әскердің 92 мыңын қолға түсіріп, қалғанын қырып салады. Ұсталғандардың ішінде фельдмаршал Фридрих Паулюс та болыпты.

Ол 1942-1944 жылдар аралығында Сталинградтың солтүстік батысындағы «Магеллан» деген жердегі шайқасқа қатысқан. Сол шайқаста көзі мен аяғынан жарақат алған майдангер Сәрсенбек Байжанов елге оралады. Соғыстан кейінгі жылдарда колхозда жұмысшы болып еңбек етеді. Білімге құштар ол 1950-1953 жылдар аралығында Түркістан педагогикалық училищесінде оқып, 38 жасында мұғалім мамандығын алып шығады. Құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін Шиелі ауданындағы №156 қазақ орта мектебінде жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады.

Соғыс ардагері өткен өмірінен естелік, кейінгі ұрпаққа майданнан өлеңмен жазылған хаттарын да сақтап қойған. Қарт ұстаздың жады әлі де мықты, қан майданның тақсіретін тартқандықтан болар, соғыс деректерін жатқа біледі. Оның естелік әңгімелерінде адамгершілік пен еңбекқорлық, адалдық пен рухани байлық дәріптеледі.

Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты ұстаз Сәрсенбек Байжанов 1 мамыр күні 99 жасты еңсерді. Өмірлік қосағы Жәмила апа Сейтжанқызы екеуі 11 баланы тәрбиеліп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Немере сүйіп, шөбересінің қолынан су ішкен бақытты қария.

ТІЛЕУБЕРГЕН ТОБАБЕРГЕНОВ

  Өткен ғасырдың орта тұсы адамзат тарихында Ұлы Отан соғысы салған жазылмас жарасымен әрбір жүректе сақтаулы. Отты жылдарды еске алудың өзі бойыңа үрей үйіреді.  Қарша бораған оқтың арасынан аман келу бақыты Тілеуберген Тобабергеновтің маңдайына жазылыпты.

Неміс басқыншыларына қарсы соғысқа эшелонмен аттанған жігіт қазір 100 жасқа таяған абыз ақсақалға айналды.  Отан қорғауға өздері сұранып, майдан даласынан оралған жауынгерлердің кеудесінде Жеңіс оты әлі де лаулап тұрғандай.

Қазалының топырағынан түлеп ұшқан Тілеуберген ақсақал жеңісті Берлинде қарсы алған. Танк тізгіндеген жігіт Польша, Чехословакия, Беларусьті басқыншылардан азат еткен. Ақпаратты талдап саралайтын оң қолы болғандықтан, соғыстан кейін де әскери қызметке қалдырылған. Бұл жайлы өзі былай деп еске алады:

– Бізді жұмыс істейді деп штабқа алып қалды. Ол жерде екі жылдай жұмыс істеп, 1947 жылы қыркүйекте ауылға келдік. Келсем баяғы соғысқа кеткендерден 3-ақ жігіт  оралыпты.  Содан 1948 жылы теміржолға күзетші болып кіріп, жұмыс істеп кеттік. Бізді жеңіске жеткізген алдымен еңбек, сосын жанкештілігіміз,  – дейді соғыс куәгері.

Сол 1948 жылдан Қазалы теміржол станциясында зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек еткен. Ұрыс даласында көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік медальдармен марапатталған.

Жеңіс туын желбіретуге үлес қосқандар арамызда қалмай барады. Бүгінде облыстағы жеті қазынаның бірі болған Тілеуберген ақсақалдың 7 баласынан өрбіген немере-шөберелері бар. Әрқайсысы еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек етуде.

Үлкен қызы Марал апайдың айтуынша, әкесі үнемі бейбіт күннің қадірін білуге шақырып, енді бұдан былай аспанды бұлт торламасын деп тілеп отырады.

–        Әкем ғасырға жуық жасаса да, әлі тың. Қимылы ширақ, сөзі түзу. Оның әрбір естелік әңгімесі – кейінгі ұрпаққа өнеге. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп халқымыз бекерге айтпаса керек-ті. Асқар тауымызға қолымыздан келгенше қамқорлық танытып, батасын алудан жалыққан емеспіз, – дейді ол.

ҚАБАҚ СМАҒҰЛОВ

Қабақ Смағұлұлы – аймақтың абыз ақсақалы. 1923 жылдың 1 шілдесінде Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылында дүниеге келген.

1942 жылдың маусым айында басқа құрдастары сияқты әскери комиссариаттан шақыру қағазын алды. Шешесі Төлебике және бес жасар інісі Тілеубергенмен, ағайын-туыстарымен қимай қоштасып, Отан қорғау жорығына аттанады.

