Адалдықты ту, әділетті жыр еткен

576

0

Алаштың анасы аталған Сыр бойының сырбаз перзенттерінің бірі – Садықбек Хангелдин. Ол 1937 жылдың 12 сәуірінде Қызылорда қаласының іргесіндегі «Тереңсай» ауылында дүниеге келген, 1955 жылы  Қызылорда қаласындағы Осипенко атындағы орта мектепті, 1961 жылы бүгінгі (Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін аяқтаған еді. 1969 жылы Алматы Жоғары партия мектебін тәмамдады.

1959 жылы студент кезінде Қызылорда облыстық радиосының дикторы қызметін атқарған Садықбек Хангелдин осы жұмыста жүріп Сыр бойының шығармашыл жастарының жұмысына, көркемөнерпаздар үйірмелеріне көп көңіл аударды. Облыстық әнші-жыршы жарыстары мен слеттеріне, ақындар айтысын ұйымдастыруға құлшына қатысты. Жас талапкер әнші, жыршы, күйшілер Әскербек Еңкебаев, Төлеу Қосанов, Өтеген Райымбеков, Әбілаш Нысанбаев (Әбуов), Сламбек Сқақов, Көпжасар Дәулетияров, Әбутәліп Салманов, тағы басқалар жөнінде радиодан концерт-очерктер берді, республикалық жастар газетіне мақалалар жазады. Туасы өнерге жақын Садықбек Хангелдин кейін облысымыздың атын аспандатқан «Сыр сұлуы» ән-би ансамблімен Алматыға, Мәскеуге барып, ұжымның республикалық, одақтық байқауларда абырой-беделге ие болуына өзіндік үлес қосып еді.

 Осы көпшілдік, өнерсүйгіштік қасиеттер Сәкеңді институт бітіргеннен соң көп ұзамай комсомол жұмысына әкелді. Қызылорда қалалық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінде насихат және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі ретінде жарқырай, бар болмысы ашыла көрінді. Оның  көз алдында республика жастарының нағыз бұрқырап, қайнаған өмірі өтіп жатты. Шұбартау, Ерейментау, Бескөл аудандық, Теміртау, Кентау, Рудный қалалық жастар ұйымдарының жаңа жұмыс әдістері мен ізденістері, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөнентаева, Жансұлтан Демеев, Владимир Дитюк, Наталья Геллер сияқты еңбек ерлерінің жарқын үлгілері бүкіл республика жастары арасында қызу қолдау тапты. Кең өріс алып, соны насихаттау, жаңа дәстүр мен салт үлгілерін тарату осы бөлімнен басталып жататын. Сәкең талай шығармашыл жастармен араласты, талайға жақын болды, талайдың тағдырына жолдама берді. Әдебиетіміз бен өнеріміздің талантты өкілдері Фариза Оңғарсынова, Қалдарбек Найманбаев, Мұхтар Шаханов, Бексұлтан Нұржекеев, Бейбіт Қойшыбаев, Жарасқан Әбдірашев, Иранбек Оразбаев, Серік Тұрғынбеков, т.б. республикалық штабтың тұрақты қамқорлығында болды.

Республика комсомол штабында Садықбек Хангелдиннің тікелей басшылары жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов, нағыз тұлға, қайраткер, жастардың ақылшы ұстазы Өзекең, Өзбекәлі Жәнібеков болған еді. Еліміздің жастар ұйымының Одақта шоқтығының биік болғаны осы Өзекеңнің атымен тығыз байланысты. Ұлтының мұратын өз мұратынан әркез биік ұстаған кешегі комсомол басшысының артында қазақ мәдениетінің өрнекті іздері сайрап жатыр.

Реті келгенде айта кету керек, кейде саяси сипаты басымырақ болып кеткен іс-шараларды ескере отырып, жалпы комсомол ұйымының бай мәдени-көпшілік және сан салалы идеялық-тәрбие жұмыстарына әсте көз жұмуға болмайды. Бүгінгі күні жастар арасындағы жұмыстың бағыт-бағдарының әлі толық айқындала қоймағанын, жүйесі жоқтығын көріп кейде кешегі кезді еріксіз еске түсіруіміз жайдан жай емес.

