Абырой биігіндегі азамат

494

0

Адам өмірге келгеннен кейін адам деген атты иеленгенімен, оған азамат деген атты қоғам береді. Ісі мен сөзі үйлескен, білімі мен білігі сабақтасып, пайымы мен парасаты ұштасқан адамды көпшілік азамат деп үлгі тұтады. Біз білетін Жақып Асанов – абырой биігіндегі атпал азаматтардың бірегейі.

Егемен еліміздің қалыптасу жылдарында аса жауапты қызметтерімен ел алғысына бөленген Жақып Асанов кейінгі бес жылда Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы қызметін атқарды. Бұл – жай қызмет емес, аса жауапкершілікті талап ететін, мемлекет пен қоғам тарапынан зор сенім артылатын маңызды жұмыс. Осынау жұмысты Жақып Қажыманұлы өз білімінің, кәсіби мол тәжірибесінің арқасында өте жоғары деңгейде атқара білді. Бұған ел куә, сот саласында жүргізілген реформалар дәлел деп айтуымызға толық негіз бар. Сондықтан азаматтың азаматтығын айтып, адал еңбегін лайықты бағалағанымыз дұрыс деп ойлаймын.

Басқа қызметке ауысуына байланысты өткен аптада Жақып Асановтың Жоғарғы сот төрағасы ретіндегі өкілеттілігі тоқтатылды. Конституцияға сәйкес бұл лауазымға Президент ұсынымымен, Сенаттың келісімімен сот төрағасы бес жылға тағайындалды. Ж.Асанов бұл қызметті бес жыл мүлтіксіз атқарды. Үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбекке толы бұл бес жыл Жақып Қажыманұлы үшін де, сот саласы үшін де ерекше кезең болды. Мұны ел ағаларының, білікті адвокаттар мен заңгерлердің, қоғам белсенділерінің, қара қылды қақ жарған судьялар мен  сот саласы мамандарының пікірінен анық аңғардық. Иә, расында да ол бұл абыройға еңбегімен, маңдай терімен, қиыннан қиыстыра білетін қарым-қабілетімен, ерекше күш-жігерімен жетті.

Ж.Асанов – ауылдың, қарапайым отбасының түлегі. Мен оны жас кезінен білемін. Текті әулеттің тумасы жастайынан алдына жоғары мақсат қойып, ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтау жолында білім алды, ізденді, еңбектенді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін облыстық қорғаушылар коллегиясының стажері ретінде еңбек жолын бастады. Талапты азамат тиянақтылығымен көзге түсіп, кейін сатылап өсіп, прокуратура саласында еңбек етті. Әуелі Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі міндетін атқарып, сонан соң прокурордың аға көмекшісі, облыстық прокуратура бөлімінің бастығы болды. Ал ел егемендік алған алғашқы жылдары облыстық прокуратураның жалпы бақылау басқармасының аға прокуроры ретінде жұмыс істеді.

Елге қызмет етуші биліктің кез келген тармағында, ол мейлі атқарушы билік немесе сайланбалы орган болсын, сондай-ақ құқық қорғау қызметі болсын қалыптасқан жақсы бір үрдіс бар. Ол жергілікті жерде жақсы жұмыс істеген маманды орталыққа тартып, оның білімі мен әлеуетін маңызы жоғары істерге пайдалануға негізделеді. Сол секілді облыста озат қызметкер ретінде танылып, жақсы көзге түскен Ж.Асанов 1993 жылы ҚР Бас прокуратурасына қызмет ауыстырды. Мұнда жалпы бақылау басқармасының бақылау органдарында банктер, қаржы-несие қатынастары туралы заңнаманың орындалуын қадағалау бойынша бөлім бастығы болды. Бұл жылдар небәрі отыз жастағы іскер, білікті жас азамат үшін мол тәжірибе жинаған кезең еді. Кейін сол білімі мен тәжірибесінің арқасында қызметін ҚР Президенті Әкімшілігінде жалғастырды. Заңнама, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі ретінде абыройлы жұмыс істеп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, елдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, сот саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға өзіндік үлесін қосты. Әсіресе тәуелсіздіктің алтын тұғыры болған Ата Заңымыздың қабылдануы жолында аянбай тер төкті. Білікті азамат тоқсаныншы жылдардың соңында ОҚО бойынша салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі, бастықтың орынбасары, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттік органдар іс-әрекетіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы секілді жауапты қызметтерді де зор жауапкершілікпен атқарды.

