Адал қызмет алғысқа кенелтеді

1056

0

Әдетте белгілі бір тұлға  жайында жазу туралы ойланасың, көкірек сайрап тұрады, қалам алып кірісе бастасаң ой шашырап неден бастарыңды білмей абдырап қалады екенсің. Мұндай сәт кәсіби журналист болмағандықтан, мен секілді аға туралы оймақтай ой айтқысы келген қарапайым адамның бойынан табылуы заңды да шығар. Дегенмен, ойлана келе бүгінгі тақырыпқа арқау еткелі отырған ағамыз Өмірзақов Қалдыбек Жанәліұлы туралы ой-пікірімді оның қоян жылы, сонау 1953 жылдың күзінде айдынды Арал өңірінің Ұялы ауылында дүниеге келгенін атап өтуден бастағанды жөн көрдім.

Қалдыбек аға – ата-дәстүрді дәріптеуді бір сәт естен шығармаған, оны жүзеге асыруда ауыл-аймаққа үлгі, еңбегімен елге өнеге болған қарапайым шаруа Жанәлі атамыз бен Жұма анамыздың шаңырағында дүниеге келген перзент. Көпбалалы отбасындағы сегіз перзенттің екіншісі, ұлдың үлкені.

Орта мектепті бітірген соң Жамбыл технологиялық институтында «Экономист» мамандығы бойынша білім алған Қалдыбек аға 1974-1977 жылдар аралығында «Арал нан» өнімдерін тарату базасында есепші болып еңбек етіп, осы аралықта КСРО Қарулы Күштері қатарында әскери борышын абыроймен өтейді. 

Кейіннен Арал аудандық комсомол комитетінде жауапты қызметте жүрген ағамызды білімін, өз ісіне деген жауапкершілігін hәм іскерлігін ескере отырып Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жұмысқа шақырады. Бұл салаға ерекше қасиеттерге ие адамдар ғана таңдалатыны көпшілікке белгілі. Қалдыбек ағадағы қорғасындай сабырлылық, салмақтылық, қарапайымдылық қағидатындағы адами қасиеттер сала басшылығының көзіне бірден іліксе керек. Сөйтіп, КСРО МҚК Минск қаласындағы біржылдық қайта даярлау жоғары курсынан өткен ол 1982 жылдың қаңтарында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасына (қазіргі департамент) қызметке  келеді.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенінің өзінде үздік білімімен, үлгілі тәртібімен және ынта-жігерімен көзге түсіп, үнемі алдыңғы қатардан табылған ол класс старостасы болған екен.

Болмысынан осындай жауапты қызметке дайын адамға чекистер ортасына сіңісу аса қиындық әкелген жоқ, есесіне білімін, өмірлік тәжірибесін ұштай түсті. МҚК-ҰҚК органдарының қатаң талаптарын орындауда қия басқан жері болған емес. Қашанда қатарының алды болды. Қызмет барысында да, жалпы күнделікті тіршілікте де азамат деген атқа кір келтірмеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік танытудан танбады. Нәтижесінде сегіз қырлы, бір сырлы қасиеттері ескеріліп бөлімше, бөлім және басқарма басшысының орынбасары қызметтеріне көтерілді, полковник әскери шенін алды.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, шәкірт тәрбиелеуде де ұстаздық қасиеттерімен көріне білді. Ол қызметке дайындаған мамандар биік белестерден көрінді. Бұл да – ұстаз абыройы.

Ескерерлігі, түрлі лауазымда жүрсе де «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты сөзді есінен бір сәт шығарған емес. Ұстамдылықтың ұлы қасиет екенін жастайынан жадында қалдырған чекист қарауындағы қызметкерлерге не болмаса қызмет барысында алдына келгендерге ешқашан дауыс көтермейтін. Есесіне әрбір адамның мінез ерекшелігіне қарай әңгіме құратын, қажет болса ебін тауып түсіндіруден шаршамайтын. Әңгімелесе бастаса әрбір сөзіне өмірлік мысалдары дайын тұратын. Өзгеше айтқанда жаратылысынан ұстаздық қасиет бойынан жарасым тапқан дара тұлға.

«Таулардың биіктігі байқалмайды, жүрген соң баурайында күнде көріп» демекші, көпшілігіміз жанымызда жүрген осындай таутұлға азаматтарды байқамайтынымыз анық. Ол үшін кісіні күстаналаудан аулақпыз, ол дегеніміз – пендешілік пердесінен сығалаған адами болмыстағы қасиеттің бірі ғана.