Садықбек Хангелдин 1974-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде, Қазақ ССР Халықтық бақылау және Қазақстан Мемлекеттік телерадио комитеттерінде басшы қызметтерде болып, өзінің азаматтық та, қайраткерлік те қасиеттерін көрсетті. Сәкеңді жақсы білетін Сыр бойының танымал журналисі Өтеген Жаппарханов «Ол алдымен пейілі жомарт, адамгершілігі асқақ, іс-әрекетімен, тыныс-тірлігімен, сөзімен де, жүріс-тұрысымен де  өзгеге ұсынар үлгісі бар, мінезге бай тұнба тұлға» деген еді. Осындай қасиеттер Сәкеңнің өмірінің соңына дейін талмай ұстанған, өзіндік жан серігі, рухани байлығы, адами болмысы болды.

Адам баласының бар қыр-сырын тану мүмкін емес. Белгілі ақын Қайнекей Жармағамбетовтың «Әр адам – ашылмаған бір роман» деп жазуы да, атақты француз ғалым-биологі және хирург-тәжірибешісі, «Нобель» сыйлығының иегері Алексис Каррель өзінің бір кітабын «Адам – бұл бейтаныс» деп атауы да тегіннен-тегін емес. Шынында да жүздеген  ойшылдар Адам феноменінің сырына кілт таба алмай келеді, алда да таба алмайтын шығар. Мен де елу жылдан астам Сәкеңмен қатар жүріп, талай сыр алыссам да, байқамаған дүниелерім жоқ деп айта алмаймын. Алайда оның азамат ретінде адалдықты ту еткен, ақын ретінде әділеттілікті жыр еткеніне кепілдік бере аламын.

Әр адамның өмірде өзіндік таным терезесі болады. Сол өз терезесімен ғана өмір, қоғам туралы толғанады, дүниеге зер салады, ойдан түйін түйеді. Сәкеңнің терезесі кең де ашық еді, сондықтан ол басқалардан көбірек және айқын  көретін, басқалардан тереңірек түсінетін, молырақ ұғынатын. Оның үстіне ақынжанды адамның ойлау, түйсіну қабілеті бөлек қой. Оны кез келген түсіне бермейді. Сәкең қай салаға қалам тартса да, жорғалай жөнелетін, жеткізбей кететін, оқ бойы алда жүретін.

Сонау 1962 жылы Жазушылар одағының Қызылордадағы ақын Асқар Тоқмағамбетов басқаратын облысаралық бөлімшесінде тұсауы кесіліп, алғашқы өлеңдер жинағы шығып еді. Ол былай деп өлең әлеміне аяқ басқан болатын:

– Түскен жоқ бұл өнерім талқыға әлі,

 Көрген жоқ еңбегімді халқым әлі.

Әйтсе де, от-жалынды қызба көңіл,

Дамылсыз өр қияға шарқ ұрады.

Осы жолдардың өзі келешегінен көп үміт күттіретін алғашқы қадам, беташар сөздер болды. Содан «дүние теңізінде малтып көріп» бар өнерін еліне сарқып бергісі келді. Алайда ақындық өнеріне барын сала алмады. Оның жан-жақтылығы, қазақ айта беретіндей бір сырлы, сан қырлы болуы жоғарыда айтқанымыздай, комсомол, партия, мемлекеттік жұмыстарға алып келді. Бұл салаларға 30 жылдан астам жастық жалын да, кемел  кездер де арналды. Сондықтан күнделікті лауазымды қызметте жүріп ақындықтың айдынына шығып, даңғыл жолына түсе алмады. Қауырт қызметтен уақыт «ұрлап» қана өлең жолдарымен табысып отырды. Қанша шебер жүзгіш болғанымен тағдыр маңдайына көлден басқаны жазбағандай құбылыс болды. Теңізге түсе алмады. Сондықтан туасы ақын Сәкең тек жаздырмай қоймағандарды ғана қағаз бетіне түсірді.  Сол себепті бала күнінен серік еткен өлеңі алдында тұрақты бола алмаған ақынның төмендегідей көңіл күйін, саналы сезімін, ашық та адал пейілін, кішірейіп бас июін түсінуге болады:

– Кешір, Өлең! 

