Абыройлы тұлға

565

0

сурет ашық дереккөзден

Бұл дүние – бәсеке, жарыс. Адам дүниеге келеді, өмір сүреді, өмірден өтеді. Не үшін өмір сүрді, өмірде не тындырды, артында не қалдырды? Бұл сұраққа ұлы мәртебелі уақыт пен көпшілік қана жауап берері хақ. Бұл өмірдегі басты құндылық – адам, бәрі адам үшін жасалады және оны адам жасайды. Ал адамның алды – үміт, арты – өкініш, бұл – алдамшы өмір. Өмір деп аталған жолмен адам қанша жүретінін білмейді. Сондықтан болар, адамның бағасы өмір сүрген уақытымен емес, қоғамға, елге жасаған ізгілікті істерімен өлшенеді. Сол миллиондаған көпшіліктің бірі емес бірегейі, кеше ғана бұл жалғаннан мәңгілік ғұмырға көшкен Бердібек Сапарбаев аға…

Бұл есім жұртшылыққа кеңінен таныс тұлға. Бекеңді мен де бір адамдай жақсы білемін. Қарапайым шаруаның баласы өзінің білімімен, еңбекқорлығымен, адами қасиетімен биліктің үлкен буынында адал қызмет жасады. Тәуелсіз елеміздің әкімшілік басқару тарихында Бекеңдей тәжірибелі азамат некен-саяқ. Бес облыста әкім, бірнеше министрлікте министр, Үкімет басшысының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды.

Бердібек Сапарбаев – қызметке берілген, еңбекқор, ыждағатты, қай тапсырманы да аяқсыз қалдырмайтын табанды, қордаланған мәселелерді де жеті рет ойлап, бір рет кесетін, ар-ұятын жоғары ұстайтын, адал да парасатты азамат еді. Көзіңді ала бере аяғыңнан шалатын айла-шарғы мен кеңсе жағалаған өсек-аяң кеңінен етек жайған ортада шаруашылық пен әкімшіліктің майлық-сулығына жете қанық, арқасына қанша жүк артсаң да арымайтын аршынды қара нар керек болды. Бекең сондай жампоздың дәл өзі еді. Оның үстіне ел президенті Бекеңді жақсы білгендіктен, оның мемлекеттік ауқымда ой толғап, халқына жаны ашитын қажырлы азамат екеніне көзі жеткендіктен, қызмет бабында әлеуеті қордаланып жатқан өңірлерге басшы етіп, сол өңірлердің дамуына үлес қосатынына үнемі сеніп артып отырды. Бердібек аға қызмет бабында барынша қарапайым, мемлекетшіл, ең бастысы уақытпен санаспайтын іскер саяси қызметкер болды. Өтпелі кезеңде мемлекеттік қызметте жүріп абырой алу екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейді. Бекең бұл биікке шыға алған тұлға! Төрдегі басын төменге түсіріп көрген жоқ. Биліктің де, халықтың да шынайы құрметіне бөленген мемлекеттік қызметкер. Ел мен халық мүддесі жолындағы адал маңдай терімен ішкі жан дүниесі арпалысының өтеуін де, бағасын да алған абзал жан еді.

«Шалқайғанға шалқай, ол Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес» дейтін ұлтымыз қалыптастырған үлкенге қызмет, кішіге ізет, жақсылығын көргенге жамандық ойламау, арсыздарға бола абырой төкпеуге тырысушылық – Бердібек ағаның кісілік болмысының арқауы болды. Сол мінезінен «тырнақ астынан кір іздеген», «күйелі ағашын» әркімге бір ала жүгірген ала бүлік уақыттарда да еш айныған емес. Ардақты ұстазы, аяулы әріптесі жөнінде де бірауыз артық сөз тісінен шыққан емес. Бұл да ел бола білу мен соған лайық ер бола білуді көздейтін адамдар үшін есте тұтар өнеге деп білемін.

Сонау 90-шы жылдардан бастап Бекеңді негізсіз сынаушылар легі бір толастаған емес. Жалған сөз бен өсек адам жанын жаралайтын ең ауыр оқ. Сырттан тас атушылар, алыстан да, жақыннан да шалғайына оратылып, әйтеуір бір кекетіп, мұқатып қалайын деушілер де табылып жатты. Бердібек ағаның бойында біреудің сыртынан ғайбат сөз айту деген әдет болған емес. Жөнсіз айып тағушыларға Бекең сыр бермеді, барлығына шыдады. Дегенмен де адал, таза жанның жүрегіне сызат түскені рас.

Арда аға Бекең тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқатының нығаюына орасан үлес қосты. Әкім деп аталатын басшылық институтының эталоны болды. Әлеуметтік ахуалдың ауыспалы кезеңінде кездеспей қалмайтын ағаттықтардан арылып, түбегейлі сауығуының бірден-бір жолы жалпы мемлекеттікті нығайтып, билік пен қоғамның арасын жымдастыру деп ұқты. Бекең «өз халқыңды сүймей, өзге халықты жақсы көру мүмкін емес» деген ұстанымды ұстанды. Сол себепті өз халқының дертімен дерттенбей, оның қасіретін түсінбей, менменшілдікпен басқару – нағыз надандық деп білді. Бекең осындай ұлттық ұстанымын 2020 жылы ақпан айында Масанчи, Ауқатты, Бұлан батыр аудандарында болған ұлтаралық қақтығыстар кезінде көрсетті. Біз оның куәгеріміз. Соның арқасында оның билікке де, көпшілік қауымға да бірдей сөзі өтті, оның қызмет аясының саяси өміршеңдігі де осы еңбектерінің арқасында еді. Президенттен бастап барша отандастарына бірдей беделді болды. Бұндай азаматтық ахуал «Абырой» деп аталады. Ол Абырой ешқашан аласармайды. Өзі өмірден өтсе де, жүрген жерінде ізгілік ізін қалдырған асыл азаматтың аты мәңгі өлмейтіні хақ! Ел-жұртын жылытқан жүрек отының маздап тұра беретіні анық!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

саяси ғылымдар докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<