Бұлар мінген қызыл вагон Орынбор қаласына жетіп, Жайық өзені бойында бір айдай әскери жаттығудан өтеді. Дайындықтан өткен жауынгерлер Мәскеу бағытындағы майдан  даласынан бір-ақ шықты. Ол қолбасшы Рокоссовский басқарған III екпінді армия сапында неміс фашистеріне қарсы шабуылға шықты. Станокты пулеметтің көздеушілігін меңгеріп, Тула қаласын азат етуге атсалысты. 1943 жылдың қысында Орел қаласын жау құрсауынан босату шайқасына қатысты. Осы ұрыста жас жауынгер ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға жатқызылды. 1943 жылдың қарашасында арнаулы медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыз деп танылып, туған жерге қайтарылды.

Елге жетісімен «Жаңабасшылық», «Октябрь» колхоздарында есепші қызметін атқарды. Кейін ауылдық кеңестің хатшысы, №24 мектептің, №5 санаториялық мектеп-интернаттың, аудандық оқу бөлімінің, аудандық мал сою пунктінің, Майдакөл ауылдық кеңесінің есепшісі қызметтерін абыроймен атқарды.

Майдангердің кеудесінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65 жылдығы, «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», Маршал Г.Жуков атындағы мерекелік медальдары жарқырайды.

Ол – ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Өмірлік зайыбы, марқұм Гүлжан апа екеуі өздері тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп, қуаныш пен шаттыққа кенелді. Асқар тау аталарының айтқанын екі етпейтін немере-шөберелері де әркез жанынан табылатын жанашыр қамқоршыларына айналған. Биыл 99 жасқа толатын қарт майдангер ел жаңалықтарынан хабардар болып отырады.  Yлгілі отбасын ауылдастары ерекше құрметтейді.

ЛЮБОВЬ КОЛЕСНИК

Кескілескен қантөгіс майданда жарақат алған жауынгерге борап тұрған оқ арасымен, снаряд пен бомбалар астында медициналық көмек көрсеткен дәрігерлердің жанқиярлық еңбегін қалай бағаласа да артық емес. Ұрыс даласында еңбек еткен дәрігерлер мен медбикелерді көпшілік құрметпен «Майдан періштелері» деп атады. Дала медсанбаттарында, әскери және тыл госпитальдарында да негізгі жұмысты медбикелер атқарды.

Бүгінде 97 жасты алқымдаған қызылордалық қария, соғыс ардагері, медицина қызметінің запастағы капитаны Любовь Сергеевна Колесник те майданда жорық госпиталінде қызмет еткен.

Ол 1925 жылы Оңтүстік Қазақстанның Арыс өңірінде әскери қызметкер отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Степановтар отбасында (ол кезде Люба әжейдің тегі Степанова болған) қайғылы жағдай болды. Әулеттің тірегі – әкесі дүниеден озып, Любаны үлкен ағасы Қызылордаға алып келді. Осыдан кейін тура 18 күн өткенде соғыс басталды. Ол жергілікті медицина техникумына оқуға түсіп, оны бітірген соң бруцеллезге қарсы күрес станциясына жолдама алған. Сонда жұмыс істеп жүріп, жасы кәмелетке толған соң майданға аттанды. Әйгілі Г.Жуков қолбасшылық еткен бірінші Беларусь майданына түсті.

 Майдан даласында госпиталь үшін отын-су табыла бермейтін, жараланғандарға орын жетпей жатады. Барлық жұмыс жылдам атқарылуға тиіс. Себебі, әскер шабуылға аттанса, госпиталь соңында ілесе жүруі керек. Ең ауыр ұрыстар Беларусь жерінде болған еді. Жау ақтық демі қалғанша қарсыласты. Жараланғандар да көп. Госпитальді тоқтаусыз нөсер жауған батпақты жерге орналастыруға мәжбүр болды. Жаралы жауынгерлердің астына ағаш бұтақтарын төсеп, жаңбырдан қалқалау үшін плащ-палаткалар пайдаланылды. Дәл сондай жағдай Польшадағы майданда да болды. Тек Германияның Ной-Репен қалашығында ғана Любаның госпиталі бомбалаудан аман қалған шағын ғимаратқа орналасқан еді. Любовь Сергеевна Ұлы Жеңіс күнін осы қалашықта қарсы алды. Ол госпитальда 1945 жылдың қыркүйегіне дейін қызмет етіп, Қызылордаға қайта оралды. Елге қайтар алдында Берлиннің ең әйгілі рәмізі – Бранденбург қақпасына бейбітшілік туралы ойларын, аты-жөнін және Қазақстан деген сөздерді жазып қалдырды.