Айыптымын алдыңда!

… жоқ, аяма, қайта мені сал мұңға.

Кештеу келіп, ерте кеттім қоштаспай –

Кім біледі, жатырқап та қалдың ба?

Кешір, Өлең!

Бір лап етіп жандым да,

Лаулай алмай обалыңа қалдым ба?

Ғашықпын деп жылап жүріп,

Оралмай,  кеткен қыздай

Сені азапқа салдым ба?  

Әдебиет пен өнер саласында Садықбек Хангелдин өлеңмен ғана шектелген жоқ, әңгіме, очерк, әдеби зерттеу, рецензиялар мен мақалалар жазды. «Махамбет жырларындағы Исатай бейнесі», «Абай және Лермонтов», «Илияс Жансүгіровтің жаңашылдығы», Қасым Тоғызақовтың «Сібір Омары», «Баспасөз бетіндегі тұрақты сөз тіркестері» және басқа зерттеулері бар. Асқар Тоқмағамбетов, Айтбай Хангелдин, Әбілда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіров, Иранбек Оразбаев, Әнуарбек Дүйсембиев, Азат Алтаев, Саид Баязитов, Тұрсынзада Есімжанов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Әли Ысқабаев, Нұрхан Жанаев сияқты қаламгерлердің шығармашылығы жайлы мақалаларын оқырманға ұсынды. Әнші-күйшілердің өмірі мен өнері жайлы очерктері, көрнекті қоғам қайраткерлері Міржақып Дулатұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Аманша Ақбаев жайлы естелік, эсселері бар.Тәуелсіздік тұсында ел басына орнаған қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени ахуалға байланысты жазылған 8 публицистикалық кітаптың авторы.

Қандай бір өнер болмасын, сүйген сұлуыңдай тұрақты да шынайы махаббатты қажет етеді ғой. Мен Абай түсінігіндегі үлкен  махаббатты айтып отырмын. Поэзия да солай, жан-жаққа алаңдауды ұнатпайды.  Өйткені өнер – қасиетті дүние, құдіретті күш. Сондықтан Сәкеңнің «Әнімнің келтіре алмай күнде ырғағын, Сезіп-ақ ащы тердің жүрмін дәмін» деуі заңдылық болатын. Алайда Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін тұрақты жансерігі ете алмаған ескі досымен қайта қауышты: 

– Келдім қайтып –

Мың қайғымен алысып.

Саған деген сағынышпен жарысып.

Бұлбұл қонып,

Құшағыма Күн кірді –

Өзіңменен бүгін қайта табысып.                   

Ақын жаны әдетте ізгілікті сүйеді. Оның жүрегі Отан деп соғады, шабыты халқым деп қанат қағады. Оған елінің тыныштығы мен бірлігінен артық ардақты, қасиетті дүние жоқ. Сондықтан Сәкең сезім пернелерін осыған арнады, осыны биіктетті, осыны жыр етті. Ақынның: 

– Мен тілеймін таңым күліп атса деп,

Тау мен Дала ән тербетіп жатса деп.

Қабақ шытпай бір-біріне адамдар,

Достық нұрын Күн жамылып батса деп, – жырлауын оқырман түсінеді, тілегіне тілек қосуға ұмтылады. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің асыл мұраттары да, ертеңгі оны тұғырлы ететін құдіретті күштер де осында, бірлікте, бір Отан деген тірлікте жатыр емес пе, ағайын?! 

Садықбек Молдашұлы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 12 поэзиялық кітаптың авторы. Ол өз шығармаларында туған жер – Отанына деген ыстық сезімін, табиғат сұлулығын, жас ұрпақты бабалар өнегесіне, еңбекке баулуды, елімізді мекендеген ұлттар арасындағы бұлжымас ынтымақты, жастардың бойындағы жалынды жігер, ұшқыр қиял, асқақ арман, өрттей махаббатты паш етті.

Осындай халқының рухани дүниесіне өзіндік үлес қосқан азамат, қайраткер, ақын, публицист Садықбек Молдашұлы Хангелдиннің есімін есте қалдырудың ретті жолдары ескеріліп жатса, жөн болар еді.

Әбдіжәлел БӘКІР

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<