«Жайдары жақсыменен дос болсаңыз, әр сөзі мың ділдаға татығандай» демекші, ағайды қашан да игі жақсылардың қасынан көреміз. Ол – көпшіл, ағайыншыл, туысшыл. Дос-жаранын қашан да жайдары мінезімен тартып тұратын ерекше қасиет иесі. Атқарған қызметінен бөлек, ағайын-туыстың, бауырларының қамқоршысы, адал дос, әріптес-ұстаз, сонымен қатар үлкендерге бауырмал іні.

Қазіргі ақпарат тасқындаған заманда «ҰҚК органдарының қызметкерлері өйтті, бүйтті, сондай теріс әрекеттер жасады» дегенді есітіп жататынымыз жасырын емес. Менің парасат-пайымымда мұндай теріс әрекеттерге бару былай тұрсын, егер жоғарыдан халықтың мүддесіне қайшы келетін бұйрық болғанның өзінде оны орындаудан бірінші болып бас тартатын осы Қалдыбек аға болар еді. Себебі ол кісінің туабітті болмысы, жаратылысы hәм қанмен келген қасиеті солай. Есесіне, қайтсем халыққа пайдам тиеді деген ой көзқарасынан менмұндалап тұрады. Осы орайда естіген оқиғаны мысал ретінде айта кетейін.

Тағдыр айдап, бір жылдары Қалдыбек аға бес жыл басшылық жасаған МҚК (кейіннен ҰҚК) облыстық басқармасының Арал аудандық бөлімшесінде кейіннен мен де қызмет жасадым. Сол кездері естігенім, билік өкілдерінің түрлі әрекеттерінен қысым көрген шаруа адамдар ағайдан қорған іздеп келетін көрінеді. Сонда ағамыз келушінің жағдайына еніп, шенділерге «Ау, айналайындар, шаруалардың мәселесін мына жолмен шешсек болмас па еді?!» деп, күрмеуі тоқсан түйінді талай мәселенің оңтайлы шешілу жолын билік өкілдеріне көрсетіп,  тұрғындарға қамқоршылық жасаған екен. Міне, бұл жерден ағамыздың белгілі Алашорда көсемі Ә.Бөкейханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұстанымын ту етіп, қарапайым халыққа қолайлы қызмет жасағанын көреміз. Бұл – біз білетін бір ғана тұсы.

Ағамыз туралы сөз саптағанда ол кісінің өмірлік жары, айдынды Аралдың Қарашалаң ауылында дүниеге келген Рахила Зейнуллақызы туралы айтпай кету дұрыс болмас. Себебі жеңгеміз күн-түн демей жұмыс бабында жүретін ағамыздың шайын дайындап, күтіп отыратын адал жар ғана емес, асыл сөздің шебері, майталман ұстаз әрі ағайын-туыстың ұйтқысы болатын. Ер азаматқа қызмет көрсетудің озық үлгісін осы жеңгеміз қалыптастырғандай көрінеді де тұрады маған. «Күйеуді құрметтеуді Рахиладан үйрендік» деген сөзді жеңгеміздің жақын араласатын достарының өз ауыздарынан естігенім бар еді. 

Өзіміздің қазекемді былай қойғанда, дастарқаны берекелі жеңгеміздің күрең шайы мен қазы-қартасынан дәм татқан, кейіннен өз елдеріне қоныс аударған өзге ұлт өкілдері де еске алып осы күнге дейін ағамызбен хабарласып тұрады екен. Әрине, отбасы ұйтқысының мұндай қасиеттері ер азаматтың қай жерде де болмасын беделін үстем қылатыны белгілі.

Әттеген-ай дейтіні жеңгеміз Рахила 2015 жылы 60 жасында дүние салды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші адал жар, аяулы ана, ұлағатты ұстаз еңбегі жайында  2016 жылы жарық көрген «Аққу арман» кітабында толық баяндалған.

Қалдыбек ағамыз бен Рахила жеңгеміздің бір ұл, бір қызынан бес немере бар. Ұрпақ жалғастыратын Айбын, Айсұлтан, Әлихан есімді жігіттер өсіп келеді. Ағамыздың ұлы Еркін әке жолын қуып ҰҚК органдарында абыроймен қызмет етуде, шені подполковник. Қызы Гүлназ отбасылы, Алматы қаласында тұрады. Өшпес мұраның өміршеңдік өлшемін жалғастырушы ұрпақ үшін ата-анаға қызмет қылудан асқан мәртебе жоқ. Еңбектен бақыт тапқан,  ел-жұртына құрметті Қалдыбек Жанәліұлы ағамыз – осындай тұлға.

Қуанғали ДАНАХМЕТ,

ҰҚК ОА РҚБ Қызылорда облыстық филиалы ардагерлер

кеңесі төрағасының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<