Сыр өңірінің білімді түлегінің елге қызмет етудегі ең бір жемісті кезеңі екі мыңыншы жылдармен тұспа-тұс келді. Бұл жылдары Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры, ҚР Әділет вице-министрі секілді лауазымды қызметтерге тағайындалып, басшылықтың сенімі мен халықтың талап-тілегін жоғары деңгейде орындады. Кейін жеке секторда да жұмыс істеп, «Атамекен» одағы» ҚҰЭП атқарушы директоры, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Ордабасы» корпорациясы» АҚ президенті болды. Біз бұл жылдары Жақып Қажыманұлын білікті басшы ретінде ғана емес, тың идеялары мол, жаңашылдықты жаны сүйетін іскер және халыққа етене жақын азамат ретінде таныдық. Себебі, ол қанша биікке көтеріліп, жоғары лауазымдарды атқарса да, қарапайымдылығынан еш айныған жоқ. Сондай-ақ екі мәрте, яғни IV, V шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мәжіліс депутаты ретінде ұлт ұпайын түгендеп, қазақ халқының рухын көтеретін істерді жүзеге асыруға айрықша үлес қосты. Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, Бас прокуроры, Жоғарғы сот төрағасы қызметтерін атқарды. Өзі басқарған салаға жаңа леп әкеліп, тың реформалар енгізіп, прокуратура және сот саласын жаңа заман талабына сай дамытты. Халықтың жайлы өмір сүруіне қажетті көптеген заңдардың қабылдануына бастамашы болды.

Ж.Асановтың ҚР Жоғарғы соты төрағасы ретінде кейінгі бес жылда атқарған жұмыстарының өзін қыруар еңбектің көрінісі деуге болады. Мен  оның бес жыл бойы атқарған қызметіне байланысты Әділетті Қазақстанның негізі Жоғарғы сотта қаланды деп бағамдағым келеді. Ол өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, сыбайластықтың жолын кесуге, сот саласында тек білімді судьялардың жұмыс істеуіне, әділ шешімдердің қабылдануына, заман талабына сай цифрлық жетістіктердің қолданылуына жол ашты. Соның негізінде республика соттарында көптеген іргелі жұмыстар жүргізіліп, оның басым көпшілігі көршілес елдерге үлгі етілді. Нәтижесінде халықтың мемлекетке де, сотқа да сенімі артты. Мұның бәрі Жақып Асановтың білімінің, кәсіби мол тәжірибесінің жемісі екені анық. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстаған алғашқы күннен бастап-ақ лайықты бағалап, өзінің халыққа арнаған Жолдауында да айрықша айтып өтті. Президент қоғамда заң үстемдігі берік орныққанына, сот төрелігі әділ атқарылып жатқанына назар аударып, реформалау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Бұл – халыққа қажетті және баршаға ортақ міндет. Осы жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы жолында абыройлы еңбек еткен Жақып Асановтың азаматтық, кәсібилік әлеуеті алдағы уақытта да ел дамуына арналады деп сенеміз.

Жақып Қажыманұлын бала күнінен білетін, азамат болып қалыптасқан кезеңіне куәгер және елге еңбегі сіңіп, жоғары лауазымдарды атқаруына тілектес азамат ретінде оған зор денсаулық тілеймін.

Лайым, Отанымыздың көшін төрге сүйрейтін, ісі мен сөзі үйлескен, білімі мен білігі сабақтасып, пайымы мен парасаты ұштасқан азаматтар аман болсын!

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<