Люба әжей Қызылордаға келген соң локомотив депосы медпунктіне фельдшер болып орналасты. Көп ұзамай тұрмыс құрды. Өмірлік серігі Колесник Николай Севастьянович те майдангер еді. Ол жарты ғасырға жуық уақыт локомотив депосында еңбек етіп, 2006 жылы дүниеден озды. Екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір бір ұлы Ресейде, екінші ұлы Украинада тұрып жатыр. Бес немересі бар. Майдангер әжей қызы Татьяна Николаевнаның қолында. Майдандағы ерен ерлігі мен бейбіт күнде ел игілігіне еткен еңбегі үшін Любовь Сергеевнаға көптеген марапаттар мен медальдар табысталған.

ТӨЛЕГЕН ЖҮНІСОВ

Жеңістің жетпіс жетінші көктемін қарсы алған Төлеген Жүнісов 1923 жылы 20 желтоқсанда Тереңөзек ауданы Жаңарық ауылында дүниеге келген. 1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста білім алады. 688-атқыштар полкінде Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсеткен.

Берлинге дейін жеткен майдангер Жеңістен кейін бірден елге қайтпайды. Сонда патрульдік қызметке қалдырылады. 1946 жылы елге оралған соң өз ауылында еңбекке араласады. Теміржол саласында жол монтері болады. Тозығы жеткен шпалдарды ауыстыру, төсеу, шегендеп қағып, бекіту секілді жұмыстарымен айналысады. 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етеді.

Жауынгерлік ерлігі үшін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне – 70 жыл» және бейбіт күндерде «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

Ол Рейхстагқа ту тігілген сәтті әлі күнге дейін ұмытпайды.

– Мұржаның түбіндегі кесектер алынып, сол жерде ту желбірегенде ерекше қуандық. Бірақ соған жету үшін қаншама боздақтың қаны төгілді. Құдай соғыстың бетін әрі қылсын деп тілеп отырамын. Біз көрген сұрапылды ұрпағымыздан аулақ етсін. Бейбітшілігіміз мәңгі болсын, – дейді Төлеген қария.

Бүгінде қарт жауынгер бала-шаға, немере-шөберелердің ортасында. Ғасырға таяған ғұмырына шүкіршілік айтып, бүгінгі ұрпақтың берекелі тірлігін құптап, батасын жаудырып отырады. Жастар білімді, жігерлі, намысты болса, ел ертеңінің тұтқасына айналатынын айтады.

ӘБДІРАХМАН БӘЙТІКОВ

Жасы жүзге таяған Әбдірахман Бәйтіков ата – бұрынғылар айтатындай сүйегі асыл адам. Сөзі нық, құлағы да естиді. Ол 1924 жылы 27 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1942 жылы Ашхабад қаласында командирлер дайындайтын курсқа оқуға түсіп, оны аяқтамастан майданға аттанған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған.

Елге оралған соң «Кооператор» колхозының қой шаруашылығында учетчик, есепші және зейнет жасына дейін бригадир болып жұмыс атқарған.

Ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың ІІ дәрежелі, Жеңістің 40, 55, 60 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған.

– Қан майданның көріністері әлі күнге дейін жадымнан өшкен емес. Кейде түсіме де енеді. 1943 жылдың шілдесінде біздің дивизияға неміс басқыншылары шабуыл жасады. Жас болсақ та, албырт болсақ та, Жеңісті, елге аман-есен оралып, туған-туыспен қауышуды ойладық, барлығымыздың тілегіміз ортақ еді. Сол шайқаста қолымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Операциядан кейін өз өтінішіммен госпитальдан шығып, қаруластарыма қосылдым, – деді қарт жауынгер.

Майдангер тәуелсіз еліміздің  жас ұрпағы елін сүйетін, ынтымақ пен бірлікті көздің қарашығындай сақтауға бейіл болып өсіп-жетілсе екен деп тілейді.

 – Айналайындар, бірлік болған жерге береке мен бақыт өзі келеді. Еңбек адамды мақсатының ең биігіне шығаратынына біздің ұрпақ үлгі болды деп ойлаймын. Біз сендер еш қысастық көрмесін, аспаны ашық елде өмір сүрсін деп қан кештік. Менің қатарластарымның тағдырын ешкімнің басына бермегей деп күнде тілеймін. Сендер білімді болсаңдар,  өжет, қайсар болып қалыптассаңдар елдің ертеңі бүгіннен де нұрлы деп ойлаймын, – деп қарт майдангер батасын жаудырып отырады.

Қан майданда да, туған жерге оралған соң да, елге қалтқысыз қызмет жасаған қарт майдангер бүгінде ұрпақтары ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<