«Аға болсаң ақыл айт, ақыл айтсаң мақұл айт» дейді қазақ. Қиын-қыстау шақта жол көрсетіп, салиқалы сөзімен, орнықты мінезімен санаңда сәуле қалдырған жарқын азамат Самұрат Имандосовтың өмірі көпке үлгі. Оның табанды еңбегі, тыңғылықты ісі халықтың оң бағасын алып келеді. Түрлі қызметте атқарған жұмысының жемісіне бүтін ел куә болуда. Ал ағалық, бауырлық қырын танысақ, тұлғаның таным биігі тіпті асқақтай бермек. Сондықтан абзал азамат туралы ой толғар сәтте Сәкеңнің мен куә болған қасиетін суреттеуге бел будым.
Қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеулерінде алас-күлес атқа мініп, арман аңсап, ағындап жүргенде талай жайсаң жандармен сыйлас та сырлас боласың. Шынымды айтсам, жүрегінің кірі жоқ жандармен туысасың, ал табанының бүрі жоқ пенделерден суысасың. Осы аралықта айналаңды танып-біліп, жақсыны жақын тұтасын. Арқасы қорған ағаларды ардақтап, ізеті жайсаң інілерге ардақталасың. Демек, басың жерге жеткенше сыйласып өтуге лайықты аға, дос, іні тапқаныңда тірліктің өзі жеңілденіп сала беретін сыңайлы. Олардың да сені көңілімен іздеп, түйсікпен тауып, тілекші болып жүретінін сезінесің. Самұрат Имандосов та осындай жақын жанның бірі екені даусыз.
Өмір күрделі. Болмыстың өн бойында арпалыспен, күреспен өткен шақтарды есейе келе сана сүзгісінен өткізіп, өткеніңе ойша көз жүгіртесің. Тамшының тасты тесетіні сияқты, болмыстағы сол небір қиындықты жеңу үшін ерік-жігер керек. Осының барлығын қозғаудағы себебім, бүгін әңгіме еткелі отырған Самұрат Имандосовтың тағдыры жіптіктей болды деп айта алмаймын. Мен білетін 40 жыл уақытта талай сыннан, өтпелі қиындықтан қажымай шықты. Сонысымен де елге сыйлы, көпке үлгі болуда.
Кеңес дәуірінің ақыры келіп, жаңа кезең басталған тұста ел азаматы аянып қалмады. Жас мемлекеттің қалыптасуына, аймақтың экономикалық өркендеуіне біркісідей қызмет етті. Құнсызданудың әсерінен тұрғындардың тұрмысы нашарлап, бұқараның күйі тайған шақта шығар жол іздеді. Тіпті, қоғамның түйткілді мәселесіне жаны ашыған тұлға жаңашыл идеяларға көңіл бөлгені есімізде. Мысалы, 1992 жылдың ақпанында ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, 1994 жылы Қазалы ауданының әкімі лауазымын иеленген кезеңде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық келеңсіздіктің шешімі мойынға түсті. Қазақстанның алғашқы заң актілерін қабылдауға қатысуы, кәсіпкерлік саласында жүргенде де жүйелі жұмыс атқарды. Абзал азамат жауапкершіліктен тайсалмай, хал-қадірінше күрмеуді шешуге ұмтылған. Нәтижесінде, аймақ әлеуетіне әл кіріп, келешек сүрлеу қалыптасты.
Адам басына тән сан-алуан қасиеттердің барлығы қазақы таным-дәстүрде «жақсы» және «жаман» деген екі-ақ сөздің қауызына сыйып, оның ауқымымен камтылатынын көреміз. Бұл құбылыстың осылайша қалыптасуы жайдан-жай емес. Бар құндылықты безбеннің екі басына салып, бір-бірімен салыстыру арқылы анықтау принципі мен заңдылығы ойға алынған. Елге танымал Сәкең туралы әңгіме өзегі де жақсы адамға пікір білдіру екені сөзсіз.
Осы орайда халық ойына сүйенген дұрыс секілді. Олай дейтініміз, абзал азамат аймақтағы мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жұмысшыларға жағдай жасауда көш басында тұр. №86 жылжымалы мехколонна, кейін «РЗА» АҚ директоры болған тұста абырой биігінен төмендемей, елмен бірге болды. Қол астындағы жұмысшылармен байланыс орнатып, әрбірінің ахуалынан хабардар болу, өзіндік басқару моделін қалыптастыру Самұраттың ең басты ерлігі еді. Жақсы басшы болу арқылы жақсы азамат деңгейіне көтеріліп, абырой арқалады.
Адамның асыл қасиеттерінің бірі – жақсылық жасай білуі. Адам – әрқашанда жасаған жақсы ісімен көрікті. Әркім өз қолынан келгенді жасайды. Ең бастысы, бұл шынайы, адал ниеттен туса игі. Сонда ғана адамның жақсылығы еселене түсіп, оған өз пайдасын тигізеді. Осы орайда абзал азаматтың ел-жұртқа жасаған жақсылығы, жақын-жуыққа деген ерен көңілі елге үлгі екенін баса айтқым келеді.
Даңғаза мақтан-масаттан жаны ада, қашанда тынымсыз тірлік пен мызғымас бірліктің ортасында жүретін Сәкеңнің өмір жолы сан салалы. Адал еңбегімен елінің абыройлы азаматы дәрежесіне көтерілген жүрегі мейірімді, ісі қайырымды жан қаншама жұртшылыққа қорған болуда. Қысылғанда қамқоршы, керек кезде демеген азаматтың қадірін біз де терең түйсінеміз.
Самұрат Имандосов бүгінде елге танымал «РЗА» АҚ-ны басқаруда. 2000 жылы құрылған мекеме бүгінде Қызылорданың 1000-нан астам тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ отандық тауар өндіретін ірі кәсіпорын қатарында. Содан бері үдемелі дамып, жыл өткен сайын материалдық-техникалық базасы нығайып, азық-түлік өнімдерін өндіру мен халыққа қызмет көрсету аясын барынша кеңейтіп келеді. Қуатты техникалық-өндірістік базасы жүйеленген, білікті инженерлік-техникалық қызметкерлері қалыптасқан мекеме есебінде танылуда. Бүгінде ауыл шаруашылығының түрлі бағытында өнім өндіріп, қазыналы Қазалы ауданының экономикалық әлеуетін аспандатып келеді. Темірдей тәртіпті сүйетін дағдысын, талапшыл мінезі арқылы жемісті еңбек көрсетті. Мұның барлығы Самұрат Имандосовтың көреген ақылы мен таным көкжиегінің жемісі десе, артық айтқандық емес.
Елге деген ерен еңбегінің еленгені болар, ол Қызылорда облысының және Қазалы ауданының Құрметті азаматы атақтарын иеленді. Сондай-ақ, оған «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат», «ІІІ дәрежелі Барыс» ордендерімен қатар, халықаралық деңгейдегі марапаттар да берілді. Ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанды. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағының өзі саладағы салмағын айқындаса керек.
Бүгіннің биігінен қарасам, тағдыр мені талай текті тұлғалармен табыстырыпты. Қым-қуыт тірлікте талайымен сырласып, біріне аға, біріне іні болдық. Айтулы азаматтармен, тұғырлы тұлғалармен кездесесің, пікірлесесің, ой бөлісесің. Сапарлас, дәмдес болғанда көкейге ақыл түйесің. Ол – өмір заңдылығы. Расында, қызмет бабында жұмыр жердің талай перзентімен араластық. Олардың бәрі есімде әрқилы жағдайда қалды. Солардың ішінде өзіндік орны бар, тұлғалық қасиеті арқылы танылған Самұрат Имандосов ерекше құрметке ие.
Байқасақ, адамның қадір-қасиеті, болмыс-бітімі ұрпағынан көрініс табады емес пе?! Бала тәрбиесіндегі өнегелі тәлімнің өзі ата-ананы биік белеске, абырой кемесіне мінгізетіні тағы бар. Бұл тұрғыда Сәкеңнің бәсі биік. Бүгінде абзал тұлғаның тәрбиесін көрген перзенттері ерік-жігері мығым, әділдікті ту еткен азаматқа айналды. Ұл-қыздары экономика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты, әрқайсысы сан салада лауазымды қызмет атқарып, әкенің сара жолын жалғап, қоғамның дамуына үлесін қосып келеді. Тіпті, сын сәтте темірдей жүйкені сездіріп, әділдіктің ақ туын жықпаған ерліктерін де естіп-көріп жүрміз. Атадан келген мінездің баланы ұшпаққа шығарғаны осы болар, бәлкім.
Ел мұраты, ел амандығы жолында аянбай еңбек етіп, тынбай ізденіп, белсене жұмыс істеп жүрген азаматтар қай өңірде де бар екені сөзсіз. Кең байтақ еліміздің қай жерінде де ел мен жердің амандығы үшін тер төккен сондай тау тұлғалардың ерен еңбегі мен ақ тілеуінің арқасында да Отанымыз бейбіт-бақуат шығар.
Иә, Қазақстан атты құлашы кең отанымыздың әрбір тасы бәрімізге қаншалықты қымбат болса, сол тас пен топырағын қадірлеп, ел мен жердің тыныштығы үшін талмай жұмыс істеп жүргендердің құрметі де ерек болмақ керек-ау! Сондықтан, тағылымды тұлға – Сәкең болмысы да ілтипат пен құрметке лайық.
Сөз соңында айтпағым, әдептен озбайтын, абайлап басып, анық сөйлейтін, ұтқыр ойлы, кісілік келбетін жоғалтпайтын, абыройлы да ардақты азаматтың бірі ғана емес, бірегейі Самұрат Имандосовтың өмір жолы – өнегелі жол. Ол ел-халықтың тыныс-тіршілігіне, елдің ауызбірлігін сақтау мен ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып қадірменді аға атанып жүр. Өз отбасының ғана емес, ел-халықтың қалаулы ұлына айналған азаматқа бұдан асқан бақыт та жоқ шығар. Қажыр-қайратымен, өнегелі де өркенді ісімен бүгінгі және келер ұрпақтарға ұлағат атанған Сәкеңнің абыройы әлі де асқақтай түсеріне сенім мол.
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласы, Сырдария,
Шиелі, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<